Өткен жыл отандық кәсіпкерлерге сынақ кезеңі болған-ды. Мемлекет тарапынан оларға барынша қолдау көрсетілді. Ел Президентінің тікелей тапсырмасымен қолға алынған қолдау шаралары өз жемісін берді де.
Коронавирустың ел аумағында жедел таралуына байланысты 2020 жылғы 15 наурызда Мемлекет басшысы республикада төтенше жағдай енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Іле экономиканы тұрақтандыру жөніндегі шаралар қабылданды.
Ұлттық экономика министрлігінің ресми мәліметтеріне сүйенсек, 2020 жылғы 16 наурыз – 15 маусым аралығында екінші деңгейлі банктерден несие алған 12,5 мың шағын және орта бизнес субъектісінің 165 млрд теңге көлеміндегі кредитін төлеу мерзімі кейінге қалдырылды. Бұл жеңілдікті банктерден несие алған 30 мың субъектінің шамамен 40 пайыздан астамы пайдаланды.
Елдегі жағдай ескеріле отырып, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасындағы салалық шектеулер алынып тасталды. Сөйтіп кез келген шағын және орта бизнес субъектісі бағдарламаға қатысып, жеңілдетілген қаржыландыруға қол жеткізуге мүмкіндік алды. Бір кәсіпкерге берілетін несиелік қолдау мөлшері 7 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Айналым қаражатын толықтыруды қаржыландыру 500 млн теңгеге дейін кеңейді. Сондай-ақ шағын кәсіпкерлік субъектілеріне шағын несие берудің жаңа құралы енгізілді. Кепілдік беру құралы бойынша сома 1 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды.
2020 жылғы 20 желтоқсандағы жағдайға сәйкес, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында субсидиялау құралы бойынша 358 млрд теңгенің 3 227 жобасы, кепілдік беру құралы бойынша 237 млрд теңгенің 5 689 жобасына қол қойылған. Сондай-ақ бағдарлама шеңберінде экономиканың зардап шеккен секторларында 12 ай кезеңінде шағын және орта бизнестің барлық қолданыстағы кредиттері бойынша жылдық 6 пайызға дейінгі пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау көзделген.
2021 жылдың соңына дейін 800 млрд теңгеге 8 пайыздық мөлшерлеме бойынша шағын және орта бизнесті жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы жұмыс істейді. 2020 жылғы 20 желтоқсандағы жағдай бойынша бағдарлама аясында 492 млрд теңгеге 4 962 қарыз берілген.
Ұлттық экономика министрлігі пандемияға байланысты қалыптасқан жағдайды ескере отырып, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша кредиттеудің жалпы көлемі 400 млрд теңгеден 1 трлн теңгеге дейін ұлғайғанын айтады. 2020 жылғы 20 желтоқсандағы жағдай бойынша бағдарлама аясында 462 млрд теңгеге 2 038 жоба мақұлданып, қаржыландырылған.
Сонымен қатар пандемияға байланысты салықтық жеңілдіктер де жасалды.Атап айтқанда, 2020 жылдың соңына дейін ірі сауда нысандары, сауда ойын-сауық орталықтары, кинозалдар, театрлар, көрмелер және спорт нысандары мүлік салығын төлемейтін болды.
Салық салудың жалпыға бірдей белгіленген тәртібімен жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер де жыл соңына дейін жеке табыс салығынан босатылды. Агроөнеркәсіптік кешенді қолдау мақсатында ірі қара мал мен асыл тұқымды балапандарды қамтитын биологиялық активтерінің импортына қосымша құн салығы салынбайтын болды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге жер салығын төлеуден босатылды.
Бұдан бөлек, бағаның өсуін тежеу үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары үшін қосымша құн салығының мөлшерлемесі 2020 жылдың 1 қазанына дейін 12 пайыздан 8 пайызға дейін төмендетілді. Қоғамдық тамақтану, қонақүй және туристік қызмет салаларында жұмыс істейтін салық төлеушілерді жыл соңына дейін мүлік салығынан босату белгіленді. Қазақстан Республикасының аумағында бензин, дизель отыны бойынша акцизделетін тауар өндірушілер акциз төлеуден босатылды.
Салықтық әкімшілендіру шаралары да қабылданды. Соның нәтижесінде 2020 жылғы 1 маусымға дейін шағын және орта бизнес субъектілері үшін барлық салықтар мен бюджетке төленетін міндетті төлемдерді және әлеуметтік жарналарды (жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, қызметкер үшін әлеуметтік және медициналық сақтандыру) төлеу, сондай-ақ салықтық, кедендік және әлеуметтік төлемдер бойынша берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу кейінге қалдырылды. Бизнеске фискалдық қысымды төмендету мақсатында төтенше жағдай кезеңінде салықтық тексерулер тоқтатылды.
Микро, шағын, орта бизнес субъектілері үшін 2020 жылғы 1 сәуірден бастап 1 қазанға дейін, ірі бизнес субъектілері үшін 1 шілдеге дейін еңбекақы төлеу қорынан салықтың және басқа да міндетті төлемдердің нөлдік мөлшерлемелері белгіленді.
Ұшуды тоқтата тұру кезеңінде инфрақұрылымды қолдау және жұмыс орындарын сақтау мақсатында барлық әуежайлар ағымдағы жылғы 1 сәуірден 1 қазанға дейін мүлік салығынан босатылды. Әуе кемелерінің лизинг мәмілелеріне техникалық қызмет көрсету және заңдық сүйемелдеу бойынша резидент еместер үшін қосылған құн салығын төлеуді жыл соңына дейін кейінге қалдыру ұсынылды.
Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты жұмыс көлемінің төмендеуін ескере отырып, жеке практикамен айналысатын адамдар (нотариустар, адвокаттар, сот орындаушылары, медиаторлар) ағымдағы жылғы 1 қазанға дейін мүлік салығынан босатылды. Медицина қызметкерлерін қолдау мақсатында эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған қызметкерлерге еңбекақы төлеу қорынан барлық салықтар мен әлеуметтік төлемдерден үстемеақылар алынып тасталды.
Салық төлеушілерге ыңғайлы болу үшін 2019 жылғы міндеттемелер бойынша салық есептілігі нысандарын ұсыну мерзімі 2020 жылғы 31 наурыздан 2020 жылғы 31 мамырға ауыстырылды.
2020 жылғы 1 маусымнан 2020 жылдың соңына дейінгі кезеңде тау-кен металлургия кешені кәсіпорындары үшін қосымша құн салығын автоматты түрде қайтару (тексерусіз қайтару) мөлшері 70 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтылды. Тау-кен металлургия кешенінің кәсіпорындары үшін корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдердің 33 пайызын 2020 жылдың екінші және үшінші тоқсанынан 2021 жылғы 10 сәуірге ауыстыру көзделген.
Азаматтық авиация саласына экономиканың ең көп зардап шеккен секторларының бірі ретінде салықтық жеңілдіктер берілді. Дәлірек айтсақ, 2020 жылдың соңына дейін ұшақтарға қосалқы бөлшектер импортына қосымша құн салығы алынып тасталды. 2020 жылдың соңына дейін әуежайлардың жер салығын және жер учаскелерін пайдалану төлемақысы жойылды.
Тұтастай алғанда, аталған шараларды қабылдау әуежайлардың инфрақұрылымын қолдауға, жұмыс орнын сақтауға және экономикалық өсуді қалпына келтіруге бағытталды.
Дер кезінде жасалған қадамдардың тиімді болғанына куә болып отырмыз. Қабылданған шаралардың нәтижесінде бизнес субъектілері айтарлықтай үлкен шығынға ұшырамай, негізгі өсімді сақтап қала алды. Бұл кәсіпкерлердің мемлекет қолдауын нақты сезінген кезең ретінде есте қалды.