• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Медицина 24 Қараша, 2020

Жас дәрігерлер індетпен қалай күресті?

388 рет
көрсетілді

Биыл медицина мамандығын бітіріп, қолына дипломын алған біраз жас маманның еңбек жолы пандемияның шарықтауымен тұспа-тұс келді. Жаспын деп қысылып-қымтырылып тұрудың тіпті реті жоқ. Індет жас-кәріге қарамай баудай түсірген бетте алдыңғы шепке осы жастар шықты.

 

Жазда індет өршіп тұрған мезетте Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинаят коронавирусқа қар­сы 46 мың медқызметкер күресіп жатқанын, оның ішінде 9 мыңының дәрігер екенін айтқан болатын. Ведомство өкілінің айтуынша, дәл қазір елімізге 1400-дей дәрігер, 1700-дей медқызметкер керек. Сонымен қатар отандық медицина саласы инфекционист, пульмонолог, анестезиолог, реанимотолог секілді мамандар тапшылығын қатты сезініп тұр.

Медицина мамандарын даяр­лайтын іргелі оқу орны С.Асфен­дияров атындағы Қазақ ұлттық ме­ди­циналық университетін 2018 жылы 1 485 түлек бітіріп шықса, 2019 жы­лы 1 314 түлек тәмамдаған. Ал 2020 жылы университетті бітіріп, еңбек нарығына араласқан 1 271 түлектің 815-ін оқу орны басшылығы өздері жұмысқа орналастырса, 452 студент өз бетінше жұмыс тауып алған. Осы білім ордасында оқыған Айбек Ермекбаев студент шағынан еңбекке араласқан. Содан да болар орталық қалалық клиникалық ауруханада коронавирус дертіне шалдыққан науқастарды алғашқылардың бірі болып қабылдап, олармен тікелей жұмыс істеді. Ол эпидемия абыр-сабырға берілмеуді, жылдам әрі сапа­лы шешім қабылдауды үйрет­кенін айтады.

– Өзімді қорықпаймын деп да­йындап, іске кірістім. Қорықсаң, бұл салада жүрудің өзі бекер. Індет қатты өршіген кезеңде бір күн дема­лып, екі тәулік қатарынан жұмыс істе­дік. Бір сағат бойы обаға қарсы костюм­ді кию, шешу, алты сағат лас ай­мақта дәретханаға бармай, су іш­пей жүру өте қиын. Бірақ соның бәрі­не төздік. Жедел жәрдеммен келген нау­қастарды қабылдап, тіркеп, бар­лық анализдерін қарап шығып, тиісті орынға – ПТР-тест немесе КТ-ға жі­беріп отырамыз. Шұғыл операция жасалуы керек науқас түссе, онда дереу операциялық блокқа кіріп, опе­рацияға дайындаламыз. Бұл кезең біз үшін әрі сынақ, әрі үлкен тәжі­рибе болып жатыр, – дейді опера­циялық бөлім мейіргері Айбек.

Жас маманның сөзінше, әдепкіде коронавирус жұқтырған науқастар қатты шошып, айналасына агрессия­сын танытқан.

– Олар қандай көңіл күймен кел­се де қабылдап, әңгімелесіп, қор­­­қынышын басуға тырысамыз. Мұн­­дай күйге түспес үшін мемле­кет айтып жатқан нұсқауларды оры­н­дауымыз керек. Маска тағып, анти­септик сеуіп жүрумен шаруа бітпейді. Ауруды жеңу үшін адам көп шоғырланған жерлерден аулақ болып, той-жиын жасауды доғару керек. Көп адам әлі құлақ аспай жатыр, – дейді жас маман.

Алматы балалар қалалық клини­ка­лық жұқпалы аурулар ауруханасында №5 бөлім меңгерушісінің мін­­детін атқарып жүрген Баян Ос­п­ан­баева да 2013 жылы С.Асфен­дияров уни­верситетін «Жалпы медицина» ма­ман­дығы бойынша бітіріп шық­қан.

– Карантин кезі қиын тиді. От­басы­мыздан жырақтап, қонақ­үй­де тұрдық. Әріптестеріміз вирус жұқтырған кезде біздің де қор­қы­нышымыз үдеп кетті. №12 ауруханада індет жұқтырғандар күрт кө­бейіп кеткен соң науқастарын бізге жіберіп, бізді «Хирургиялық бөлім» етіп жасақтады. Мен педиатрия­ны оқыған соң хирургияның қыр-сырына толық қанық емеспін. Сон­дықтан қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасынан екі хирургті жіберді. Солармен жұмыс істеп, біраз қиындықты еңсердік. Алайда кейін ол екі хирургтан вирус табылып, тағы екі аптаға карантинге жіберді. Әйтеуір тест нәтижесі «теріс» болып шығып, қайта жұмысқа кірістік. Жұмыс уақытының таңғы 8-де бас­талып кешкі 6-да аяқталатынына қарамастан, жиі-жиі түн жарымға дейін қалып қоямыз. Лас аймақ­­қа кіріп, науқастарды аралаймыз. Кім шы­ға­ды, кімге кислород керек, кім­нің халі ауыр, кімді КТ-ға түсі­ру керек бәрін анықтап, тиісті ем та­ға­йын­дап, шаралар қабылдадық, – дейді Баян.

Баянның жолдасы Нұржан да қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында дәрігер-травматолог болып жұмыс істейді. Екеуі екі бала тәрбиелеп отыр.

 

Абай АЙМАҒАМБЕТ,

«Egemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ