• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 10 Қараша, 2020

Маска тағу айрықша маңызды

424 рет
көрсетілді

Неліктен Еуропа мен АҚШ-та екінші толқын басталды? Жаһандық медицинаға толық бағынбаған вирус одан сауыққандарға қайта жармасып жатқаны қалай?

Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған да коронавирус пандемиясына байланыс­ты карантиндік шектеулердің күшейтілгенін мәлімдеді. Туыс­қан елде жалпыға міндетті маска режімі, сондай-ақ әлеу­мет­тік қашықтық сақтау және гигиена ша­ралары енгізіліп жатыр.

Италияда сәрсенбіге қараған түні премьер-министр қоғамдық өмірдегі жаңа шектеулер туралы декретке қол қойды. Атап айтқанда, бейсенбіден бастап республикада коменданттық сағат жұмыс істей бастайды: кешкі оннан кейін азаматтар үйлерінен тек қатты қажет жағдайларда ғана шыға алады.

Ал Швеция коронавирус инфек­циясын жұқтырушылар саны­ның көбеюіне байланысты дәмханалар мен мейрамханаларда дастарқан басында бірге отыра алатын адамдардың санын 8 адамға дейін шектеді.

Не десек те, коронавирустың бетін қайтардық деген елдердің өзіне індеттің қайта оралуы жаһан­ды алаңдатып отырғаны сөзсіз. Осы кеселді отандық ға­лым­­дардың ішінде індете зерттеп отырған профессор Алмас Шарман өз пайымдарымен бө­ліс­ті.

Қазақстанның Профи­лак­ти­ка­лық медицина акаде­мия­сының президенті Алмас Шарман Ал­ма­ты Өңірлік коммуникациялар қызметіне берген эксклюзивті сұх­батында «Коронавирусты қайта жұқтырудың бес оқиғасы бел­гілі», деді бірден.

Еуропа мен АҚШ-та індет­тің қайта өршіп жатқанына тоқталған ол, бірінші кезекте, халықты адамдар көп жиналатын орындардан аулақ жүруге шақыр­ды және осының мәнісін түсіндірді. Сондай-ақ COVID-19-бен ауырып, жазылғандардың қауіпсіздік және алдын алу шараларын сақтау қажеттілігіне қа­тысты сұрақтарға жауап бере оты­рып, өз ұсыныстарымен бөлісті.

«Коронавируспен ауырып, жазылғандар бәрібір қауіпсіздік шараларын сақтаулары керек. Себебі коронавирустан басқа да біраз инфекциялар бар. Әсіресе қазір тұмау маусымы басталып жатқандықтан, аурудың алдын алып, ескерту маңызды. Тіпті бұл вирусты жұқтырып, сауығып кетсеңіз де, коронавирус мұрын қуысында болуы мүмкін. Вирус қол арқылы берілуі (жұғуы) мүмкін. Міне, сол себепті де маскалардың қалай болғанда да тиімділігі бар. Әлеуметтік қашық­тықтың да маңызы зор. Коронавирусты қайтадан жұқ­тыру­дың 5 оқиғасы белгілі. Осындай фактілер бар. Сол себепті қайтадан жұқтырудың бол­майтынына 100 пайыз кепіл­дік жоқ», дейді Алмас Шарман.

Зерттеулерге сәйкес, ауырып, жазылып шыққандарда антиденелер пайда болып, дамиды. Бірақ соған қарамастан, оның қанша уақыт сақталатыны белгісіз.

«Ауруды жұқтырғандардың бәрінің иммунитеті дамитыны – белгілі нәрсе. Бірақ сонымен бірге басылу (сөну) феномені де бар, антиденелердің бастапқыда циклы жоғары болады, бірақ неліктен екені белгісіз, кейіннен төмендеп кетеді. Алайда тағы бір үшінші жағдай бар, ол – вирустың мутацияға ұшырайтыны, ол өзге­ріп отырады. Оның өзгеріп отыратыны, дереу күшейіп, болмаса әлсірейтіні туралы дәлелдер бар», деп атап өтті профессор.

Сондықтан індеттің алдын алу шараларын күшейту қажет­ті­гін алға тартып отырған профес­сор масканы қолдану кезінде оны дұрыс киіп, тағып жүру ма­ңыздылығын атап өтті. Одан бөлек, әлеуметтік қашықтықты сақтау және адамдар көп жиналатын орындарға барудан шектелу сияқты басқа да алдын алу шараларын сақтау маңызды.

Мен көп адамның маскаларын мұрындарын ашып, иегіне тағып жүретінін жиі көремін. Баршаға үнемі вирустардың көбі мұрын қуысында болатынын естеріне саламын, жай ғана ауызды жабу арқылы олар не өздерін, не басқаларын қорға­май­ды. Сол себепті масканы тағу және оны дұрыс тағу ма­ңыз­ды. Екіншіден, маска тағу арқылы сіз тек өзіңізді ғана емес, басқаларды да қорғайсыз. Көп­шілік осылай ойлауы керек. Үшіншіден, адамдар көп жиналатын орындардан аулақ жүруге тырысу қажет. Еуропа мен АҚШ-та неге екінші толқын басталып кетті. Күннің салқындауына байланысты, адамдар ғимарат ішін­де жиі отыратын болды. Нәти­­жесінде, адамдардың топтасуы болады, ал көптеген ғима­раттың желдетілуі қиын. Бұл те­мекінің түтіні сияқты. Егер сен ауасы желдетілмейтін бөл­ме­де отырсаң, темекінің түтіні бөлмеде айналып жүреді. Егер ғимаратта вирус жұқтырған адам болса, вирусы бар аэрозоль ауада таралып, басқаларға жұғады. Сол себепті адамдар көп жиналатын орындардан, әсіресе, жабық ғимараттарға барудан аулақ жүріп, бөлмені желдетіп, қашық­тық сақтау керек. Осы ереже­лерді сақтау арқылы өзіңді ауру­дан қорғауға болады», дейді отандық ғалым.

«Мен басқаларына қамқор­лық­пен қараймын – басқалар да осылай ойлауы керек», дегенді ұран­дай қайталап отыр­­ған ға­­лымның айтпағы да сол – қа­зір­­гідей алмағайып кезең­де өзі­міз­ді сақтағанымыз – жақын­да­ры­мыз­ды қорға­ға­ны­мыз.

Дегенмен әлемдегі эпиде­мия­лық ахуалдың қайта ушы­ғуы­на байланысты және осының алдындағы тәжірибені ескере оты­рып, Алматы қаласының емханалары да індетті өршітпеудің қамын жасап жатқанын айта кетейік.