• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Саясат 12 Қараша, 2020

Өздеріне жауапкершілік алуға дайын

269 рет
көрсетілді

Нұрсұлтан Назарбаев Қорының директоры, «Қазақстанның әйел күштерінің Альянсы» ЗТБ Қамқоршылық Кеңесінің төрағасы Дариға Назарбаева Альянстың онлайн форумына қатысты.

Іс-шараға Альянстың Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Жезқазған және Семей қалалары мен облыс­тарындағы 19 өңірлік бөлімшенің 100-ге жуық өкілі қатысты.

Дариға Назарбаева пандемия кезінде мұқтаж жандарға, әлеуметтік мекемелерге көмек көрсеткен, дәрі-дәрмектермен, жаб­дықтармен, ыстық тамақпен қамтамасыз ет­кен қайырымды жандардың игі ісін ерекше атап өтті. Сондай-ақ ол көп жандардың өмі­рін сақтап қал­ған, адамдарға үміт сый­лаған дәрі­гер әйелдерге, медбикелерге, са­ни­тарларға өз кәсібіне адалдығы, қайы­рым­дылығы үшін ерекше алғысын жеткізді.

Дариға Назарбаева гендерлік саясатты іске асыру тұрғысынан алғанда осы жыл­дың маңызды оқиғасы – әйелдердің Nur Otan партиясының праймеризіне қатысуы еке­нін атап өтті. Партияның ішкі іріктеуіне тір­келген 10 990 қатысушысының 4 033-і әйел­дер. Әйелдер барлық үміткерлердің жал­пы санының 36,7 пайызын құрады.

«Қазақстанның әйел күш­терінің Альянсының» рөлін ерекше атап өткім келеді. Праймеризге қатысқан әйелдердің шамамен 40 пайызы – альянс өкілдері. Бұл іс жүзінде кадр саясатына қатысуды білді­реді. Альянс үлкен дайындық жұмыс­тарын жүргізді. 1 500 әйелден тұратын респуб­лика­лық кадрлық резерв қалыптасты. Олардың барлығы кәсіби, танымал, табысты жандар», деді ол.

Дариға Назарбаева сондай-ақ «Қазақ­станның әйелдері күш­терінің Альянсы» форумына қатысу­шылардың талқылауына шығарылған мәселелердің өзектілігіне назар аударып, елдегі әйелдердің жағдайын жақсарту бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу қажеттігін баса айтты.

«Есейген сайын әр әйел көш­басшы болады. Көшбас­шы­лық – бұл ең алдымен өз өміріміз бен жақсы көретін бар­лық адамдар үшін алатын жауапкерші­лік. Олардың қатарында ата-ана, бауыр, күйеу, балалар, достар мен әріптестер бар. Сондықтан әйелдер үшін әлеуметтік дамудың мақсаттары түсінікті. Ортақ игілік, бейбітшілік пен амандық, олар үшін елдің табысы туған үйіндегі, отбасындағы бақытпен, амандықпен тығыз байланысты», деп атап өтті Д.Назарбаева.

Ол қазақстандық әйелдер ауыл, қалалар, облыс, республика дең­гейінде тәжірибе, қажетті кәсі­би құзыреттілік тұрғысынан да жауап­кершілік алуға дайын екенін айтты.

Өз кезегінде «Қазақстанның әйел күштерінің Альянсы» ЗТБ төрағасы Рау­шан Сәрсембаева ұйым жұмысының нәти­же­леріне тоқталып, альянстың белсенді қатысуымен сайлау және саяси партиялар туралы заңдарға енгізілген түзетулердің қабылданғанын, оған сәйкес партиялық тізімде әйелдер мен жастардың үлесі кемінде 30% болу керектігін атап өтті. Сондай-ақ әйелдердің саяси көшбасшылығының онлайн мектебі іске қосылды. Онда 330-дан астам әйел білім алады. Одан бөлек альянстың қатысуымен отбасылық және гендерлік саясат мәселелері жөніндегі заң жобасына 15-тен астам түзету, отба­сылық-тұрмыстық саладағы зорлық-зомбы­лыққа қарсы іс-қимыл туралы заң жобасына 50-ден астам түзету енгізілген, корона­вирус­тық пандемия жағдайында медицина қызметкерлері мен әлеуметтік осал отбасыларды қолдау бойынша 67-ден астам қайырымдылық акциясы өткен.

Екі сағаттық онлайн конференция бары­сында қатысушылар өзге де өзекті мәселелерді талқы­лады. Әйелдердің құқы­ғын қорғау, тұр­мыстық зорлық-зомбы­лыққа қарсы күрес, экономикалық мүмкіндіктерді кеңейту, әлеуметтік осал топтарды қолдау және әйелдердің қоғамдағы мәртебесін арттыру тақырыптары көтерілді.

Талқылау барысында тұрмыстық зор­лық-зомбылықтың өсу проблемасына ерекше назар аударылды. Соңғы бес жыл­да отбасылық-тұрмыстық саладағы қыл­мыс­тардың саны екі есеге артқан. Заңсыз әрекеттердің 37,8%-ы әйелдерге қарсы жасалған.

Іс-шара соңында қатысушыларға «2021-2023 жылдарға арналған Қазақстанда әйелдердің өмір сүру сапасын арттыру жөнін­дегі альянстың жол картасы» танысты­рыл­ды және «Қазақстанның әйел күш­тері Альянсы» форумының қарары ұсынылды.