Алматы облысында тұрғын үй құрылысы жақсы қарқынмен жүріп жатыр. 9 айда 712,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өсім 7,6% құрады. Ал жылдық жоспар – 938,8 мың шаршы метр. Бұл жайында бүгін Президент Жолдауының өңірде орындалу барысы туралы брифинг өткізген Алматы облысының әкімі Амандық Баталов мәлімдеді, - деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өңір басшысының айтуынша, Елбасының "Нұрлы жер" бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйлер мен инженерлік инфрақұрылымдардың құрылысына 38,3 млрд теңге бөлінді.
Жалпы облыста барлығы 2843 пәтерлік 566 тұрғын үй салынуда, оның 1020-сы көп балалы отбасыларына беріледі. 1533 отбасы "7-20-25", "Бақытты отбасы" және "Шаңырақ 5-10-20" жеңілдетілген бағдарламалары бойынша пәтер алады.
"Облыс орталығы Талдықорғанда 670 үйлік коттедж қалашығының құрылысы жүріп жатыр. Биылғы жылы 345-ін қолданысқа береміз. Мұнда мектеп, балабақша, балалар және спорт алаңдары салынуда", - деді А.Баталов.