Әлемде қараша айындағы басты оқиғаның бірі – АҚШ-тағы президенттік сайлау екені анық. Мұхиттың арғы бетіндегі дауыс беру кезінде Джо Байден жеңіске жетті. Енді ол алдағы қаңтардан бастап Ақ үйдің қожасына айналады. Project Syndicate жобасы аясында «Egemen Qazaqstan» басылымы жариялаған мақалалар топтамасында осы мәселе кеңінен талқыланады.
НАТО-ның Бас хатшысы лауазымын атқарған Хавьер Солана өз мақаласында Байденнің сыртқы саясаттағы ұстанымы туралы әңгіме қозғайды. Оның пайымдауынша, Байденнің сайлауда жеңіске жетуі АҚШ үшін ғана емес, бүкіл әлем халқы үшін де жақсы жаңалық. Өйткені жаңа президент бұған дейін Трамп әкімшілігі кезінде жіберілген қателіктерді түзетіп, жаһандық мәселеге мол үлес қосады деп есептейді.
Швецияның бұрынғы премьер-министрі Карл Билдт өз мақаласында Босниядағы мәселе төңірегінде ой қозғайды. Аталған елдегі қарулы қақтығысты аяқтау жөніндегі Дейтон келісіміне қол қойылған кезде мақала авторы келіссөздерге белсене араласқан болатын. Осылайша, К.Билдт өзінің бастан өткізген оқиғаларымен бөлісе отыра, бейбітшілікті сақтаудың маңызына тоқталады.
Айта кетерлігі, әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент әзірлейтін Project Syndicate жобасы мақалаларын жариялау ісіне Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдау көрсетіп отыр.
СТОКГОЛЬМ – Осыдан 25 жыл бұрын, Огайодағы АҚШ Әуе күштері базасында Дейтон келісіміне қол қойылып, Еуропа құрлығындағы 1945 жылдан бері жалғасқан қанқұйлы соғыс аяқталды. Босниядағы үш жарым жылға созылған соғыс 100 мыңнан астам адамның өмірін жалмап, бүкіл елді талқандап, миллиондаған тұрғынның үйлерін тастап, босып кетуіне әкелді.
«Бәлкім, бұл әділетсіз бейбітшілік шығар, бірақ бұл соғысты жалғастырғаннан жақсы. Қазіргідей жағдайда, осындай алмағайып әлемде бұдан тиімді бейбіт келісімге қол қою мүмкін емес», деп мәлімдеді босниялық мұсылмандардың көшбасшысы Алия Изетбегович.
Дәл солай. Еуропалық одақ төрағалығымен өткен, Дейтонда 21 күнге созылған бейбітшілік жөніндегі келісімнің құрамында америкалық және ресейлік келіссөзді жүргізушілер Ричард Холбрук және Игорь Ивановпен бірге оның кемшілігі мен артықшылығын бастан өткердім. Кейіннен бірнеше жыл Сараевода сол келісімнің алғашқы қадамдарының басы-қасында жүрдім. Бейбітшілік орнатудан соғыс ашудың өте оңай екенін анық ұғындым. Босниядағы қақтығыс осы бір тарихи шындықтың өміршеңдігін дәлелдеп берді. Югославия 1991 жылы құлдырай бастағанда солтүстікте Словенияда (жалпылама) және оңтүстікте Македонияда қанқұйлы шиеленістің болатынынан аз ғана адам күдіктенді.
Дейтон келісіміне қайта оралсақ. Бұл соған дейінгі уақытта халықаралық аренадағы негізгі ойыншылар әр кездері ұсынған бейбітшілік туралы жоспардың бәрін қамтыған құжатқа айналды. 1995 жылғы қарашада құжатқа қол қойылуына негізгі халықаралық ойыншылар – Еуропалық одақ, АҚШ және Ресейдің ақырында ортақ мәмілеге келуі әсер етті. Бұған дейін бір тарап екінші тараптың жоспарына келіспей, жақсырақ келісімге қол жеткізуді көздеп, қақтығыс созыла берген еді.
Соғыстан кейін бұрын бір-бірін жау санағандар бейбітшілік орнатуы тиіс. Бірақ толықтай бір тарап жеңілмеген жағдайда бейбітшілік келісімі негізінен мәмілеге арқа сүйейді. Әрі мәмілені ұзаққа жеткізу бір тарап барынша ұтып, келесісі ұтылуына жол бермейтін, бәрін қанағаттандыратындай деңгейде жүргізілгенде ғана мүмкін болады. Сондықтан осындай келісімнен кейін болашақты болжауға құлшыныс бәсеңдеп қалады.
Боснияда мылтық дауысы өшкеннен кейін соғыстан зардап шеккен елді қалпына келтіруге арналған маңызды жұмыс басталды. Аймақта үш армия, үш валюта, үш жартылай мемлекет бар еді. Олардың екеуі әлдеқашан бір-бірімен қырғи-қабақ болып үлгерген-ді. Содан кейінгі он жылдықта Босния Еуропалық одақтың қаражатымен қалпына (физикалық тұрғыда) келді. Осылайша, оқ дауысы бәсеңдемеген Сараевода енді соғыстың іздері ғана қалды.
Осымен соңы бақытты аяқталатын оқиға бітеді. Бірақ саяси қайта құру мен мәміле өте күрделі. Бұл процесс жан ауыртарлықтай баяу жүрді. Себебі көптеген босниялық көшбасшы ұзақ уақыт бойы бейбітшілік келісімді соғыстың басқаша жалғасуы деп түсінді. Халықаралық қоғамдастық жаппай және барынша күш салғанына қарамастан, өңірдің түкпір-түкпірінде қақтығыстың суық ызғары есіп тұрды.
Боснияның Дейтон келісімінен кейін қабылданған жаңа конституциясы сол кездің келбетін көрсетеді. Яғни ол «жаңа Еуропадан» гөрі, «ескі Югославияға» көбірек ұқсайтын. Онда ынтымақтастыққа басымдық беріліп, ықпалдастықты тереңдетіп, бұрынғы конституцияны жою көзделді. Бірақ жетістікке шектеу қойылған жоқ. Болашақтың іргетасын қалау босниялықтардың өздеріне табысталды.
Босниялық көшбасшылардың ықтимал мүмкіндіктерді, ұсыныстарды тиімді пайдалана алмауы – сол кездегі негізгі трагедия. 2003 жылдан бері Еуропалық одақ Балқан түбегі елдеріне есігі ашық екенін мәлімдеп келеді. Сондай-ақ мүшелікке өтуге керекті қадамдар жасауға да қолұшын созып отыр. Косовоны есепке алмағанда, Босния басқа да Балқан түбегі елдерімен бірге Еуропалық одаққа кіретіндер тізімінің соңында тұр.
Еуропалық одақ аймақтағы мәселені шешуде қаншалықты белсенділік танытқанын сұрауы мүмкін. Еуропалық көшбасшылар өңірдегі бөлшектенуге қарсы тұратын негізгі күш ЕО-ның ықпалдастығы екенін мойындаса да, шындығында Балқан түбегі Еуропаның күн тәртібіндегі мәселелер тізімінен түсіп қалды.
Дегенмен, Еуропалық одақ кейінгі 25 жылда Боснияда шағын әскери база ұстап келді. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің нақты мандатын иеленген бұл қадам – өңірде соғыс жүргізуге халықаралық қоғамдастық төзбейтінін анық аңғартатыны белгі. Оған қоса, Босния мен басқа да Балқан түбегі елдерінің егемендігі мен тұтастығын тең дәрежеде мойындауды халықаралық қоғамдастық өз мойнына алған. Картаны қайта сызу дәуірі аяқталды. Ендеше, Боснияда реформа жасап, бұдан кейінгі тағдырын шешу босниялықтардың өздеріне тиесілі.
Қуанышқа орай, жас ұрпақ соғысты тарихтың еншісіне қалдырып, бейбітшілікті осы қалпында қабылдауға және келешектің іргетасын бірге қалау мүмкіндігін пайдалануға дайын. Биыл БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінде Босния және Герцеговинаның мемлекет басшысы Шефик Джаферович былай деді:
«Босния мен Герцеговинада бейбітшілікті және Бейбітшілік келісімін сақтап қалудың маңызы ерекше, оны ештеңемен алмастыруға болмайтыны туралы ортақ пікір бар. Сондықтан келешекте Босния мен Герцеговина қоғамы тарихи бағытының жаңа кезеңіне қадам басқан шақта дамуға қатысты мәселелерде одан әрі біріге түседі деген үміт басым».
Басқалар секілді мен де осыдан үміттенемін. Боснияның ұзаққа созылған дастанынан алатын сабақ мол. Соғысты болдырмауға қарсы тұра алмағанымыз, оған жол берген трансатланттық бөліну, халықаралық институттардың маңызы, бөлшектенумен ықпалдастық арқылы күресу туралы ой қозғауды жалғастыра беруіміз қажет.
Бірақ тарихтан сабақ алған мына екі мәселені ұмытпау керек: соғысты тоқтатудан гөрі бастау өте оңай және мылтық дауысын шығармау бейбітшілікке жасалған алғашқы қадам.
Карл БИЛДТ,
Швецияның бұрынғы премьер-министрі және бұрынғы сыртқы істер министрі. Ол Еуропалық одақтың бұрынғы Югославиядағы арнайы елшісі, Дейтон бейбітшілік конференциясына төрағалық етіп, Босния мен Герцеговинадағы жоғары деңгейлі өкілі (1995-1997), БҰҰ-ның Балқан түбегіндегі арнайы елшісі (1999-2001) қызметін атқарды
Copyright: Project Syndicate, 2020.
www.project-syndicate.org