Жақында ғана қиырдағы Бесқаладан, Қарақалпақ елінен сүйіншілеген хабар жетті. «Тұрған жерің елдің астанасы да, туған жерің сенің ғана астанаң» деп, Әбдіраштың Жарасқаны жырлағандай, «төл астанамыз» – Тақтакөпір ауданы қайраткер тұлғаларына құрмет көрсетіпті. Құрмет көрсеткені сол, елдің дамуына өлшеусіз үлес қосқан қайраткерлердің есімін көшелерге берген. Халық депутаттары Тақтакөпір аудандық кеңесі төрағасының шешімімен аудан орталығындағы бұрынғы Бірлік көшесі енді Өтеғұл Бектұрғановтың есімімен аталмақ.
Задында түбі түркі жұртының қамын жеп, қолдан келгенше еңсесін биіктетуге, бар-жоғын түгендеуге үлес қосқан алаш қайраткерлерінің қатары қалың. Әлихан Бөкейханов, Нәзір Төреқұлов, Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышпаев, Мұстафа Шоқай, Сұлтанбек Қожанов, Ғани Мұратбаев, Меңдіқожа Ибниаминов, Қаландар Адинаев түркі халықтарының өркениет көшіне ілесіп, білімді де дәулетті елдер қатарына қосылуына өздерінің күш-қайратын жұмсағандығы да мәлім. Біз сөз еткелі отырған Өтеғұл Бектұрғанов та солардың санатынан.
Қарақалпақстанның мемлекеттік өлкетану мұражайы – Әмудария мен Арал бойындағы ғана емес, тұтас Орталық Азиядағы тарихы тереңге кеткен таным ордасының бірі. Архив құжаттарының мәлімдеуінше, музей сол кездегі облыстың орталығы Төрткүл қаласында 1929 жылы ұйымдастырылып, сол жылдың 16 мамырында тұңғыш көрмесі ашылыпты. Алғашқы кезде музей қорында 1 022 экспонат болса, бүгінде оның саны – 65 970.
Алғашқы кездегі жәдігерлерді халықтың арасынан жинап, оның әрқайсысын тізімдеп, өлмес мұраға айналдырып, музейді мәдениеттің шоқтығы биік орталығына айналдыру дегеніңіз қыруар еңбекті талап еткені сөзсіз. Кезінде тірнектеп жиналған халықтың қолданбалы өнері туралы экспозицияның орны тіптен бөлек. Халық қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан небір керемет туындылар жергілікті халықтың мәдениетін айшықтай түседі.
Қарақалпақ еліндегі осы музейді ұйымдастырып, оның ілкі экспонаттарын ел аралап жүріп жинаған алаш перзенті Өтеғұл Бектұрғанов болатын. Музей ашылған тұста оған этнограф ғалым А.Морозов, Н.Торчинская басшылық етіп, облыстық Халыққа білім беру бөлімі тарапынан қаржыландырылған. Қаржы мәселесінде қиындыққа тап болған музей жаңадан ашылған Қарақалпақ ғылыми-зерттеу институтының құрамына енгізіліп, қысқа мерзімде музейге Н.Баскаков, Қ.Айымбетовтер де басшылық жасаған.
Алайда музейдің нақты жеке-дара мекеме ретінде жұмыс істей бастауы сәл кейінірек. Басшылыққа Өтеғұл Бектұрғанов келгеннен кейін. 1932 жылы облыс басшылығы Өтеғұл Бектұрғановтың білімін жетілдіру мақсатында Ташкент қаласындағы Орта Азия мемлекеттік университетіне (САГУ) оқуға жіберуге шешім қабылдайды. Аталмыш оқу орнын бітірген соң, облыс басшылығы оны кері шақырып алып, Өлкетану музейінің директоры етіп тағайындаған.
Алаш перзентінің музей директорлығына тағайындалуы тегіннен тегін емес. Өтеғұл он жасынан бастап Қазалыдағы Ақишан медресесінде, кейін сол өңірдегі жаңа мектепте білім алады. Мектепті бітірген соң 1925 жылы Қарақалпақ автономиялық облысы Төрткүл қаласындағы мұғалімдер даярлайтын курсқа оқуға түскен. Бір жыл ішінде оқу бағдарламаларын толық меңгеріп, Қараөзек ауданының Талдық ауылында ұстаздық қызметке кіріседі. Халықты жаппай сауаттандыру, ағарту науқаны басталып, Өтеғұл Куйбышев ауданының Назархан ауылына мұғалімдікке ауыстырылады. Адал еңбегінің арқасында көп өтпей, мектеп директорлығына тағайындалады. Одан соң Қыпшақ, Тақтакөпір аудандарында алғашқы мектептерді ашуда, жастарға білім беруде қызмет еткен.
Бұл туралы 22 жыл бойы Қарақалпақстан Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Қарақалпақстан Жоспарлау комитетінің бастығы лауазымын атқарып, бес мәрте Республика Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланған Дәулет Жұмабаев кезінде төмендегіше естелігімен бөліскен болатын:
– Қыпшақ ауданында балаларды оқытатын жаңа үлгідегі мектеп ұйымдастырылып, оған әрі мұғалім, әрі директор болып Өтеғұл Бектұрғанов деген жас жігіт келді. Мұғалім жігіт келген күні-ақ отын тасып күнелтіп жүрген менің әкеммен сөйлеседі. Алғашқы әңгімелесу көңілінен шықты ма, әкемнен мектепке шаруашылық меңгерушісі болып жұмысқа келуін өтінеді. Мұндайды күтпеген әкем таңғалып, әрі бейтаныс адамның ұсынысына күдікпен қарап:
– Мен бұрын-соңды мұндай жұмыс істеп көрген жоқпын. Ескіше де, жаңаша да сауатым жоқ. Осы күнкөрісім өзіме жетеді. Ниетіңізге рақмет, – дейді.
Өтеғұл аға білімдарлығын көрсетіп, жаңа қоғамның беталысы жөнінде, жастардың білім алуы керектігін айтып түсіндіреді. Не керек, әкем сөйтіп, мектепті ұйымдастыру ісіне (1926 жылдар) белсене кірісті. Жақсының шарапатымен әкем Өтеғұл ағаның арқасында сауатын ашты. Ал мен әкемнен үйренген әріптеріммен күн сайын сауат ашып, кейіннен «бұл оқудың мәні тереңде екен ғой» деген ниетпен Төрткүлдегі орта медицина қызметкерлерін, фельдшерлер даярлайтын оқу курсына жолдама алдым. Осылайша, фельдшерлік мектепті тәмамдағаннан кейін Қарақалпақстандағы алғашқы орта білімі бар маман дипломыммен Беруни аудандық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі болып жұмысқа кірістім. Кейіннен Ташкенттің, Мәскеудің экономикалық институттарын бітірдім.
Әкемді тәрбиелеп, қатарға қосқан Өтеғұл ағаның шарапаты бұл. Егер сол жылдары Өтеғұл ағадай көкірегі ояу, ой-деңгейі жоғары адам жәрдем қолын созып, әуелі әкемнің көзін ашып, дүниетанымын өзгертпегенде, менің де кейін үлкен биіктерді бағындырарым екіталай еді. Шынында да, осындай бақытқа қол жеткізуіме, жоғары жауапты қызметтерді атқаруыма бірден-бір дәнекер болған, үлкен өмірге жолдама берген Өтеғұл аға екені сөзсіз.
Дәулет аға сияқты Өтеғұл ағамыздың кезінде сауаттандырып, тәрбиелеп өмір жолына жолдама берген азаматтары қаншама десеңізші.
Өтеғұл Бектұрғанов музейге келе салысымен, оның күрделі жағдайын байқап, КСРО Ғылым академиясының басшылығы алдына мәселені көлденең қойып, музейді жеке мекеме ретінде құруды ұсынады. Ақыры, басшылық оның талабымен келісіп, Қарақалпақ өлкетану музейі 1934 жылы дербестікке ие болып, оған мемлекеттік музей мәртебесі беріледі. Ал келесі жылы Ө.Бектұрғановтың басшылығымен Мәскеудегі «Халықтар достығы» музейінде тұңғыш рет «Қарақалпақ кілемдері» коллекциясы көрсетіледі.
Республикалық өлкетану музейіне 1934-1936 жылдарда басшылық жасаған Ө.Бектұрғанов елдің тарихы, мәдениеті болашақ ұрпаққа өнеге боларын жете түсініп, мұражай қорын молайтуға белсене кіріседі.
«Музейге негізінен халық арасынан жинаған жәдігерлер, алтын-күмістен жасаған бұйымдар, кілем, ер-тоқым, жүген, құйысқан, сондай-ақ музыкалық аспаптарды жинаған. Қымбат металдармен өрнектеген сол дүниелер бүгінде музейдің баға жетпес мұрасы. Әкеміз бен шешеміздің тұратын үйінің бір бөлмесі музей қорына жинақталған қойма болса, екінші бөлмеде өздері тұрған. Сол жылдары әкемнің көмекшісі Ленинград живопись, архитектура және скульптура институтының түлегі, суретші Вселовод Ильич Бродский болыпты. Бродский анамыз Перуза екеуі қазына кітабын жасап, соған жинақталған жәдігерлердің тізімін жасап отырған екен.
Құқық қорғау органдарының өкілдері қуғын-сүргінге ұшырағандардан тәркіленген заттарды музейге әкеліп тапсырған. Олардың ішінде асыл тастардан – алтыннан, гауһардан жасалған неше түрлі бұйымдар болыпты. Сонда әкем анама: «мына әкелген заттарға қызығушылық танытушы болма, олардың әрқайсысында өз иесінің тағдыры жатыр, әрбір моншағында қимастық көз жасы бар. Оған тиісуші болмаңдар» дейді екен» деп, еске алады Ерсұлтан Өтеғұлұлы Бектұрғанов.
Өтеғұл Бектұрғанов 1936 жылдан бастап Кегейлі, Шымбай аудандық партия комитеттерінде қызмет етеді. 1950 жылдарда Тақтакөпір ауданының К.Маркс колхозының басқарма төрағасы болды. Қайсы қызметтің басында болса да ол өзінің бүкіл күш-жігерін сол саланың өркендеуіне жұмсады. Тақтакөпір машина трактор стансасында саяси бөлімнің жетекшісі, колхоз, ауылдық кеңестің төрағасы қызметінде жүргенде де халықтың көңілінен шығып, елдің алғысына бөленді. 1966 жылы зейнеткерлікке шыққанда, оған Қарақалпақ АССР-і партия комитетінің бірінші хатшысы Қ. Камалов «Волга» автокөлігін сыйлап, еңбек демалысына құрметтеп шығарып салған еді. Ұзақ жылдарғы еңбегінің бағаланғанын осыдан-ақ аңғаруға болады.
Еңбектің бағалалануы демекші, Социалистік Еңбек Ері, Қарақалпақстан облыстық партия комитетінің бұрынғы бірінші хатшысы, бүгінгі күні тоқсаннан асса да сергек ағамыз Қәллібек Камалов Өтеғұл Бектұрғанов туралы ізгі лебізін әсерлі етіп жеткізеді:
«Өтеғұл аға Бектұрғановтың адал қызметін туған топырағында елінің құрметі мен алғысына лайық деп есептеймін. Өсіп-өнген ұл-қыздары қазіргі уақытта Өзбекстанда, Қазақстанда қызмет етіп жүрсе де, жүрегінің түкпірінде Қарақалпақстанды қастерлеп, жадында ұстауы біздің ауылдастарымыз үлгі аларлық жақсы өнеге болмақ. Уақыт өткен сайын ұл-қыздары ата-анасын еске түсіріп, туған жерін мақтаныш етеді. Ал біз болсақ, туған жеріміздегі Өтеғұл ағадай құрметті ақсақалдарымыздың есімін мәңгі естен шығармаймыз.
Өтеғұл аға халқымыз айтқандай: «Мәңгі өмір болмайды, мағыналы өмір болады» деген өсиеттің куәгері іспетті. Мағыналы өмірдің өзінің мәңгі өмірге ұқсайтын тұстары бар. Себебі оны терең білетін замандастары мен ауылдастары құрметтеп, атын мәңгілестіріп жатса, осыдан артық мағыналы өмір бола ма?!»
Бір айта кететіні, Өтеғұл Бектұрғанов Бесқала өңіріне Ресейден, басқа республикалардан жер аударылған зиялы қауым өкілдерімен жақсы қарым-қатынаста болған, кейін бейбіт заман орнаған кезде бір-бірін іздеп кездесіп тұрыпты.
«Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Қарақалпақ жеріне қуғын-сүргінге ұшыраған суретшілер, ғалымдар, ақындар көптеп келген. Солардың қай-қайсымен де әкеміз жақсы араласқан. Соның бірі суретші Бродскийді әкем 70-жылдары Ленинградқа арнайы іздеп барып тауып алып, әңгіме-дүкен құрып қайтқан екен» деп еске алады Ерсұлтан Өтеғұлұлы.
Бүгінде бауырлас өзбек, қарақалпақ халықтарымен мәдени байланыстарымыз қарқынды даму үстінде. 2018 жылы «Қазақстанда Өзбекстан жылы», 2019 жылы «Өзбекстанда Қазақстан жылы» аясында көптеген игі шаралар ұйымдастырылды. Екі елдің арасындағы бауырластық қарым-қатынастың негізінде Қарақалпақстан мемлекеттік өлкетану музейінде қандасымыз Өтеғұл Бектұрғанов бұрышы ашылды. Ондағы «Бектұрған әулеті» жинағы, суреттер, құжаттар белгілі тұлға өмірінен, өткен кезеңнен сыр шертеді.
Енді міне, тағы бір қуанышты хабардың куәсі болып отырмыз. Қайраткер Өтеғұл Бектұрғанов атындағы көше ердің еңбегін бағалап, ұрпаққа үлгі етудің өнегесі болмақ.
Мен туған жердің ардағы,
Жарқылдап жүрген
жақсы апам.
Ризалығым бар-дағы,
Тағатын кінәм жоқ саған деп, жырлаған еді ақиық ақын Төлеген Айбергенов өзіне қамқоршы болған Әзиза апасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Әзиза Нұрмаханова туралы. Сол сияқты Өтеғұл Бектұрғанов та алаш перзентінің қайда жүрсе де шоқтығы биік, абыройы асқақ, азаматтығы еңселі екенінің айқын айғағы. Қысқасы, «мен туған жердің ардағы» кім-кімге де өнеге болуға лайықты.