Біз бірінші сыныпқа барған замандағы «Әліппе» оқулығында:Менің атым – Әліппе,Мені анаңдай дәріпте.Мені оқып ержеткен,Бауыржан да, Мәлік те, – деген өлең жолдары болатын. Орта мектепті бітіріп, Алматыға оқуға түскенімізде есімдері санамызда жатталып қалған Екінші дүниежүзілік соғыстың аталған әйгілі қаһармандарымен жақын танысып, әңгімелерін тыңдадық.
Ал Мәлік ағай бізге ҚазМУ-дың филология факультетінде бірінші курста халық ауыз әдебиетінен сабақ берді.
Ұлағатты ұстазымыз қазақтан алғаш шыққан Кеңес Одағының Батыры, халқымыздың тұңғыш КСРО Педагогика Ғылымдары Академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-ның ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, көрнекті жазушы, Абай атындағы ҚазПИ-дің он жылдан астам ректоры болғанына қарамастан, өте қарапайым, аса мейірімді, керемет кішіпейіл, биік парасатты адам болатын. Ол кісі оқуға жаңа түскен студенттер, бізбен сөйлескенде өзіміздің Бақаң, Бөке (Болатжан Абылқасымов), Черчилль, кейде Омеке (Омархан Құлахметов), Тәке (Тәңірберген Аймұратов), Мұха (Мұхтар Пернеқұлов), курс старостасы Мәкен Әлібаевты «болыс-бөлкей», «ауылнай», немесе «селсебет» деп ерекше ілтипатпен, көтермелеп сөйлейтін.
Онысы өзіне жарасып тұратын. Орыстың данышпан жазушысы Л.Н.Толстой: «Адамның ұлылығы – оның қарапайымдылығында», – дейді ғой, ол кісінің ұлылығының өзі осы қарапайымдылығында еді.
Мәлік ағай студенттердің сабаққа қатысымын аты-жөнін атап тексеріп, уақыт кетірмейтін. «Ауылнай» – старостадан сұрайтын. Соған сенім артатын. Оның үстіне ағайдың сабағы терең мазмұнды әрі өте қызықты өтетіндіктен, шәкірттері түгел қатысатын.
Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған әйгілі батыр-ұстаздың әрбір оқыған дәрісі бейне бір өмір сабақтарындай аса мазмұнды, өте әсерлі өтетін. Ол кісі ұстаз ретінде де, ақылгөй аға ретінде де үлкен әдіскер, тамаша тәрбиеші еді. Оған қоса, Мәкеңнің жүргізетін пәні кілең дидактикалық шығармалардан, халық ауыз әдебиетінің інжу-маржандарынан, жастарға үлгі-өнеге етуге, ақыл-кеңес беруге лайықты танымдық-тәрбиелік мәні зор туындылардан тұратын.
Ағайдың дәрістері фольклордың тарау-тарау тақырыптарына оңай ауысып жататын. Олар, тіпті бірінен-бірі өрбіп, бірінен-бірі туындап отыратын. Ұстаз бізге бәрін жатқа білетін адам секілді мүдірмей, жаңылмай баяндайтын. Мәселен, бірде:Баяғы өткен заманда,Дін мұсылман аманда,Жиделі Байсын жерінде,Қоңырат деген елінде,Байбөрі деген бай бопты,Төрт түлігі сай бопты, – деп «Алпамыс батыр» жырындағы Байбөрі мен Аналықтың құдайдан бала тілеп, «әулие-әнбиелерді қыдырып, етегін шеңгел сыдырып» аралағанын, содан тілектері қабыл болып бір ұл, бір қызды болғанын әңгімелесе, енді бірде:Ақсұңқар ұшар жем үшін,Туады ерлер ел үшін,Тоқтай алмай барамын,Ағайын-туған, ел үшін, – деп Алпамыстың елінің намысы мен жерінің бүтіндігі үшін алыс сапарға, жаумен соғысқа аттанып бара жатқанын, «ел намысы – ер намысы» болып табылатынын елжандылық, отаншылдық тәрбиемен ұштастыра түсіндіретін.
Ал «Қобыланды батыр» жырындағы бізге жатқа айтқызатын:Құбылып Бурыл гуледі,Табаны жерге тимеді,Көлденең жатқан көктастыТіктеп тиген тұяғыСаз балшықтай иледі, – деген үзіндідегі Тайбурылдың шабысының көркем суреті ауылдан келген біз секілді сарыауыз бозбалалардың делебесін қоздыратын.
Бұл жырларды бала кезімізден естіп-біліп өскенімізбен, жырға дәл мұндай ерекше көркемдік мән бере, тәрбиелік астарларын ажырата талдамаған болатынбыз. Мұны ұстазымыз жетекші сұрақтар қою арқылы өзімізді араластыра орындататын. Бүгінгі күні «жерден жеті қоян тапқандай» болып, айғайлай дәріптеп жүрген кембридждік тәсілдеріңіздің неше атасын – сабақта шәкірттерге салмақ салу, соларды сөйлету, оларды өзара пікір-сайысқа араластыру, еркін ойлауға тәрбиелеу секілді қазіргі жаңашыл әдістемелік ұстанымдарды Мәлік ағай сол кездің өзінде-ақ түрлендіре жүзеге асыратын. Ол кісі шындығында нағыз педагог, шынайы әдіскер болатын.Олай дейтінім, қаһарман ғалым, ұлағатты ұстазымыздың әрбір сабағы немесе әрбір семинар сабағы жаныңа майдай жағып, шәкірттеріне үлкен рухани азық беретін. Оның үстіне пәннің бүкіл бітім-болмысының өзі де мұғалімді игі мақсаттарды насихаттауға жетелейтіндей толған, тұнып тұрған дидактика еді. Бұл мәселелер сабақ үстіндегі тәрбие жұмыстарымен, нақтылы өнегелі мысалдармен жиі астасып жататын.
Бірде мынадай жағдай болды. 1968 жыл. Бірінші курстамыз. Мен ағайдың алғашқы сабақтарының бірінде, түскі 13:15-те басталатын дәріске жатақханаға орналасамын деп жүріп кешігіп келдім. Сабақ басталып кетіпті. Ұстаздан рұқсат сұрап, аудиторияға кіре беріп ем:– Қайда жүрсің? Неге кешігесің? – деп сұрақтың астына алды Мәлік ағай. Басым салбырап үнсіз тұрдым. Аты-жөнімді сұрады. Айттым.– Әкең бар ма?– Бар.– Қайда тұрады?– Ауылда.Туған жерімді, ауылымды айттым.– Соғыста болған ба?– Иә,.. алдымен Фин соғысында, кейіннен Германиямен соғыста болған. Екі рет аяғынан жараланған, – деп жауап бердім.Мәлік ағай қайыра:– Әкең қай жылғы? – деді маған жақындап қарап тұрып. Омырауында Кеңестер Одағы Батырының «Алтын жұлдыз» медалі жарқырап тұр екен.– 1907 жылғы, – деп жауап бердім қалпыма келіп.– Е-е, бәсе... Жасы менен үлкен екен... Шалдың баласы екенсің ғой. Жарайды онда. Шалдың баласына ұрыспай-ақ қояйын. Отыра ғой. Ендігәрі кешікпейтін бол, түсіндің бе?!Мен ұқтым дегендей басымды изедім де орныма барып отырдым. Ал жауынгер-ұстаз сонау жылдардағы сұрапыл соғыс, майдандас үлкенді-кішілі достары, онда қаза тапқан, Отан үшін жанын қиған ардагер азаматтар есіне түскен болуы керек, ауыр күрсініп, ойланып біраз үнсіз тұрды. Осы күні сол көрініс, әйгілі батырдың, академик-ғалымның жылы жүзбен маған еш зілсіз жасаған ескертпесі, сөйтіп, қалған студенттерге көрсеткен ұлағаты, одан үндемей ойланып, мен орныма отырғанша, ұзақ қарап, үнсіз тұрып қалғаны әлі көз алдымда. Тағы бірде Мәлік ағайдың тоқсан минуттық сабағының үзілісінде дәлізде старостамыз Мәкен, Мұхтар, Тәңірберген, Болатжан секілді курстас студенттермен бірге тұрдық. Мәлік ағай жақындап келіп, менің жасымды сұрады. Мен он алтыда екенімді айттым. – Осы сен баласың ба, жігітсің бе? – деді. Мен намысқа тырысып:– Иә, жігітпін, – дедім сенімді түрде, ойымда ештеңе жоқ. – Әкел қолды, міне жігіт! – деп дауыстап қолымды ұстап тұрып, дәлізде қаннен-қаперсіз көлденең өтіп бара жатқан курстасымыз Ақкенже Ахмедияроваға (әйгілі домбырашы, дәулескер күйші, Қазақстанның халық әртісі Қаршыға Ахмедияровтың кенже қарындасы):– Ақкенже, мына Бақтиярдың қолын ал, бұл – жігіт! – деді. Ақкенженің ойында ештеңе жоқ, менің қолымды алды да, лақ секілді секеңдеп аудиторияға кіріп кетті.
Мәлік ағайдың қалжыңының түп-төркінін түсінген жігіттердің бәрі мәз болысты. Ол кісінің астарлы әзілін, нені меңзеп отырғанын мен де түсінгендей болдым.
Мәлік аға керемет педагог, шебер дәріскер еді дейтінім, ол кісінің «Ақ қасқыр», «Үш ауыз сөз», «Жақсы әйел» атты терең мазмұнды ертегілері, жаңылтпаштары, жұмбақтары, шешендік өнер, жыр-дастандар, Асанқайғы, Жиренше шешен, Алдаркөсе, Қожанасыр туралы әңгімелері өте қызықты болатын. Ұстаз шәкірттерін жақын тартып, өзіндей көретін. Ағайдың әдемі әзілі, қазақи қағытпа қалжыңдары, ұтымды юморлары қатар жүретін. Онда да ол өз орнымен, ретімен шебер айтылатын.
Сабақ үстінде Мәлік ағай шәкірттерін жалықтырып алмайын деген оймен, олардың көңілдерін бір ауық сергітіп алу үшін өз басынан өткен кейбір естен кетпес жайттарды, қиян-кескі соғыс кезіндегі әсерлі оқиғаларды, майдан хикаяларын араластырып қоятын. Және ол әңгімелерінің тақырыптары да бірін-бірі еш қайталамай әр алуан нұсқада, сан салалы тәлім-тәрбиелік мақсатта айтылатын.
Қаһарман-ұстаз ана тілі мен әдебиетіміздің, ұлттық мәдениетіміз бен халықтық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлеріміздің шынайы жанашыры ретінде бұл жайттарға ерекше мән беретін. Оған күнделікті өмір тәжірибесінде де, сабақ барысында да үнемі назар аударып отыратын. Қазіргі таңдағы рухани жаңғыру, ұлттық құндылықтар, ұлттық код деген мәселелерге Мәлік ағай сол заманда айрықша көңіл бөлетін.
Мәлік ағай жаратылысы бөлек жан еді. Ол кісіге таңғалатыным, біздің жатақханамызға жиі баратын. Онда студенттердің жағдайын көріп, хал-жайымен танысатын. Курстың Мәкен, Мұхтар секілді «гроссмейстерлерімен» шахмат ойнайтын. Ойын арасында ортадағы үстел жанындағы кереуетімізге шалқасынан керіліп, омырауындағы «Алтын жұлдызы» жарқырап жатып: – Ой-хой, шіркін бойдақтардың төсегі қандай рахат! Иісі бұрқырап қиялыңа қанат бітіреді ғой, – деп қоятын. Оған бөлме жігіттері мәз болушы еді.
Біз бөлмеде «колхоз» болып ұйымдасып, өзіміз тамақ жасаймыз. Ағай содан дәм татып, шай ішіп, «Нағыз жауынгерлердің похлебкасы», «Ей, мыналарың «бойдақ» шай ғой», деп мақтап қойып, әңгімелесіп отыратын. Балалар ауылына қайтарында билет ала алмай қалса немесе жатақхана ала алмай қалған жағдайда Мәкең мүмкіндігінше көмектесетін. Біз, бәріміз, осылайша, Мәлік ағайдың көмегін, жақсылығын көріп, шарапатын сезіп өстік. Ол кісінің мейірім шуағына бөлендік. Ұстазымыз «неге бұлай болды» десек, ағай қан майданда әскерлерге саяси жетекші болыпты. Саяси жетекші – жауынгерлердің тілін таба білетін, оларды ерлікке, патриоттыққа, жауынгерлікке бағыттайтын әскери шенді қызмет. Сөйтіп, бұл ағайдың сол сұрапыл соғыс жылдарында қалыптасқан үйреншікті әдетіне айналыпты.
Мәлік ағайдың маған «Біздің Бақаң», «Өзіміздің Бақаң ғой», «Шалдың баласы» деп жақын тартып атап жүргені, ол кісінің қан майданда менімен аттас Бақтияр Меңдіғазин деген ерлікпен қаза тапқан жан досы болыпты. Ол соғысқа аттанғанға дейін еліміздің бас басылымы «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетінде және Қазақстан Жазушылар одағында жауапты қызметтер атқарған екен. Ұстазымыз қарулас досы жайлы «Өзіміздің Бақаң ғой» деген әңгіме жазғанын кейіннен оқып-біліп жүрміз. Сол әңгімесін: «Бақтияр майданнан елге қайтпаса да, ерлігімен өзіне ескерткіш орнатқан адам. Біз оның Отан үшін жасаған бұл ерліктерін әр уақытта еске алып, ерлік иесіне мәңгі бас иеміз», –деп аяқтапты Мәлік ағай.
Сол кезде Мәлік ағаның жасы небәрі елу үште ғана екен жарықтық. Ал бізге, студентерге, әрине, аса үлкен көрінетін. Оның әкеміздей қамқорлық таныта «айналайындар», «қарақтарым» деген жан жылытар жақсы сөздеріне қарап, біз шынында да ағайды егде кісі екен деп ойлайтынбыз.... Қайран Мәлік ағай! Өзі айтатындай, жүректің ауруынан біз университет бітіретін 1973 жылғы 2 қаңтарда, 58 жасында өмірден өтті. Атақты батырдың алып жүрегі, оны «тал түс» – алпысқа да жеткізбеді.
Халқымыздың қадірменді ұлдарының бірі – Мәлік ағайдың игі қасиеттері, өнегелі істері, ғибратты үлгі-өнегелері, оқулықтары, оқу-құралдары туралы күнді-күнге ұластырып айтуға, ғылыми мақалалар, зерттеулер жазуға болады. Оның бәрін бір мақалада толық қамту, әрине, мүмкін емес. Ұлағатты ұстаз, көрнекті ғалым жайлы оннан астам мақаламыз бен ол кісінің 100 жылдығына орай, осыдан бес жыл бұрын «Ұлағат» баспасынан шығарған 2 томдық «Мәлік Ғабдуллин» атты тарихи-танымдық кітабымызда біраз жайларды қамтуға әрекет еттік. Мәлік ағайдың жанындай жақсы көретін аға-досы даңқты қолбасшы, атақты баһадүр Баукең (Бауыржан Момышұлы) айтпақшы: «Мәліктің ғалымдық, педагогтік еңбегі өз алдына, ол кешегі қан майданда ел қорғаған ер, батыр емес пе?! Ол – Халық батыры... Түсінсеңдер, марқұм Мәлікті сыйлау – ол үшін емес, ұрпақ үшін керек. Оның өмірі жастарымызға патриоттық, интернационалдық тәрбие берудің өзінше бір мектебі!». Рас сөз.
Бақтияр СМАНОВ,ҰҒА академигі,педагогика ғылымдарының докторы, профессор