«Макинск құс фабрикасы» ЖШС Кус&Вкус маркасымен бройлерлер өсіру бойынша өндірістің екінші кезегін іске қосты, бұл өндіріс көлемін ұлғайтуға және құс еті импортының үлесін қазіргі 50,4% - дан 32,6% - ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Жоба «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ қатысуымен іске асырылуда. Проект индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде салынды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Екінші кезек өндіріс қуатын жылына 25-тен 56 мың тоннаға дейін арттыруды көздейді. Құс фабрикасында 12 құс қорадан төрт бройлерлік алаң қосылды, сондай-ақ инкубатормен, жем-шөп цехымен және құс етін өңдеу зауытымен және ет-сүйек бөлімшесімен толық жабдықталды.
Бүгінгі таңда құс фабрикасы бройлер балапандарының етін, жартылай фабрикаттар мен құс етінен жасалған субөнімдерді шығарады, өнімдер халық арасында үлкен сұранысқа ие. Құс фабрикасының өкілдері қуаттылықтың артуы елдің импортын алмастыруға және халықтың салқындатылған етті тұтынуының өсуіне тағы бір үлес қосатынын атап өтті. Макинск құс фабрикасының жалпы өткізу көлемі 2021 жылы 85 000 тоннадан астам тауық еті өнімін құрайды. Бұл ҚР тұтыну көлемінің 22% құрайды.
Фабрика өнімдерінің негізгі тұтынушылары - Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындары. Географияны арттыру үшін 2021 жылы Алматы және Қостанай облыстары қосылады.
«Бизнесіміздің даму перспективаларына кәміл сенімдіміз. Ортамерзімді стратегиямыз қолымызда, сондай-ақ Қазақстанның даму банкі жағынан қолдау бар, мемлекет тарапынан өнімімізге инвестициялық субсидиялар қарастырылған. Жоспарларымызды іске асыруға дайын ұжымымыз да бар», - деді «Aitas KZ» АҚ вице-президентi Абай Беккереев.
Макинск құс фабрикасы - бұл заманауи өндіріс, бұл гринфилд жобасы, нөлден бастап салынған. Инвестициялар бірінші кезекте 33,5 млрд теңгені құрады, онда ҚДБ қатысуы 16 млрд теңгені, қарыз алушының жеке қатысуы – 17,5 млрд теңгені құрады. Екінші кезекте 14,6 млрд теңге, меншікті қаражат – 3,4 млрд теңге және ҚДБ-дан қарыз қаражаты 11,2 млрд теңгені құрады. Жоба ИИДМБ-2 аясында қаржыландырылды.
«Макинск құс фабрикасы Бұланды ауданының басты қала құраушы кәсіпорны болып табылады және жергілікті халықты жұмыс орындарымен қамтамасыз ете отырып, бюджетке салық аударымдарын төлей отырып, өңірдің дамуына елеулі үлес қосады, сондай-ақ құс фабрикасының өнімдері импортты алмастыруға мүмкіндік береді, бұл екінші кезеңнің іске қосылуының арқасында айтарлықтай қысқарады. Жоба Қазақстанның тамақ өнеркәсібінің дамуына ықпал етеді», - деп атап өтті ҚДБ клиенттермен жұмыс жүргізу дирекциясының бас банкирі Әсел Шитенова.
Макинск құс фабрикасында халықаралық өндірушілердің заманауи технологиялық жабдықтары қолданылады және еуропалық стандарттарға сәйкес келеді. Сонымен қатар, өндіріс тірі құсқа адамгершілікпен қарау талаптарына және «Халал» ұсыныс стандарттарына сәйкес келеді. Жаңа кезекті енгізу өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, жақын орналасқан аудандардың тұрғындары үшін 570 жаңа жұмыс орнын ашты. Компанияда 1435 адам жұмыс істейді.