• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Спорт 14 Қаңтар, 2021

Әмбебап балуан

1111 рет
көрсетілді

Серік Бердімұратұлы 1994 жылы Моңғол елінің Бай-Өлке аймағында дүниеге келген. Жасы 30-ға жетпей-ақ біраз биіктерді бағындырып үлгерді. Атап айтқанда: самбо күресінен жастар арасында әлем чемпионатының екі дүркін (2010, 2011), ересектер арасында бір дүркін (2019) қола жүлдегері, жасөспірімдер арасында сумо күресінен Жапония ашық біріншілігінің (2011) қола жүлдегері және жастар арасында әлем чемпионы (Гонконг, 2012). Моңғолдың ұлттық күресінен «Мемлекеттік Лашын» (2018) және белбеу күресінен студент-жастар арасында Азия біріншілігінің күміс медаль иегері (2013). Дзюдодан ересектер арасында Моңғолияның екі дүркін (2018, 2019) жеңімпазы. Қазақ күресінен «Еуразия барысының» (2013) күміс және «Әлем барысының» қола жүлдегері атанған талантты қазақ ұланы.

 

Арыстардың ізімен...

Моңғолиядағы қазақтар арасынан шыққан талантты спортшылар бар­шы­лық. Мәселен, 1964 жылы Токио Олим­пиадасына қатысқан желаяқ Ал­даныш Рамазанқызы дейтін апайымыз 1963 жылы 800 метрге жүгіруден әйелдер арасында Моңғолияның жаңа рекор­дын (2.10, 07) жасаған болатын. Бұл көрсеткіш арада жарты ғасыр өтсе де бұзылған жоқ. Бұл кісі қазақ қыз­дары арасынан дүние жүзі бойынша Олим­пиадаға қатысқан алғашқы спортшы ретінде тарихта қалды.

Сол сияқты, заманында топ жарып, тұғырға шыққан тағы бір моңғолиялық қазақ азаматы – Бақыт Однайұлы. Еркін күрес түрі бойынша аса ауыр салмақта өнер көрсетіп, 1980 жылы Мәскеу Олим­пиадасына қатысқан, 1981 жылы АҚШ-тың Толида қаласында өткен Әлем кубо­гында қола жүлдеге қол жеткізген көр­некті балуан.

Жоғарыдағы екі спортшының ізін басып, лашындап ұшқан жас сұңқардай боз кілемнің үстінде шүйгін салып, көк айдында суылынан жалын иісі бұрқырап лапылдаған ителгі құстай тепкісі тас үгі­тер тұлпар тұяқты жас өрен Серік Бер­дімұратұлы қанат қағып, жетіліп келеді.

Айталық, 2012 жылы Шымкент қала­сында жыл сайын тұрақты өтіп келе жатқан қазақ күресінен Қажымұқан атындағы халықаралық турнир кезекті жалауын көтерді. Осы жарысқа Моң­ғолияның атынан салмағы 90 кило 19 жасар Серік Бердімұратұлы келіп қатысты. Түбіт мұрты жаңадан тебіндеген бозбаланың қазақ күресі күртешесін тұңғыш рет кигені де осы еді. Қы­зық болғанда атажұрттың не­бір апайтөс алыптары 19 жа­­сар Серіктің бір қаққанынан қалмай қапы кетіп жатты.

Арада бір жыл өткен соң, яғни 2013 жылы жел­­тоқсан айының ал­ғашқы аптасында Тараз­ қаласында қазақ күре­сінен «Еуразия ба­­рысы» дей­­тін дүбірлі дода ұйым­дас­ты­рылды. Сегіз мемлекет мық­ты балуан­дарын үкілеп әкелді. Ара­­сын­да Моңғолия да бар. Әрине, бұл ел құрамасының Серіксіз сәні кіре ме?! Ол 90 кило салмақта белдесті. «Ә» дегенде ол түркиялық танымал балуан Ердал Доғанды допша домалатты. Келесі кезеңде Серіктің жолы самбодан Ресейдің бірнеше дүркін чемпионы, Еуропа біріншіліктерінен олжа салып жүрген өте тәжірибелі бал­уан Дми­трий Михайловпен түйісті. Бұл жолы да ресейлік балуанды оңай еңсерді. Финалда еліміздің аса танымал балуаны Мұхит Тұрсыновпен бетпе-бет шықты. Екі мықты бірін бірі ала алмай қиналды. Ақыры жеңіс Серіктің қанжығасында кетті. Артынан Мұхит Шыңғысұлы «Се­­рік қандай балуан екен?» деген жур­налистердің сұрағына: «Өте мықты бал­уан екен», деп жауап беріпті. Мұхит та оңай жігіт емес, қазақ күресінен Әлем кубогының иегері (2011), Азия чемпионы (2009). Ендеше осындай қуатты балуанды еңсеру екінің бірінің қолынан келе беретін шаруа емес....

 

Аталары аюмен алысқан

Көшпенділер де, соның ішінде қазақ халқының танымында «тектіден текті туады, атаның жолын қуады» дейтін тәмсіл бар. Демек, бозбала шағында тұлпар мініп, ту ұстаған Серіктің түп-тұқиянына үңілсек: баланың алтыншы атасы Көбеген деген адам Алтайдың күн­гей бетінде өмір сүріпті. Осы Көбең­нің малының құты – ақбас атанын аю жарып кетіпті.

Әкесінің назаланғанына намыстанған үлкен ұлы Ақтай мен оның інісі Бозтай атан жарған аюды іздеп шығады. Аю да осал жау емес, әлдеқалай болуы мүмкін деп, Ақтай атамыз киімінің сыртынан сірі жарғақ киіп, екі білегіне қайыс арқан орап алады. Сөйтіп екеуі тура аюдың апанына барады. Аю ақырып тұра ұмтылғанда Ақтай қолма-қол алыса кетеді. Мақұлықтың сояудай тырнағы сірі жарғақ пен қайыстан өте қоймайды. Ағасы аюмен тіресіп тұрған сәтте інісі Бозтай жандәрмен ұзын қан­жарын аюдың тақыр қолтығынан тығып үлгереді. Серік – осындағы аюмен ар­палысқан Ақтай батырдың ұрпағы.

 

Моңғол күресі тарихындағы тұңғыш қазақ

Серік Бердімұратұлы алғашқы қа­дамын моңғолдың ұлттық күресінен бастаған. Ал аталған күрес жайлы айтар болсақ, оның тарихы бері дегенде 2000 жылға татиды. Жылына бір рет болатын «Надаам» атты тойында топжарған ба­луанның абыройын өлшеу мүмкін емес. Олимпиада чемпионы оның қолына су құюға жарамайды. Осындай құрмет пен ықыластың нәтижесінде бұл елде ұлттық күресі ерекше дамыған. Қазіргі таңда Жапонияның сумосына өз «патшалығын» орнатқан моңғол жі­гіт­терінің алымдылығының құпиясы ұлт­тық күрестің жауынгерлік рухында жатыр.

Төл өнерін аса жоғары бағалайтын бұл халықтың арасында ұлты басқа жігіттің топ жаруы өте қиын. Құпияламай анығын айтқанда, моңғолдар ұлттық күрес тұғырына жат жұрт баласының қонақтауын қорлау деп түсінеді. Міне, осындай кереғар көзқарасты жапыра жайпап, біздің бала 2012 жылы жоғары топтағы жасөспірімдер арасында чемпион атанды және келесі 2013 жылы жастар арасында екінші орынға ие болды. Мұндай жетістік ондағы қа­зақтардың тарихында бұрын-соңды бол­ған емес. Демек, моңғол күресінің тарихына жаңадан сүрлеу салған – Серік Бердімұратұлы.

Енді бұған бауырымыздың дзюдо күресінен 2009 жылы ел чемпионы атанып, 2010 және 2012 жылдары самбо күресінен жастар арасында тағы да топ жарғанын, сөйтіп әлем біріншілігіне қатысып қос қола медаль қанжығалап келгенін қосып қойыңыз... Осы екпінмен желдей есіп жылына бір рет өтетін мем­лекеттік «Надаам» тойында 2018 жылы небір алыптарды алып ұрған Серік «Мемлекеттік Лашын» атанды.

 

Сумоның сұлтаны

Бір қызығы, Серіктің көзіне күрес көрінсе болғаны шешініп тастап бел­десе береді. Мысалы, өзбектің курашынан Ұлан-Батыр қаласының чемпионы атанса, татардың белбеу күре­сінен «Қазан-2013» универсиадасында жеңістің екінші тұғырына көтерілгені бар. Бұған соңғы екі жылда самбо және дзюдо күрестерінен 100 килоға дейінгі салмақта ересектер арасында Моңғолия чемпионы болғанын қосыңыз.

Бұл аз десеңіз, 2011 жылы телегей теңізді кешіп өтіп, Жапонияда өткен сумошылар чемпионатына қатысты. 17 жасар бозбала небір алыптармен аянбай айқасып, қола жүлдеге қол жеткізді. Дәл осы тұста жапондық күрестің ғұла­масы Ояката Такасаганың қырағы көзі Серікті шалды. Бұл бапкер бұған дейін ұлты моңғол Дагвадорж деген баланы жаттықтырып, 25 дүркін ел чемпионы атандырған және «Асашеорюу» дәре­же­сіне жеткізіп, күллі ғаламға әйгілі еткен.

Ояката бапкер Серікке жатып келіп жалынады. «Жапонияда қал, құдай бұйырса сенің дүниені дүр сілкіндіретін сумошы болатын түрің бар, тірі адамға не қажеттің бәрін жасаймын». Бұл кез келген балуанға айтылатын сөз емес, әрі жапондық бапкер көлденең көк аттыға жалынбайды да. Бірақ ол бас тартқан.

Сөйтіп «сумосы құрысын» деп Күн­шығыс елінен аттанған Серік келесі 2012 жылы қазан айының 27-28 күндері Гонконг қаласында сумо күресінен әлем жеңімпаздарын анықтайтын кезекті чемпионатқа шақырту алды. Бұл – екі жылда бір дүркін өткізіліп тұратын аса мәртебелі жарыс. Бұл жолы 18-рет жалауын көтерген чемпионатқа әлемнің 40 елі­нен 200-ден астам сумошы келіп күш сынасты.

Аталған әлем чемпионатында 100 ки­ло салмақта Моңғолия намысын қор­ғаған Серік «ә» дегенде жергілікті су­мошыны жығып, келесі белдесуде гру­зин бал­уан­ы­мен жолы түйісті. Оны да жеңген жас жігіт өз тобының шешуші сынында ресейлік балуаннан айласын асырды. Сөйтіп соңғы чемпиондық титул үшін жапондық балуан, студенттер арасындағы әлем чемпионы Онами Ашихашимен күш сынасты. Бар-жоғы екі минуттың ішінде жапонды айқын басымдықпен жеңген Серік Бердімұратұлы әлем чемпионы атанды. Яғни аты сумо күресінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ ретінде тарихта қалды.