• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Руханият 27 Қараша, 2020

Жасампаздық пен қарқынды дамудың 30 жылы

598 рет
көрсетілді

Тұңғыш Президент күніне орай «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Прези­денті: жасампаздық пен қарқынды дамудың 30 жылы» атты халықара­лық дөңгелек үстел өтті. «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму инсти­тутының ұйымдастыруымен өткен жиында отандық, халықаралық сарапшылар мен қоғам қайраткерлері еліміздің егемен мемлекет ретінде қалыптасуы жолындағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құрған даму стратегиясы мен маңызын жан-жақты талқылады.

 

Жиынға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, «Руха­ни жаң­ғыру» қазақстандық қоғамдық даму инс­титутының басқарма төраға­сы Данияр Есин, қоғам қайраткерлері Бүркіт Аяған мен Жапсарбай Қуанышев, Пар­ламент Мәжілісінің депутаты Нұр­лан Әлім­жанов, Қазақстан халқы Ас­самб­­леясы Төрағасының орынбасары Майя Бекбаева, Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының дирек­торы, Қазақстан Президенті жанын­дағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі­нің мүшесі Марат Бәшімов және Қазақ­стан стратегиялық зерттеулер инсти­туты директорының орынбасары Санат Көш­кім­баев қатысты.

Жиынның бета­шар сөзін алған министр Аида Балаева алда келе жатқан 1 желтоқсан – Қазақ­­стан Респуб­ликасының Тұң­ғыш Прези­денті күні мерекесімен құттық­­тай келе, мей­рам­ның елдігіміз бен мем­лекеттігіміз­дің адами символы екендігін әрі тұрақ­тылық пен бейбітшіліктің біре­гей кепіліне ай­нал­ған айшықты күн екенін атап өтті.

– Өйткені тәуелсіздігіміздің негізін қалап, егемендігімізді бекіткен Нұрсұл­тан Әбішұлының тарихи тұлғасы мен сая­­си қайраткерлігі қашанда зор құр­метке ие. Расында да, «қазақ» деген ұлт­ты әлемге танытып, «Қазақстан» де­ген елді дүниенің төріне оздырған – Елбасының парасаты мен әлем сарап­шылары «Назарбаев жолы» деп атап кеткен салиқалы саясаты. Содан болар, бұл мереке бір тұлғаның емес, тұтас ұлттың, тәуелсіз жұрттың ортақ қуанышы деп нық сеніммен айта аламыз. Келесі жыл – еліміз үшін тарихи жыл. Тәуелсіздігімізге – 30 жыл. Бұл мәртебелі мерейтой мемлекетіміз үшін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа кезеңдегі ауқымды реформалары аясында аталып өтеді. Мұның өзі – жасампаз даму жолындағы ұрпақтар сабақтастығының шынайы өнегесі мен Елбасы саясатының та­быс­ты жалғасын дәріптейтін уақыт болмақ, – деді министр Аида Балаева. Сондай-ақ Семей полигонын жабудағы және әлем елдеріне ядролық қарудан бас тар­туға үлгі көрсетудегі Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың рөлі жа­йында баяндай келе, Мемлекеттік тәуелсіздікті жария ету, бейбітшілікті ұстаным ете отырып, елді ұзақ мерзімді жетістіктерге жетелеген көшбасшы қайраткерлігін үлгі етті.

Қазақстанның көпвекторлы сырт­қы саясатын дамытуда үлкен үлес қосқан және республиканың БҰҰ мен ЕҚЫҰ-ға кіру жөніндегі келіссөздерге қатыс­қан, тәуелсіз Қазақстанның тұң­ғыш Сырт­қы істер ми­нистрі болып қызмет еткен Төлеутай Сү­лей­менов Президент Н.Назар­­баев­тың стра­­тегиялық көреген­дігі дамудың қазақ­стан­дық озық үлгісін ай­қындағанын, сон­­дай-ақ Қазақстан­ның орнықты өсіп-өр­кен­деу жолында айрықша ықпал ет­ке­нін жеткізді. Дипломатиялық қыз­мет­­т­егі алғашқы қадамдарын еске ал­ған қайраткер Елбасы байыпты халық­­ара­лық бастамаларымен еліміз биік халық­аралық беделге ие болып, ғалам­дық ядролық қарусыздану қоз­ғалысының көш­­бас­шысына айнал­ғанын тілге тиек етті.

– Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет құру жолында үлкен жауапкершілік арқалай отырып, саяси көрегенділігімен болашақ ел үшін жаңа жетістік құра алды, бұл – оңай шаруа емес. Маңызды тарихи кезеңде еліміздің келешек бағы­тын айқындай алуының арқасында, Қазақ­стан халқы болашақтағы жетістікке негіз болатын табысқа қол жеткізді. Мен өзім туып-өскен өлкедегі ядролық жары­лыстың алғашқы куәгерімін, ол кезде небәрі 12 жаста болдым. Тұң­ғыш Перезидент – Елбасының ядро­лық сынақты тоқтату жөніндегі ше­шімі ұмытылмас тарихымызға айналды, – деген Т.Сүлейменов ғаламдық қауіп­сіз­дікті аймақтық қауіпсіздік мәсе­ле­лері­мен ұштастыра білген Нұрсұлтан На­зарбаевтың парасатты реформатор ретіндегі саяси көрегендігі жайында кеңінен әңгімеледі.

Сондай-ақ дөңгелек үстелге Ресей Федерациясының Қазақстан Рес­пуб­ли­касындағы Төтенше және өкілет­ті елшісі Анатолий Бородавкин, Сканди­навия Академиялық ұтқырлық институ­тының ректоры Элина Ванхемпинг, Өзбекстан ұлттық университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Нигинахон Шермухамедова сынды Қазақстанда аккредитациядан өткен дипломатиялық корпустың өкіл­дері мен халықаралық сарапшы­лар да қатысып, ел тәуелсіздігін қалып­тас­­­ты­ру жолындағы мемлекетіміз ба­ғын­­­­дыр­ған биік белестер жайында ой қос­­ты. Бұл ретте ҚХА кафедрасының мең­­­­геру­­шісі, ЕҰУ ҚХА кафедралары қауым­­дас­­тығының төрағасы, саясаттану ғылым­дарының докторы Наталья Калаш­никова Нұрсұлтан Назарбаев құрған бейбітшілік пен келісімнің қазақ­стандық моделі жайында сөз қозғай келе, этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін шешуде жоғары деңгейде ықпал еткенін айрықша атап өтті.

– Демографиялық және көші-қон про­цестерінің жоғары динамикасы Қазақ­станның тәуелсіздік алғаннан кейін әлем­дегі ең көп этностық және поликонфессиялы мемлекеттердің біріне ай­налуы­­на ықпал етіп, әртүрлі этностық топтар мен конфессиялар арасын­дағы өзара әре­кеттесу процестерін оң­тай­ландыру бо­йын­ша Қазақстанның тәжірибесін ашық көрсете отырып, бар проблемаларды дұрыс атады. Бұл жаңа әлеу­мет­тік-эко­но­микалық жағдайлар, ақпа­рат­тық-ком­му­никациялық технологиялар тудыр­ған әлемдік саясаттағы өзіндік дағ­­дарыс­тарға дер кезінде жауап болды. Адам­­гершілік, сенім, рухани бай­ланыс­тар, толеранттылық және бір-біріне деген құрмет қатынастары – Нұрсұл­тан Назар­баев құрған қоғам­дық келісім мен ұлттық бірліктің қазақстандық моделінің негізі, – деді Наталья Калашникова.