Семейдегі Абай көшесі мен Шәкәрім даңғылының қиылысындағы құрылыс жүріп жатқан жекеменшік аумақтан ерте темір дәуіріндегі қорымның қалдықтары табылды.
Өкініштісі сол, көне қорым бульдозормен сүріліп тасталған. Бір емес, қатарынан тұрған төрт қорған жойылып кеткен. Бүгінгі күнге жеткені бір қорғанның бұрышы мен екі қыш құмыраның сынықтары ғана.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Семей өңірі – қазақ тарихындағы киелі өлкенің бірі. Сондықтан елдің рухани дамуында ерекше орны бар Семей қаласын тарихи орталық ретінде белгілеген жөн. Ұлы Абай мен Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны тамған өңір айрықша құрметке лайық. Осыған орай, шаһарды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан кешенді түрде дамытып, ондағы тарихи-мәдени нысандарды жаңа талапқа сай жаңғыртамыз. Үкіметке бұл мәселеге байланысты тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын», – деген еді.
Тарихи-мәдени нысандар дегеніміз трактордың табанына тапталып жатқан осы қорымдар, кешегі апаттық жағдайға түскен «зоовет институтының» сәулетті ғимараты, үйіндісі ғана қалған Алаш қайраткерлері отырған «Екатеринака» түрмесі емес пе еді?! Өкінішті, қолда бардың қадіріне жете алмай отырған жайымыз бар. Шыр-пыр болып қала тұрғындары, археологтар жүр.
– Құрылыста істейтін танысым хабарласып, қыш құмыраның сынықтарын тауып алғанын айтты. Барып көрдім. Қазаншұңқырдың іш жағындағы қызыл кірпіштерге қарасам, қорғанның үстінен кейін де бір ғимарат салынған сияқты. Ал қиып жиналған бөрене ағаштар Берелдегі қорғандарға ұқсас. Бірақ түк қалмаған, бәрі бүлінген, – дейді археолог Айдын Жүнісханов.
Назарбаев Университеттің Қазақ тілі және түркітану кафедрасының оқытушысы Айдын Жүнісхановтың мөлшерлеуінше, қорған б.з.д IV-II ғасырларға жатады. Ол енді қорғаннан табылған ағаштың жасын анықтату үшін Ресейге жібермекші. Ал қыш құмыралардың актісін жасап, Нұр-Сұлтанға апарып, мамандарға неден жасалғанын анықтатып, құралғанынша құрап, Семейдегі Өлкетану музейіне тапсыруды ойлап отыр. Айдын Жүнісхановтың айтуынша, Семей қаласының қақ ортасынан бұрындары да Қимақ дәуірінің белгілері табылған.
Қарағайлы шағын ауданы орналасқан жер археология ғылымында «Семипалатинские Дюны 1 және 2» деген атаумен белгілі екен. Қаладағы өлкетану музейіндегі жәдігерлердің 80 пайызы сол жерден шыққан.
Археолологиялық деректерге сүйенсек, Семей қаласының орнынан адамзаттың алғашқы тіршілігі неолит дәуірінен басталғанына көз жеткізуге болады. Шығыс Қазақстан өлкесінде көп жылдар бойы еңбек еткен, 70 жылдық тарихы бар Шығыстағы археологиялық экспедицияның алғашқы жетекшісі, көрнекті ғалым, Шілікті патша обаларын зерттеуші Сергей Черниковтың зерттеулері бойынша Семейдің орнында осыдан 4-5 мың жыл бұрын кішігірім тұрақтар болған. Неолиттік кезеңде бұл тұрақтарда тас құралдар жасауға ең қажетті яшмоид, кремень, халцедон, кварцқа ұқсас аралас құмдақтар сынды шикізат көздері игерілген. Қазіргі Семей өңірін қоныстаған тайпалар Ертістің төмен ағысы мен Обь өзенінің бойын қоныс еткен тайпаларға шикізаттарды экспорттайтын болған.
Демек, шаһардың тарихы тым тереңде. Бірақ қала басшылығы көне нысандардың сүрілуіне жол беріп, қорғандарды неге қорғай алмай келеді?