• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Қараша, 2020

Сәні келіскен Сарқан Ауданда туризмді дамытудың негізі қаланды

575 рет
көрсетілді

Жоңғар Алатауы мен Іле Алатауының түйіскен тұсындағы тұмса табиғат ғажайыбының сыры әлі толық ашылмағаны анық. Өйткені осы өлке адамзат баласына қоршаған орта өзі тарту еткен аң-құстың ерекше популяциясы мен өсімдік әлемінің мың сан түріне толып тұр.

Ал бұл мекеннің бір пұшпағы Алматы облысының Сарқан ауданының аума­ғын­да жатыр. Жалпы, көркем тіршілікке көзайым болу үшін осы топырақта туып өсу қажет шығар. Еш болмағанда жылына бір рет Сарқанға сапар шегу керек-ті. Қазір мұның жолы табылған. Яғни, аймақтың ерекше келбеті ауылдық жердегі туризмді дамытуға да ықпал ете бастапты. Мысалға, биыл Сарқан ауданы аумағына алыс-жақын шетелдерден 23 мыңнан астам демалушы келген екен. Табиғат аясындағы тамаша демалыстан бөлек, «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» мемлекеттік ме­ке­­месінің аумағына келушілер саны арт­қан. Мұнда 13 экологиялық және мәдени-тарихи туристік бағыт жасалған екен. Өткен жаз маусымында ұлттық парк­тегі табиғат байлығын көзбен көріп қай­туға 1500 турист арнайы ат басын бұрған көрінеді.

Жалпы, Сарқан ауданының келешегін туризмнің дамуымен байланыстырған жөн. Әлем картасындағы суы мөлдір, дертке шипа Балқаш көліндегі демалыс айлақтары да осы ауданның аумағына қарайды. Ал көл жағалауында демалатын адамдар саны жылдан-жылға артып жатқандығы байқалады. Биылдың өзінде көлдегі 17 демалыс орнына 21,5 мың адам келген екен. Қуанарлығы 2013 жылы жасалған Балқаш көлі жағалауын дамытудың бас жоспары жемісін бере бастаған. Көл жағалауының инженерлік-ком­муникациялық жүйелерінің құры­лысын жүргізуге 115 млн теңге қарас­ты­рылған болса, өткен жылы 47,8 млн теңгенің жұмысы істеліпті. Жобаға сәй­кес көлге дейінгі 15 шақырымға авто­кө­лік жолын төсеу, 50 шақырымдық су құбыры жүйесін салу, ұзындығы 40 ша­қы­рым болатын кәріз жүйесін жүргізу және электр желілерін тарту жұмысы басталған.

Осы жерде Алматы облысындағы жа­ға­жай туризмінің қарқын алғанын айта кетелік. Бұл орайда Алакөл жаға­ла­уын дамыту бағытында да елеулі жұ­мыстар атқарылғаны тілге оралады. Яғни, Алакөл жағалауындағы кәріз тазарту жүйесінің құрылысына, Ақши ауылын сумен жабдықтау жүйесіне, көлді қоршайтын бөгет жасауға, «Қа­бан­бай – Көктұма» автомобиль жолын орташа жөндеуге бюджеттен қаржы қарас­тырылған болатын. Демек, Балқаш көлінің жағасы да Алакөл сияқты адам аяғы үзілмейтін демалыс мекені бола­тын күн жақын. Табысты істің бел­гі­сін­дей болса керек, биыл Балқаш көлі жа­ғалауындағы 17 демалыс кешені жер­гі­лікті бюджетке 12 млн теңгеден астам са­лық төлеген.

Ауданда қысқы туризмді дамытуға да мүмкіндік бар. 2018 жылдың ақпан айында Жоңғар-Алатауы баурайындағы алғашқы тау-шаңғы базасы ашылды. Қазір мұнда ұзындығы 735 метр болатын шаңғы трассасы және 120 метрлік тюбинг жолы демалушыларға қыз­мет көрсетеді. Бұйырса Сарқан аума­ғындағы тау туризміне салынған қар­жы­ның нәтижесінде өңір Текелідегі тау шаңғысы базаларымен бәсекеге түсе­тін күнге жетеді.

Жалпы, Жетісуда тау туризмін дамыту бағытында «Ой-Қарағай» «Апорт» – «Ақтас», «Ақбұлақ» сияқты тау шаңғы ку­рорттарын кеңейту, «Түрген» тау шаң­ғы курорты мен «Park Canyon» ту­рис­­тік ойын-сауық кешенін салу ин­вес­­­тициялық жобалары басталды. Бұл бағытқа тартылатын инвестиция 300 млрд теңге көлемінде болмақ. Оның 70 %-ы жеке инвестиция көзі. Нә­тижесінде бұл 5 мыңға жуық жаңа жұ­мыс орындарының ашылуына мүм­кін­дік бермек.

Айтпақшы, Қазақстандағы дәрілік шөптерді өңдеп, экспортқа өнім шы­ға­ратын бірегей кәсіпорын да осы Сарқан ауданында. «Азия Голд» компаниясының зауыты 2010 жылы жұмысын бастаған. Бүгінде бұл зауыт отандық фармацевтика нарығына және алыс-жақын шетелге дәрілік шөптер мен ауыл шаруашылығы өнімдерін эскпорттап отыр.

– Тау бөктерінде жалбыз, түймедақ, ит­мұрын сынды дәрілік өсімдіктер өсі­­реміз. Оның жалпы аумағы 4000 гек­­тар­дан асады. Материалдық-тех­­ни­­калық базамызды Германия, Ре­сей, Беларусьтың техникаларымен то­лықтырдық. Әлемдегі шөп дәрі өндірі­сін­дегі жетекші елдермен әріп­тес­тік орнаттық. Зауыт ашылғалы бері орташа есеппен 600 тонна дайын өнімді экспортқа шығардық. Қазір өндірісте сексенге жуық жұмысшы еңбек етіп жатыр. Келер жылы өндіріс орнының аумағын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Яғни, іргедегі Қарғалы ауылынан да осындай дәрілік шөптерді өңдейтін тағы бір нысан құрылысын бастаймыз, – дейді «Азия Голд» компаниясының басшысы Алексей Коржиков.

Жол картасы аясында 10 жоба жүзеге асырылып, оған 619 млн теңге бөлінген. Бұл қаржының қомақты бөлігіне аудан орта­лы­ғындағы 9 қабатты үйдің ауласын абат­тандыру, ретке келтіру жұмысы жа­сал­ды.

– Бұрындары бұл үй ұсқынсыз, ескі болатын. Ал қазір мүлдем келбеті өзге­ріп, жаңғыртылды. Нәтижесінде жас мамандарды баспанамен қамтуға қол жет­кізетін боламыз. Осы күнге дейін 30 пәтер тұрғындарға табыс етілді, – дейді Сар­қан ауданы әкімінің орынбасары Жомарт Мыңбаев.

Сондай-ақ аудандағы ескі клуб үйлері жөнделуде. Мәселен, 1975 жылы салынған Қарабөгет ауылының мәдениет үйіне бұған дейін күрделі жөндеу жасалмаған. Мұндай мысалды көптеп келтіруге болады. Бұған дейін апаттық жағ­дайда болған Екіаша ауылындағы мек­тепке де күрделі жөндеу жүргізілген. Өткен ғасырдың 1969 жылы салынған оқу ордасына арада 51 жыл өткенде ғана құрылысшылардың қолы тигені анық.