Маңғыстау ауылындағы Бесшоқы тұрғын үй массивінен ашылған «Асқар» ұн-жарма комбинаты 1 жылда 14 мың тонна ұн, 6 мың тонна кебек шығарады. Бұл туралы Мұнайлы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
«Ұн өз өңірімізде өндірілсін, нанымыз көп болсын деген ниетпен кәсіп ашқан болатынбыз. Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында жеңілдетілген несие алып, құрал-жабдықтар сатып алдық. Мұнда 70-тен астам қызметкер еңбек етеді. Бидай Солтүстік Қазақстан облысы мен Қостанай қаласынан тасылмалданады. Әкелінген дақылдардан ұн, кебек дайындалып, сұрыпталып, тазаланып, қапталып нарыққа шығарылады» кәсіпкер Ақжібек Бердібекова.
Қазіргі уақытта комбинатта ұнның 3 түрі өндіріледі. Зауыт ашылғалы облыс қажеттілігін қамтып келеді. Отандық өнімге көрші елдерден де сұраныс бар.