1920 жылы 26 тамызда В.Ленин мен М.Калинин қол қойып, Бүкілодақтық атқару комитеті Халық Комиссарлары кеңесінің «Қырғыз АССР-ін құру туралы» декреті негізінде Закаспий облысында I Маңғыстау съезі шақырылып, Қазақстан территориясына ену туралы шешім қабылданды. 1920 жылы 4 қазанда Бүкілқазақстандық I съезд Маңғыстау уезін Адай уезі деп жариялады.
Маңғыстау түбегінен бастап Ойылға, бір жағы Сам құмдарының оңтүстігіне, одан әрі Арал теңізіне дейін созылған кеңбайтақ далада көшіп жүрген ел арасында бірден-бір билік жүргізу құқығы тек қана революциялық комитеттің төрағасы Тобанияз Әлниязұлының басшылығымен жүрді. Бірақ Тобанияз басқарған Адай ревкомы мен орталық өкімет арасындағы қарым-қатынас қалыпты болмады. Себебі үкімет пен партия, ОГПУ органдары Адай даласында пролетариат жоқ болғандықтан, кеңестік органдар жау элементтердің қолына көшті деген күдікте болды. ОГПУ органдары Т.Әлниязов, М.Атанов, С.Балқиев және тағы басқа 85 адамның үстінен іс қозғап, жауапқа тартуға кірісті. Бұлардың ішінде партия мүшелері де бар еді.
Елдегі Кеңес өкіметіне қарсы қозғалыстың басталуына негізгі себеп болған оқиға 1922 жылы күзде Қызыл Армия қатарына 1901 жылы туған азаматтарды шақыруға қарсы тұру әрекеті еді. Ревком мүшелері мен уездегі беделді адамдар әскер қатарына қазақтарды алуға наразы болып, астыртын жиын өткізіп, әскери комиссар Стребляков пен ревкомның саяси бюро бастығы Рыбоследовті тұтқындауға шешім шығарды. Сөйтіп, қарулы көтеріліс әзірлеуге кірісті. Ал әскерге шақырылған қазақтар Форт-Александровскіден қырға қашып бой тасалады.
1922 жылы Тобаниязға «Ақсақалдар билігін сақтайды, бұрынғы ескіден келе жатқан ата салтын дәріптейді, дін мәселесіне мән беріп, оны қолдайды, адай еліне «хан» атанған, хан болуды көксейді. Үлкен ықпалды, беделді адам. Алаш партиясымен сыбайлас, оның батыс бөлімінің басшыларының бірі» деп, ОГПУ органдары оны қудалауға белсене кіріседі.
1927 жылы 11 қыркүйекте Адай уезі мен Ақтөбе губерниясына қарасты Темір уезі құрамындағы Ембі-Байсары болысының бір жартысы біріктіріліп, Адай округі құрылды. Қазақ АССР-нің аймақтандыру шешіміне сәйкес округ 1928 жылғы шекаралық шектік негізінде барлығы қазақ ұлтынан құралған 5 ауданмен қалдырылды. Адай округінің әкімшілік орталығы болып Ойыл кенті бекітілді. Кеңестік өкімет Маң далада өзіндік беделі бар ру жақсыларын жаңа құрылған кеңестік партия қатарынан шығарып, алдын түрмеге жауып, өз билігін енді көсіліп жүргізуге кіріскен сәтте 1928 жылы елді жұт жайлап, мал қырылып, аштықтан адам шығыны күшейіп кетті.
1928 жылы 4 тамызда Форт-Александровск қаласында Д.Измамбетов төрағалығымен аштықпен күрес комиссиясының отырысы болып өтті. Комиссияның шешімі негізінде паек нормасы анықталды. Паек нормасы қаржылай таратылды. Бір адамға шаққанда ет – 1/4 фунт, еттің құны сол күні ақшалай берілді. Дәнді дақыл – 1/4 фунт, бидай ұны – 1 фунт. Қант пен шайға әр ашыққан адамға күніне 2 тиын беру бекітілді. Паекті тарату бір айда екі рет, әр айдың 1 және 15-іне белгіленді.
Адай округіндегі кеңестендіру жұмысы дұрыс жолға қойылмаған, оған жеке тұлғалар өз әсерін тигізген деген бағытта алдын ала жіберілген комиссия қорытындысына сүйеніп, елде алғашқы репрессиялық жұмыстар 1928 жылдан бастап қолға алынды. Бұл адайларға қарсы репрессияның бірінші кезеңі болатын. Арнайы партиялық тапсырмамен Ойылға жіберілген Ерназаров комиссиясы жұмысының қорытындысында «Ойыл ісі» ашылды. «Ойыл ісіне» қатысты 16 адам сотқа тартылып, 12 адам әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылып, қудаланды.
Кеңес өкіметінің саясатына қарсылық тек Ойыл партиялық комитетінде ғана емес, ірі Маңғышлақ аудандық ұйымында да бар деген желеумен өлкелік комитет арнайы комиссияны Маңғыстауға да жіберді. 1928 жылғы тексеріс нәтижесінде Маңғыстау аудандық партия комитетінде 323 адам – 63,47% «жат элемент» деп танылып, партия қатарынан шығарылды. Партия қатарында тек 91 партия мүшесі мен 37 мүшелікке кандидат қалдырылды. Сонымен қатар осы комиссияның анықтағанындай, жергілікті Кеңестік партия ұйымының ыдырауына және Адай округіндегі кеңестендіру жұмысына кедергі келтіріп жүрген қарсы топ («Ойыл ісіне» қатыстылардан басқа) өкілдері анықталған. Олар: Жалау Мыңбаев, Баймырзаев, Алпысбай Кұлшаров, Байбос Қилыбаев, Ибат Игенов.
1928 жылы қазан айында Адай округінің орталығы Ойылдан округтік партия комитетінің тапсырмасымен Шабден Ералиев Маңғыстау аудандық партия комитетінің конференциясына қатынасу үшін Форт-Александровск қаласына келеді. Маңғыстау аудандық партия комитетінің 1928 жылдың 21 қазанындағы партия конференциясында ауданда орын алған кемшіліктерді, қателіктерін мойындаудың орнына округтік партия комитетінің жұмысын сынады. 1 қараша күні Форт-Александровскіден Ш.Ералиевпен бірге округтік партия конференциясына сайланған делегаттар моторлы қайықпен Гурьев қаласына су жолы арқылы жолға шығады. 2 қараша күні түнде белгісіз себептермен Ш.Ералиев жоғалып кетеді. Маңғыстаудан шыққан делегаттар Ш.Ералиевтің кенеттен жоғалуына да, қайтыс болғанына да мән беріп, шара қолданбайды. Форт-Александровскіден келген бұл делегация округтік конференцияға қатысып, өлкелік комитет саясатына тағы да қарсы шығады. Округтік конференция аяқталған соң, Форт-Александровск делегациясы, барлығы 20 адам «Ералиев ісі» бойынша қамауға алынып, Қызылорда қаласындағы ОГПУ түрмесіне қамалған. «Ералиев ісі» бойынша: Анатолий Адомайтис (ұлты литвалық), Төрәлі Самалықов, Жөке Шабаев, Айжарық Бекжанов, Айдақұл Қанатов, барлығы 1929 жылы 21 мамыр күні 20 адам партия қатарынан шығарылған.
1929 жылы 19 ақпанда басында 10, кейіннен 6 делегатқа (Ж.Шымырұлы, Б.Айболатұлы, Ж.Ізмамбетұлы, С.Көбейұлы, Ә.Ишімұлы, Ж.Шабайұлы) қасақана кісі өлтірді деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалады. Сол жылдың басында Мемлекеттік біріккен саяси басқарманың Қазақстандағы толық өкілетті уәкілдігінің алқасы оларға ату жазасына үкім шығарады. Жарты жылдан кейін ату жазасын 10 жылға лагерьде өткізуге ауыстырылады. «Ералиев ісі» бойынша сотталған 4 қазақ: Ишімұлы, Айболатұлы, Ізмамбетұлы, Көбейұлы бұл үкім өзгергенге дейін түрмеде қайтыс болған.
Маңғыстаудағы репрессияның екінші кезеңі тарихта «Тобанияз ісі» атымен қалды. 1929 жылы Тобанияз Әлниязұлы тұтқынға алынады. «Байлардың, саудагерлердің, патша өкіметінің бұрынғы Адай округі кеңес қызметкерлерінің контрреволюциялық ұйымы» деген қылмыстық іске қатынасушылар деп, Қылмыстық кодекстің 58-2-бабымен ОГПУ органдары 70 адамды айыптап, тұтқындайды. 1930 жылы 9 қазанда ОГПУ «үштігінің» шешімімен Тобанияз бастаған 21 адамды атуға, қалғандарын 3 жылдан 10 жылға дейін түрмеге жабуға үкім шығарады. Осының бәрі халықтың наразылығын әбден күшейтті. Бұған ұжымдастыру кезіндегі оқиғалар қосылып, көтеріліс қаупі пісіп-жетілді.
Маңғыстау жеріндегі жаппай саяси репрессияның басталуына әсер еткен оқиға 1929-1932 жылдарғы Адай қазақтарының Кеңес өкіметінің өктем саясатына қарсы жүргізген халық көтерілісі еді.
Осындай қиын-қыстау заманда Маңғыстау қазақтары ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау науқандарының қысымы мен жұттан кейінгі аштықтан құлазыған халық легі Түрікменстан жеріне қарай ығысты. Маңғыстау қазақтары үшін репрессияның үшінші кезеңі – «Адай көтерілісі» ісі. Ол тарихта 1931 жылы болды. Адай көтерілісі бойынша (1931 жыл, наурыз-қыркүйек) жауапқа барлығы 740 адам тартылып, оның 559-ы тұтқынға алынды, олардың 50%-ы байлар болса, қалғандары орта тап пен кедейлер еді. Кінә артқан қорытынды үкімде Маңғыстау, Табын, Жылой аудандарындағы байшыл-ұлтшыл топтар қазақтың тұрғылықты халқын Түрікменстанға көшіруді ұйымдастырып, көшіп бара жатқан жолда балық кәсіпшілігін тонап, Форт-Александровскіге шабуыл жасап, малдарын тартып алып, айдап кеткен делінген. 1931 жылы 740 адамның 281-і қамаудан босады, ал 1932 жылы 318-і тұтқындалғанымен, олардың істерінде қылмыс құрамы болмағандықтан тоқтатылды. Қалғандары кінәлі деп саналып сотталды: 2 адам ату жазасына кесілді, 17 адам 10 жыл бас бостандығынан айрылды, 82-сі 5 жылға, 67-сі 3 жылға, 5-еуі 2 жылға, 24-і 5 жыл айдауға кетті, 99-ы әдейі басқа жаққа көшірілді. Сотталғандардың көбісінің мал-мүлкі тәркіленді.
Маңғыстау даласындағы жаппай қуғын-сүргін тек жергілікті ұлт өкілдері – қазақтарды ғана жазалаумен тоқтап қалмады. Репрессия өңірдегі басқа ұлт өкілдеріне де өз зардабын тигізді. Өңір халқын әлеуметтік тапқа бөлген комиссия 1926 жылы 21 шілдеде Баутино балықшы кентінде алғашқы кулактар тізімін жариялады. 1930 жылы Баутинода «балық өндірісіндегі саудагер, кулактар» тобы талқандалды. 19 адамнан тұратын Баутино балықшыларына «кулак» деген айып тағылды. ОГПУ «үштігінің» шешімімен Баутино елді мекенінің 19 тұрғынынан 11 адам – 10 жылға, 5 жылға 6 адам бас бостандығынан, 3 жылға бас бостандығынан 2 адам айрылды. Сонымен қатар 1930 жылғы 21 қараша күні Форт-Александровск қаласында өткен қалалық сайлау комитетінің шешімімен Баутино кентінің 56 тұрғыны (барлығы еуропалық ұлт өкілдері), Форт-Александровск қаласының 6 тұрғыны (барлығы қазақтар) сайлауға қатысу құқығынан айрылған. Олардың дені қазақтар, арасында 8 орыс, 2 түрікмен болған. 1931 жылы Баутино кенті бойынша сайлау құқығынан айрылған отбасылар санына толықтырулар енгізіліп, бұрынғы 56 адам отбасынан қалып қойған ересек бала санымен толықтырылып, адам саны 75-ке жеткен. Сайлау құқығынан айрылған адамдар жағдайы күрт нашарлап кетті. Олар Кеңес өкіметінің жат элементі ретінде танылды.
Маңғыстау даласындағы репрессияның төртінші кезеңі 1937-1938 жылдар аралығын қамтыды. 1938 жылғы саяси репрессия құрбандарының бір оқиғасы «Жеменейлер ісі» деген атпен белгілі. 1938 жылы 4 шілде күні Аманқызылит жерінде отырған 70 отбасынан құралған Маңғыстау ауданының №18 аулы «Микоян» жер өңдеу серіктестігіне таң атпай, шырт ұйқыда жатқанда ОГПУ өкілдерінен құралған астаулы машина келіп тоқтап, 54 ер-азаматты ағаш үйге қамап, ас-сусыз, отбасыларына түсініктеме бермей, келесі күні таң ата жолға шығып, Форт-Александровск қаласындағы түрмеге қамады. Олар Атырау түрмесінен Ресейге жер аударылып, 27 қыркүйек пен 3 қараша аралығында 54 қазақтың 38-і атылған. «Жеменейлер ісі» бойынша атылған Маңғыстау қазақтары ішінде Сейтмағанбет Төлепов, Жәлек Төлепов, Шариғат Айтжанов, Қапаш Қинақов, Үсен Қинақов және тағы да басқалар бар. Олардың барлығы НКВД-ның Гурьев облысындағы «үштігі» РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-2,6,7, 11-баптары бойынша сотталып, жазаның ең ауыр түріне үкім шығарылған.
Маңғыстау өңіріндегі жаппай қуғын-сүргін қиындығы халықтың жағдайын күйзелтіп, ел есеңгіреп қалды. Репрессия құрбандығына ұшыраған түбек қазақтарынан басқа ұлт өкілдері шоғырланған Форт-Александровск, Баутино балық шаруашылығы кенттері де босап, бір сәтте қаңырап қалды. Ал Маңғыстау қаройын тастап көшкен жергілікті ұлт өкілдері аштық пен жоқшылықты арқалап, басқа елдің босағасын паналады. Асыра сілтеу саясатының құрбаны болған елдің басым бөлігі түбекті тастап, алды Түрікменстан, Қарақалпақстан, Хиуа жерлеріне өтті. Сөйтіп, кезінде ақ патша да бағындыра алмаған Маң даланың халқын өз уысында ұстап қалуға жанталасқан жаңа құрылған Кеңес өкіметі бір сәт елі жан-жаққа босып қашқан түбек тұрғындарының көшін қайыра алмай дағдарды. Маңғыстаудағы репрессия өте ауқымды тақырып, ол туралы деректер жылдан-жылға толығып, арнайы зерттеу ісіне сұранып тұр.
Эльвира АБЛАНОВА,
тарих ғылымдарының кандидаты,
Ш.Есенов атындағы КМТжИУ «Қазақстан тарихы және гуманитарлық пәндер» кафедрасының доценті
АҚТАУ