• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Медицина 04 Желтоқсан, 2020

Трансплантология түйткілі (Ағза донорлығына мұқтаждар қатары артуда)

548 рет
көрсетілді

«Өз бауырларымның денсаулығы жарамайды. Ал ағайыннан бауыр түгілі қарызға ақша сұраудың өзі ауыр», дейді Мөлдір мұңайып. Иә, басыңа іс түскенде қарлығаштың қанатымен су сепкендей жанашырлық танытатын да, мәртебең асқақтағанда шын ниетімен тілектес бола алатын да – бауырың.

Қияға қанат қағып, ұядан ұзаған шақта адам бауырын іздеп, қолдау мен демеуді солардан табады. Данагөй халқымыз «Бауырды өкпеге қисаң да, өлімге қимайсың» деп тауып айтқан. Бірге туғаныңның басына іс түсіп қамыққан сәтте қолыңдағы барыңды бергің келіп шыр-пыр болуың да сондықтан шығар. Ал егер бауырың қанша көмектескісі келіп тұрса да, мүмкіндігі болмаса ше...

Сөзімізді бауырдан бастауы­мыз­дың себебі бар. Елімізде соңғы жылдары дамып келе жат­қан ағза алмастыру отасы көбі­несе бауырлар арасында жасалады екен. Яғни ағзасын ауыстыруға мұқтаж жандар көбейгенімен, денесінің бір бөлшегін өзгеге қиятындар өте аз. Ал мамандар бір адамның донор ретінде берген рұқсаты 6-7 адамды ажалдан арашалап алуы мүмкін екендігін айтады.

Түркістан облысы, Бәйдібек ауданының тұрғыны Мөлдір Аязбаева бауыр циррозы дертіне ұшырап, тығырыққа тірелген жандардың бірі. Бауыр трансплантациясына мұқтаж. Бүгінде дертіне шипа іздеп, шарасыздықтан қамкөңіл күйде жүрген Мөлдір Болатхан­қызы өзі сынды науқастар атынан Мемлекет басшысына, Денсаулық сақтау министріне ашық хат жолдамақ. «Мұң-мұқтажымды алдымен ел газеті «Egemen Qazaq­stan» арқылы жұртқа жеткізсем деймін. Бүгін­де мамандары шетелдіктермен бәсекелесе алатын, заманауи қондырғылармен жабдықтал­ған, медицинасы дамыған еліміз­дің тұрғындарына ой салғым келеді», дейді оқыр­манымыз. Қайырымдылық қанына сіңген қазақтың осы мәселеге келгенде сараңдық жасамағанын қалайды Мөлдір.

«Мен Түркістан облысының «Гепа­то­логия» бөлімінде «Д» есепте тұратын нау­қас­тар­дың бірімін. Жасым – 34-те. Бүгінгі таңда осы дертпен ауыратын науқастарға бауыр трансплантациясын туыстық емес жағдайда, яғни өлі денелердің ағзаларын салу арқылы жүзеге асыру өзекті мәселеге айналып отыр. Жалғыз мен ғана емес, осы орталықта есепте тұратын бір топ науқас бауыр трансплантациясына мұқ­таж. Бізде туыстар арасында сай ке­ле­тін донор жоқ, бар болған күнде де денсаулық жағдайы сын көтермейді, яғни мүмкіндік жоқ. Шетелдегідей донор тауып, ағза сатып алуға материалдық жағдайымыз келмейді. Еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосар шағымызда өлі мен тірінің арасында күй кешіп жүрміз. Біз бұл ауруды түрлі себептермен (қан құйдырғанда, тіс емдету барысында) жұқтырдық. Мынадай жағдайда бізді ешқандай мекеме жұмысқа алмайды. Олай деуіміздің себебі, ұдайы әлсіз­дік пен ұмытшақтық көп кез­де­седі. Үкі­меттен алатын 33 мың теңге көле­мін­­дегі мүгедектікке та­ғайындалған қа­ра­жат толыққанды ем алуымызға жет­пейді.

Сондай-ақ ем­ха­на­лардың дәрілер тізбегіне гепатопротекторлар, атап айтқанда «Гептрал», «Урсосан» сынды препараттар тегін босатылса дейміз. Біздің ауруымыз қан құрамында болғандықтан күрделі қолжетімсіз сараптамалар жасалу керек, оған шамамыз жетпегендіктен кейде амалсыз бас тартамыз. Соларға жартылай жеңілдік жасалса. Біз облыс орталығынан жырақта тұратын болғандықтан кейде дәрігерлік тексерулерге барғанда көп қиындықтарға тап боламыз. Денсаулығымыз көтермейді. Қазіргі елде белең алған індетке байланысты, үйден шығуға қауіптенеміз және денсаулығымыз да күннен-күнге сыр беріп жатыр. Бауыр барлық нәрсені өзіне жақын қабылдайтын ағза болғандықтан пандемия да бізге әсерін тигізуде. Күнделікті қабылдап жатқан химиялық препараттың басқа ағзаларымызға зия­ны көп. Осы орайда жағдайды күр­де­лен­дірмеудің негізгі жолы – бауыр трансплантациясын туыстық емес жағ­дай­да жасауға ықпал ету. Шымкент қа­­ласында бауыр трансплантациясын жа­­­сайтын орталық бар. Ота жасайтын жо­ғары дәрежелі, білікті мамандар да бар. Жетпей тұрғаны донорлық, яғни мәйіттік ағзалар. Ендеше неге осы мәсе­ле­ні шешпеске?! Бұл дертпен ауыратын науқастардың көбісі жастар, демек өмірге құштар жандар. Қоғамның түрлі топтарынан науқастар бар арамызда. Олардың бірі жалғызбасты ана болса, бірі көпбалалы, енді бірі болашағынан үміт күттіретін өрімдей жас жеткіншек. Кішкентай балаларымыздың келешегіне алаңдаймыз, жетімдер санын көбейтпесе екен деп уайымдаймыз. Сол жүздеген тағдыр иесі жетім деген статусқа ие болмасын деп Мемлекет басшысынан көмек сұрауға бекіндік. Яғни осы хатты жазуға бала­ларымыздың болашағы да түрткі бол­ды. Біздің жанайқайымыз аяқсыз қалмас деген үкілі үмітіміз де бар», де­лін­ген Президенттің атына дайын­дал­ған хатта.

Бұл жайтты мамандар мәйіттік донор арқылы мәселені шешіп, талай адамның өмірін сақтап қалуға болатынын айтады. Бірақ жұрттың көбі бұған қарсылық танытады. Деректерге жүгінсек, дерті дендеген 3 мыңнан аса отандасымыз ағза ауыстыруға мұқтаж. Өкінішке қарай, қай­тыс болған туысы өзгеге өмір сыйлай ала­тынын ойлайтындар өте аз.

«Донор болуға келісім берген 6,5 мың адамның 6 мыңы бас тартты. Олар­дың ішінде 80 ағза донорлыққа сай болатын. Бас тартқан марқұмдардың туыстары еді. Биыл күту парағында тұрған 240-қа жуық адам қайтыс болды. Трансплантациялық орта­лықтар салу, мамандар дайындау, тиісті жабдықтар алудан бөлек осы саланы заңдастыру қажет. Бірақ мәйіт­тік донорлықты заңмен бекіту бір күннің жұмысы емес. Мысалы, АҚШ-та бұл тәжірибе 30-40 жылда енген. Яғни жауапкершілігі ауыр, – дейді Денсаулық сақтау министрлігі Тран­с­плант­тауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөнін­де­гі республикалық орталық директоры Әділ Жұмағалиев ақпарат құралдарына берген сұхбатында. – 30 жылда 1800 трансплантациялық операция жасалды. Әрбір бесінші ағза қайтыс болған донор кісіге тиесілі. Яғни донор болуға ке­лі­се­тін­дердің дені – тірі адамдар. Ал әлемде жасалатын операциялардың 70%-ында марқұмдардың ағзасы қолданылады. Айырмашылықты көрдіңіз ғой. Шын мәнінде тірі адамның ағзасына иек арта беруге болмайды. Өйткені оған зардап ти­гізіп алмауымыз керек».

Оңтүстік өңірі тұрғындары арасында ағза беруге дін қарсы деген түсінік те бар. Бірақ соңғы жылдары діни қауымдастық бұл мәселеге қатысты тү­сі­ніктемелер бе­ріп, адам үшін пайдалы дүние екенін ай­тып жүр. Қалай болғанда да қоғам мәйіт трансплантациясына дайын емес. Ал мамандар бұл мәселеге қоғамның бетін бері қарату үшін қолдан келгенін жасап жатса да, қарсылар көп.

Үшінші мегаполисте транп­лан­та­ция­лық ота жасайтын мықты маман­дар бар. Солардың бірі, есімі елге танымал хирург, көптеген адамды ажалдан алып қалған білікті маман, Шымкенттегі №1 қалалық клиникалық аурухананың бас дә­рігері Абылай Донбай трансплантация отасын әрі қарай дамытуға мүдделі екендіктерін айтады.

«Бұл – №1 қалалық клиникалық ауру­хананың маңызды қызмет бөлігі. Біз бауыр мен бүйрек алмастыру отасын тағы дамыта түсеміз. Сол үшін жұмыс істейміз. Бауыр трансплантация­сы ағза мүшелерін алмастыру оталарының ішін­де ең күрделісі саналады. Бірін­ші­ден, бауыр – күрделі қан тамырларынан құралған орган. Екіншіден, әрбір тірі донордың қауіпсіздігі бірінші орында. Үшіншіден, бауыр алмастыру отасына бір емес, бірнеше дәрігер қатысады. Отаға дайындау кезінде көп­теген меди­ци­налық тексерістен өтеді. Бір адам бауы­рының жартысын алып, науқас адамға салу өте күрделі опера­ция­ға жатады. Транс­плантацияның екі түрі бар. Бірін­ші­сі, тірі адамнан қос мүшесінің бірін алу, бауырының жартысын алу. Екіншісі, қайтыс болған науқастың ағза мүшелерін алу. Енді қайтыс болған адамның ағза мүшелері қандай жағдайда алынатынын айта ке­тейін. Қазір кез келген Қазақстан Республикасы азаматының еgov.kz электронды үкіметіне өтініш жазуына болады. Өтініште трансплантацияға келісім бересіз немесе бас тартасыз. Адамның бас миы қызметі тоқтап, ағзаларын алу ке­зінде міндетті түрде ең жақын ағайын-туыстарынан рұқсат алынады. Егер рұқсат берілмеген жағдайда трансплантация жасалмайды. Бүгінге дейін №1 қалалық клиникалық ауруханада ба­­­уыр трансплантациясы бойынша 20 ота жасадық. Ал бүйрек бойынша жасаған отамыздың саны 150-ге жетті. Енді жалпы өз тәжірибемде бауыр алмастыру отасының саны 50-ден асты. Бізде халық өлген адамның денесіне қол тигізбейді. Әсіресе мұндай дәстүрлі көзқарас оң­түс­тік өңірде қатты байқалады. Жеке тәжі­ри­бемде мәйіттік трансплантацияны бір рет қана жасадым. Онда да өмірден өткен адамның ағзасын алуға рұқсат бергендер басқа ұлт өкілдері болды. Осы салада жүріп түсінгенім, адамдар өзі реципиент не донор болмай, мәселенің қаншалықты күрделі екеніне жете мән бермейді», дей­ді Абылай Донбай.

Иә, мәйіттік донорлық ережелері бойынша марқұм көзі тірісінде дене мү­ше­сін алуға келісім бермесе, оның ағ­за­сын өзгеге салуға болмайды. Ондай келісім болмаған жағдайда, марқұмның жақындарынан жазбаша рұқсат болуы шарт. Бұл мәселеге қатысты, рұқсат бе­ріл­­се ағза саудаланады, дәрігерлер сы­бай­ластыққа барады деген жаңсақ түсі­нік те бар. Яғни ақ халаттыларға деген сенім төмен. Ал дәрігерлер адамның дене мүшесін сатып, одан пайда көру – үлкен қылмыс, заңмен қудаланатынын айтады. Яғни дәрігерлердің мұндай қадамға баруы мүмкін емес, бармайды да.

Айтпақшы, Мөлдір де осыдан алты жыл бұрын операция жасатқан құр­бы­сы Райхан Баймурзаеваны ерте барып Абылай Донбайға мұң-мұқтажын айт­қан. Соңғы жыл­дары ағза алмасты­ру оталары сәтті жүр­гізіліп келе жат­қан кли­никалық ауру­хананың бас дәрі­ге­рі донор табылса көмектесуге да­йын еке­нін білдіріпті. Ал д­о­нор... «Өз бауыр­ларымның денсау­лы­ғы жарамайды. Ал ағайыннан бауыр түгілі қарызға ақша сұраудың өзі ауыр», дейді Мөлдір мұ­ңа­йып. Оның үш бауыры гепатиттің «В» және «Д» түрімен ауыратындықтан донор бола алмайды. Екі баласының бірі онкогематологияда апластикалық анемиямен есепте тұр. Сондықтан да дамыған мемлекеттердегідей мәйіттік донорлыққа рұқсат берілуіне жоғарыдан ықпал жасалғанын, тиісті министрлік пен сала басшыларының қолдау көрсетуін сұ­рай­ды. Бұл дерттің басқаша емі жоқ­ты­ғын айтады. Мәліметтерге жүгін­сек, жалпы елімізде ағза алмастыруға «күту парағында» 4 мыңға жуық ересек және 200 бала тұр екен. Тек Шымкенттің өзін­де бүйрек трансплантациясына 200 адам тұрса, 50 науқас бауыр алмастыруды қа­жет етеді.

 

Түркістан облысы