Жаңа технологиялар ғасыры білім саласына жаңа міндеттер жүктеп отыр. Жетістігіне қарағанда, кемшілігі көп айтылып жүрген бұл саладағы реформалар қоғамды көп толғандырады. Бұған қоса індет кезінде қашықтан оқытудың жаңа әдістемелері, жаңа педагогикалық технологиялар, диагностика, мониторинг процестері, бағдарламалар, сабақ құрылымын әзірлеуге қатысты мәселелер саладағы көкейкесті жайттардың салмағын ауырлата түскендей. Десек те «көш жүре түзеледіге» басымдық беретін мұғалімдер жағы тыңнан жол салып, балалардың сапалы білім алуына барынша жұмылып жатыр.
Жаңартылған білім беру бағдарламасында білім мазмұнының жаңаруымен қатар, критериалды бағалау жүйесін енгізу және оқытудың әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігі көрсетілген. Биыл жаңартылған білім беру мазмұнымен қамтылған балалардың үлесін 100 пайызға жеткізу жоспарланған. Осы орайда озық елдердің үздік тәжірибелерін негізге ала отырып, балаларға заман талаптарына сай білім беріп, саналы, ой-өрісі кең азамат етіп тәрбиелеуді мақсат ететін жаңа бағдарламаның ұтымды тұстары да бар дейтін болсақ, кемшіліктері де қаперде тұр.
Қазақстан-Британ техникалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Жанат Дәулетбекованың айтуынша, жалпы білім беретін орта мектептің негізгі сатысында, яғни 5-9-сыныптарда оқытылатын әрбір пән өзіне нысан етіп алатын ғылым саласы бойынша оқушыға белгілі бір дүниетанымдық мәні бар теориялық білім беруі тиіс және де соған сай өмірлік дағдыларын қалыптастыруы қажет. Мысалы, биология пәні өсімдіктер әлемі туралы түсінік беріп, оқушының экологиялық мәдениетін қалыптастыратын болса, математикадағы сандық ұғымдар жүйесі жайлы білім баланың есептеу мәдениетін дамытады. Сол сияқты қазақ тілі пәні де ана тіліміздегі ғасырлар бойы қалыптасқан сөйлеу амалдары мен заңдылықтарын таныта келе, жас ұрпақтың тіл туралы лингвистикалық дүниетанымын қалыптастырып, сауатты сөйлеу дағдыларын жетілдіруі тиіс. Жаңартылған оқу бағдарламасында осы ең басты мақсат пен міндет назардан тыс қалған.
Бұл бағдарламада білім мен ғылымның интеграциясы мүлде ескерілмеген, оның орнын тақырыптық интеграция алмастырған. Қазақ тілі пәнінің мазмұнын «Қиял әлемі», «Сән мен талғам», «Аспан денелері», «Көлік түрлері» деген сияқты жүйесіз лексикалық тақырыптар құрайды. Бағдарламада тілге қатысты теориялық материалдар сол тақырыптарға жапсырма ретінде «тілдік бағдар» деген бөлікте ғана, оның өзінде де жүйесіз, шашыраңқы түрде берілген. Анықтап айтқанда, бұл бағдарлама Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «нәрсенің атын алған да, затын алмаған». Сондықтан мұндай жалаң ақпаратқа құрылған қазақ тілі пәні өз міндетін атқара алмайды, сауатты ұрпақ қалыптастыруға да қызмет ете алмайды деген сөз. Бұл жерде сауатты ұғымы тек жазу, я оқу сауаттылығы дегенді ғана қамтымайды, ең алдымен, қазіргі өзгермелі қоғамда өмір сүруге бейімділік дегенді білдіреді.
«Қазақ тілі» пәнінің жаңартылған оқу бағдарламасында оқыту мақсаты, білім мазмұны, оқыту формалары мен оқыту әдіс-тәсілдері, оқыту нәтижелері сияқты әлемдік әдістеме ғылымында берік орныққан пәнді оқыту канондары шатастырылған. Олардың ішкі жүйесі бұзылып, өзара байланыстары сетінеген. Бағдарламада «Білім мазмұны» деп оқушының тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым әрекеттеріне қойылатын талаптар берілген. Олар мазмұнды құрамайды, оқушының пән арқылы игеретін практикалық тұрғыдағы нәтижелері болып саналады. Әдістемелік канондар жүйесіндегі заман қалай өзгерсе де өзгермейтін, қоғам қалай дамыса да тұрақтылығын жоғалтпайтын бірден-бір тірек, негізгі ұйытқы – білім мазмұны. Қалғаны уақыт талабына сай үнемі дамып, жетіліп, өзгеріп отырады да, білім мазмұнын қоғамдық-әлеуметтік сұранымға сай игертуге қызмет етуі тиіс. Себебі мазмұн жоқ жерде білім де, білік те жоқ. Ал қазақ тілінің білім мазмұнында сөйлеуге үйрететін, тіл туралы білім тұруы керек еді. Бағдарлама авторлары бұл мәселеге мән бермеген.
Дамыған елдер жаһандық өркениет құндылықтары дағдарысынан шығудың жолын қарастыру қажет. Ж.Дәулетбекова осы орайда озық елдер тәжірибесіне тоқталды. Ғалым атап өткендей, Францияның тілге, Жапонияның тіл мен оқу жүйесіне, Германияның этникалық тұтастануға, Англияның салт-дәстүр тазалығына, Қытайдың экономиканы экоэтникалық ерекшелікке бейімдеуіне қатысты мемлекеттік деңгейде жүргізіп отырған іс-шараларына ден қоюға болады. Мәселен, халықтың тілін сақтау ғана оның басқа құндылықтарын сақтауға кепіл болатынын Жапония тәжірибесі мойындатып отыр. Атом бомбасынан зардап шегіп, есеңгіреп қалған жапон жұртының ес жиюдағы алғашқы амалы 170 тіл институтын ашу болды. Соның нәтижесінде аз ғана уақыттың ішінде ол әлемдегі ең дамыған елдер қатарына көтерілді.
Қазақ халқы үшін де қоғамның да, жеке тұлғаның да мәдениетінің өлшемі болып саналатын, әрі рухани дамудың бірден-бір тетігі, бүкіл құндылықтың бастау көзі – тіл. Сондықтан тілді сақтау – елдікті сақтау, тілді сақтау – ұлтты сақтау деген ұғыммен барабар. Олай болса, еліміздің жаһанданудың жойқын сынынан сүрінбей өтуінің, ғаламданудың ғаламат екпініне төтеп беруінің де жолын білім беру жүйесіндегі тілді оқыту мәселелерімен тығыз сабақтастықта қарастыру қажет. Бұл міндетті жүзеге асырудың басты шарты – отандық білім беру жүйесінде бүгінгі оқушылардың, болашақ ел иелерінің елжандылық рухын шыңдау, аталар аманатына адал болуға баулу, бәсекелестікке бейімділіктерін қалыптастыру, интеллектуалдық әлеуетін арттыру.
«Қоғамда жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру мәселесіне қатысты жүргізіліп жатқан бірі сәтті, бірі сәтсіз реформалардың барлығы да – егемен елдің әлемдік білім беру кеңістігіне еркін ену мақсатында жасалып жатқан қадамдар», дейді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Филология институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Тыныштық Ермекова.
Соның бірі – жаңартылған білім беру бағдарламасы. Артықшылығы – жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, бәсекеге қабілетті, өмірдегі кез келген жағдаятта тығырықтан шыға алатын, функционалдық сауатты, белсенді және шығармашыл ойлайтын, интеллектуалды және жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыруда.
Түйткілді мәселе осы бағдарламаның жекеленген пәндерге арналып түзілетін бағдарламасына байланысты туындағанын қоғам біледі. Бағдарлама бойынша жазылған «Қазақ тілі» оқулығын қолына ұстаған мектеп мұғалімі, оқушы, ата-ана, қоғам белсенділері бірден оқулық авторларына наразылығын білдірді. Оқулық қандай бөлімдерден тұрады, онда қандай лексикалық немесе грамматикалық материал берілу керек деген мәселелерді оқулық авторлары емес, бағдарлама түзушілер анықтайды. Қазақ мектептеріндегі «Қазақ тілі» пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасының басты кемшілігі – қазақ тілін ана тілі ретінде оқитын оқушы мен екінші тіл ретінде оқитын оқушы сұранысының, оған қойылатын талаптың ескерілмеуінде.
Бағдарламаның олқы тұстары басқа да баспа авторларымен бірге «Оқулық» орталығы ұйымдастырған семинарларда, баспасөз бен әлеуметтік желілерде де әлденеше рет талқыланып, ұсыныстар айтылып жүр. Бағдарламада «Гендік өзгеріске ұшыраған тағамдар», «Ғылыми фантастика», «Биоалуантүрлілік. «Қызыл кітапқа» енген жануарлар мен өсімдіктер», «Қоршаған орта және энергия ресурстары», «Биотехнология және гендік инженерия келешегі», «Әлемдегі қақтығыстар және бейбітшілік», «Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану», «Индустрияландыру: ұлттық өндіріс» деген тақырыптар берілген. Бұл – қате. Шын мәнінде, мектептегі «Қазақ тілі» оқулығының басты миссиясы – лингвистикадан жүйелі білім беру. Бұл дегеніңіз – жаңартылған білім беру мазмұнын жоққа шығару емес, аталған бағдарламаның ұтымды тұстары өте көп. Мәселе – лингвистикалық білімді танымдық біліммен үйлестіре білуде. Инновация, жаңашылдықтың бәрі – өткенге топырақ шашу емес. Қазіргі заманға керегі – жаңартылған білім мазмұны, инновация, дәстүрлі классикалық білім үштігінің синтезі. Алдыңғы екеуі соңғыны жойып жібереді деген сөз емес. Лингвистикалық білім «Қазақ тілі» оқулығының негізі болуы тиіс. Ал жаңартылған білім беру – жоқтан жаратылған дүние емес, дәстүрлі оқыту мазмұнына енген тамаша бастама. Соны үйлестіру қажет.
Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Бижомарт Қапалбек жаңартылған мазмұндағы бағдарламаға орай «Мектептеріміз білім саласындағы реформалардан көз ашпай келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жаңа буын оқулықтары жазылып, балалар бірнеше жыл осы оқулықтармен білім алды», деп пікірін білдірді. Одан ол кейін он екі жылдық мектепке көшу мәселесін көтерді.
«Оқулықтар жарыққа шығып, пилоттық мектептерде оқытылды. 2016 жылдан бастап жаңартылған оқу бағдарламасы енгізіліп, оқулықтары жазыла бастады. Биыл 11-сыныптың оқулығы енгізілді. Ал 2016 жылы шыққан оқулықтар толықтырылып, қайта басылуда. Яғни әрбір 4 жыл сайын оқулық қайта басылып тұруы керек. Осы орайда тағы да бір дүрбелең басталайын деп тұр, – дейді Б.Қапалбек.
Ал 2025 жылдан бастап 12 жылдық бағдарлама енгізілмек. Дәл қазіргі күні Алтынсарин атындағы білім академиясының мұрындық болуымен пәндер бойынша жұмыс комиссиялары құрылып, осы бағдарламаны әзірлеу үстінде. Б.Қапалбек ары қарай қолданыстағы жаңартылған бағдарламада ескерілмеген мәселелерді назарға алды. Біріншіден, қазақ тіліне қатысты бағдарламаның өзегі ретінде лексикалық тақырыптардың таңдалуы дұрыс емес. Қазақ мектебіндегі қазақ тілінің өзегі лингвистикалық білім, яғни грамматика болуы керек. Бағдарламадағы оқу мақсаттары да өте қарапайым, монотілді баланың деңгейіне сай емес. Лексикалық тақырыптар көбіне өзге тілді аудиторияда қазақ тілін үйрену үшін, үйренушілерді сөйлету үшін беріледі. Қазақ мектебіндегі бала сауатты сөйлеуге, күрделі мәтіндер құрауға үйренуі тиіс. Бес стильдің барлық жанрында мәтін тудыра алу үшін оған орта мектепке сай лингвистикалық білім керек. Бағдарлама да, одан шығатын оқулық та осы мақсаттарды қамтамасыз етуі керек.
АЛМАТЫ