Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде музейлендірілген кітапхана бөлмесі ашылып, көрме экспозициясына 591 дана сирек кітаптар мен музей қорынан алынған 20-дан астам этнографиялық жәдігерлер қойылды.
Тарихи деректерге сүйенсек, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі кітапхана бөлмесі 1950 жылдарға дейін жұмыс істеген екен. Онда ескі кітаптар мен діни еңбектер иін тіресіп тұратын дейді ескі көздер.
Ал қазіргі таңда қорық-музейі қорында 3 000-ға жуық жазба ескерткіш сақталса, оның ішінде: 440 дана көне кітап, 160 дана түпнұсқа қолжазба, 21 дана тарихи құжат, т.б. бар көрінеді.
Осылардың ішінен, жоғарыдағы музейлендірілген кітапхана бөлмесіне: «Диуани хикмет» ілімінің түпнұсқа қолжазбасы және 1887-1901 жылдары Қазанда, 1901 жылы Ыстамбұлда, 1902-1911 жылдары Ташкентте жарық көрген нұсқаларымен қатар, «Рисалла дар адаби тариқат», «Пақырнама», «Миратул қулуб» секілді өте сирек кездесетін қолжазбалар, Қожа Ахмет Ясауидің атақты шәкірттері С.Бақырғанидің «Диуан» қолжазба еңбегі, Шейх Худайдад Таш-Мухаммед әл-Бухаридің «Бустан уль Мухиббин» атты түркі тілінде жазылған еңбегі, Ә.Науаидің «Ғазалдары», Физулидің шығармалары, Фарид ад-дин Мұхаммад ибн Ибрахим Аттардың «Тазкират ул-Аулия», Софы Аллаярдың «Муслик ал-Муттакин», Әулие Биделдің «Диуан» қатарлы құнды дүниелері қойылған екен. Бұл кітаптардан басқа құнды тәпсірлер, Мұхтасар, Құрандар, «Ғайас ал-луғат Мунтахаб ал-луғат» атты тіл білімі туралы еңбек, «Рисақатун уафиятун фи ислами абни ағи» дейтін араб тілі грамматикасы, «ШархульУиқаяти, Умурату рияти» атты шариғи талдау және кесенеде жерленген тұлғаларға қатысты сериялы баспа өнімдері де сөреден орын алыпты. Сондай-ақ өзбекстандық ғұлама ғалым Шайық Мұхаммад Садық Мұхамммад Юсуфтың жеке кітапханасынан музей қорына сыйға берілген 85 дана құнды туындылар да көпшілік назарына ұсынылды.