Мемлекет басшысы Жолдауда жаңа экономикалық бағдар керектігін және маңызды реформалық бағдарламалар әзірлеу қажет екенін айтты. Осыған байланысты Дәурен Әділбековтің төрағалығымен өткен Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл заң жобасы экономика саласын, соның ішінде пандемиядан зардап шеккен бағыттарды дамытуға ықпал етеді. Сол арқылы ел экономикасының өсуін жедел және тиімді түрде қалпына келтіру көзделіп отыр.
«Заң жобасы қабылданса, халықтың баспанамен қамту, білім алу салалары бойынша әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарады деп күтілуде. Себебі, Заңға қол қойылғаннан кейін жоғары білім алу үшін мемлекеттік білім кредиттері беріле бастайды. Сондай-ақ көпбалалы, толық емес және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға арналған оқуға қабылдау квотасы белгіленеді. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бағаның негізсіз қымбаттауына жол бермеу үшін көтерме-бөлу орталықтарының құрылысы бойынша да нормалар бекітіледі», – деді Сенат депутаты Еділ Мамытбеков.
Сонымен қатар отырыс барысында сенаторлар Парламент депутаттары бастамашы болған «Қазақстан Республикасының Су кодексіне жергілікті өкілді, орталық және жергілікті атқарушы органдар арасында ауызсумен жабдықтауды субсидиялау жөніндегі өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады.
Заң жобасы ауылдық жерлерді ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстарын оңтайландыруға, жаңадан салынған ауызсумен жабдықтау жүйелерін жеңілдікті нысандар тізіміне енгізу үдерісін тездетуге және ауылдық жерлердегі халықты ауызсумен жабдықтау қызметінің бағасын төмендетуге арналған.
«Заң жобасында ұсынылғандай, әр аймақтағы сумен жабдықтау жүйелерінің тізімін бекіту құзіретін жергілікті деңгейге беру өңірлердің ауызсумен жабдықтауға арналған субсидияларды алуын тездетеді. Сондай-ақ бұл жергілікті өкілді органдарға өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын және сумен қамтамасыз ету қызметінің тарифтерін ескере отырып, ауызсудың 1 текше метрі үшін өтемақы көлемін өздері анықтауға мүмкіндік береді», – деді сенатор Ләззат Рысбекова.
Мұндай стандарттар әкімдіктерге ауызсумен жабдықтау жүйесін мемлекеттік субсидиялаудың барлық шарттарын сақтай отырып, қосымша субсидиялардың есебінен жаңа сумен жабдықтау нысандарының саның өз бетінше көбейтуге мүмкіндік береді.