18 қаңтардан бастап Ресейде екпе ектіруге тілек білдергендер үшін жаппай вакцинация басталады. Ресейліктер елде тіркелген «Спутник V» немесе «Эпиваккорона» вакцинасын тегін салдыра алады, деп хабарлайды Egemen.kz ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
2020 жылдың 10 желтоқсанында дәрігерлер, мұғалімдер, созылмалы аурулары бар адамдар және басқа да санаттағы азаматтарға екпе егілген еді. Енді, міне, 18 қаңтардан бастап елде жаппай вакцинация өтпек.
Инфекциямен күрес жөніндегі жедел штабты басқаратын вице-премьер Татьяна Голикованың айтуынша, коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның шамамен 2,1 млн дозасы қаңтар айының соңына дейін Ресейде азаматтық айналымға түседі. Вице-премьер сонымен қатар Ресейде халықтың иммунитет деңгейіне қарамастан, халықты коронавирусқа қарсы тегін вакциналау үшін ресурстар бар екенін айтты.
Қазір Ресейде коронавирусқа қарсы екі вакцина тіркелген. Оның бірі Гамалея институты жасаған «Спутник V» және Вектор ғылыми орталығы жасаған «Эпиваккорона». Тағы бір вакцинаны иммунобиологиялық препараттарды зерттеу және дамыту федералды ғылыми орталығы жасап шықты.