Қазақстандық Nomad Stunts тобы әлемдік каскадерлер академиясының «Таурус» сыйлығын жеңіп алды. Бұл сыйлық қазақстандық каскадерлерге режиссер Ақан Сатаевтың «Томирис» тарихи драмасындағы трюктері үшін берілген.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, каскадер Жайдарбек Күнғожинов 2000 жылы өзі ұйымдастырған халықаралық кәсіби Nomad Stunts каскадерлер командасына әлемнің үздік экшн-мамандарына берілетін «Таурустың» бұйырғанын зор мақтанышпен әрі ұлттық кино тарихындағы үлкен жетістік деп атап өтті. Жайдарбек Күнғожиновтің айтуынша, «Томирис» – Nomad Stunts үшін маңызды жобалардың бірі. Бұл фильмде батыс стандарттары бойынша жұмыс істеген топқа экшн, актерлерді іріктеу, дайындық жұмыстарына уақыт жеткілікті болған. Топ мүшелері осы жобаға ұсыныс жасаған режиссер А.Сатаевқа алғысын білдіре отырып, өздері орындаған трюктердің басым көпшілігі фильмнің алғашқы көрсетіліміне шығарылғандығын атап өтті.
Жыл сайын әлемнің үздік каскадерлерін, қоюшы және экшн мамандарды сараптайтын «Таурус» жүлдесінің марапаттау рәсімі Лос-Анджелесте Paramount студиясында онлайн режімде өтті. Бүгінде әлемнің ең ірі кино жобаларына қатысып жүрген Nomad Stunts аталған жүлдеге екі мәрте үміткер болғаны белгілі. 2017 жылы «Викинг» фильміндегі трюктері үшін осы марапатқа ұсынылғанмен, жеңіс қазақстандық топқа бұйырмаған болатын.
«Оскар» деп те аталатын сыйлыққа үміткерлердің қатарында «Капитан Марвел», «Джон Уик 3», «Форсаж: Хоббс және Шоу» басқа да фильмдердегі каскадерлер қатысты. «Шетел фильміндегі үздік трюктер» аталымында Nomad Stunts тобы «Ленинградты азат ету» (Ресей), «Захар Беркут» (Украина), «Касабланка» (Египет) және «Римнің бірінші патшасы» (Италия) фильмдеріндегі әріптестерімен бақ сынасқан болатын.
Nomad Stunts тобының осындай үздік жобаларының бірі осы жылдың тамыз айында прокатқа шыққан Disney студиясының «Мулан» фильмі. Олар ат үстіндегі барлық күрделі трюктерді орындап, Жайдарбек Күнғожинов эпизодтық рөлге түсті. Осы жолы Nomad Stunts тобы Disney компаниясымен жұмыс істеген алғашқы қазақстандық каскадерлер десек, топ жетекшісі Жайдарбек Күнғожинов Голливудтың ең ірі студиялары жобасында рөл алған алғашқы қазақстандық актер.
Бүгінде Қазақстанның ең танымал каскадерлер тобы Ақан Сатаев, Тимур Бекмамбетов, Сергей Бодров және Қазақстанда кино түсіріп жүрген басқа да режиссерлермен, сонымен бірге Сильвестер Сталлоне, Арнольд Шварценеггер, Брюс Уиллис, Джет Ли, Киану Ривз, Натали Портман және басқа да Голливуд жұлдыздармен ірі жобаларға қатысып келеді. Жайдарбек Күнғожинов тобының жұмысы Голливудтан Болливудқа дейінгі жобаларда беделді топтардың бірегейі. Сонымен бірге Америка, Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері және Қытайда, Түркия, Ресей мен Малайзияда Американың «Марко Поло» сериалының түсіріліміне де қатысқан. Олар ірі жобалармен қатар Netflix және HBO қызметтеріне арналған жобаларда да жұмыс істейді.
АЛМАТЫ