• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 13 Қараша, 2020

Роза Рымбаева: «Өнер адамын өсіретін – кәсіби білім»

1027 рет
көрсетілді

Арада көп жылдар өтсе де көкейден кетпейтін, құлаққа жағымды ғұмырлы әндер бар. Осы жолдар Бәкір Тәжібаевтың сөзіне жазылған композитор Сейдолла Бәйтерековтің «Әлия» әніне қарата айтылып отыр. Қазақтың қаһарман қызының ерлігін паш еткен музыкалық шығарма Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның орындауында шартарапқа танылды. 1977 жылы Болгарияда өткен «Алтын Орфей» байқауында Бас жүлдені иеленіп, «Ең үздік жыл әні» деп танылғаны өнерсүйер қауымның әлі есінде. Әйгілі әншімен әңгімеміз өнердегі әсерлі сәттер жайында өрбіді.

– Роза Қуанышқызы, карантин кезінде өнер са­ласының өкілдері арнайы бағ­дарламалар жасап, жұрт­шылықты серпілту мақ­са­тында онлайн концерттер ұйым­дастырғаны белгілі. Осы орайда өнерлі жандар ортасы – өз отбасыңыздың да мұндай шарадан тыс қал­мағаны белгілі.

– Пандемияның салда­ры еліміз үшін оңайға соқ­қан жоқ. Жақын­дарынан айы­рылған, жұмыссыз қалған жан­дардың өмірі ешкімді бейжай қалдырмады. Дегенмен де әр сала мамандары шама-шарқынша жұмыс істеп, қо­ғамға өз үлесін қосуға тырысты. Осы орайда өнер ұжым­дарының, эстрада сала­сы, сондай-ақ дәстүрлі ән­ші­лердің онлайн режімде кон­церттерін беріп, көпшілікке көңілді бағ­дарламалар ұсынуы – құп­тарлық жайт. Ал еліміздің өнер майталмандарынан бастап жас әншілерге дейін Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған «Қазақтелеком» компа­ния­сының «Карантиндегі жұл­дыздар» жобасына қатысып, өнер көрсетуі де осындай игі шаралардың бірі.

– Сіздің өнердегі бағы­ңыз­ды ашқан «Әлия» әні­нің жазылғанына елу жылға жуықтап қалыпты. Десек те, бүгінгі әншілердің репертуа­рынан көкейде жатталып қа­латын әндерді сирек ес­тиміз.

– Биыл өнерімдегі бойтұ­ма­рыма айналған «Әлия» әні­не де, менің шығармашылығы­ма да қырық бес жыл толды. «Әлиясыз» репертуарым толыққанды болмайты­ны сөзсіз. Бұл әнді ең алғаш «Гүлдер» ансамблінің сүйе­мел­деуімен орындаған Тілектес Нұрмағамбетов еді. Мені ха­лықаралық деңгейде танымал еткен әннің нұсқасын жолдасым Тасқын Оқапов дайындап бергені белгілі. «Әлия» бар дарынымды, ішкі байлығым­ды, актерлік шеберлігімді көр­сеткен шығарма болды. Әрине, әрбір әншінің жанына жақын, жүрегінің қылын тербететін, бітім-болмысымен астасатын әні болуы заңдылық. Ал «Көк­тем шақырады» атты кон­церттік бағдарламаммен биыл республика өңірлерін аралап, есеп беру концертімді өткіземін деп жоспарлаған едім. Алайда пандемияға бай­ла­нысты бұл бағыттағы шаралар кейінге қалды.

– Өзіңіз еңбек еткен жылдарда «Гүлдер», «Арай» ан­самбльдерінен талай талант­тар қанат қақты. Бү­гін­де осындай орны бөлек шы­ғар­машылық ұжымдарға сұра­ныс байқалады.

– Қазіргі кезде «Гүлдер», «Арай», «Досмұқасан» сияқ­ты ансамбльдер жоқтың қа­сы. Үлкен оркестрлер бар деге­німізбен де, ұжымымен шы­ғып, ел ішін аралап жүретін ансамбльдерге сұраныс бар. Бірақ мұндай үлкен ұжым­дарды қолдау жағы кемшін. Өңірлерге іссапарға барғанда өнер ұжымдарының саны мей­лінше аз болғаны тиімді са­налады. Бұл қабыл­дау­шы тарапқа да жеңілдеу. Де­ген­мен қашан да өнерге сусап тұ­ратын өңірлерге кәсіби өнер ұжым­дарының жиі барып концерт қоюы мемлекет қолға алып отырған көптеген игі ша­раға серпін беретіні сөзсіз. Сон­дықтан еліміздің өнерін да­мыту мақсатында осындай ан­самбльдердің жұмысын қай­та жандандыру қажет.

– Шығармашылығыңыз жайында сөз еткенде өнеріңіз ғана емес, өміріңізге де ерекше реңк берген тұлға – Тас­қын Оқапов екенін жиі еске аласыз.

– Тасқын – менің өнердегі ұстазым, продюсерім ғана емес, өмірдегі серігім, арқа сүйер ­азаматым болды. Бүгінде жиырма үш жыл отасқан жол­дасым Тасқынға деген са­ғынышымды есейіп келе жатқан ұлдарыма қарап басамын. Мен оның шығармашылық қолдауының арқасында өнер атты әлемнің биік бас­палдағына батыл түрде қа­дам бастым. Ал кәсіби бі­лім алуымда Т.Жүргенов атын­­дағы Қазақ ұлттық өнер ака­демиясындағы Р.Машурова, М.Сма­ғұлова, Б.Елдаров, т.б. ұс­таздарымның еңбегіне басым­ды иемін. Сонымен бірге Т.Сарыбаев, С.Бәйтереков, Т.Қа­жығалиев, Е.Ынтықбаев, Д.Сыз­дықов, Б.Сыздықов, Б.Шү­кенов, Б.Боранов сияқ­ты композиторлардың шығар­машылығымдағы орны ерек­ше десем, ал С.Шәменов, А.Рыс­беков, С.Жолбарыс, Ж.Сей­доллаұлымен бірлесе жұ­мыс істеп келемін. Алдағы уақыт­та репертуарымды жас ком­по­зиторлардың әндерімен де то­лықтыруды жоспарлап отырмын.

– Жақында сахна әдебі, оның ішінде фонограммамен ән салу тәртібі заңнама деңгейінде қарастырылғаны белгілі. Осы талаптар әнші­лердің алдағы уақыт­та­ғы кәсіби деңгейіне қан­ша­лық­ты әсер етеді?

– Бұл дер кезінде қолға алын­ған, еліміздің өнер сала­сына деген жанашырлықтан ту­ған маңызды қадам. Соңғы жылдарда қоғамда көрерменнің, тыңдарманның талғамына ке­рі ықпал ететін, кәсіби дең­гейі төмен, фонограммамен танылған «жұлдыздар» кө­бейіп кеткені жасырын емес. Осының өзі әншілердің кәсіби әдебіне, мәдениетіне жат нәрсе. Тіптен тыңдарманды алдау де­сем қателеспеймін. Нағыз өнер адамы тыңдарманын та­биғи талантымен, ерекше дауысымен баурап алуы керек. Кезінде қалың көпшілікке ұсы­нылатын ән көркемдік кеңестің талқысынан өтетін. Осы орайда көркемдік кеңестің жұмысын қайта жандандыратын уақыт келген сияқты.

– Шәкірт тәрбиелеп, ұс­таздық еткен жылдардағы тәжірибеңізбен бөлісіп өт­сеңіз...

– Жүсіпбек Елебеков атын­дағы эстрада цирк колле­д­жін-­ ­де, Т.Жүргенов атындағы Қа­зақ ұлттық өнер академия­сын­да сабақ берген кездердің өзіндік ерекшелігі бар. Бүгінде шәкірттерім кино, театр сала­сында табысты еңбек етіп жүр. Бұл ұстаздарымнан ал­ған бі­лімім мен өнердегі тәжі­ри­бем шәкірт тәрбиелеу ісінде өз нәтижесін бергендігі десем, артық айтпаймын. Кәсіби білім қашанда биікке жетелейді. Дегенмен теориялық білімді белгілі бір өнер ұжымында еңбекпен ұштастыра білу жас маман үшін аса маңызды. Менің кез келген жаңа бағдарламам, сахна сыртындағы дайынды­ғым, студиядағы жұмыстарым да жастарға үлгі болады деп ойлаймын. Өзіміз де жас бо­ла жүріп аға буыннан үйрен­генімізді, көргенімізді үлкен сахнадағы еңбегімізге арқау еттік. Сондықтан да өнер адамын өсіретін оның кәсіби бі­лі­мі. Көрермен талғамын өсіретін де осы кәсіби өнер ортасы.

– Ұлдарыңыз Әли мен Мәди де сахнада өз өнерле­рі­мен тыңдарманын тәнті етіп жүр. Заманауи музыка өкіл­дерімен шығармашалық байланыстарыңыз қандай?

– Әли де, Мәди де кәсіби музыка саласының өкілдері. Өз жоспарлары, бағдарламасы, музыкасы бар. Карантин ке­зінде альбомдарын жазып, кә­сіби ізденісте болды. Бейнебаян түсіру де жоспарларында бар. Әлидің «Жарасты жанұя», «Бо­лашақ үні», «Сенемін мен», Мәдидің «Біз біргеміз» ән­де­рінің менің репертуарым­да ерекше орны бар. Ал музы­ка саласындағы ортақ көз­қа­расымыз отбасындағы шы­ғар­­машылық үйлесімнің дәле­ліндей.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

 Әңгімелескен

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

 «Egemen Qazaqstan»