Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауы және республикалық негізгі басылымдарда жарияланған мақалалары жұртшылық тарапынан қызу қолдау табуда. Әсіресе еліміздің болашағы, жастарымыздың ғылымға, білімге деген құлшынысы, мемлекеттік тілдің дамуы, ұлттың кемелденуі, қоғамдық келісім туралы ой-толғамдары көкейге қонымды. Өйткені онда баршамыздың көңіл түкпірімізде жүрген өзекті жайттар дөп қозғалған.
Президент «Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады. Мен халқымыздың әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалаймын» деп атап көрсетті. Өте орынды тұжырым. Мемлекет басшысы жұрт көкейіндегіні дөп басып, қадап айтты.
Расында тарихымыз, дәстүріміз, салт-санамыз неге бұйығы қалуда? Ұлттық мүдделеріміз неге кейінге ысырылып қала береді? Жер өзіміздікі, тәуелсіз, азат елміз деп, көп нәрсені елең қылмай жүре бергеннен талай дүниеден ұтылғандаймыз. Бұл енді көптің көкейінде жүрген мәселе. Біз арқаны кеңге салып, алаңсыз жүргенде өзге ағайындар кем-кетігін түгендеп, дәстүр-салтын жинақтап, ұлттық мүдделеріне деген көзқарасты реттеп алған. Біле білсек, көкпар да, айтыс та, құрт пен ірімшік те, қымыз бен шұбат та, бүркітші-саятшылық та, асық ойнау, қыз қуу, киіз үй де тек өзіміздің қазақтікі деп меншіктеп алуға болар еді. Алайда оны қырғыз, өзбек, түрік, татар мен башқұрт, тіпті қымызды айдаладағы немістер, ал киіз үйді еврейлер иеленіп, патент алып алғанына не дейміз? Шынтуайтына келгенде жоғарыда айтылған дүниелердің бәрі тек түркітектес ағайындардың бәріне ортақ қазына. Соны ЮНЕСКО тарапынан бекітіп, туыстас елдердің баршасына ортақ деп жариялау керек.
Ендігі жерде еренсіз қалмай, енжар күй кешпей, бізде де алдыңғы кезекте ұлттық идея, сананы жаңғырту, келер ұрпақты имандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу секілді мәселелер басты мақсат болуы тиіс. Туыстас түркітектес ағайындардың бізге де қатысты дәстүрдің озық үлгілерін өзімізге сіңіру, жақсы мағынадағы ұлтшылдық, яғни өзгені кемсітпей, өзіміздің ұлтқа деген құрметті арттыру, сүйіспеншілік секілді мақсаттарды мұрат тұту парыз.
Тарихи жадымызды жаңғырту дегеннен туады, шығысымыздағы Шыңжаң өлкесіндегі Мұңғұлкүре жерінің тумасы, жазушы, тарихшы Әскер Тойғанбекұлының осыдан бірер жыл бұрын жарық көрген «Қайран елім» атты екі томдық деректі романы тұнып тұрған тарих. Сол кітап біздің де қолымызға тиген еді. Жазушы Әскер ағамыз өз қолымен сыйға тартқан болатын. Соны бір демде қызыға оқып шықтық. Бұл жұртшылықтың пікірінше, басқа да көптеген оқырманның қызығушылығын тудырған сүбелі еңбек болды. Жоңғар шапқыншылығы, қиян-кескі ұрыстар, жан алып, жан беріскен, жері үшін күресіп, басқыншыларға қасқая қарсы тұрған, жұртшылықты топтастырып, атамекенін қорғауға жұмылдыра білген батырларымыздың ерен ерліктері сүбелі романда көзбен көргендей, қолмен қойғандай жан-жақты баяндалады. Осындай тарихи еңбектер кең көлемді көркем әрі деректі кинокартина түсіруге сұранып тұр. Міне, сондағы Ұлы даланың ұлы есімдерінің батырлық келбеті романда айшықты суреттелген. Батылдықтың, баһадүрліктің үлгісі осындай болса керек. Ал осы құнды еңбек бағалай білсек тарихи, деректі киноға сұранып тұр. Енді соны қолға алатын, көптің көңілінен шығатын, ұлттық ұстанымымызды көтеретін кең көлемді көркем дүниені кино етіп түсіруді қолға алатын азаматтар шықса кәнеки.
Өкінішке қарай, осы тарихи романның авторы Әскер Тойғанбекұлы науқасқа шалдығып, емделемін деп Шыңжаң өлкесіне барып, сондағы Қытайдың «қырағы көздерінің» қарауылына ілігіп, Қазақстанға кері қайта алмай, отбасына орала алмай, сырқатынан қайтыс болыпты. Осында тұрып жатқан балалары әкесінің сүйегіне жете алмай, бейітіне топырақ сала алмай, шерменде болып, сарсаңға түскенін кейін естіп білдік. Бұл да бір айтып келмеген нәубет болды.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында атап өткеніндей, «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр» деді.
Тарихшыларымыз бен жазушыларымыз сан мәрте айтып, атап өткеніндей, біле білсек, жеріміздің қойнауы қазба байлығы мен қоса шежіресі мол, тұнып тұрған тарих. Ұлы даламыздың байтақ өлкесінде әр тұстан көзге ұрған аспан асты мұражайлары қаншама. Топырақ үйінділерінің астында қалған көне шаһарлар, көнеден бері тұрған обалар, күңгір-күңгір күмбездер мен балбал тастар жетерлік. Соларға жыл сайын экспедициялар шығып, археологиялық қазбалар жүргізіледі. Әйгілі Есік қорғанынан басқа еліміздің батысы мен шығысынан да, арқа төсінен де алтын адамдар, көне қалалардың орны табылуда. Міне осылардың иесі де, ата-баба аруағы қолдаған, киесі де қасиетті топырақтың ежелгі тумасы, Тұран жерінің, Түрік қағанатының, үйсін мен сақтың бүгінгі ұрпағы, күллі түркі өркениетінің қанат жайған қасиетті жұрнағы мына біздерміз. Түп-тамырымыз түркі, мінгеніміз қазанат жылқы болған ұрпақтың бүгінгі өкілдері ежелгі тарихымызды ұмытпай, жадымызда жаңғыртып, жаңамызды жасампаздыққа ұластыратын кез келді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, «Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек. Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс. Сондықтан сананы серпілтіп, бойкүйездікті артқа тастап, сілкінетін тұс осы. Алдыңғы толқын ағалардың кейінгі буын өкілдеріне, жас өркенге үйретері көп болуы тиіс.
Саясат БЕЙІСБАЙ,
Философия, саясаттану және дінтану институтының бөлім жетекшісі