• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Экология 09 Желтоқсан, 2020

Табиғатты қорғау тәрбиелік шаралармен шектеле ме?

2806 рет
көрсетілді

Табиғатты қорғау мектепте шаралар өт­кізумен шектеле ме? Бұл мәселе Маңғыстау облыстық қоғамдық кеңе­сінің кезекті отырысында «Халыққа экологиялық білім беру мен ағарту жұмыстары» тақырыбы аясында қаралды.

Еліміздің Экологиялық кодексіне өзгерістер ен­гізу, Білім және ғылым министрлігінде оқушыларға экологиялық білім беру концепциясы мен бағдарламалар, әдістемелік құралдар жасала бастағаны белгілі. Мек­тептерде барлық сыныптарда экологиялық сынып сағаттарын өткізудің әдістемелік нұсқаулығы білім мекемелеріне толық жеткізілген. Маңғыстау облы­сы білім басқармасы басшысының орынбасары Н.Қойжановтың айтуынша, білім мекемесі және табиғат қорғауды басты бағыты еткен мемлекеттік мекемелер бастамасымен «Табиғатпен үндес мектеп», «Табиғатпен үндес балабақша», «Арнаулы орта оқу орындары студенттері арасындағы пилоттық экологиялық жобалау» дәстүрлі облыстық конкурстары өткізіліп келеді. «Қоршаған орта экологиясы» атты электрондық оқу-әдістемелік құрал жасалып, «Табиғатты аяла» экологтер, табиғат зерттеушілер мен жас өлкетанушылардың облыстық және республикалық форумдары, «Туған жер бағдарламасы аясында «Туған өлкем қандай көркем» деректі фильмдер байқауы, «Экодизайн» облыстық байқауы, «Мектеп үйірмесі-2020» экология, туризм және өлкетану бағыттарындағы үйірме жетекшілері арасындағы облыстық конкурсы, «Біз тазалықты қолдаймыз» жас волонтерлердің облыстық акциясы, «Мектеп жылыжайларында тәжірибелік жұмыстарын жүргізу жолдары» әдістемелік-кеңес, «Экологиялық проблемалардың жасөспірімдердің дамуына әсері» облыстық семинар-кеңес сияқты көптеген шара өткізіледі.

Білім беру ұйымдарында экологиялық, туристік және өлкетану жұмыстарын дамыту туралы 2018 жылы және 2020 жылдың тамыз айларында бірлескен бұйрықтар дайындалып, білім беру ұйымдарында экологиялық, туристік және өлкетану жұмыстарын дамытудың 2018-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілген. Экология, туризм, өлкетану салаларын дамыту барысында қоршаған ортаның таза сақталуы мен жақсаруына баса назар аудару, аталған жұмыстар саласын жетілдіру мақсатында облыстық, аудандық, қалалық тақырыптық семинар-кеңестер мен өзара тәжірибе алмасу жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастырып отыру тапсырылған.

Экологиялық білім беруге деген қажеттілік адамның өміріне қажет қолайлы ортаны қамтамасыз етумен байланысты. Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбековтің пікірінше, қоршаған ортаның санасы адамның негізгі құқығының бірі – денсаулықты және дамудың негізгі мақсатын анықтайды. Бұл ретте «Табиғатпен үндес мектеп» және «Табиғатпен үндес балабақша» сияқты дәстүрлі байқаулардың берері мол. Осындай шаралар арқылы өскелең ұрпақты отан­сүйгіш­тікке, қоршаған ортаны қорғауды үйретуге болады және бұл ретте білім беру ұйымдарының рөлі орасан болып қала бермек.

Маңғыстау облыстық Қоғамдық кеңес төраға­сы Құралбек Келжанов отырыста адамзат баласының биосфераға тигізетін үстемдігі кейінгі кезде байқала бастағанын тілге тиек етті. Себебі биосфера компоненттері жер, су, өсімдіктер әлемі, жануарлар дүниесінің азайып кетуіне ықпал етуі ғажап емес. Биосфераның экологиялық-биологиялық тепе-теңдігінің бұзылуына жол бермеу маңызды. Жер шары бойынша осындай экологиялық өзгерістер болып жатқанын ескерсек, қоршаған ортаға деген көзқарасты бүгіннен бастау керек және бұл орайда білім беру саласына көңіл бөлу қажет.

Кеңес отырысына қатысқан Yessenov Univercity ректоры Берік Ахметов, тұрақты даму принципін енгізу маңыздылығына тоқталды. Мәселен, 2030 жылға дейінгі тұжырымдама бар және оның 17 бағыты айқындалған. Алайда ұлттық деңгейде тұрақты даму тұжырымдамасы әлі күнге дейін толыққанды қалыптасып үлгермеген. Кейбір институттар қысқамерзімді жобаларды жүзеге асыруымен әлек. Мәселен, Әл-Фараби университеті және Сәтбаев тұрақты даму бакалавры бағдарламасын жасақтағанмен, олар тек экологиялық контекске көбірек көңіл бөлген және толыққанды әдістемелік тұрғысынан зерделенбеген. Берік Ахметовтің ойынша, ұлттық деңгейде дайын болуды күтпей-ақ Маңғыстау өңірі деңгейінде өзіндік тұжырымдама қабылдау қажет және оған «Тұрақты дамыған Маңғыстау» деген атау жарасар еді. Оның аясында 2030 жылға дейін кедейлік деңгейі белгілі бір пайызға жетеді, су тапшылығы, білім беру жүйесі осынша пайызға жетеді деп алдын ала болжам жасалмақ. Яғни Біріккен Ұлттар Ұйымының 17 индикаторы негізінде өңірлік деңгейде жылда бағалап отыру арқылы, түйіні тарқамаған мәселелерді шешуге болады. Білім беру, жоғары оқу орындары, денсаулық, экология және басқа да салалар индикаторын көре отырып, ұлттық немесе өңірлік деңгейде әдістеме және стандарт қалыптастыру маңызды.

Адамдардың қоршаған ортаға қатыгездік танытуы белгілі. Жас ұрпақ, жалпы адамзат санасына табиғат қорғауды сіңірудің ұтымды жолдары қайсы? Бұл – бүгінгі күннің басты тақырыбы... Бірақ ұрпақты табиғатпен етене араластырып, онымен сырлас-мұңдас болуы үшін соңы әртүрлі марапаттармен аяқталатын әртүрлі шаралар өткізу қаншалықты тиімді?

 

Маңғыстау облысы