Биыл ТМД елдерінің энергетиктері Мемлекеттік электрификациялау жоспарының қабылданғанына 100 жыл толу мерейтойын атап өтуде. Тарихшылар бұл құжаттың маңыздылығын өте жоғары бағалайды. ГОЭЛРО деп танылған дәл осы жоспар бүкіл посткеңестік елдердегі, соның ішінде Қазақстандағы энергетика саласының жоспарлы дамуына негіз болды. Бұл жайында сұхбатымыздың барысында «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев әңгімелейді.
– ГОЭЛРО – бұл энергетиканы дамытудың жоспары ғана емес, кеңес республикаларының тұтастай халық шаруашылығын үдемелі дамытуды көздейтін тұңғыш мемлекеттік жоспар деп айтуға болады. Сол себепті алып мемлекетті электр қуатымен толық қамтамасыз етуді көздейтін стратегиялық құжатта өңірлерді дамытудың түрлі салаларын және жаңа өндірістік кәсіпорындарды салу мәселелерін ескере отырып, электр желілері мен стансалар жүйесін қалыптастыру қарастырылған.
Тарихтан белгілі, ГОЭЛРО жоспары бастапқыда 10-15 жылға арналып, осы уақыт аралығында ондаған өңірлік электр стансаларын (ЖЭС және СЭС) салу жоспарланған. Ол табиғи, энергетикалық және шикізаттық ресурстарды, әр өңірдің өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып әзірленген болатын. Жоспар бойынша бүкіл мемлекет аумағында өнеркәсіп нысандары оңтайлы орналастырылуы керек еді. Демек, посткеңестік елдердегі электр энергетикасын дамыту жөніндегі іске қосылған және жүзеге асырылып жатқан жобалардың барлығы сол ГОЭЛРО жоспарының заңды жалғасы деуге болады.
Қазақстан энергетикасының тарихы да сол құжатта бекітілген бастамалардан бастау алады. Соның ішінде «Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы» «KEGOC» АҚ еліміздегі басты электржелілік компания ретінде сол дәстүрді жалғастырып, жылдан жылға Қазақстан Республикасының электржелілік инфрақұрылымын жетілдіріп келеді. Бұл сөзімізге компанияның қалыптасуы және өркендеу тарихы дәлел.
KEGOC 1997 жылы құрылған сәтінен бастап Қазақстан Республикасы экономикасының күннен күнге артып келе жатқан тұтыну сұранысын ескере отырып, Ұлттық электр торабын (ҰЭТ) дамыту және жаңғырту жұмыстарын жүргізуді қолға алды. Жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жоспарлау барысында KEGOC барлық экономикалық, әлеуметтік және географиялық аспектілерді, яғни негізгі қуат көздерінің орналасуы, табиғи ресурстар, халық саны және өңірлерді дамыту жоспарларының негізгі бағыттары сынды мәселелерді үнемі назарда ұстайды.
Өздеріңізге мәлім, Қазақстандағы негізгі қуат көздері ірі көмір кеніштерінің маңында орналасқан. Соның бірі дүние жүзіндегі ең ірі көмір кеніші – «Богатырь» разрезі орналасқан Екібастұз көмір бассейні. Солай бола тұра, 2000 жылдардың басында электр энергиясын тұтыну көлемі күрт өскен болатын. Сол сәттерде Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде электр энергиясының тапшылығы сезіле бастады. Осы мәселені жою үшін 2009 жылы KEGOC жалпы ұзындығы 1 097 шақырымды құрайтын Қазақстанның «Солтүстік-Оңтүстік транзиті 500 кВ екінші электр жеткізу желілерін салу» жобасын жүзеге асырды.
Компания тарихындағы екінші әрі ең ірі, ауқымды жоба – «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік транзиті 500 кВ әуе желілерін салу» (Шығыс транзиті). Аталған жоба шеңберінде жалпы ұзындығы 1 770 шақырымнан асатын жоғары вольтты электр желілері тартылып, 2018 жылы 500 кВ санатына жататын «Семей», «Ақтоғай» және «Талдықорған» сынды 3 жаңа қосалқы станса салынып, пайдалануға берілді. Қолданыста жүрген бірқатар энергетика нысандары қайтадан жаңартылды.
«Солтүстік-Оңтүстік» 500 кВ екінші транзиті және 500 кВ Шығыс транзиті пайдалануға берілгеннен кейін Қазақстанның солтүстіктегі электр стансаларынан оңтүстік өңірлерге электр энергиясын тасымалдайтын жүйеқұраушы желілердің өткізу қабілеті 2 100 МВт-қа дейін арта түсті. Яғни осы әуе желілерін салу арқылы оңтүстік аймақтардағы электр қуатының тапшылығы мәселесін жоюға және алдағы бірнеше жылға сол аймақта өсіп келе жатқан электр энергиясына деген тұтыну сұраныстарын қамтамасыз етуге мүмкіндік алдық.
Компания қолданыстағы активтерді жаңартуға да аса көңіл бөлетінін ерекше атап өткім келеді. Қазіргі таңда компания 220-500 кВ әуе желілерін қайта жөндеу жобаларын іске асырудамыз. Ондағы мақсат – электр желілерінің техникалық көрсеткіштерін қалпына келтіру және электр қуатын тасымалдау шарттарын күшейтудің арқасында қызмет ету мерзімін кемінде 30 жылға дейін ұлғайту арқылы Қазақстан Ұлттық электр торабы жұмысының сенімділігін арттыру.
Тағы бір аса маңызды жоба бар, ол – «Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің Батыс аймағындағы электр желілерін күшейту». Жоба аясында Орал-Атырау-Теңіз бағыты бойынша 220 кВ екінші әуе желісін тарту көзделіп отыр. Бұл электр қуатын өткізу қабілетін екі есеге ұлғайтып, өңірдегі тұтынушыларды электр энергиясымен қамтамасыз ету сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде KEGOC «ақылды» желілерді (SmartGrid) қалыптастыруды қолға алды. Дәлірек айтқанда, қазір компания «Біртұтас электр энергетикалық желісінің (БЭЖ) жұмысын басқарудың апатқа қарсы және режімдік автоматиканың орталықтандырылған жүйесін енгізу» жобасын іске асыруда, жақында аяқталуы тиіс.
Болашақтағы жоспарлар туралы айтатын болсақ, бүгінгі таңда KEGOC тұрақты ток желісін құрастыру мүмкіндіктерін қарастырып жатыр. Мұндай желі қолданыстағы желілермен салыстырғанда 4-5 есеге көп қуат тасымалдауға және оны едәуір қашықтыққа жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл Қазақстанның экспорттық және транзиттік әлеуетін ұлғайтуға да жол ашады. Мәселен, артылған электр энергиясын Орталық Азия желілері арқылы Оңтүстік Азия елдеріне экспорттауға болады.
– Қазақстан энергетиктері таяуда ғана өздерінің кәсіби мерекелерін атап өткен болатын. Әріптестеріңіз үшін тарих қойнауына еніп бара жатқан 2020 жыл қалай өтті?
– Өзіңізге мәлім, 2020 жылы көз ілеспес жылдамдықпен әлемнің барлық еліне тарап кеткен коронавирус инфекциясының салдарынан біздің еліміз үшін де, тұтастай әлем үшін де оңай жыл болған жоқ. Пандемиялық жағдай көптеген кәсіпорындардың қызметіне өзгерістер енгізуге ықпал етті, соның ішінде біздің компаниямыздың жоспарларына да өзгерістер енді. Осы жайғдайды ескере отырып, «KEGOC» АҚ-ның үздіксіз қызмет етуін қамтамасыз ету үшін компания менеджменті барлық қажетті шараларды жедел түрде қабылдап отырды. Коронавирус дертінің таралуына жол бермес үшін Жедел штаб құрылды. Штаб жұмысы барысында Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен өңірлердегі жағдайға үздіксіз мониторинг жасалып, компания көлемінде атқарылып жатқан барлық шара үйлестіріліп отырды.
KEGOC компаниясы басты электржелілік компания ретінде еліміздегі өмір сүруді қамтамасыз етуші ұйымдар қатарына жатады. Қазіргі кездегі жағдайдың қиындығына қарамастан, компания ұжымы жұмыла қызмет атқарып, өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен орындап келеді. Ең бірінші кезектегі басты қызметіміз – тұтынушылар электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етілді. Жүйелі оператор ретінде компания Қазақстан Республикасының Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің (ҚР БЭЖ) сенімді жұмысын қамтамасыз етіп, шекаралас мемлекеттердің энергожүйелерімен қатарлас жұмыс режімдерінің сенімділігін қамтамасыз ету және үйлесімді басқару үшін тұрақты байланыста болды. Бұл жұмыстар еліміздің тұтастай энергожүйесінің тұрақты жұмыс істеуі үшін аса маңызды екенін атап өткен жөн.
Жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтағалы отырмыз. Компанияға 2020 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша 37,6 млрд теңге көлемінде таза кіріс кірді. Бұл 2019 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 26,8%-ға артық. Жыл соңындағы қорытынды бойынша көрсеткіштеріміз де жағымды болатынына сенімдімін.
Тұрақты қаржылық жағдайдың көрсеткіші ретінде компания акциялары бағасының өзгеру динамикасын қарастыруға болады. Соңғы бірнеше жыл қатарынан KEGOC акциялары Қазақстанның қор нарығындағы ең тиімді әрі жоғары сұранысқа ие құнды қағаз болып саналады. Қазіргі кезде «KEGOC» АҚ-ның бір акциясының құны 1 700 теңге маңайында құбылып тұр. Бұл алғашқы орналастырылған бағадан (бастапқы бағасы – 505 теңге) 3,3 есе артық. Осы уақыттар аралығында «KEGOC» АҚ-ның акционерлеріне төленген дивидендтердің жалпы көлемі 133,2 млрд теңгені құрады. 2020 жылдың бірінші жартысында ғана акционерлерге 20 млрд теңге көлемінде дивиденд төленді.
Сондай-ақ компанияның негізгі акционері «Самұрық-Қазына» ұлттық қоры бастамашы болған – Бизнесті трансформациялау бағдарламасын іске асыруды жалғастырудамыз. Бағдарламаның басты мақсаты – бизнес-үрдістерді оңтайландырып, қызмет тиімділігін арттыру. Өздеріңізге белгілі, қалыптасқан тәртіптерді және қарым-қатынастарды өзгерту жөніндегі кез келген бастамалардың барлығы қызметкерлер арасында күмән туғызатыны сөзсіз және көбісінің өзгерістерге қарсы болуы да бек мүмкін. Алайда дұрыс таңдалған әдістер мен коммуникацияның арқасында компания ұжымы аталған бағдарламаның қажеттілігін мойындап қана қоймай, барлығы бірауыздан қолдады. Сондықтан автоматтандыру және цифрландыру жөніндегі негізгі іс-шаралар аяқталысымен жүзеге асырған транформация бағдарламасының тиімділігін барлығымыз сезінеміз деген ойдамын.
– Қыс мезгілінде электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселесі кез келген қатардағы қазақстандықтарды қызықтырады десем, қателеспейтін шығармын. Әңгімемізді осы бағытқа бұрсақ...
– Шынымен де, күз бен қыс мезгілі энергетиктер үшін аса қиын және күрделі кезең. Сондықтан ерте көктемнен бастап, күн жылына салысымен біз Ұлттық электр торабын кезекті күз-қыс мезгіліне дайындауға кірісіп кетеміз. Компания балансында ҰЭТ-ты құрайтын ұзындығы шамамен 26,4 мың шақырымды құрайтын кернеуі 220-1150 кВ электр жеткізу желілері және трансформаторларының белгіленген қуаты 36,0 ГВА-дан асатын 80 электр стансасы кіреді.
Биыл жөндеу-профилактикалық жұмыстардың барлық жоспарланған көлемі уақтылы әрі сапалы атқарылды. Ең алдымен компанияның электр жеткізу әуе желілерінде және электр станцияларында жүргізілді. Барлығы электр энергиясын жеткізетін 95 желі және стансалардағы жабдықтардың 56 данасы жөндеуден өтті. Бұдан бөлек, ғимараттар мен құрылғылар және арнайы техникалар да жөнделді. Бір айта кетерлігі, стансалар мен әуе желілерінде жөндеу-профилактикалық жұмыстарын жүргізу кезінде еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Барлық филиалда «Еңбек қауіпсіздігі мен қорғау жөніндегі өндірістік кеңесінің» институты қалыптастырылды. Өндірістік жұмысшыларды жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ету үшін қомақты қаражат бөлінеді, жаңа нормативтік құжаттар әзірленіп, нұсқаулық пен оқыту шаралары ұйымдастырылады.
Күз-қыс мезгілі басталмас бұрын қажетті материалдардың, қосалқы бөлшектердің, құрылғылардың апаттық қоры қалыптастырылды. Трансформаторларға қажетті май мен жанар-жағар майдың қоры да дайындалып қойды.
Нәтижесінде, Энергетика министрлігінің Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті «KEGOC» АҚ-на 2020-2021 жылдары күз-қыс мезгіліндегі жұмысқа дайын екендігі туралы құжатты бекітілген мерзімінен бұрын табыстады. Сол себепті, отандастарымызды KEGOC ұжымы Қазақстанның Ұлттық электр торабының алдағы қысқы кезеңде де еш ақаусыз, сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді деп сендіре аламын.
– Биыл Қазақстан Республикасының Президенті аса маңызды экономикалық бастамаларды көтерді. Олар квазимемлекеттік секторды да айналып өтпейтіні анық. Атап айтсақ, Мемлекет басшысы отандық кәсіпкерлердің құқығын қорғауға ерекше назар аударды. Сіздің компанияңыз бұл бағытта қандай істер тындырды?
– Қазақстандық өндірушілермен қарым-қатынас орнату – біздің компания қызметінің басты бағыттарының бірі. Бұл орайда «KEGOC» АҚ «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының компаниялар тобының құрамында екенін, ал отандық өндірушілер қордың ұзақ мерзімді серіктестері екенін атап өткім келеді. Компаниямыз Қазақстанда өндірілген тауарларды сатып алу көлемін ұлғайту бойынша жүйелі жұмыс атқарып келеді. Атап айтсақ, жоғарыда аталған инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру кезінде компания темір-бетон бұйымдарын, темір тіреулерді, кабель-сым сияқты өнімдерді, байланыс конденсаторларын, трансформаторларды, релелік қорғаныс панельдерін және автоматиканың кейбір түрлерін отандық өндірушілерден сатып алады.
Нәтижесінде, мәселен, 2019 жылдың қорытындысы бойынша «KEGOC» АҚ-да сатып алу көлеміндегі жалпы жергілікті өнім үлесі 60% немесе 34 млрд теңгені құрады. Ел ішінде компания негізінен реактор, трансформатор, арнайы техника, металқұрылғыларын, оқшаулағыштарды, мотор майларын, аккумулятор батареяларын, кабельдік өнімдерді, өрт сөндіру құралдары, бояу материалдарын, жанар-жағар майды және басқа да көптеген өнімдерді сатып алады.
KEGOC сонымен қатар Мүгедектер қоғамымен тығыз жұмыс істейді. Өндірістік мамандар үшін барлық заманауи талаптарға сай келетін арнайы киім-кешекті тұрақты түрде осы ұйымнан сатып алады.
– Бақытжан Төлеуқажыұлы, бұған дейін «KEGOC» АҚ-ның барлық жетістігі – ұжымның жұдырықтай жұмылуының, қалыптасқан корпоративтік жоғары мәдениеттің арқасы деп бірнеше мәрте айтып қалдыңыз. Бұл жолға қалай келдіңіздер?
– Мен бұл пікірімді қайталағым келіп тұр, компаниямыздың барлық жетістігі – ұйымшыл ұжымның тынымсыз атқарып келген ауқымды жұмысының жемісі. Ұжым, яғни адам капиталы – KEGOC компаниясының ең басты әрі құнды активі саналады.
Компания қызметкерлері үнемі жоғары корпоративтік мәдениетті көрсетіп келеді. Бұл әділеттілік, ашықтық, сыйластық, тең мүмкіндіктер, ұрпақтар сабақтастығы мен үздік әлемдік тәжірибе және HR-технологияларға сүйенген тиімді кадрлық саясаттың, сондай-ақ басшылық пен қатардағы жұмысшылар арасындағы өзара үздіксіз диалогтың мәуелі жемісі деп білемін.
«KEGOC» АҚ-да барлық қызметкер ұстанатын қағидаттар мен дәстүр және ережелер енген құндылықтар жүйесі қалыптасқан. Жылдар бойғы үздіксіз және жауапкершілігі жоғары жұмыстың арқасында Ұлттық электр торабының тұрақты жұмысын қамтамасыз етудегі компанияның миссиялық жауапкершілігін сезінетін теңдессіз қарым-қатынас мәдениеті қалыптасты.
Мұндай мәдениет адамдарды кәсіби қызығушылықтары бойынша біріктіріп, өндірістегі қиындықтарға жұмыла төтеп беруге ықпалдастырады. Бірақ мұнымен шектеліп қалмай, ол тұрақты түрде дамып, уақыт өте келе жетіліп, ішкі және сыртқы ортаның өзгеруіне байланысты бейімделіп отырады.
Тағы бір маңызды фактор, компанияның алға қойған мақсаттарына жетуінде барлық қызметкеріміздің үлесі бар. Яғни әрбір маманның кәсіби және жеке әлеуетін дамытуға, мансаптық сатымен өсуіне барлық жағдай жасалған. Компанияда жыл сайын дарындылар тобы жасақталады. Былайша айтқанда, кадрлық резерв деп айтуға болады. Оған жыл қорытындысы бойынша үнемі жоғары көрсеткіштер көрсететін қызметкерлер кіреді.
Қызметкерлердің еңбекақысы және оларға әлеуметтік қолдау көрсетудің басқа да түрлері өте маңызды, әрине. Бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы адамдарды бар күшін салып, биік белестерді бағындыруға, жаңа жетістіктерге жетуге ынталандырады.
Жыл сайын компания еңбек әулеттері институтына және қызметкерлерге материалдық қолдау көрсетеді. Корпоративтік құндылықтарды қалыптастыратын және дамытатын әлеуметтік бағыттағы іс-шараларды ұйымдастырады.
Бұл жұмыстар оң нәтиже көрсетіп отыр. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ компаниялар тобының арасында «KEGOC» АҚ әлеуметтік тұрақтылық пен ұжымның араласу индексі бойынша тұрақты түрде ең жоғары көрсеткіштерге ие болып келеді. 2019 жылы жүргізілген зерттеулер бойынша «KEGOC» АҚ-да әлеуметтік тұрақтылық индексі 90%-ға жетті. Оның алдындағы жылмен салыстырғанда (85%) бұл көрсеткіш 5 пунктке жоғары. Әкімшілік-басқарушылық ұжымның араласу индексінің көрсеткіші де оң нәтиже (74%) көрсетіп келеді, ал 2018 жылы 69% болған.
Жалпы, компания менеджменті қысқа мерзімді міндеттемелер мен ұзақ мерзімді мақсаттарды нақты әрі айқын түсінеді. «KEGOC» АҚ-ның міндеті – ұзақ мерзімдік тұрақты даму болып табылады!
Сұхбаттың соңында барша қазақстандықтарды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтағым келеді, ал әріптестерімді кәсіби мереке – Энергетик күнімен құттықтаймын!
Әңгімелескен
Ғабит Іскендерұлы,
«Еgemen Qazaqstan»