• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Қараша, 2020

Отбасындағы қатыгездікті қалай азайтуға болады?

4272 рет
көрсетілді

Өнегелі ұрпақ – берекелі отбасында тәрбиеленеді. Өкінішке қарай, жылдар жылжыған сайын елімізде шырқы бұзылмаған отбасылардың саны азайып барады. Әрине, ұрыспай, керіспей кереге кер деп отырған ешкім жоқ. Әрі-беріден соң, отбасында ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Жер бетінде қанша адам болса, соншама мінез-құлық бар. Алайда ашудың соңы әлімжеттікке ұласса қайтпек керек? Жыл басынан бері тұрмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін 19 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Ақпараттық технологиялар дамыған сайын ондай ұрыс-керісті, жаға жыртысқан жанжалды, ең сорақысы – ұрып-соғуды интернет желісінен күнде көретін болдық. «Білетінім – бір тоғыз, білмейтінім – тоқсан тоғыз» демекші, желіге жетпей қалған әлімжеттіктің саны қаншама десеңізші. Бұл сорақылық қашанға дейін жалғаса бермек? Оның алдын алудың жолдары қандай?

Осы мәселені «Egemen Qazaqstan» газеті сарапшылардың талқысына салып, кәсіби мамандардың пікірін тыңдап көрді. Онлайн режімде ұйымдастырылған сауалнамамызға Мә­жіліс депутаты Айгүл НҰРКИНА, Әкімшілік полиция коми­тетінің төрағасы, полиция полковнигі Мұрат БАЙМҰҚА­ШЕВ, Қазақ­стандағы «БҰҰ – әйелдер» құрылымының бағ­дар­ламалар менеджері, үйлестірушісі Дина ӘМРЕШЕВА, «#Не­МолчиKZ», «#НеМолчиДетиKZ» қоғамдық қорларының же­тек­шісі Дина СМАИЛОВА, «Қорғау Астана» жеке қорының жетек­шісі Анна РЫЛЬ қатысып, ойларын ортаға салды.

 

 

 

Күрмеуі шешілмеген күрделі мәселе

– Мәжілісте «Отбасылық-тұр­мыс­тық зорлық-зомбылыққа қар­сы іс-қимыл туралы» заң жобасы талқыланып жатқаны белгілі. Бұл заң жобасына депутаттар бастамашы бол­ды. Сіз жұмыс тобына жетекшілік етесіз. Осы заң жобасы туралы айтып бе­ріңіз­ші. Қандай ерекшеліктері бар? Қан­дай мәселелер ескерілді?

Айгүл НҰРКИНА:

– Тұрмыстық зорлық-зомбылық проб­ле­малары қоғам үшін өзекті мәсе­ле­ге айналды. Еліміздің Президенті был­тыр­ғы Жолдауында әйелдерге қарсы тұр­мыстық зорлық-зомбылық үшін жа­за­ны қатаңдатуды міндеттеді. Осы орайда балалар құқығын қорғау және тұр­­мыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл – басымдығымыз болуға тиіс. Биыл­ғы жылы да балалар құқығын қор­ғау­ға басты назар аударылды.

Қазіргі кезде Мәжілісте «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» және «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңнамалық акті­ле­рі­не отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобалары қаралып жатыр.

Қолданыстағы заңға сәйкес, тұр­мыс­тық зорлық-зомбылыққа жол бермеуге жа­уапты уәкілетті орган жоқ. Сол себепті бұл бағыттағы жұмыс шашыраңқы жүріп жатыр. Осыған байланысты, аза­мат­­тардың құқықтарын қорғауды қам­та­масыз ету және отбасылық-тұрмыстық зор­лық-зомбылыққа қарсы іс-қимылдың тиімді тетіктерін әзірлеу мақсатында жоғарыда айтып өткен заң жобалары әзірленді.

Жалпы, осы қадам арқылы отба­сы­лық-тұрмыстық қатынастардағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылдың барлық кезеңдерін қамтуға мүмкіндік туа­д­ы. Оны анықтауға, профилактика жүр­гізуге, жолын кесуге, қауіпсіздікті қам­тамасыз етуге және оңалтуға жағдай жасайды.

Бұдан басқа, заң жобаларында тұр­мыс­тық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің аясы кеңейтілді. Оның әрбір кезеңінде ведомствоаралық үйлестіру мәселесі шешілді. Өтініш беру қағидатынан анықтау қағидатына көшу үшін заңнамалық жағдайлар жасалды.

Заң жобасында тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін анықтау мен жолын кесуге, кешенді әлеуметтік көмек көрсетуге қоғам өкілдерін тартуға мүм­кіндік беріледі. Ішкі істер орган­дары қызметкерлерінің осы сала­дағы құзі­ре­тіне қатысты нормалар же­тіл­ді­ріліп, зорлық-зомбылық жасаған­дар­ды есепке алу мен бақылау тәртібі нақтыланды.

– Құжатты әзірлеу барысында әртүрлі зерттеулер жүргізілген шығар. Біз­дің қазіргі қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өсуіне не себеп болып отыр?

Айгүл НҰРКИНА:

– Менің ойымша, бұл сұраққа ешбір сарапшы нақты жауап бере алмайды. Өйткені үйдегі зорлық-зомбылық проб­лемалары барлық елге – дамушы немесе дамыған мемлекеттерге де тән.

Әрине, заң жобасын дайындау кезін­де зерттеулер, құқық қолдану практикасына талдау жүргізілді. Статистика, қылмыстық және әкімшілік істердің материалдары зерделенді. Прогрессивті халықаралық тәжірибе ескерілді.

Отбасындағы зорлық-зомбылықтың негізгі себептері көп. Мәселен, «агрес­сор­дың», «абьюзердің» отбасы мүше­лері­не жұмсайтын өзінің эмоциясы мен агрессиясын басқаруға құлықсыздығы немесе қабілетсіздігі. Сондай-ақ отба­сын­д­ағы қақтығыстарды бейбіт шеше алмауы немесе шешкісі келмеуі. Кейінгі 5 жылда отбасылық-тұрмыстық құқықбұзу­шылық тұрақты түрде өсіп келеді.

Криминологиялық зерттеулерге сү­й­ен­­сек, зорлық-зомбылық жасағаннан ләззат алатын агрессорлар бар. Мұндайда отбасы мүшелері «оңай олжа». Өйткені агрессор олардың ешқайда кетпейтінін және оған төзетінін біледі. Мысалы, кішкентай балалар қайда кете алады?! Мұндай агрессорлар отбасы мүшелеріне қол көтеру үшін кез келген сылтау іздей­ді. Дұрыс жауап бермеді, үйге кеш оралды, кешкі асты дұрыс дайындаған жоқ...

Жұмыс тобымызда қазақстандық және халықаралық құқық жөніндегі тәжірибелі криминолог ғалымдар бар. Олардың зерттеу нәтижелері де заң жоба­сын әзірлеу кезінде ескерілді. Атап айтқанда, зорлық-зомбылықты мы­нан­дай әдістермен шешуге болады. Біріншісі, үйдегі жанжалдарды бейбіт жолмен шешу, саналы ата-ана болу, ашуланшақтық пен эмоцияны басқаруға психологиялық көмек көрсету арқылы халықты құқықтық тәрбиелеу арқылы. Екінші әдіс – жазаның неғұрлым тиімді шараларын енгізіп, агрессорға тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағанда жауапқа тартылатынын түсірдіру.

Дина СМАИЛОВА:

– Заң жобасын әзірлеу кезінде жұмыс тобына психологиялық көмек көрсету туралы ұсынысымды айттым. Ұсыныс қабылданды. Ендігі кезекте бұл заң аясында міндетті болып, зәбір көрсетуші психолог, психиатрлардан ем алады деп үміттенемін. Негізінен агрессорлар көбіне белгілі бір кезеңде ашушаң болады. Көктем, күз мезгілдерінде агрессия күшейе түседі. Бұл тұрғыда арнайы зерттеу керек, өйткені бұл – психологиялық ауытқу. Негізі агрессияның түп тамы­рын зерттеген абзал. Жоғарыда айтқан психологиялық ауытқу болса, арна­йы мамандарға жүгініп, емдеуге болады. Ал есірткі, алкоголь салдарынан туын­даған агрессиямен күрес тәуелді­лік­тен айықтырудан басталуы керек. Бәрін бірдей алгоритммен емдеуге бол­майды. Агрессияның да себебі болады ғой. Агрессия танытатын адам – пси­холог­тың көмегіне зәру адам. Бізге ер адамдар да хабарласады. Олар бала-шағаға шектен тыс ұрысып, әр әрекетіне ашумен қарайтынын айтады. Ал мұндай жағдайда оларды құтқаруға болады. Өйткені олардың санасы өз әрекетінің дұрыс еместігін түсініп тұр. Біздің қо­ғам­да әлгіндей көмек сұраушылармен жұмыс істеу мәдениеті қалыптаспаған. Олар­ды емдейтін арнайы орталықтар да жоқ. Сондықтан агрессия салдары үлкен қылмысқа алып келіп жатады.

Үкіметтік емес ұйымдар мен белсен­ді­лер мәселені ашық айтып, қоғамда жан-жақты талқыланғанымен, қылмыс саны азаймай тұр. Шыны керек, елімізде қылмыскерлер тиісті жазасын алмайды. Статистикада соңғы 5 жылда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, денсаулыққа қасақана ауыр зақым келтіру 2 есе өсті. Ал орташа зақым келтіру 6 есе артқан. Яғни, бізде әйелінің қолын, аяғын сындыру қалыпты деген сөз. Ал пандемия кезеңі жағдайдың қаншалықты қиын екенін көрсетіп берді. Қазір балаларға қысым көрсету шарықтап тұр. Өзіңіз ойлаңызшы, карантин кезінде алкогольді ішім­дік саудасы 43 пайызға өскен. Төтенше жағдайлар кезінде қоғамдық орындардың жұмыс істемегенін ескерсек, ішімдік үйде ішілді. Одан кейін отбасы мүшелерінің мазасын алу, тиісу, ұрып-соғудың болғаны айтпаса да түсі­нік­ті.

 

Әлім­жет­тікті әлеуметтік желі әш­ке­ре­­лей бастады

– Еліміз тәуелсіздік алған жылдар­дан бері Қазақстанда қанша тұр­мыстық зорлық-зомбылық оқиғасы тір­келді? Осы мәселеге қатысты қан­дай статистикалық мәлімет бар? Әкім­шілік полиция комитетінің төрағасы, полиция полковнигі Мұрат Бай­мұқашевқа сөз берсек.

Мұрат БАЙМҰҚАШЕВ:

– Қазақстан посткеңестік кеңістікте ішкі істер органдары жүйесінде осы сала­дағы қызметтердің жұмысын үйлес­ті­ретін, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөліністерді (1999 жылы 120 штаттық бірлік) ашқан жал­ғыз ел саналады. Бүгінде аталған бөлі­ніс­тер жәбірленушілерді қорғау бо­йынша нақты шаралар қабылдап келеді. Сондықтан отбасылық, тұрмыстық қарым-қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтар ішкі істер органдарының мұқият назарында.

Бұрын мұндай құқықбұзушылықтар көбіне жасырын сипатқа ие еді. Олай дей­тініміз, жәбірленушілер өзінің үйін­д­егі ұрыс-керісті сыртқа шығару­дан ұялып, отбасылық тиранның әлім­жет­тігінен қорғану үшін полициядан көмек сұрауға тартынатын. Енді ақпа­раттық коммуникациялардың күрт дам­уына байланысты қазір мұндай құ­қықбұзушылықтардың құрбандарына отбасылық тиранның іс-әрекетін әшкере қылу бұрынғыға қарағанда қол жетімді.

Статистикаға сәйкес, кейінгі үш жылда елімізде тұрмыстық қылмыстың 136 пайызға өскені байқалады (2017 жылы – 445, 2018 жылы – 919, 2019 жылы – 1052 қылмыс). 2017 жылдың соңында интернетте, әлеуметтік желілерде тұр­мыс­тық зорлық-зомбылық туралы ақ­па­­раттың артуын көріп, статистикаға оның қаншалықты объективті екеніне мән бере бастадық. Осылайша, отбасы, тұрмыстық қарым-қатынастар сала­сын­дағы қылмыстарды жеке тіркеу қа­жет деген шешімге келдік. Бұрын «тұр­мыс­та жасалды» деген реквизит дұрыс белгіленбей келді. 2018 жылы Бас прокуратурамен бірлесіп, тіркеу тә­сіл­де­рі өзгертіліп, ведомстволық бақы­лау кү­шейтілді.

Мәселен, 2018 жылдың қорытын­ды­сында ескі тәртіп бойынша 739 тұр­мыс­тық қылмыс тіркелсе, түзетілген есеп бойынша олар 180 фактіге артып, 919 жағдайды құрады. Өткен жылы елімізде мұндай 1052 құқық тіркелді. Ал осы жылғы 9 айда анықталған құ­қық бұзушылықтар небары 0,4%-ға өс­кені байқалады. Тіркелген барлық қыл­мыс­тық құқықбұзушылықтардың жалпы са­нынан үлес салмағы небәрі 1%-ды құрады.

Мұндай құқықбұзушылықтың жар­ты­сынан көбі алкогольді ішімдікке мас күйде жасалған. Сонымен қатар 82% қыл­мысты жұмыс істемейтіндер жаса­ға­ны белгілі болып отыр.

Мас күйдегі тұрмыстық қылмыс­тар­дың жолын кесу мақсатында маскү­­нем­дікке үйір адамдар денсаулық сақтау жүйесіндегі уақытша бейімдеу және детоксикациялау орталықтарына орналас­­­­ты­рылды. Биыл аталған орталықтарға полиция қызметкерлері 139 мыңнан астам адамды жеткізді.

– Пандемия кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғаларының көр­­­сет­кіші өзгерді ме? Ондай оқи­ға­­лар еліміздің қай өңірлерінде жиі кез­­десті? Өңірлер бойынша статистика қандай? Пандемия кезінде ондай агрес­­­сорларды қашықтан бақылау жұ­­мысы жүргізілді ме?

Мұрат БАЙМҰҚАШЕВ:

– Пандемия жағдайында Ішкі істер минис­трлігі есепте тұрған адамдарды қашықтан бақылаудың жаңа тәсі­лін – әлеуметтік мессенджерлерді пайдалана отырып бейнеқоңырау шалу ар­қылы бақылауды енгізді. Соны­мен қатар карантин кезеңінде барлық өңір­лердегі әкімдіктер зорлық-зом­бы­лық құрбандарын уақытша бейімдеу үшін қонақ-жай қорынан резерв құру жұ­мыс­тарын ұйымдастырды (200-ден астам орын). Бұдан бөлек, Ішкі істер министрлігі зардап шегушілер тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі туралы белгі бере алатын жасырын сөзді (соның ішінде телефон бойынша) қол­да­на отырып, полицияға дер кезін­де жү­гінуге мүмкіндігі жоқ зорлық-зом­былық құр­бандарын анықтау бойынша арнайы алгоритм әзірледі.

Дина СМАИЛОВА:

– Құқық қорғау органдарымен қатар үкіметтік емес ұйымдарға, дағдарыс орталықтарына жүгінетін азаматтар да бар. Мысалы, карантин кезінде 40 мыңға жуық арыз түсті. Оның 8 мыңы сотқа дейін жетіп, 4 мыңы сотта татуласты. Бұл жерде жапа шеккендерді қорғау жү­йе­сін ойластыру керек. Сонымен бірге жазаны қатаңдату қажет. Ал жапа шеккен тарапты әлеуметтік қолдау ауадай қажет. Өйткені ол азамат жұмыстан қалу­ға, үйінен кетіп, басқа жерлерде таса­лануға мәжбүр болады.

– Заң жобасында тұрмыстық зор­лық-зомбылық деңгейі қарас­тырыл­ған ба? Мысалы, отбасын­дағы бар­лық жанжалдар осы санатқа жата ма немесе оларды қандай да бір дәре­же­ге бөлу керек пе?

Айгүл НҰРКИНА:

– Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауап­тылық қолданыстағы заңнамамен реттелген. Атап айтқанда, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-бабында отбасында күш қолданбай, былапыт сөйлеу мен психологиялық зорлық-зомбылық жасағанға, 73-1-бап – денсаулыққа жеңіл зиян келтіргенге, 73-2-бап ұрып-соққанға арналған. Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 110-бабында қинау, яғни отбасында ұдайы ұрып-соғу үшін қылмыстық жауапқа тартылады.

Осы салада тер төгіп жүрген қоғам­дық ұйымдар ұрып-соғу және денсау­лық­қа жеңіл зиян келтіру үшін ескерту және қамауға алу түрінде қолданылатын жаза тиімді емес деп есептейді. Сондықтан жұ­мыс тобында құқықбұзушыларды қо­ғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза­ның жаңа түрін енгізу туралы ұсы­ны­сты қарастырып жатырмыз. Осы ұсы­ныс­тар бойынша талқылау әлі жүріп жа­тыр. Түпкілікті шешім әзірленген жоқ.

– Отбасындағы тұрмыстық зор­лық-зомбылықтың алдын алу үшін ішкі істер органдарының қыз­мет­кер­ле­рі қандай жұмыстар атқа­рып жа­тыр?

Мұрат БАЙМҰҚАШЕВ:

– Қазіргі уақытта полицияның құзы­рын­да жеке-профилактикалық жұ­мыс жүргізуге мүмкіндік беретін «отбасылық жанжалқойларға» нақты әсер ету тетік­тері бар. Отбасы, тұрмыстық қа­рым-қатынастар саласындағы құқықбұзу­шылықтардың профилактикасы мақ­сатында Ішкі істер министрлігі мүд­де­лі мемлекеттік органдармен және жұрт­шы­лықпен бірлесе отырып белгілі бір шаралар қабылдайды.

Жыл басынан бері тұрмыстық құқық­бұ­зушылық жасағаны үшін 19 мың­­нан астам құқық бұзушы әкімшілік жауап­­кер­шілікке тартылды. Былтыр бұл көр­сеткіш 19 680-ді құраған болатын. Соны­мен қатар 61,7 мыңнан астам қорғау нұсқамасы шығарылды. Бұдан бөлек, 7,8 мыңнан астам құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар, соның ішінде алкогольдік ішімдіктер мен есірткі заттарын тұтынуға 5,4 мыңнан астам тыйым салу белгіленді.

Тұрмыстық саладағы қылмыстарға қарсы іс-қимыл мәселесі балаларды тұр­мыс­тық зорлық-зомбылықтан қорғау, қолайсыз отбасыларға профилактикалық бақылауды белгілеу, жасөспірімдер қыл­мысының алдын алу мәселелерімен ты­ғыз байланысты. Бүгінде полицияның про­филактикалық есебінде 8 мыңға жуық қолайсыз отбасы тұр. Онда 13 мың­нан астам бала бар. Жыл басынан бері балаларды тәрбиелеу бойынша мін­деттерін орындамағаны үшін 3 мыңнан астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар 700-ге жуық әке-шеше ата-аналық құқығынан айырылды.

Балаларға қатысты зорлық-зом­бы­лық жа­саудың себептері көбінесе әлеуметтік-тұр­мыстық және медициналық сипат­та­ғы отбасылық мәселелердің салдары саналады. Осыған байланысты Ішкі іс­тер министрлігінің бастамасы­мен құ­қықбұзушылықтың жеке профи­лак­тикасының жаңа шарасы – «ме­ди­ци­налық-әлеуметтік есеп» енгізілді. Бұл қадам отбасының тұрмыстық мәселе­ле­рін шешуде уақтылы кешенді көмек көрсетуге, сондай-ақ медициналық-психо­логиялық қызметтер алуға, отба­сы­ның қолайсыздығы тәуекелі факторын төмендетуге, оларды оңалтуға ба­ғыт­талған.

Өкінішке қарай, отбасы, тұрмыстық қатынастар саласында құқықбұзушылық жа­сауға ықпал ететін негізгі фактор – қо­лайсыз әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың әсері. Атап айтқанда, мұндай мәселе әлеуметтік-тұрмыстық тұрақсыздық, жұмыссыздық, жалпы пси­хо­логиялық тұрақсыздық, отбасының материалдық деңгейінің төмендігі, мас­күнемдік, адами құндылықтардың құл­ды­рауы және отбасы институтының жоғалуы салдарынан орын алады. Бұ­дан бөлек, интернет пен бұқаралық ком­му­никациялардағы алкогольдік ішім­діктің, қатыгездіктің, зорлық-зомбы­лық­тың, порнографияның насихатталуы әсер етеді. Әйелдің қадір-қасиетін, оның қо­ғамдағы рөлін төмендететін ре­сурс­­тардың қолжетімділігімен де жағ­дай күрделене түседі. Сонымен қатар адам­ның мінез-құлқын психологиялық түзету бойынша зардап шегушілермен де, жанжалқойлармен де жүйелі жұмыстар жүр­гізілмейді.

Мұндай азаматтарды жұмысқа орна­­ластыру, тұрмыстық және меди­ци­на­лық мәселелерді шешу – олар тиіс­ті ұйымдарға өз бетінше жүгінген жағ­дайда ғана жүргізіледі. Бұл ретте поли­цей­лердің зардап шегушілермен қарым-қатынас жасауға тыйым салу шараларын қолдануы, әсіресе қамаққа алу – ерлі-за­йыптылар арасындағы шиеленісті одан әрі ушықтырады. Әдетте, басқа да әлеуметтік мәселелер кешенінің (ажырасулар, алименттер, жалғыз басты аналар, әлеуметтік жетім балалар) жасалуы да отбасылардың бұзылуына алып келіп соғады. Ресми статистика бойынша, Қазақстанда әрбір үшінші отбасы ажырасады. Ең дұрысы, мұндай мәселелер полицияның ғана емес, әлеуметтік орган­дар мен жұртшылықтың да назарында болуы тиіс. Осылайша, тұрмыстық зор­лық-зомбылықтың алдын алудың одан арғы нақты қадамдары – отбасылық зорлық-зомбылыққа алып келетін факторлар ретінде әлеуметтік-тұрмыстық, тәрбиелік және медициналық сипаттағы мәсе­­лелерді шешкен уақытта ғана байқа­ла­тын болады.

 

Отбасы құндылығын қорғау қажет

– Үкіметтік емес ұйымдармен бір­ле­сіп зәбір көрген отбасы мүше­лерін оңал­ту мақсатында қандай жұмыс атқа­рылып жатыр?

Мұрат БАЙМҰҚАШЕВ:

– Ішкі істер министрлігі бұл салада үкі­меттік емес ұйымдармен тығыз байланыс орнатып, ауқымды жұмыс атқарып келеді. Зорлық-зомбылықтың құрбандарына көмек көрсету мақсатында полиция қызметкерлері 39 үкіметтік емес ұйыммен өзара іс-қимыл жасасады.

Жыл басынан бері полиция қызмет­кер­­лері дағдарыс орталықтарына 8,6 мыңға жуық адамды жолдады. Үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, жыл сайын «Отбасындағы зорлық-зомбы­лыққа жол жоқ!» және «Зорлық-зомбы­лық­сыз 16 күн» республикалық акцияларын жүзеге асырып келеді.

Дағдарыс орталықтарында зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге баспана беруден басқа, азаматтарға заңдық, медициналық, әлеуметтік және психо­логиялық көмек көрсетіледі. Тре­нинг пен кеңестер өткізіледі. Осы жыл­дың басынан бері әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлар сенім телефондары бойынша 6,2 мыңнан астам әйелге кеңес берді. Сонымен қатар 8,6 мыңнан астам зардап шеккен әйел дағдарыс орталықтарына жіберілді. Өткен 9 айдың қорытындысы бойынша дағдарыс орталықтарының мамандары зардап шеккен 12,6 мыңнан астам адамға кеңес берді. Соның ішінде, 1,6 мыңнан астамы пана үйлеріне орналастырылды. Дағдарыс орталықтарының сенім телефондарына 13,7 мыңнан астам қоңырау шалынды.

Дина СМАИЛОВА:

– Шетелде отбасында зәбір көрген әйелдерге кешенді көмек көрсетіледі. Мысалы, жақында 8 жылдан бері АҚШ-та тұрып жатқан отандасымыз өз жағдайын айтып берді. Отбасында жанжал болып, полицияға хабарласқанында құқық қорғау органдарының өкілдері дереу үйіне келіп, тергеуді үйінде жүргізген. Ал біздің елімізде оқиға орнында тергеу жүргізілмейді, міндетті түрде бөлімшеге баруың керек. Ауыл тұрғындары да орта­лыққа баруға мәжбүр. Полиция бірге жұмыс істейтін бірнеше үкіметтік емес ұйым мен қоғамдық қорға хабар береді. Бұл жерде бір ескеретін жайт, полиция жәбір көрушіден ақпаратты таратуға алдын ала рұқсат сұрайды. ҮЕҰ өз көмектерін ұсынып, хат жазған. Бірі үйін жинап беруді ұсынса, өйткені ұрыс кезінде үйінің астан-кестеңі шыққан. Екінші ұйым психологиялық көмек көрсететінін жазған. Қорғаушы ұсынып, заң тұрғысынан да кеңес беретін мамандар табылған.

Біздің елде бөлінетін қаражат АҚШ-тағыдан кем емес. Халықаралық ұйым­дар да бұл салада донор қызметін атқа­ра­­ды, яғни олар да мәселені шешу үшін қар­жы бөледі. Жыл сайын күрмеуі ше­шіл­мей тұрған бұл проблеманы реттеуге бағытталған 13 жол картасы дайындала­ды. Әртүрлі министрліктер жауапты болған соң, бір жүйе жасалмаған. Сон­дықтан бөлінген қаражат түрлі шебер­лік сыныптары мен флешмобтарға жұм­­салып кетеді. Ал көмекке зәру аза­мат­тарға жетпейді. Жапа шегуші сақтан­дыру жүйесіне тіркелген болса, тегін медициналық көмек алады, сына­ма­ларды тегін тапсырады. Алайда үкі­мет бөлген қаражат межеленген топқа жет­пейді.

Шетелде әр аймақта бірнеше үкі­мет­тік емес ұйымнан тіркелген. Мемле­кеттік органдармен қатар жұмыс істейді. Үкімет бөлінген қаражатқа олардың да таласы бар. Сонымен бірге әлеуметтік мәселеге атсалысқаны үшін салық төлеу­де жеңілдік алады. Сол себепті олар өздері тіркелген аймақтағы әлеуметтік-тұр­мыстық мәселелерді бақылауында ұс­тап, жапа шеккендерге қол ұшын созып, қолдау көрсетеді.

Бізде түрлі дағдарыс орталықтары ашылғанымен, мәселенің түп тамырына мән берілмейді. Яғни зәбір көрсетушімен жұмыс жүргізілмейді. Ұрып-соққан, психологиялық, экономикалық қысым көрсеткендермен жұмыс істеп жатқан орталықтар жоқ. Балалардан шектен тыс агрессия көрсек, оларды алып баратын орталықтар жоқ. Мектепте жолдастарына дөрекі сөйлеп, агрессия танытатын оқушылар бар. Сондықтан салдарымен күресіп қана қоймай, себебімен де жұмыс істеу керек.

Анна РЫЛЬ:

– Расымен, бізде мемлекеттің қар­жы­­сы босқа кетеді. Кезінде арнайы әлеу­меттік қызмет көрсету бойынша стан­дарт жасалды. Оның аясында санақ жүр­гізіліп, соған сай қаржыландыру жос­пары бекітілді. Дағдарыс орталық­та­рына адам санына байланысты күніне 5 000 теңгеден төленіп отырады. Былай қарасаңыз, жеткілікті сома. Орталықта 10 адам болса, айына шамамен 1,5 млн теңге бөлінеді. Ал шын мәнінде, бұл орталық жұмысын жүргізу үшін аз. Бұл орталықтағы адамның саны 10-ға жеткен жағдай. Ал оған жетпесе, онда орталық жұмысын жүргізу қиын әрі тиімсіз болады.

Орталықтардың ғимараты жалға алынатынын есептемегенде, кем дегенде 6-7 қыз­меткерді жұмысқа алатынын ескеру қажет. Одан бөлек психологиялық, заң бойынша кеңес алуға келетіндер бар. Мамандар оларға да уақыт бөледі. Құжат ресімдеу мен медициналық орталықтарға еріп баратын жағдайлар болады. Комму­нал­дық қызмет, азық-түлік, киім-кешек, алғашқы медициналық көмек сияқты негізгі қажеттілікті айтпағанның өзінде шығын көп. Жоғарыда айтылған сома 4 жыл бұрын жеткілікті болса, қазір жет­кізу қиын. Сол себепті жарты жолдан жа­бы­лып қалатын бірді бірге жалғап жүр­­ген орталықтар көп.

Бізге келетін адамдар ауыр жағдайда болады, сондықтан оларды қайтарып жі­бере алмаймыз. Үкімет 4 жыл бұрын дағ­дарыс орталықтарына қатысты арнайы норма енгізді. Мемлекет тарапынан кө­мек бар, тек ол жүйелі емес. Карантин кезін­де дағдарыс орталықтары жабылды. Біз сәуір айында 60-қа жуық адамды өз қаражатымызға қабылдадық. Төтенше жағдай кезінде арнайы орталықтардың жұмысына қатысты жоспардың болғаны абзал. Карантин кезінде деструктивті отбасылардағы жағдай тіптен ушығып кетті. Тұрақты табысы жоқтар қиналды, жанжалға себеп пайда болды. Біздің жеке ғимаратымыз болғаннан кейін, мемлекеттен қаражат бөлінбесе де, адам қа­былдауға мүмкіндігіміз болды. Кон­суль­тация тұрақты жүрді. Отбасын сақ­тап қалудан бастап, ажырасуға дейінгі мә­се­ле­лерде заңгерлер, психологтер кө­мек берді.

Жапа шеккендерге көмекті күшейту үшін дағдарыс орталықтарымен қатар әлеу­меттік қызмет орталықтары да қа­жет. Бізде бір дағдарыс орталығына 10 млн ақша бөлінсе, дөңгелек үстел ұйым­дастыруға да сондай қаражат жұмсайды. Ал оның орнына қанша адамға көмек көр­сетілер еді. Түрлі акциялар мен флеш­мобтар да ұйымдастырылады.

 

Жаза қатаңдаса жағдай түзеле ме?

– Қазір қоғамда тұрмыстық зор­лық-зомбылыққа қарсы заң жобасы жан-жақты талқыланып жатыр. Кей­бір сарапшылар заң жобасын сынға алды. Сіздер не дейсіздер?

Айгүл НҰРКИНА:

– Иә, қазір қоғамда заң жобалары белсенді талқылануда. Біздің көптеген аза­матымыздың «үйдегі зорлық-зом­бы­лық­қа» төзбейтіні және заң жобаларына қолдау білдіретіні қуантады.

Өкінішке қарай, талқыланып жат­қан заң жобаларының жекелеген нор­ма­ларын қате түсіндіретіндер де бар. Мысалы, «жыныстық еркіндік», «эконо­микалық зорлық-зомбылық», «психо­логиялық зорлық-зомбылық» ұғым­дарына қатысты теріс пікірлер қалыптасқан.

Бұл ұғымдар заңнама үшін жаңалық емес. Қолданыстағы «Тұрмыстық зор­лық-зомбылық профилактикасы тура­лы» 2009 жылғы қабылданған заңдағы 4-бапта «жыныстық еркіндік» деген сөзбен бірге, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың барлық түрі көрсетілген.

Енді, осы ұғымдардың болуы «олар­дың жыныстық еркіндігіне қысым жасау» себебінен қанша қазақстандық отбасынан балаларды тартып алуға мүмкіндік берді? Сондай-ақ «жыныстық еркіндік» – отандық заң әдебиетінде және қылмыстық құқық теориясында қолда­нылатын қалыптасқан заңды термин. Тиісінше, жыныстық еркіндікті қоғамға тән емес азғындық термин деп бекіту –тұрмыстық философиялық пайымдау.

Әйтсе де, осы терминнің заң жобасында бекітілуі дау туғызуы мүмкін еке­нін ескеріп, жұмыс тобы «жыныстық зор­лық-зомбылық» ұғымының заңды анықтамасынан «жыныстық еркіндік» деген сөзін алып тастауды қолдады.

Кейбіреулер балаларды басқа отбасына асырауға береді деген пікір ай­тып жүр. Балаларды балалар үйіне беру оңай шаруа емес. Бұл үшін сал­мақ­ты себептер болуы керек. Ол үшін баланың шынымен жақын туыстары жоқ екенін немесе ата-анасы ата-ана құқықтарынан айырылғанын растау қажет. Қамқоршылық және қорғау орган­дарының міндетті қатысуымен тиісті сот рәсімдерінен өтуі, барлық қа­жет­ті растайтын құжаттарды жинауы тиіс.

Сондықтан үрей туғызудың қажеті жоқ. Біздің мақсатымыз – отбасылық құндылықтарды бұзу емес, орын алған проб­лемаларды шешуде кешенді тәсіл­ді енгізуге бағытталған тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасының қолда­ныс­тағы тетіктерін жетілдіру арқылы көмекке мұқтаж адамдарды қорғау. Өкініштісі, кейбіреулер заң жобаларын­да жоқ мәселелерді айтып, халықты ша­тас­­тырып жүр.

Жалпы, заң шығару процесі әрдайым дамып, жетіліп отырады. Осы 8 ай ішінде заң жобаларының нормалары елеулі өзгеріске ұшырады. Бұл бағыттағы жұ­мыс жалғаса береді. Заң жобаларының бірін­ші оқылымда қабылдануы олардың түпкілікті қабылданғанын білдірмейді. Бірінші оқылымда тек заң жобасының тұжырымдамасы талқыланады.

Мұрат БАЙМҰҚАШЕВ:

– Иә, бірқатар мәселелер әлі де бар. Бірін­шіден, қазіргі уақытта қорғау нұс­қа­масы тек жәбірленушінің келісі­мі­мен шығарылады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанына «агрессордың» қы­сым көрсетуін ескере отырып, қор­ғау нұсқамасын шығару туралы шешімді тұрмыстық зорлық-зомбылық белгі­ле­рі­нің (дене жарақаттары, куәгерлердің жауаптары) болуын бағалау нәтижелері бойынша запа шегушінің келісімінсіз полиция қызметкерінің өзі қабылдауы тиіс. Қабылданған шешімнің заңдылығын қам­тамасыз ету үшін прокуратура орган­да­рының қадағалауы жүзеге асатын болады.

Екіншіден, әкімшілік материалдардың 60%-дан астамы тараптардың татуласуы нәтижесінде тоқтатылады. Отба­сы, тұр­мыс­ саласындағы құқық бұзу­шы­лық фактілері бойынша осы шараны түзету, учаскелік полиция инспекторла­ры­на «жанжалқойды» баспанадан қысқа мерзімге, мысалы 10 тәулікке көші­ру құқығын беру мүмкіндігін қарау ұсы­ны­­лады. Осы ұсыныстар «Отбасы, тұр­мыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасының шең­бе­рінде пысықталуда.

Үшіншіден, дағдарыс орталықтары мен пана үйлерінің қызметтері ауылдық жерлер­дегі әйелдер үшін қолжетімсіз еке­нін ескере отырып, олардың желі­сін шағын қалаларда және ауылдарда кеңейту қажет. Соның ішінде, мемле­кет­тік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде қарастырған жөн.

Төртіншіден, са­лауат­­ты өмір салтын насихаттау тәсіл­де­рін қайта қарау бойынша кешенді шаралар қабылдаған жөн. Халықтың барлық санаты үшін қолжетімді отбасы мүшелері мен бала­лар­дың бос уақытын өткізу орындарын ұйымдастыру қажет. Шипа­жайда емделуді қамтамасыз ету, отбасылық құндылықтарды нығайту бойынша жұмысты жалғастыру қажет.

Бесіншіден, халықты жұмыспен қамтуды арттыру бойынша қосымша шаралар қажет. Соның ішінде, талап етілмейтін жұмыс орындары бойын­ша еңбекақыны арттыру жолын қарас­тыр­ған жөн. Тұрмыстағы, әсіресе отбасылық қатынастар саласындағы қылмыстар көбінесе жергілікті маңызы бар күрделі әлеуметтік проблемалардың қатарына жатады. Оларды шешу үшін әрбір өңірде тұрмыстық қылмыстың алдын алудың тиімді оптималдық моделін құру керек.

Жоғарыда атап кеткен осы бір келең­сіз құбылыстың ауыр салдарын азайту үшін біз тұрмыстық құқық бұзу­шы­лық­тардың алдын алу және жолын кесу бойынша барлық құры­лым­дар­дың (орталық мемлекеттік органдар және жер­гілікті атқарушы органдар) күш-жіге­рін жандандыруға бағытталған қосым­ша шаралар кешенін әзірлеп, іске асы­руымыз қажет. Азаматтық қоғам инс­титуттарының, мүдделі мемлекеттік орган­дардың белсенді қатысуы нәтиже­сін­де біз пысықтап жатқан осы және басқа да шаралар біздің ойымызша отбасы-тұрмыстық қарым-қатынас сала­сындағы жағдайды айтарлықтай жақ­сартуға және тиісті деңгейде құқық бұзу­шылықтарды төмендетуге ықпал етуі тиіс.

 

Әйелдің құқығы – әлем назарында

– Отбасындағы әлімжеттікпен күрес­ке халықаралық ұйымдар мен қо­ғамдық бірлестіктер де белсенді қа­­­ты­сып келеді. Еліміздегі белді ха­лықаралық ұйымдардың бірі – БҰҰ-ның Әйелдер құрылымының қызметі осы мәселеге негізделген. Осы ретте ұйым­ның атқарған жұмысына тоқ­тал­сақ.

Дина ӘМРЕШЕВА:

– «БҰҰ – Әйелдер» құрылымы Қазақстан үкіметімен бірге әйелдер мен қыздарға қатысты әлімжеттікті болдырмас үшін бірқатар бастамаларды жүзеге асырып келеді. Олардың қатарында Қазақстандағы гендерлік зорлық-зом­бы­лық туралы деректерді жинау мен талдау бар. Одан бөлек заңнамалық са­ла­дағы кедергілер мен тұрмыстық зорлық-зомбылықты анықтау және оның алдын алу бойынша шаралар әзірледік. ЮНФПА қоры мен ДДҰ Қазақстандағы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық туралы зерттеу жүргізуге қолдау білдірді. Орта Азияда алғаш рет жүргізілген зерттеу нәтижелері елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жоғары деңгейін көрсетті. Қарым-қатынаста болған 18-75 жас аралығындағы әйелдердің 17%-ы жақын серіктесінен физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылық көрген, ал 21%-ы психологиялық қысым көрген. Бұл тақырыпта ақпараттық-насихаттау іс-шаралары үздіксіз жүргізіледі. Сон­дай-ақ Әйелдер және отбасы және ген­дер­лік саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы, Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау, Сыртқы істер, Ұлттық экономи­­ка министрліктерімен бірлесе жұмыс ат­қа­рдық.

Дина СМАИЛОВА:

– Бүгінде үкіметтік емес ұйымдардың аталған мәселедегі көпір екенін де айтып өткен жөн. Дәл қазір 60-қа жуық қыл­мыстық іс қаралып жатыр. Со­нымен бірге күн сайын 10-15 адамға консультациялық кеңес береміз. Негізі күніне 50-ге жуық адам хабарласады. Бір адамның бірнеше рет хабарласатынын да ескеру қажет. Ішкі істер министрлігімен бірігіп жұмыс істейміз. Ауыр қылмыс туралы білгенде бірден Полиция департаментіне хабарлаймыз. Яғни қазір біз – полиция мен халық арасындағы көпірміз. Ал бұл халықтың құқық қорғау органдарына сенбеуден. Олар бірден полицияға хабарласса, мәселе басқаша болар еді. Қазір фронт-офистер бар, бірақ халық одан хабарсыз. Ал бір естіген адам екінші рет бірден сол мекемелерге өздері жүгінеді.

– Ақпараттық-түсіндіру жұмыс­та­рын айтып қалдыңыз. Бұл бағытта қан­дай шаралар өтеді?

Дина ӘМРЕШЕВА:

– Жылда гендерлік зорлық-зомбы­лық­қа қарсы белсенді іс-қимылдың 16 күн­дігі өтеді. Бұл әйелдерге қатысты зор­лық-зомбылықты жоюдың халық­ара­лық күні – 25 қарашада басталып, 10 желтоқсан – Адам құқықтары күніне дейін жалғасатын халықаралық науқан. Акцияны 1991 жылы Әйелдердің жа­һан­дық көшбасшылық институтының белсенділері бастаған. Әйелдер бастаған топтар мен ұйымдар, ұлттық, аймақтық және халықаралық ұйымдар, сондай-ақ БҰҰ агенттіктері мен үкіметтер ген­дер­лік зорлық-зомбылықты тоқта­ту­ды талап етіп, мүдделі тараптарды тарта отырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Осылайша, біз қоғамдағы осы мәселенің ашық көтерілуін және әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың адам құқығын бұзумен тең екенін көрсеткіміз келеді. Биылғы науқан да 25 қараша басталады. Биылғы шаралардың негізінде пандемия кезіндегі отбасында зорлық-зомбылықтың көбеюі жатыр.

– Халықаралық құжаттарда отба­сын­­дағы тұрмыстық зорлық-зом­бы­лықтың экономикаға әсері жиі айты­ла­ды. Қазақстанда бұл көрсет­кіш қан­дай деңгейде?

Дина ӘМРЕШЕВА:

– Ең алдымен, экономикалық әсе­рін неліктен бағалау керек деген мәселеге тоқталсақ. Біріншіден, әлеу­меттік-экономикалық шығынды есеп­теу керек. Ал бұл өз кезегінде мәселенің қаншалықты ушыққанын және қаншалықты жедел шешімді қажет ететінін көрсетеді. Екіншіден, шығындарды анықтау арқылы мәселені шешу­ге бағытталған заңды, ұлттық жоспарлар мен стратегияларды жүзеге асы­ру үшін қанша қаражат керек екені белгілі болады. Сонымен қатар тиімсіз қызметтерді қысқартуға мүмкіндік пайда болады.

Жалпы, әйелдерге қатысты зор­лық-зомбылық – адам құқығын бұза­тын жаһандық мәселе. Бұл ретте денсау­лық­қа келер зардабы жайлы зерттеу­лер көп болғанымен, проблеманың экономикалық тұсы көп айтыла бер­мейді. Біз жүргізген зерттеулер мәсе­ле­нің әлеуметтік-экономикалық салдарын талдауға негіз бола алады. Мәселен, 2017 жылы медициналық көмекке жүгінгендердің жеке шығыны 230 548 624 теңгеден 468 789 272 теңге арасында болған. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жанама шығындары келесідей болды: әйелдер 53 878-109 596 аралығындағы жұмыс күнін жіберіп алған. Нәтижесінде, еңбек өнімділігінің төмендеуінен 209 478 126 теңгеден 426 105 874 теңгеге шығын келген. Сондай-ақ зерттеу нәтижесі бойынша медицина орталықтарының жәбір көрген әйелдердің есебін жүргізбейтіні анықталды. Өйткені науқастардың көбі бұл нәрсені жасырып қалады. Сол себепті денсаулық сақтау қызметкерлерінің де жауапкершілігін арттыру керек. Мемлекет қанша адамның зардап шегіп, медициналық көмекке жүгінгенін білмесе, құқық қорғау органдары мен өзге де жауапты ұйымдарға қажетті ресурс бөлінбеуі мүмкін. Зорлық-зомбылық – күрделі құбылыс, физикалық және жыныстық зорлық-зомбылықпен қатар, психологиялық, эмоционалдық және экономикалық қысым көрсетілуі мүмкін. Дүние жүзінде әйелдердің үштен бірі өз серіктесінен әлімжеттік көрген. Әйел­дерге қатысты зорлық-зомбылық әлеуметтік-психологиялық салдарымен қатар, ұзақ мерзімде мемлекеттің қаржы жүйесі мен экономикасына салмақ түсіріп, мемлекеттің дамуына кері әсер етеді.

 

P.S. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың соңы ажырасумен аяқталмай қоймайды. Ажырасу көбейген елде демографиялық ахуал да жақсармайтыны белгілі. Шаңырақ шайқалды дегенше Қазақстан дейтін қарашаңыраққа уық болып қадалған бір отбасының ойраны шықты десеңізші. Бұл күрделі мәселенің күрмеуі жақын арада шешіле қоймасы анық. Заңды қатаңдатып, жазаны күшейту – атқарылуы тиіс ауқымды жұмыстардың алды ғана. Ең бастысы, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесімен ұлт болып күресіп, жұрт болып жұмылып, жүйелі жолға қоюымыз қажет. Санада сілкініс, ойда өріс болмай, осы мәселенің шешімін таба алмаймыз. Бәлкім, ең ұлы рухани жаңғыруымыз да осы болатын болар...

 

 

Дайындағандар

Рауан ҚАБИДОЛДА,

Меруерт БҮРКІТБАЙ,

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»