• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Руханият 10 Қараша, 2020

Жақсылардың жанында жүру де бір ғанибет

579 рет
көрсетілді

Жақсымен бірге өткізген жарты сағаттың өзі бір ғанибет қой. Жаның тазарып, ойың сергіп, рухани дүниең байып қалады. Таяуда көкірегі көмбе қарт журналист, тележурналистика саласына қырық жылға жуық еңбек сіңіріп, ұлттық телевизияның қалыптасып, дамуына бүкіл жастық жігері мен қарым-қабілетін сарп ете жұмсаған белгілі журналист Қажы Қорғанұлымен арада болған бір сәттік әңгімеден кейін осындай ой түйдік.

– Қостанайда Ыбырай Алтын­сарин мектебін бітіріп, 20 жасымда қазақ телевизиясына келдім. Оған дейін өнер қуып, әртіс те болғым келді. Оның себебі, екі ағам Қостанай көлеміне танымал өнер­паз еді. Сейтім ағам – конференсье, өзі сол облыстық радиода диктор болған. Ой, сұмдық еді! Дауыс қандай, дикция қандай! Ал Хайролла Тілемісов деген ағам кейін журналист-жазушы болып кетті, «Қайнар» баспасын басқарды. Мен осы екі ағама еліктеп өстім. Осылайша, мектеп бітірісімен Ақтөбеден бірақ шықтым. Ақтөбеде мәдени-ағарту училищесі деген болған. Оны Ыбырай атам 500 шақырым жерден қысы-жазы ағаш тасып, дәл қаланың ортасынан қыздар гимназиясын ашқан. Кейін ол мәдени-ағарту училищесі болып, мен сол жерде оқыдым. Қазір ол енді мейрамхана болып кетіпті. Кезінде Мәжіліс Спикері болған Марат Оспановтың әкесі ол кезде Ақтөбе филармониясының директоры болып жұмыс істейтін. Өзі еңбек сіңірген әртіс, драмалық актер. Халық театрын­да істеген ғажап кісі еді. Сол кісі бізге сабақ берді. Бірде сабақтың аяғында тұрғызып:

– Қорғанов, сен кім болғың келеді? – деп сұрады.

– Әртіс болғым келеді.

– Ә, әртіс болғың келе ме, оның ішінде кім болғың келеді?

– Аға, мен көркем сөз оқимын, – деймін баяғы.

– Әй, сен онда кел филар­монияға, – деді.

Бардым. Тақпағымды оқып беріп едім, бірден жұмысқа алу туралы бұйрық шығарды. Дәл сол кезде конференсье керек бо­лып жатыр екен, осылайша бір күнде филармония қызметкері болып шыға келдім. Диктор болуыма соның көп пай­дасы тиді. Алғаш бізді Асқар Тоқ­панов ағайлар Алматыдан бір аптаға келіп үйретіп кетіп жүрді, – дейді ардагер журна­лист.

Қажы Қорғанұлы Қазан­ғаптың көзін көрген дәулескер күйші Жәлекеш Айпа­қовтың қасына 70 күн еріп жүріп, Маң­ғыстау, Орал, Ақтөбе облыстарында ауы­л-ауылды аралап, күйшінің концертін жүргізеді. 1961 жылы Ақтөбеде телестудия ашылып, сонда алғашқы диктор болып жұмыс істейді. Осылайша, филармония мен телевизияның қайсысына тоқтарын білмей, біраз уақыт ойланып жүрген талантты жас ақыры телевидениеге біржола тоқтайды. Ақтөбеде сегіз жыл еңбек етіп, тоғызыншы жылы қазақ телевизиясының шақыртуымен Алматыға қоныс аударады.

– Сонымен 37 жыл телевидение саласында қызмет істедім. 12 жыл диктор болдым. 70-жылдан таза журналистік қызметке кірістім. Жаңалықтан бастадым, содан аға редактор, насихат бас редакциясының бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, комментатор, ха­лықаралық шолушы болдым, – дейді Қажы аға.

Замандас әріптестерінің арасында әмбебап маман, теле­журналистиканың еңбекторысы атанған Қажы Қорғанұлы қазір естелік кітап жазып жатыр.

– Қазір қарап отырсам, 27 обком төрағасымен, ел тарихында есімі қалған көптеген көрнекті тұлғамен кездесіп, ғибратты әңгімелерін естіп, азаматтық тұлғасы, кісілік қасиеті көрініс тапқан есте қаларлық оқиғаларға куә болыппын. Соның бәрі менің көз алдымда сайрап тұр. Мәселен, Еркеғали Рахмадиев ағай туралы естелік әңгіме жаздым. Роза Бағланованың концертін жүргізіп, ол кісімен әң­гімелестім. Оны да жазып қойдым. Құрманғазының көзін көрген Мәменнің шәкірті Қали­жан Тілеуов ағаймен Оралда 2 айға жуық бірге жүрдім. Өскен­байдың шәкірті Мұрат Өс­кенбаевпен 70 күн бірге жүрдім. Күләш Байсейітовамен бірге ән салған Рима Тұрдығұлова деген апай бір жарым айдан астам уақыт Маңғыстауда ел аралап жүріп концерт берді, мен қа­сында жүріп сол концерттерді жүргіздім. Сөйтіп, өнер адам­дарының біразымен дидарлас­тым, әңгімелерін естідім. Осы­ның бәрін естелік кітапқа жазып жатырмын.

Қажы Қорғанұлы бірде Дағыс­тан астанасы Махачкалаға қазақ телевизиясының екі сағат­тық бағдарламасын алып барады. Осы сапарында авар ақыны Расул Ғамзатовпен екі күн дәмдес, сырлас болады.

– Расул ағайдың 45-тегі, біз­дің 25-тегі кезіміз. Жергілікті телевизия басшы­лары­ның біразы ақын, Расул Ғамзатовқа еліктейді екен. Сонда Расул ағай: «Мен кеше ғана Қазақстаннан келдім. Қалтай Мұхаметжановтың үйінде болдым. Бізге бір үлкен қазақтың кілемін сыйға тартты. Енді мен сендерді ертең авар гене­ралының 60 жылдық тойы болады, соған шақырамын», деді. Тойда мені көпшілікке Расул ағаның өзі таныстырып, сөз берді. Мен: «Жам­был Жабаев пен Сүлейман Стальскийден басталған қазақ-дағыстан достығы Мұхтар Әуезов пен Расул Ғам­затов ағай арқылы жалғасты. Енді сол достықты сабақтастырушылардың бірі – қазақ телевизиясы мен Дағыстан телевизия­сы. Осы достығымыз ұзағынан болсын!» дедім. Ертесі күні Расул ағай үйінен дәм таты­рып, бір-екі кітабына қолтаңба жазып берді, – дейді Қажы Қорғанұлы.

Қазақ телевизиясында жү­ріп Қажы аға негізінен ауыл ша­руашылығын көп наси­хаттады. Ол кезде күзгі орақ науқа­нында қазақ теледидарының көшпелі редакциясы сайланып, сол кездегі Цели­ноградқа келіп қоныс теуіп, бір ай бойы солтүстіктегі жеті об­лыстың орақ нау­қаны туралы хабарлар үзбей беріліп отырады екен. Бұл жөнінде ардагер журналист: «Егін жинау елдің барлығы көз тігіп отыратын саяси науқанға айналады. «Алтын дән-Урожай» хабарын облыстық партия комитетінің бірінші хатшыларынан бастап, барлық жұрт кешке жібермей көреді. Қай облыстың қанша астық бастырғанын олар біздің хабар арқылы біледі. Облыстар арасында өзара бәсеке күшейеді. Бағдарламаны диктор ретінде екі тілде оқимын, кино материалдарды, мәтінді қараймын, редактор ретінде түзеймін, арасында сюжеттер түсіріп әкеліп, оны эфирге дайындаймын, хабарды жүргіземін». 

Қажы Қорғанұлы қырық жыл­дық журна­листік қызме­тінде еңбекті дәріп­теп, қара­пайым жұмыс­шы мен ауыл еңбек­керлерінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Бүгінде өнегелі өмірін естелікке түсі­ріп жатқан ақсақал – өз кейіп­керлерінің сый-құрметіне шын бөленген журналист. Оның ба­қыты – кейіпкерлерінің құрметі.

 

Қостанай облысы