Республикалық атаулы мектеп өткізген «Жаңартылған білім бағдарламасы жағдайында «Қазақстан географиясы» пәнін оқыту мәселесі» тақырыбына арналған онлайн-жиында республиканың жүзден астам ғалымы мен география пәні мұғалімі «Қазақстан географиясына» жеке дербес пән дәрежесін қайтару мен оны «Қазақстанның физикалық географиясы», «Қазақстан Респуликасының экономикалық және әлеуметтік географиясы» деп бөліп, жеке пән ретінде екі оқу жылы аясында оқытуға арналған бағдарлама әзірлеуді ұсынды.
Педагогика ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Ұлжалғас Есназарова «Қ.Тоқаев Қазақстан халқына алғашқы Жолдауында ашық қоғам құру мақсатында халықпен байланысты күнделікті өмірде тұрақты түрде жақсартуды атап өткен болатын. Сондықтан «География» мен «Қазақстан географиясы» пәндерін оқытудағы жаңартылған білім бағдарламасында жіберілген олқылықтарды Парламент қабырғасына дейін жеткіздім. Бұл кемшіліктердің басты себебі, «Жаңартылған білім бағдарламасын» құрастырушылар негізінен тәжірибесі аз педагогтер. Негізгі кемшілігі – оқу жоспарында «Қазақстанның географиясы» пәніннің болмауы. КСРО ыдырағаннан кейін посткеңестік республикалардың географиясын оқытуда барлық егемен мемлекеттер өздерінің «Физикалық географиясы» және «Экономикалық және әлеуметтік географиясы» курсын мектеп бағдарламасына енгізіп оқыта бастады. Тәуелсіздікке дейін Қазақстан географиясы КСРО географиясының құрамында өте аз сағат көлемде оқытылып келді. Себебі өз елінің географиясын тек сипаттама түрінде отар елдер ғана оқитыны белгілі болатын. Ал жаңа мазмұнға негізделген оқу жоспарында «Қазақстанның физикалық географиясы» және «Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы» курсы оқу бағдарламасынан толығымен алынып тасталғаны өскелең жастарымызға патриоттық және саяси білім, тәрбие беруде жіберілген үлкен қателік», деді.
Жиында Қазақстандағы жалпы орта білім беретін мектепте еңбек етіп жүрген география пәні мұғалімдері мен ғалымдар жаңартылған география пәні бағдарламасы мен оның негізінде жазылған оқулықтар туралы өз ойларын ортаға салды.
Атырау облысы Жылыой ауданы №3 мектебінің зерттеуші мұғалімі, Ы.Алтынсарин медалінің иегері Есенқұл Жиенқұлов еліміздегі білім деңгейінің 20-орыннан 60-орынға төмендеп кеткеніне қынжылысын білдіре келе, мәселені терең зерттеуді ұсынды.
Бүгінде география пәнін оқытудың мүлде сын көтермейтініне тоқтала келіп, «Жаңартылған оқу бағдарламасына сәйкес шиыршық әдісімен жазылған оқулықтар оқушылардың географиядан толық білім алуына мүмкіндік бермей отыр» деді. Мысалы, 5-11-сыныптарда оқыту бағдарламасы бірдей. Бір сынып көлеміндегі бағдарлама келесі жылы да қайталанады. Сонымен бірге жаратылыстану пәні бойынша 5, 6-сыныпта өтетін тәжірибе сабақтары физика мен химия пәндерінде де қайталанып берілген. Бұл нақты география пәнін оқытудың орнына бірін-бірі қайталауға соқтыруда. Сол үшін негізгі тәжірибелік жұмыстардың әр пәнге қатысты өтуі қажеттігін ұсынған Е.Жиенқұловтың айтуынша, «Физикалық география» курсы әр жерде шашырап жүрсе, «Материктер мен мұхиттар географиясы» түгелімен жойылған. Ал шындығында географияның негізгі білімі сан жылдар бойы оқытылып келген «Физикалық география» мен «Материктер мен мұхиттар» географиясында жатыр. «Шетелдердің экономикалық географиясы» да назардан тыс қалған. Мұндай жағдайда оқушылар «Қандай заңдылықтар бар?», «Қандай елдер ілгері дамып келеді?» деген сұрақтарға жауап таба алмайтыны анық. Сондықтан да 5, 6, 7-сыныптағы курстарды жылда қайталамай, 5, 7-сыныптарда физикалық және материктер мен мұхиттар географиясын, ал шетелдердің географиясын елтану бағытында жоғары сыныптарда енгізу керектігін ұсынған ол 10, 11-сыныпта оқытылатын геосаясат, геоэкология, геоинформатика студенттердің жоғары оқу орнында игеретін тақырыбы екенін жеткізді. Сонымен қатар 8, 9-сыныптарда «Қазақстанның физикалық географиясын» мен «Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясын» оқыту уақыт күттірмейді. «Жаңа мазмұндағы білім бағдарламасы енгізілген алғашқы кезде «Қазақстан географиясының» толық алып тасталғаны белгілі. Бұл дербес мемлекет үшін қисынсыз жайт. Мәселе профессор Ұ.Есназарованың тарапынан бірнеше мәрте көтеріліп, Парламентке дейін жеткенде барып, бір жыл оқытылатын «Қазақстан географиясы» енгізілді. Алайда бір жылдық курс ішінде физикалық, экономикалық және әлеуметтік географияны меңгеру мүмкін емес. Көлемі жағынан Атырау облысынан сегіз есе кіші Израиль мемлекеті өз географиясын екі жыл бойы аптасына екі сағаттан, барлығы 136 сағат көлемінде оқытады. Ал жер аумағы жағынан алғашқы ондықта тұрған тәуелсіз елдің географиясын оқыту барысы елдігімізге сын. Осы мәселені құптаған Түркістан облысы Жетісай қаласындағы №9 мектеп мұғалімдері Айжан Еспенбетова мен Түйменгүл Әріпбаева бірнеше жылдан бері балалар оқып жүрген география пәнінің жүйесіздігін алға тартты. Мұны келешек ұрпақты сауатсыздандырумен байланыстырған ұстаздар номенклатура, картамен жұмыс істеуге де жете көңіл бөлінбейтінін негізге алды.
География пәні шиыршық әдісімен оқытуға келмейді деген ұсынысқа Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің қауымдастырылған профессоры Айгүл Сергеева да өз ойын білдірді. Ғалым көршілес Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінің тәжірибесіне назар аудара отырып, бұл елдерде география оқулығының мазмұны көп жылдар бойы сыннан өткен қалыптасқан оқу бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатқанын және айтарлықтай өзгеріс болмағанын жеткізді. Сонымен қатар бұл елдер оқулықтарында кешенді түрде оқытылып келген бірізділік қалыптасып, барлық сала қамтылған. «Өкінішке қарай, жаңа мазмұндағы оқулықтарда кейбір салалар ұмыт қалған. Қолданбалы географияда ауытқу басым. Биология, химия, тіптен Әліппеге қатысты олқылықтардың қоғам наразылығын туғызғаны белгілі» деген ғалымның айтуынша, жер аумағы жағынан алқашқы ондықтағы Қазақстанның географиясын жарты тоқсанда игеріп шығудың өзі қисынсыз. Сондықтан да жаңартылған бағдарламаға дейінгі география пәнін оқыту жүйесін негізге ала отырып, ғылыми, әдістемелік тұрғыдағы жаңа тақырыптарды, елде болып жатқан жетістіктерді оқу бағдарламасына енгізіп, толықтыру қажет.
Қызылорда облысы Төретам кенті №80 мектеп-гимназиясы география пәнінің мұғалімі Серік Ниязов 5-6-сыныптарда жаратылыстану пәні бойынша тақырыптардың күрделілігін, оқушының жас ерекшелігіне сәйкес еместігін әрі түсініксіз, тартымсыз жазылғанын айтады. Ұлан-байтақ жеріміздің физикалық географиясының оқытылмауын келешек ұрпақ үшін қиянат дей келе 8-сыныпта аптасына 3 сағат, жылына 102 сағат Қазақстанның физикалық географиясына арналуы қажет деген ұсынысын білдірді. Қазір жаңартылған білім мазмұнында бағдарлама бойынша 7-сынып оқушылары физикалық, әлеуметтік, экономикалық география курсын қатар меңгеруге мәжбүр. 7-8-сыныптарда физикалық география курсын оқушы жақсы тәмамдаса, алдағы 9, 10, 11 сыныптарда экономикалық география саласын оңай игеретіні анық. Осы орайда «Қазақстан географиясын» бөлек пән ретінде қарастыру керек» деген С.Ниязов жалпы географияны оқытуда 2013 жылғы оқу бағдарламасын негізге ала отырып, жаңа ғылыми мәліметтермен толықтыру дұрыс бағыт дейді.
Оқулықтардағы олқылықтар жайын қозғай келе Павлодар облысы Ертіс ауданы география пәнінің жоғары санатты зерттеуші-педагогтері Әлімбек Махметов пен Аққу Сматаева, Максим Горький мектебінің география пәні мұғалімі Дәурен Илиясов мұғалімдердің оқулықтардан қателік теруден шаршағанын айтты. Ұстаздарды жаратылыстану, география оқулықтарында балалардың жас ерекшеліктеріне көңіл бөлінбей, ғылыми тілде жазуға ұмтылыс болғанымен, ғылыми мәліметтерді орыс тіліндегі мәтіннен аударғанда кеткен қателер нәтижесінде көптеген анықтамалардың дұрыс болмауы, басқа пәндермен интеграциялауда да олқылықтардың көптігі алаңдатады. Қатенің аты – қате. Жауабы сәйкес келмейтін тапсырмалар бар. Мысалы, ІІ тоқсанда 5-сынып оқушылары жаратылыстану бағдарламасы бойынша заттың массалық үлесін пропорция арқылы есептеп шығаруы керек, ал пропорцияны оқушылар математика сабағынан әлдеқайда кешірек өтетіндіктен, пропорцияның не екенін және оны қалай құрастыру керек екенін қайдан біле қойсын? 8-сынып оқулығының тілі ауыр, тіпті түсініксіз. Оқушы түгілі мұғалімді ойландырып тастайды. Оқушыға проблемалық, ізденіс, ғылыми-зерттеу тапсырмаларын орындатып, географиялық ғылыми теория мен тәжірибе бірлігін дәлелдеу, өзіндік жұмыс арқылы білім жинау қазіргі өмір талабы. Оқулық ішіндегі тақырыптар көлемді келеді. Дидактиканың заңдылықтары – оқулық тілі, мазмұнның қарапайымдылығы, педагогика ғылымындағы негізгі принцип – «Оңайдан қиынға» мүлдем ескерілмеген. Осы олқылықтардан оқушылардың география пәніне қызығушылықтары кейінгі жылдары төмендеп кеткен.
Мектеп жасындағылар 5, 6-сыныптарда жаратылыстану пәнін оқып, бірнеше ғылымды танып білуге бастау алса, 7-сыныпта әлемге ойша саяхат жасай бастайды. Материктер мен мұхиттарды танып біледі. Геотарихи мәліметтер, геоэлементтер осы кезде оқушылардың есінде қалары анық. 8,9-сыныптарда бала санасы арыдан ойлауға қалыптасып, елін, жерін тануға құштар болары анық. Бұл сыныптарда ұлан-байтақ атамекеннің табиғатын, Жер-Ананың байлығын, шаруашылығын, қалалары мен елді мекендер тарихын, халықтың тұрмыс-тіршілігін танып, демографиялық, статистикалық мәліметтерімен сусындауы тиіс. Ал 10, 11-сыныптар ересек өмірге баспалдақ іспетті. Бұл бала санасы дамып, арыдан ойлай алатын, оған қарым-қабілеті жететін жасқа келген, өмірге деген құлшыныс сезімі қалыптасып келе жатқан жас. Жоғары сыныптарда дүние жүзінің экономикалық және әлеуметтік географиясымен «Елтану» бағдарламасы арқылы таныса алады. Балалар дүние жүзі географиясынан жер шарындағы халықтардың тұрмыс-тіршілігінен, шаруашылық іс-әрекеттерінен хабардар болып, экономикалық жетістіктері тұрғысында құнды ақпараттар алып шығуы тиіс. Осылайша бұрынғы бағдарламаның озық тұстарын негізге алған жамбылдық географ-ұстаздар Қ.Бердіш, Б.Нұрмұхамедов, С.Құлымбетов, С.Бекзатхан, Е.Даржан, Қ.Қоспанов, Б.Жұмабеков жаңартылған мазмұндағы бағдарламаның жүйесіздігіне тоқталды. Материалдар аралас берілген. 8-сыныпта 11-сыныптағы «Елтану» бағдарламасының материалдары кездеседі. Есесіне еліміздің табиғаты туралы материалдар жеткіліксіз. Осы орайда бұрынғы бағдарламаны өңдеп қайтаруды құптаған ұстаздар тобы жинақталған бағдарлама жағдайында ғана сапалы білім болатынына сенім артып отыр.
Дүние жүзі елдерінің озық тәжірибелерін пайдаланудың артықшылықтарын да мойындау қажеттігін алға тартқан Жамбыл облысы Меркі ауданы №44 ЖББМ география пәнінің мұғалімі Г.Найзабекова жаңартылған мазмұнда жазылған оқулықтар теориялық тұрғыдан да, мәтіннің ауқымдылығы, материалды меңгеру жағынан да қиындық тудырып отырғанын жеткізді. Сондықтан 5-9-сыныптарға дейін қазір оқытылып жүрген 2 бөлімде жазылған география оқулықтарының мазмұны қайта қарастырылып, өңделіп оқулық болып басылып шықса деген ойын жеткізді. Ал Нұр-Сұлтан қаласы №56 мектеп-лицейінің география пәні мұғалімі Д.Сейдазимова мен Б.Қырғызбаева географияның зерттеу әдістері, картография мен географиялық деректер базасы, жоғары сыныпта геоинформатиканы жылда тереңдете бергеннен гөрі географияның тікелей тақырыптарын оқытудың тиімді екенін алға тартты. Балалар төменгі сыныпта картаның, бағдарлаудың, зерттеудің не екенін білсе, әрі қарай жоғары сыныпта түрін ауыстырып қайталай берудің қажеті қанша? Егер бала өз Отанының, туған жерінің тау-тасын, өзен-көлін, табиғатын, топырағын білмесе расторлық, векторлық тәсілмен картаның жасалуы кімге керек?» деген мәселе көтерді.
Осы орайда Атырау университетінің география, туризм және су ресурстары кафедрасының меңгерушісі А.Жұмағазиев, география ғылымдарының докторы, ЕҰУ профессоры О.Мазбаев, география ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті Г.Оразымбетова, Қызылорда облыстық «Өрлеу» БАҰО аға оқытушысы О.Мықанова, Павлодар облысы Ертіс ауданы география пәні мұғалімі Ә.Махметов, Шығыс Қазақстан облысы география пәні мұғалімі С.Белдеубаева, Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Дарын мектеп-интернатының география пәні мұғалімі Б.Аманқұлов, Батыс Қазақстан облысы мектеп директоры А.Майемер, Нұр-Сұлтан қаласы география пәні мұғалімі Г.Жайлаубекова, Атырау облысы Құлсары қаласы география пәні мұғалімі Д.Елтезерова, Түркістан облысы Ордабасы аудандық білім бөлімінің әдіскері Ш.Оңалбаева, Г.Шотай, И.Тучиева, Солтүстік Қазақстан облысынан Е.Аманжолов, оралдық географтар Б.Құлбабаев, А.Тұрғынбаев, Б.Ипекенов пен Атырау облысы Махамбет ауданындағы мектептің география пәнінің мұғалімі С.Қойбақов және тағы басқа да ұстаздар қауымы жаңа мазмұндағы география пәні бағдарламасын талдай келе, 5, 6-сыныптың «Жаратылыстану», 7, 8, 9-сыныптардағы «География» пәні кәсіби деңгейде жетілдірілмеген, құрамында бастапқы негізгі ұғымдар мен терминдерді анықтау жағы кемшін деген тоқтамға келді. Бұл өз кезегінде географиялық білімнің деформациялануына соқтырады. Сонымен қатар қазір мектепте жұмыс істеп жүрген география пәні мұғалімдері бағдарламамен танысу барысында жеке тақырыптар бойынша оқу мақсаттары нақты қойылмағанына, логикалық ойлау мен білім алушылардың мотивациясын қалыптастыруға ғана бағытталғанын қаперге алды. Барлық кемшілікті негізге алған ұстаздар «География» пәнінің оқу мәні мен мақсатын, түпкі нәтижесін зерттеуді толық білмеудің салдары география ғылымын бейберекеттікке соқтырады деп дабыл қаға отырып, оқу бағдарламасында «Қазақстан Республикасының географиясы» курсын 8, 9-сыныптарда міндетті дербес жеке оқу пәні ретінде қалдыру қажеттігін ұсынды. Өйткені тарихын, тілін, географиясын терең меңгеруге мән берген елдерде ғана Отанға деген сүйіспеншіктің өрістейтіні анық.