Биылғы тышқан жылы өзге сала өкілдері сияқты спортшыларымызға да оңай соққан жоқ. Әлемді шарпыған індет салдарынан жылдың бірқатар маңызды жарысы мен талай додасы кейінге шегеріліп, тіпті кейбір бәсекелер өтпей де қалды. Егер Жер шарының тұрғындары қалыпты жағдайда өмір сүргенде, бәлкім, жаз мезгілінде Токио Олимпиадасында топ жарған өрендеріміздің тұғырлы жеңісін жарыса жазып, сол додада ерекше өнерімен дараланған жаңа қаһармандарға қол соғатын едік. 2020 жылға жоспарланған футболдан қарт құрлықтың жаңа чемпиондарын анықтап, допты ұршықша иірген таланттардың өнеріне тәнті болатын едік. Дегенмен қазақстандық өрендер пандемияға дейін де, вирустың таралуы бәсеңдеген уақытта да бірқатар маңызы зор жарысқа, құрлықтық деңгейдегі додаға және басқа да толып жатқан халықаралық турнирлерге қатысып, жүлделі орындардан көрінді. Сонымен қатар жеңілістен жігеріміз жасып, көңіліміз құлазыған сәттер де аз болған жоқ.
2020 жылғы қазақ спортының жылнамасындағы алғашқы жеңіс пен алтын жүлдені ел қоржынына параллельді могулдан Қазақстан командасының мүшесі Анастасия Городко салды. 13 қаңтарда Швейцарияда ұйымдастырылған фристайлдан Еуропа кубогында жерлесіміз барлық қарсыласын басып озып, алтын жүлдеге қол жеткізген-ді. Екінші орынға Нидерланд, үшінші орынға Аустрия спортшысы тұрақтады.
Сонымен қатар теннисші Елена Рыбакина екі айда WTA санатындағы төрт ірі жарыстың финалына шығып, біреуінде топ жарды. Мәселен, Қытайдың Шэньчжэн қаласында өткен WTA турнирінің финалына дейін жетті. Жүлде қоры 750 мың АҚШ долларын құраған жарыстың финалдық бәсекесінде Рыбакинаның жолы әлемнің сол кездегі 34-ракеткасы Екатерина Александровамен түйісті. Бұл бәсеке 6:2, 6:4 есебімен ресейлік теннисшінің жеңісімен аяқталды.
Санаулы күндерден соң Аустралияның Хобарт қаласында өткен WTA турнирінде отандасымыздың бағы жанып, халықаралық жарыста топ жарды. Финалда ол әлемнің 40-ракеткасы Чжан Шуайды (Қытай) жеңді. Тартысқа толы өткен бәсекеде отандасымыз екі сетте 7:6 (9:7), 6:3 есебімен жеңіске жетті. Бұдан кейін ол Ресейдің Санкт-Петербург қаласында жүлде қоры 848 мың АҚШ долларын құраған WTA Premier турнирінің финалында өнер көрсетті. Бас жүлде үшін өткен бәсекеде жерлесіміз Нидерланд өкілі Кики Бертенспен кездесіп, екі сетте 6:1, 6:3 есебімен жеңіліп қалды. Дәл осы бәсекеден кейін ол әлемдік рейтингте 19-орынға көтерілді. Бұл – Қазақстан теннисі тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Өйткені бұған дейінгі ең үздік нәтижеміз 25-орын еді. Бұл нәтижеге 2012 жылы Ярослава Шведова қол жеткізген-ді. Сөйтіп Рыбакина Қазақстан теннис тарихының жаңа парағын ашты.
Ақпан айында тек Рыбакина ғана емес, ауыр атлет Рахат Бекболат пен балуандарымыз Данияр Қайсанов, Юсуп Батырмұрзаев, Тамерлан Шадукаев, қыздарымыз – Татьяна Аманжол мен Жәмила Бақберген де ел мерейін асырды.
Ташкентте өткен жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жас Бекболат 102 кило салмақта бақ сынап, қоссайыс бойынша 356 кило зілтемірді еңсеріп, Азия чемпионы атанды. Жұлқа көтеруде 158 кило көтерсе, серпе көтеруде 198 килоны бағындырып, әлемдік рекорд орнатты. Ал жыл соңына қарай Перу астанасы – Лимада ұйымдастырылған ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы онлайн форматтағы Әлем кубогы жолындағы жарыста да Р.Бекболат асқан шеберлік танытып, дүйім жұрттың назарын өзіне аударды. Қоссайыс қорытындысы бойынша 319 (140+179) килолық нәтижемен бас жүлдені олжалады. Қандасымыз күміс медальды иеленген әзербайжандық Әли Шүкірліден бақандай тоғыз кило артық көтерді.
Күрес түрлерінен Делиде өткен додада 74 кило салмақта өнер көрсеткен қандасымыз Данияр Қайсанов іріктеу кезеңінде Ирак өкілі Карам Шәкір Махмұт (10:0) пен жапониялық Дайши Такатаниді (9:4) тізе бүктіріп, финалда жарыс қожайыны Житендер Житендерді (3:1) жеңді. Осылайша, Қайсанов екінші мәрте Азия чемпионы атанды. Бұған дейін ол 2019 жылы Сианьда топ жарған болатын. Сонымен қатар еркін күрес балуаны Юсуп Батырмұрзаев та Үндістанда еліміздің әнұранын шырқатты. Аса ауыр салмақта белдескен жерлесіміз тәжікстандық Фархад Анақұлов, үндістандық Сатендер Сатендер және ирандық Парвиз Хадибасманиді ұтты. Финалда Моңғолияның мықтысы Худербулга Дорджхандпен жолы қиысып, нәтижесінде жерлесіміз қарсыласына бірде-бір ұпай бермей, айқын жеңісінің арқасында Азияның теңдессіз балуаны деп танылды.
Ал грек-рим күресінде 77 кило салмақта күш сынасқан Тамерлан Шадукаев бастапқы бәсекелердің барлығында күмәнсіз жеңгенін, жартылай финалда иорданиялық Сұлтан Әли Мохд Дамен Эйдтің қалай тас-талқанын шығарғанын бүкіл жанкүйер көрді. Ал финалдық сайыста ол Иран балуаны Педжман Поштамды 10:1 есебімен ұтып, Азия чемпионы атанды.
Қыздар бәсекесінде Татьяна Аманжол (53 кг) финалда екі дүркін әлем чемпионы (2019, 2018), бір мәрте Азия біріншілігінде топ жарған жапониялық Маю Мукаидан айласын асырып, алтыннан алқа тақты. Сондай-ақ 72 килодағы Ж.Бақбергенова да финалдық сайыста жапониялық қарсыласы Мей Шиндоны жеңіп, Азияның үздік балуаны атанды. Аталған жарыста жерлестеріміз 5 алтыннан бөлек, 2 күміс және 12 қола медаль жеңіп алғанын да айта кетейік. Осылайша, күрестің үш түрі бойынша да еліміздің ұлттық құрамасы сары құрлықтағы ең үздік командалардың санатына қосылды.
Наурыз айында бокстан Қазақстан командасы 2020 жылғы Токио Олимпиадасына жолдама беруші турнирде бақ сынап, Ғалымбек Кенжебаев шәкірттері төрт жылдықтың басты додасына толық құрамда қатысуға мүмкіндік алды. Иордания астанасы – Амман қаласында ұйымдастырылған бәсекеде Сәкен Бибосынов (52 кг), Серік Теміржанов (57 кг), Зәкір Сафиуллин (63 кг), Абылайхан Жүсіпов (69 кг), Әбілхан Аманқұл (75 кг), Бекзат Нұрдәулетов (81 кг), Василий Левит (91 кг) және Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кг), ал қыздардан Надежда Рябец (75 кг) жолдамаға қол жеткізді.
Велоспортшылар арасында бейресми әлем чемпионаты саналатын «Тур де Франс» көпкүндігінің биылғы бәсекесі «Астана» велошабандоздары үшін табысты болды деп айтуға толық негіз бар. Өйткені жерлесіміз Алексей Луценко жарыстың алтыншы кезеңінде жеңіс тойын тойлады. Қазақстандық велошабандоз 191 шақырымды 4 сағат 32 минут 34 секундта жүріп өтті. Бір айта кетерлігі, бұл – Алексей Луценконың «Тур де Франстағы» алғашқы жеңісі. Ол отандастарымыздың арасынан айтулы жарыстың белгілі бір кезеңінде топ жарған екінші спортшы атанды. Бұған дейін Александр Винокуров жеңіске жеткен болатын.
Олимпия ойындарының бағдарламасына еніп, Токио төрінде алғашқы чемпиондарын анықтайтын каратэ жанкүйерлері үшін жыл жағымды жаңалықпен басталды. Қазақстан командасының капитаны, Премьер-лига кезеңдерінің бірнеше дүркін жеңімпазы Дархан Асаділов біздің спортшылар сапынан алғаш болып Олимпиада лицензиясын иеленді. 67 килоға дейінгі біріккен салмақ дәрежесінде сынға түсетін Дархан Олимпия ойындарына мерзімінен бұрын лицензия ұтып алды. Төртжылдық додасына іріктеу кезеңі әлі аяқталмаса да, Асаділов Токио Олимпиадасына қатысу мүмкіндігін иеленіп отыр. Себебі, олимпиадалық рейтингтің көш басында келе жатқан Дарханды жақын арада ешкім қуып жете алмайды.
Биыл спорттық гимнастика спортшылары індетке байланысты бар міндетті жоғары дәрежеде орындай алған жоқ. Мәселен, карантинге дейін Аустралияда өткен Әлем кубогы кезеңінде Милад Карими күміс медаль, Әзербайжандағы додада спортшыларымыз төрт жаттығу бойынша финалға жолдама алғанымен пандемияға байланысты ұйымдастырушылар финалдық бәсекені өткізген жоқ. Ал карантин шаралары жеңілдетілген соң қайта жалғасқан Мажарстандағы Әлем кубогында Нариман Құрбанов гимнастикалық ат снарядындағы жаттығудан жеңіске жетсе, Милад Карими қоссырық пен гимнастикалық кермедегі жаттығуда күміс жүлдегер атанды.
Жылдың жеңісті нүктесін кәсіпқой бокста атой салып жүрген жерлесіміз Геннадий Головкин қойды. АҚШ-тың Флорида штатында орналасқан Hard Rock Holly казино-қонақүйінде өткен бокс кешінің басты жекпе-жегінде Польшаның мықтысы Камил Шереметаны мерзімінен бұрын жеңіп, орта салмақта IBF және IBО нұсқалары бойынша әлем чемпионы атағын сәтті қорғады. Сонымен қатар әлем чемпионы атағын қорғау жағынан рекорд жаңартып (21 мәрте), кәсіпқой бокс тарихына өз есімін тағы бір рет алтын әріптермен жаздырды. Бұған дейінгі рекорд Бернард Хопкинске тиесілі болатын. Ол өз атағын 20 рет қорғаған еді.
Десек те, биыл «əттеген-ай» деген кездеріміз де аз болған жоқ. Мəселен, Швейцарияның Лозанна қаласында алауы тұтанған жасөспірімдер арасындағы ІІІ қысқы Олимпия ойындарында жерлестеріміз бірде-бір жүлде ала алмай, жанкүйер көңіліне селкеу түсірді. Сонымен қатар командаларымыз футболдан Еурокубок бәсекелерінің алғашқы айналымдарында-ақ сәтсіздікке ұшырады. Ол аздай, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Ұлттар лигасында сүреңсіз ойнап, өз тобында соңғы орында қалып қойды.