Кібісе жылы сияқты әр төрт жылда бір келетін Олимпия ойындары 2020 жылдың басты спорттық жарысы болуы керек еді. Алайда адамзат үшін қауіп-қатерге толы болған тышқан жылы Токио Олимпиадасына кері әсерін тигізіп, өз уақытынан бір жыл кеш өтуіне мәжбүр етті. 2019 жылдың желтоқсанында Қытайда тараған коронавирус инфекциясы сонау Екінші дүниежүзілік соғыстан бері тоқтаусыз өтіп келе жатқан жазғы Олимпия ойындарына да тұсау салды.
Осылайша әлемдік пандемияға байланысты өткен жылдың наурыз айында Халықаралық Олимпиада комитеті төрткүл дүние көз тіккен жылдың басты додасын 2021 жылға ауыстыру туралы шешім қабылдады. ХОК президенті Томас Бах әлемдегі ахуалға байланысты осындай шешімге келгенін айтып, бар әлем спортшыларымен бірге коронавирусты жеңетінімізге сенім білдірді. Олимпиада бір жылға шегерілсе де, жарыс атауы мен медальдар дизайны ауысқан жоқ. Биылғы дода тарихта «Токио-2020» болып қала бермек. Жазғы Олимпия ойындары 2021 жылдың 23 шілдесі мен 8 тамызы аралығында өтеді.
Әуелгі жоспар бойынша жаһанның басты жарысын Токионың 13 ауданында орналасқан спорт кешендері қабылдайды. Онда əлемнің түкпір-түкпірінен жиналатын спортшылар 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығын сарапқа салады. Сонымен қатар Токиодағы Олимпия ойындарының бағдарламасына жаңадан бес спорт түрі қосылғаны баршаға белгілі. Атап айтар болсақ, бейсбол/софтбол, каратэ, серфинг, спорттық шыңға өрмелеу жəне скейтбординг. Биылғы додаға əлемнің 206 елінен 11090 спортшы қатысады деп жоспарланған. Спортшылардың 49%-ы əйелдер болмақ. Бұл гендерлік теңдікті білдіреді. 2017 жылы Халықаралық Олимпиада комитетінің атқарушы комитеті кезектен тыс бас қосып, Токио Олимпиадасының бағдарламасына біршама өзгеріс енгізді. Басты мақсат – төрт жылдық дүбірлі додаға қатысатын ерлер мен əйелдердің санын теңестіру. Сөйтіп жеңіл атлетика, су спорты түрлері, нысана көздеу, ауыр атлетика, бокс жəне күрес түрлеріндегі ерлер жолдамаларының (лицензиялар) саны қысқарып, əйелдердің үлесіне берілді.
Жапония дүбірлі доданы осымен екінші рет қабылдамақ. Күншығыс елі ең алғаш жазғы Олимпия ойындарын 1940 жылы өткізуі керек еді. Алайда елдегі саяси жағдайға байланысты билік 1938 жылдың күзінде Олимпиаданы өткізуден бас тартатынын мәлімдеді. 1940 жылғы Олимпиада кейін Хельсинкиге ауыстырылғанымен 1939-1940 жылдардағы кеңес-фин соғысына байланысты бұл Олимпиада түбегейлі өткізілген жоқ. Ал Екінші дүниежүзілік соғысқа байланысты 1944 жылы Лондонда Олимпия ойындары да ұйымдастырылмады.
Бұл оқиғадан кейін араға 24 жыл салып Күншығыс елі Олимпиаданы өткізуге тағы бір мүмкіндік алды. 1964 жылғы жазғы Олимпия ойындарында әлемнің 93 елінің спортшылары бақ сынап, спорттың 19 түрінен жүлделерді сарапқа салған-ды. Ол уақытта қазақстандық спортшылар Кеңес Одағының құрамында бақ сынаса, биыл тəуелсіз ел ретінде жетінші рет жазғы Олимпия ойындарына қатыспақ.
Қоржында әзірге 42 жолдама бар
Бүгінге дейін бірқатар халықаралық іріктеу турниріне қатысқан саңлақтарымыз Токио Олимпиадасына 42 лицензия жеңіп алды. Ең көп жолдама боксшылар мен балуандарға тиесілі. Былғары қолғап шеберлерінің еншісінде әзірге 9 жолдама болса, бозкілем өкілдерінде 8 лицензия бар. Атап айтар болсақ, боксшылардан Сәкен Бибосынов (52 кг), Серік Теміржанов (57 кг), Зәкір Сафиуллин (63 кг), Абылайхан Жүсіпов (69 кг), Әбілхан Аманқұл (75 кг), Бекзат Нұрдәулетов (81 кг), Василий Левит (91 кг) және Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кг), ал қыздардан Надежда Рябец (75 кг) Токио додасында бақ сынайды.
Әйелдер күресінен Валентина Исламова (50 кг), Эльмира Сыздықова (76 кг), грек-рим күресінен Мейрамбек Айнағұлов (60 кг), Асхат Ділмұхамедов (77 кг) және еркін күрестен Нұрислам Санаев (57 кг), Дәулет Ниязбеков (65 кг), Данияр Қайсанов (74 кг) пен Әлішер Ерғали (97 кг) Олимпиада жолдамасына қол жеткізген болатын. Балуандардың барлығы жолдаманы 2019 жылы елордада өткен жаһандық біріншілікте жеңіп алғанын да айта кетейік.
Кейінгі орындарда – тас жолдағы велоспорт және садақ атудан Қазақстан ерлер командасы. Велоспорт бойынша жолдама тек командаға берілетін болған соң әзірге Олимпиадаға қай спортшының баратыны белгісіз. Бапкерлер құрамы бағы мен бабы келісіп тұрған төрт велошабандозды бәсеке жақындағанда іріктеп алады. Садақ атудан Қазақстан ерлер командасынан Денис Ганькин, Ильфат Абдуллин, Санжан Мұсаев бақ сынайды. Сонымен қатар Нидерландта өткен әлем чемпионатында осы үш спортшымыз командалық жарыста үздік 6 құраманың қатарына енгені үшін командалық сайыс бойынша тағы бір жолдама иеленді.
Жеңіл атлетика және тректегі велоспорт өкілдеріне үш жолдама тиесілі. Барған жарысынан жүлдесіз қайтпайтын талантты жеңілатлет Ольга Рыпакова биыл өзінің төртінші Олимпиадасына қатыспақ. Ол бұған дейінгі үш Олимпиадада тұғырдан көрінген болатын және де спорттық жүріс бойынша Георгий Шейко, Айман Ратова ел намысын қорғайды. Тректегі велоспорт жарысы бойынша жолдама командаға берілетіндіктен, бұл жерде де Олимпиадаға кім баратыны белгісіз.
Қазіргі бессайыс (Елена Потапенко және Павел Ильяшенко), синхронды жүзу (Екатерина жəне Александра Немич) мен жүзу спортшыларында (Дмитрий Баландин (100, 200 метрге брасс əдісімен жүзу) екі-екіден жолдама бар.
Ал ашық суда жүзу (Виталий Худяков), нысана көздеу (Юрий Юрков), стенд ату (Сəрсенкүл Рысбекова), спорттық шыңға өрмелеу (Ришат Хайбуллин), спорттық гимнастика (Милад Карими) және каратэ (Дархан Асаділов) спортында жалғыз лицензия бар. Бұл тек бүгінге дейін иеленген жолдама саны. Әлі осы жылы спортшыларымыз бірталай іріктеу сайыстарына қатысады. Солар арқылы тағы бірнеше атлетіміздің бағы жанатынына сенгіміз келеді.
Жолдамалардың үлес санын аймақтарға бөлер болсақ, 6 лицензия жеңіп алған Алматы облысы жеке-дара көш бастап тұр. Алматы қаласы 5 жолдамамен екінші, Шымкент пен Нұр-Сұлтан қаласы 4 жолдамамен үздік үштікті түйіндеп тұр.
Ал Қарағанды және Ақтөбе облысының қоржынында – 3, Шығыс Қазақстан мен Қызылорда облысында – 2, Батыс Қазақстан, Павлодар, Түркістан, Маңғыстау, Қостанай және Жамбыл облыстарында бір-бірден жолдама бар. Ақмола, Атырау және Солтүстік Қазақстан облысының спортшыларының қарқыны баяу болып тұр. Яғни, бұл облыстардың еншісінде әзірге жолдама жоқ.
Олимпиадада кімдерден үміт күтеміз?
Олимпия ойындарына іріктеу кезеңдері әлі де жүріп жатқан соң, дәл қазір алдын ала болжам жасау өте қиын. Десе де жолдама алып қойған спортшылар арасында әлбетте, ең бірінші боксшыларымызға сенім артамыз. Арыға бармай-ақ тәуелсіздік алған жылдан бері қатысқан жазғы Олимпия ойындарын алар болсақ, былғары қолғап шеберлері бірде-бір рет елге жүлдесіз қайтпағанын жақсы білеміз. Мәселен, 1996 жылғы Атлантада 1 алтын, 1 күміс, 2 қола, 2000 жылы Сиднейде 2 алтын, 2 күміс, 2004 жылы Афинада 1 алтын, 1 күміс, 1 қола, 2008 жылы Бейжіңде 1 алтын, 1 қола, 2012 жылы 1 алтын, 1 күміс, 2 қола және 2016 жылғы Рио Олимпиадасында 1 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль еншілеген.
Жуырда Афина Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев Олимпия ойындарына болжам жасап, қазақстандық боксшылардың кемінде 2 алтын жүлде иеленуге әлеуеті жетеді дәп мәлімдеген болатын. Сонымен қатар ол Токиода Сиднейдегі табысымызды қайталап қана қоймай, еселеуге де толық мүмкіндік бар екенін жеткізді. Сондай-ақ үш Олимпиадада олжа салған жеңілатлет Ольга Рыпакова мен Риода атой салған Дмитрий Баландиннен қазақ жұрты медаль күтеді. Сонымен қатар балуандар мен дзюдошылардың да ел қоржынына медаль саларлықтай толық мүмкіндіктері бар.
Жоғарыда Қазақстан құрамасы биылғы Олимпиадаға тəуелсіз ел ретінде жетінші рет қатысқалы жатқанын айттық қой. Жеті саны қазақ халқы үшін қасиетті сан болғандықтан, спортшыларымыздан алдағы Олимпиададан айрықша үміт күтеміз.