• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Сұхбат 10 Қараша, 2020

Жәнібек Солтанай: «Халық алғысы» үлкен жауапкершілік жүктейді

456 рет
көрсетілді

Биылғы жыл еліміздегі волонтерлер жылы әлем елдерін әбігерге салған пандемия мен денсаулық саласына түскен ауыртпалықпен есте қалды. Осы тұста болашақ дәрігерлерден құрылған волонтерлік топтың маңызы да арта түсті. «Алматы волонтер-медиктері» жастар қозғалысының жетекшісі Жәнібек СОЛТАНАЙ осы туралы әңгімесімен бөліскен еді. Шағын сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.

– Жәнібек, өзіңіз болашақ дәрігерсіз, жақында оқуыңыз­ды тәмамдайсыз. Одан бө­лек волонтер-медиктер қозға­лысының жетекшісісіз. Пан­демия кезінде қауіпті індетпен күресте атқарған істерің жөнін­де айтсаңыз?

– Мен қазір С.Ж.Асфен­дия­­­ров атындағы ҚазҰМУ-дің­ 7-курс дәрігер-интернімін, қо­ғам­­дық жұмысқа да белсенді қатысамын. Әріптестеріммен бір­ге медициналық волонтерлікті дамыту туралы ойлап жүргенбіз. Бұл шешіміміз Мемлекет басшысы жариялаған «Волонтер жылына» тұспа-тұс келді. 6 ай бойы Ал­­маты көпсалалы клиникалық ауруханасының реанимация және анестезиология бөлімінде волонтер болдым. Жаңа жылды да кезекшілікте қарсы алдым. Себебі  өткен жылдың 27 желтоқсан күні құлаған Bek Air ұшағындағы жолаушылардың бір бөлігі біздің бөлімге жеткізілген еді.

Денсаулық сақтау саласына қатысты бірнеше жобамыз бар. Университетте арнайы акциялар өткіземіз. Мәселен, қалалық қан орталығына 55 литр қан өткіздік. Хал үстінде жатқан науқастарды құтқаруға аз да болса үлес қос­тық. Себебі, реанимация, онколо­гия, ота жасау бөлімдерінде нау­­қастарға донорлық қанның қан­шалықты керек екеніне күн сайын куә болып жүрміз. Одан бө­лек қаламыздың медициналық оқу орындары студенттеріне арнап волонтер-медиктер мектебін аштық. Инсультқа қарсы күрес күні, көру күні секілді маңызды күндерді «Баршаға саулық» атты жобамыздан тыс қалдырмаймыз. Себебі аурулардың алдын алу жұмысына көбірек көңіл бөлінуі керек.

– Волонтерлікке қалай кел­діңіз?

– «Волонтермін» деп айдар тақпасақ та, барлығымыз мектеп қабырғасында қайырымды іс­терге араласып тұрдық қой. 5-сыныптан бастап мектептегі «Отан­шыл» ұйымымен бірге тұрақты түрде Алматы қаласы «Ақбұлақ» шағын ауданында тұ­ратын соғыс ардагерлеріне қолғабыс жасайтынбыз. Ұл балалар бақшадағы жұмыстарға көмектессе, қыздар үй ішіндегі тірлігіне қолұшын беретін. Кө­мекке мұқтаж адамдардың ра­зы­лығы, олардың берген батасы мен алғысы бізді одан әрі қа­наттандыра түсті. «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйы­мының Алматы қаласы бойынша ұланбасы болдым. Содан бері, яғни 13 жыл бойы волонтерлік үрдісті жалғастырып келемін.

– Дүние жүзі бойынша қайы­рымды жандардың індетпен кү­­рес­те алғы шептен табылып, ор­­тақ іске өлшеусіз үлес қос­­қа­­ны белгілі. Еліміздегі ерік­ті жан­дар­­дың еңбегі туралы айтсақ. 

– Елімізде төтенше жағдай жарияланған күннен бастап, волонтерлердің жедел штабында 25 волонтер әріптесіммен бірге қызмет атқардық. Қала­дағы барлық волонтерлік ұйым­дармен бірігіп, көмекке мұқ­таж отбасыларға азық-түлік себеттерін жеткізумен, созылма­лы аурулары бар жандарға меди­ци­налық кеңестер беріп, дәрі-дәрмектермен қамтама­сыз етумен айналыстық. Во­лон­тер­лердің денсаулығын ба­қы­лап отыру да маңызды бол­ды. Сол себепті әр волонтер­ге ги­гие­налық нормаларды үйретіп, күн сайын температурасын өл­шеп, әрбір 10 күн сайын коронавирус инфекциясына тест тап­сырып, жалпы денсаулық жағдайын бақылауда ұстадық. Нәтижесінде, әріптестеріммен бірге 30 мыңға жуық отбасыға азық-түлік себеттерін жеткіздік. Call-орталық арқылы 1000-ға жуық қала тұрғынына дәрігер-интерн, резидент ретінде меди­циналық кеңес бердік.

– Штаб жұмысынан бөлек, індетпен күресте әріптес­те­ріңіз­бен қатар провизорлық ста­­цио­нар­ларда науқастармен тіке­­лей жұмыс істедіңіз. Бұл тәжі­ри­бе маман ретінде жеті­луіңіз­ге қа­лай әсер етті?  

– Бұл болашақ дәрігер үшін үлкен мектеп болды. Алғашында халықаралық рейстермен шет мемлекеттерден ұшып келген 3500-ге жуық отандасымызды күтіп алып, карантинде болудың қан­шалықты маңызды екендігін түсіндіріп, жалпы жағдайларын бақылап, ПТР әдісімен коронавирус инфекциясын анықтауға көмектестік. Бастапқыда адамдар карантинде болуға қарсылық білдіріп, бұл шаралардың неге жаса­лып жатқанын түсінбеді. Өздерінің вирус жұқтырма­ғанына сенімді болды. Шетел­де демалып келіп, біздегі карантин­дік жағдайға көңілі толмай, ай­қай-шу шығарғандары да кез­десті. Байқағаным, волонтер еке­німізді айтып, жағдайды түсін­діргенде бірден басылып, сый­лас­тықпен қарайтын. Бізге 3-курста коммуникативті дағдылар пә­нін­де науқастармен сөйлесуді, нәти­жені дұрыс жеткізуді үй­ретеді. Теориялық білімімді тә­жірибе жүзінде шыңдадым деуге болады.

– Өзінен вирус анықтал­ға­нын ес­тіген адамдар қалай әрекет ет­ті? 

– Әр адам әртүрлі қабыл­дады. Біреу­лері айқай-шу шығарып, кей­біреуі мүмкін емес деп бой бер­ген жоқ. Бірден қорқып ке­тіп, көмек сұрайтындары бар. Ал­ғашында коронавирус белгісіз індет болған­дықтан барлығының бойын үрей билейтін еді.  Мәс­кеуден аяғына ота жасатып,­ Мәскеу-Ақтөбе-Алматы ба­ғы­тында автобуспен келген нау­қасқа індет анықталғанын айт­қанымда, балдағымен бір ұрға­ны бар. Бәріне түсіністікпен қарай­сың, науқасқа да оңай емес.

– Алдағы уақытта медицина саласында волонтерлікті қай ба­ғытта дамытуды көздейсіз?

– Болашақта елімізде медици­налық волонтерлікті дамытып, волонтер-медқызметкерлердің са­­нын ұл­ғайтуға қызмет етеміз. Дәрігер бол­­ғанда да әріп­тес­терімнің ара­сында волонтер­ліктің негізгі қа­ғи­­даларын насихаттап, кор­по­ративтік волонтерлікті дамытуды қолға аламыз. Себебі әрбір ме­кеме қызметкерлерінің мә­де­ниетін қалыптастыруда қайы­рымды іспен айналысу маңызды деп санаймыз.  Жақында волон­терлік жобаларды жүзеге асыру үшін 300 мың теңгелік 3 грант жеңіп алдық. Сол жобаларға үл­­кен мән беретін боламыз. Ха­­­лық­тың өз денсаулығына нем­­­құрайлы қарамай, жиі тек­серіліп тұруына, індеттердің ал­дын алу бағытында жұмысты жолға қоямыз. Волон­терлік – өмір­лік ұстаным. Сол се­бепті біз­дің ұйымнан болашақта өз саласының кәсіби маманы ата­нып, ізгі істерімен өзгеге үлгі бо­латын жастарды көргім келеді. Пан­демия кезіндегі еңбегімізді Ел­басы мен Мемлекет басшысы атап өтіп, Алғыс хат пен «Халық ал­ғысы» медалін табыстады. Бұл ең­­бегіміздің еленгені ғана емес, алға қарай ынталандырып, үлкен жауап­­кершілік артатын марапат болды.

 

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Меруерт БҮРКІТБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»