• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Медицина 20 Қараша, 2020

Қалалық аурухана жас дәрігерлермен толықты

277 рет
көрсетілді

Рудныйдағы көпсалалы қалалық аурухана ұжымы 12 жас ма­ман­мен толықты. Емдеу мекемесін кадрмен қамтамасыз ету мә­се­лесі бос орындар жәрмеңкесі арқылы шешіліп отыр.

 

«Облыс әкімдігі биыл резидентурада білім алған 100 шақты маманның оқу ақысын төлеп берді. Оның өтеуі ретінде жас мамандар облысымыздың емдеу мекемелеріне келіп еңбек етуі тиіс. Осылайша, биыл оқу бітіргендердің бір бө­лігі Рудныйға келіп отыр. Нә­тижесінде, штатымыз бір­ден 12 маманмен толықты. Оның ішінде екеуінің ғана еңбек өтілі бар. Біз зәру болып отырған акушер-гинеколог, терапевт, невролог, рентгенолог сияқты мамандар келіп қуанып қалдық», дейді қалалық аурухананың бас дәрігері Талғат Қайкенов.

Бас дәрігердің айтуынша, алдағы уақытта облыс әкімінің грантымен оқып жатқан кардио­логтар да кеншілер қаласына келіп, жұмысқа орналасуы тиіс. Олар бес-алты айдың ішінде оқуын аяқтайды. Рудныйға келген әрбір жас дәрігерге бірден баспана беріледі. Мұ­ның сыртында жұмысқа кі­рісі­мен қолға тиетін 1 млн теңге көлеміндегі көмек қаржы тағы бар.

Рудный ауруханасына таяу­­да ғана жұмысқа тұрған жас маманның бірі – УДЗ дә­рі­гері Гүлбаршын Бабасова. Жас та болса, Қарағанды ме­ди­­циналық университеті мен Нұр-Сұлтандағы Ұлттық ғы­лы­­­­ми кардиохирургиялық ор­­­­та­­­лықтың резиденту­ра­­сын тәмамдап үл­­гер­ген. Ре­зи­дентурада оқыған дәрі­гер­лер білім мен тәжірибені қатар алып жүретіндіктен, оқу­ды бітірген соң екі жыл жұ­мыс өтілі қосылады екен. Гүлбаршын да – екіжылдық тәжірибесі бар УДЗ дәрігері. Жас маман терапевт, кардио­лог, хирург, невропотолог дәрі­гер­лердің жолдамасымен келген науқастарды зерттейді.

– Науқастарды ультрадыбысты диагностикадан өткізіп, соның негізінде қорытынды шығарамын. Дәрігерлер нау­қас­тарды мен шығарған қоры­тынды мен талдау нәти­же­леріне сүйене отырып ем­дей­ді, – деді Гүлбаршын.

Жұмысқа жаңа келген жас ма­­манның бірі Индира Үсенбек те – Қарағанды меди­­ци­на университетінің түлегі. Қа­ра­ған­дыда оқуын тә­мам­да­ған соң Алматыға ба­рып, Қазақ­стан-Ресей мед­уни­вер­ситетінің интернату­ра­сы мен Асфендияров атын­да­ғы медицина универ­сите­ті­нің резидентурасында бі­лі­мін жетіл­ді­ріп, тәжірибе жинақтады. Қазір Рудный ауруханасының неонатолог-реанимотологы шала туған сәбилерге дәрігерлік көмек көрсетеді.

– Басты міндетім – шала туған сәбилерге алғашқы дәрі­гер­лік көмек көрсету. Сал­мағы 500 грамнан асып туған шақалақтарға дәрігерлік күтім қажет. Мұн­дай сәбилерді біраз уақыт бақылауда ұстап, қа­жет­ті медициналық көмек көр­сетеміз, – деді жас маман.

Индира интернатурада оқи жүріп, оңалту орталығында педиатор болып жұмыс істеді. Мұнда жүйке жүйесінің дамуы тежелген, сал болып туған, аутизммен ауыратын балалар емделеді. Ата-аналардың көбі балаларының туабітті дертке ұшырағанын айтып, жас дәрігерге мұң шағатын.

– Осыдан кейін егер мен неонатолог-реанимотолог ма­ман­дығын таңдайтын болсам, көптеген сәбидің жарық дүниеге аман-сау келіп, төрт мүшесі түгел, дені сау адам болып өсуіне, азамат болып қалыптасуына септігімді ти­гізу­ім мүмкін деген ой келді. Өз мамандығымды осылай таңдадым. Бұл жағдайда көп нәрсе дәрігер мен пери­на­талдық орталықтың қа­жет­ті медициналық құрыл­ғы­лар­мен жеткілікті деңгейде қамтылуына байланысты. Біздің ауруханада өкпеге жасанды жолмен ауа жіберетін құрылғы, жаңа туылғандарды жетілдіруге қажет кювездер бар, қысқасы, ана мен балаға, оларға көмек көрсететін дәрігерге қажет жағдайдың бәрі жасалған, – дейді И.Үсенбек.

 

Қостанай облысы,

Рудный қаласы