Сақтық – саулық негізі екені күн сайын айтылып та, жазылып та жүргені анық. Бірақ маңызына мән беріп, тереңіне үңіліп жатқан жандар аз. Олай дейтініміз, сыры белгісіз дертпен сырқаттанушылар саны артуда. Емхана есігінен енушілер де азаймай тұр. Дендеген дертті дер кезінде тоқтату маскадан емес, ауызбіршіліктен екенін түсінетін уақыт жеткен сияқты. Тәртіпке бағынсақ, талап та күшеймейді, ауру да асқынбайды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше қазіргі уақытта коронавирус инфекциясынан 14 096 адам ем қабылдауды жалғастыруда. Олардың арасында 1 010 бала бар. Стационарларда 3 687 науқас жатыр. 10 409 адам амбулаториялық жағдайда емделуде. Жалпы науқастардың арасында 241 адамның халі нашар. Соның ішінде 39 науқастың жағдайы аса ауыр деп бағалануда. 33 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр.
Денсаулық сақтау министрлігі бұдан былай тәуліктік нәтижелер туралы ақпаратты үзбей жариялап отырады. Барлық мәлімет ресми сайтта және ведомствоның әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы таратылады. Атап айтқанда, науқастардың жалпы саны жөнінде, қайтыс болу деректері туралы және қоғам үшін маңызды ахуалдың барлығы ресми ақпарат тарату көздерінде жедел жарияланып тұрады.
Санитарлық-эпидемиялық бақылау комитеті сайтында Бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясовтың жаңа қаулысы жарияланды. Жаңа қаулыға сәйкес, босанатын жүкті әйелге перзентханаға серіктесін ертіп кіруге рұқсат етілмек. Ол үшін серіктес адамда нәтижесі берілген күннен бастап 3 тәуліктен аспаған ПТР-тестінің теріс нәтижесі бар анықтама болуы шарт.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттерінде коронавирус инфекциясы ауруының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы» Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 23 қазандағы №59 қаулысына тиісті өзгерістер енгізілді. Қазақстанға шетелден әуе рейстерімен келетін адамдарға қатысты іс-шараларды мынадай тәртіппен жүргізуді қамтамасыз етсін: ертіп жүретін адамдарда Қазақстанның Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен сәтте нәтижесі берілген күннен бастап 3 тәуліктен аспайтын ПТР әдісімен COVID-19-ға тестінің теріс нәтижесі бар анықтама болған кезде 5 жасқа дейінгі балаларды, Қазақстан Республикасының үкіметтік делегацияларын; авиакомпаниялар экипаждарын қоспағанда, барлық келген адамдар анықтама ұсынуға міндетті. Сондай-ақ шетелден халықаралық жолаушылар авиарейстерімен келген адамдарға қатысты шектеу шаралары осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес жүргізіледі», делінген құжатта. Аталған қаулы бүгін сағат 00:00-ден бастап күшіне енеді.
Денсаулық сақтау министрлігі мен Ресейдің тікелей инвестициялар қоры (РФТИҚ) әлемде алғашқы тіркелген коронавирусқа қарсы «Спутник V» вакцинасын тіркеп, сондай-ақ оны өндіру және тарату рәсімін жүргізу үшін ынтымақтастық туралы келісімге келді. Тиісті құжатқа еліміздің Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мен РФТИҚ бас директоры Кирилл Дмитриев қол қойды. Қазақстанның реттеуші органдары қажетті рәсімдерді аяқтағаннан кейін Ресей технология трансферін жүргізеді және ел аумағында «Спутник V» вакцинасының кемінде 2 млн дозасын өндіруге арналған субстанцияны жеткізеді.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен Қазақстанда «Спутник V» вакцинасын шығаратын зауыт салу туралы келісті. Бұл Келісім екіжақты қарым-қатынасқа серпін береді, сондай-ақ коронавирус инфекциясы пандемиясымен тезірек күресуге мүмкіндік туады деп сенемін», деді А.Цой.
Мамандардың айтуынша, Қазақстан аумағында «Спут- ник V» вакцинасын шығару логистикалық шығындарды азайтуға және қысқа мерзімде вакцинаны медициналық мекемелерге жеткізуге мүмкіндік береді.
«РФТИҚ пен Қазақстан арасындағы келісімнің нәтижесінде, халыққа адамның аденовирустық векторларының тексерілген және жақсы зерттелген платформасында құрылған тиімділігі 91%-дан асатын коронавирусқа қарсы вакцина қолжетімді болады. Сонымен қатар екі ел арасында технологиялық, ғылыми және медициналық тәжірибе алмасу кеңейеді», деді РФТИҚ бас директоры К.Дмитриев.
Қазіргі уақытта Беларусь, БАӘ, Венесуэлада және бірқатар басқа елде «Спутник V» вакцинасының III клиникалық зерттеу фазасы, сондай-ақ Үндістанда II-III фазасы мақұлданды. 50-ден аса елден 1,2 млрд-тан аса доза сатып алу туралы өтінім түсті. Шетелдік нарыққа арналған вакцинаны РФТИҚ халықаралық серіктестері Үндістан, Бразилия, Қытай, Оңтүстік Корея және тағы төрт ел шығарады.
Естеріңізге сала кетейік, 24 қарашада Н.Ф.Гамалеи атындағы ЭМҰҒО мен РФТИҚ рандомизацияланған плацебо-бақыланатын клиникалық тіркеуден кейінгі коронавирусқа қарсы «Спутник V» вакцинасы 40 мың еріктінің қатысуымен зерттеудің III кезеңінің екінші аралық талдауының оң нәтижелерін жариялады. Зерттеудің аралық нәтижелері тағы бір рет адамның аденовирустық векторларының жақсы зерттелген платформасында құрылған әлемдегі алғашқы тіркелген коронавирусқа қарсы вакцина «Спутник V» вакцинасының жоғары тиімділігін көрсетті. Тиімділікті бағалау вакцинаның бірінші инъекциясын (екінші инъекцияны алғаннан кейінгі 7-күн) немесе клиникалық зерттеу хаттамасына сәйкес екінші бақылау нүктесіне жеткенде плацебо алғаннан кейінгі 28-күні 18 794 ерікті арасында жүзеге асырылды. Талдау қорытындысы бойынша «Спутник V» тиімділігі 91,4%-ды құрады.
Өткен аптадағы мәлімет бойынша елімізде коронавирус инфекциясынан қайтыс болған 44 жағдай тіркелді. Дәлірек айтсақ, Шығыс Қазақстан облысында – 11, Алматы қаласы – 8, Нұр-Сұлтан қаласында – 6, Батыс Қазақстан облысында – 6, Солтүстік Қазақстан облысында – 5, Ақмола облысында – 2, Атырау облысында – 2, Алматы облысында – 1, Қостанай облысында – 1, Маңғыстау облысында – 1, Шымкент қаласында 1 адам індеттің кесірінен көз жұмды. Қазақстанда COVID-19-дың салдарынан барлығы 2 034 адам қайтыс болды.