• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Пікір 01 Қаңтар, 2021

Қажыр-қайратымыз артсын

282 рет
көрсетілді

2020 жыл Қазақстанның ғана емес, әлемнің тарихында ең бір ауыр, күрделі және дүние халқын сынаған жыл болды. Мұның бәрі коронавирус пандемиясына байланысты екені түсінікті. Бірақ ел даналығы: «Қатты жерде қақ тұрар, қайратты ерде бақ тұрар» дейді. Қазақстан 16 наурыздан бастап әлемдік дертке қарсы қайратын көрсетті.

Еліміз үшін аса қиын 90-жылдардың басында дара­лы­ғы мен даналығы тең Нұрсұлтан Әбішұлы: «Біз қиын-қыс­тау сындарда да өзіміздің жа­уын­герлік даңқымызға дақ түсір­ме­ген халықпыз» деген еді. Жалпы «жауынгерлік» деген ұғымды кең мағынада түсінуіміз керек. Егер азаттық деген талап болмаса, елдің бақыты жолында маңдай тер төгілмесе, келесі жылы 30 жылдық торқалы тойы аталып өтетін Тәуелсіздік болар ма еді?

Жауапты жылдарда Елбасы: «Тәуелсіздік туын тігуге қан­шалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап алуға соншалықты қажыр-қай­рат керек» деп жазған еді. Бұл сөз бүгін де көкейкесті. Ұлт көшбасшысы билік сабақ­тастығына айрықша мән беріп келеді. 2020 жылы Елбасы таңдауы мен халық таңдауы үйлескен тұлға – Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшысы болғанына да бір жыл толды. Халықаралық деңгейдегі дипломат, Қазақстан мен әлемнің жауапты да лауазымды қызметтері мектебінен өткен жаңа басшы халық үмітін ақтап келеді. Бұған кешегі Арыс пен Сардоба зардаптарын шұғыл жоюдағы көшбасшылық ісі, пандемияға қарсы күресте билік пен барша әлеуметті сауатты жұмылдыруы дәлел.

Елімізде тұңғыш рет «Пе­да­гог мәртебесі» туралы заң қа­был­данып, мұғалім атау­лының беделі көтеріліп келеді. Мына жойқын індет кезінде медицина қызметкерлерінің шынайы орнын, мәртебесін ұққандай болдық. Бірақ оларды да заңдық тұрғыдан қолдау мен қорғау күн тәртібінде тұр.

Ал ғылым адамына келсек, олар – қоғамның шам­шырағы. Бүгінгі инновация мен технологиялық жаң­ғы­ру­лар тек қана ғылымның арқа­сында жүзеге асады. Бұл ретте отандық ғылымға мемлекеттік қамқорлық пен мемлекетшіл жауапкершілік қажет-ақ. Білім және ғылым министрлігінің ғылыми грант санын көбейткені, сондай-ақ «Үздік ғылыми қызметкер» атты қомақты қаржысы бар байқау жариялауды ойластырып жатқаны – қуанышты жағдай. Сөйте тұра Ұлттық ғылым ака­демиясының мәртебесі мен маңызына жаңаша қарау мәсе­ле­сі әлі күн тәртібінде тұр. Халық және зиялылар академик Қаныш Сәтбаев негізін қалаған ғылыми құрылым ғылымның басым бағыттарын анықтайтын, сонымен бірге нәтижесін сараптайтын толыққанды мекеме болса дейді. Президент Қ.К.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты ұстанымы осы ұсыныспен сәйкес келеді деп санаймыз.

­Мен – географ-экологпын. Бұл мамандықтың маңызы дәл бүгін бұрынғыдан да өткір деп есептеймін. Ел мен жер тұтастығына, Қазақстанның төрт тарапының да нығаюына, шекарасының шегенделе тү­суіне география ғылымы жа­уапты екенін жақсы түсінеміз. Осы бағытта шәкірттерімді жұмылдырып та жатырмын. Ал экологияға келсек, Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматының төбесінен түнерген бұлт, лас ауа бәрімізді қатты тол­ғандырады. Әкімдіктер, тәртіп пен құқық органдары кө­ліктен шығатын улы газдарды реттейтін қатаң ереже бекітпей болмайды. Оның орнына экологиялық таза көлік­терді енгізу – қай жағынан да арзан және қайтарымы мол жоба.

Жыл қорытындысы біразы­мыз­ды қуантты, біразы­мыз­ды үміттендірді. Бірақ «ештен кеш жақсы» деген, төгілген тер түбі ақталады. Былтыр мемлекет мені «Барыс» орденімен марапаттады. Бұл жеке өзімнің ғана табысым емес, жоғары білімнің, география-экология ғылымы саласының табысы деп білемін.

Біз 2021 жылдың нәтижелі болуына көп үміт артамыз. Мемлекет басшысы бұл жылды «Тәуелсіздіктің 30 жыл­дығы» деп белгіледі. Бұл – шы­нында тарихи меже. Ен­деше Тәуелсіздігіміз тұғыр­лы, еңбегіміз мығымды, ақыл-ойымыз айдынды, күш-қуаты­мыз айбарлы болғай.

 

Әлия БЕЙСЕНОВА,

ҰҒА академигі, «Барыс» орденінің иегері