• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Руханият 14 Қаңтар, 2021

«СУ-30СМ» ұшақтары кеңістігімізді күзетеді

256 рет
көрсетілді

Қазақстанның көрші Ресей Федерациясымен әске­ри саладағы ынты­мақ­тастығы жылдан-жылға дамып келе­ді. Со­ның бір жар­қын дә­леліндей, таяу­да Ир­кутск авиациялық зауы­тының ұшқыштары шекараны көктей өтіп, «Су-30СМ» ұшақтарын Қара­ғандыдағы Нұркен Әбдіров атындағы авиа­ция­лық базаға жеткізді.

Жауынгерлік техниканы тапсыру салтанатына орай ұйым­­дастырылған іс-шараға Қор­­ғаныс министрі, генерал-лей­­тенант Нұрлан Ермекбаев,  Әуе қорғанысы күштерінің Бас қолбасшысы, авиация генерал-лейтенанты Нұрлан Орманбетов және Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасым­бек қатысты.

Қорғаныс министрі жаңа авиациялық техниканың Қазақ­стан Қарулы Күштерін қайта жарақ­тандыру жоспарына сәй­кес Әскери-әуе күштерінің қара­мағына келіп түскенін мәлім етті.

– Маневрлігі аса жоғары, көп мақсатты «Су-30СМ» жой­­ғыштары әскер мен нысан­дарды әуе шабуылынан қор­ғау, әуе және жердегі нысаналарды  анықтау мен жою мүм­кіндігін едәуір арттырады. Бұл ұшақтардың арқасында Қа­рулы Күштердің жауынгерлік әлеуеті артады, – деп атап өтті Н.Ермекбаев.

Аталған ұшақтар күн демей, түн демей, кез келген ауа райында әрекет ете алатын, жау­дың ұшақтарын атып тү­сіріп, жердегі нысандарды жо­йып­ қана қоймай, әуе барлауын жүргізіп, басқа ұшақтарға мақсатты нұсқау бере алатын, 4++ деп таңбаланатын жаңа буын­ның авиациялық техникасы. Бұдан бөлек «Су-30СМ» жойғыштары ұзақ қашықтыққа ұшады және оларға ауада жанармай құюға болады.

Ресейлік әскери мамандар бұл жойғыштардың әлемдегі ең тиімді әскери ұшақтардың бірі екенін айтады. Мысалы, ресейлік сынақ ұшқышы Максим Колюшин «Су-30СМ» жойғышымен 2012 жылдан бас­тап ұшады екен. Оның айтуынша, аталған ұшақ – әлемдегі ең үздік әскери-авиациялық тех­никаның бірі.

Ресейден келген жаңа ұшақ­­­тардың құлағында ойнау үшін Қарағанды авиация­лық базасының ұшу және ин­женерлік-техникалық құрамы Талдықорған қаласында және Иркутск авиациялық зауытында толық қайта оқытудан өткен. Бүгінгі күнде олардың бұл ұшақтармен ұшуға, оларды пайдалануға және қызмет көрсетуге тиісті рұқсаттары бар. Жалпы, біздің тараптың «Иркутск» авиациялық зауытымен ынтымақтастығы бұдан бес жыл бұрын басталған екен.

Теория және тәжірибеден тұратын екі кезеңдік қайта оқытудан өткен ұшқыштың бірі Темірлан Бәйменов. Ол өзінің алдағы уақытта заманауи «Су-30СМ» жойғышымен ұшатынына өте қуанышты екенін жеткізді. Жас ұш­қыш аталған авиациялық техни­каның арқасында әуе кеңіс­тігіміздің қорғанысы нығая түсетінін сенімді түрде айтты.

Ал облыс әкімі Жеңіс Қа­сымбек әскерилердің алдарына қойылған  міндеттерді ой­дағыдай атқарып шығатынына сенім білдірді және оларды осы маңызды оқиғамен құттықтады.

 

Қарағанды облысы