Бас басылым қазақ баспасөзінің осы қара шаңырағын әр жылдары басқарған белгілі тұлғалардың кітаптарын «Egemen Qazaqstan» газетінің кітапханасы» сериясымен шығаруды қолған алғаны, соның орайында Шерхан Мұртазаның «Намыс найзағайы», Әбіш Кекілбаевтың «Дәуір дауысы» атты мақалалар жинағы баспадан шығып, қалың көпшілікке ұсынылғаны қадірлі оқырманның есінде болар. Сол игі бастама 2020 жылы да жалғасын тауып, публицист-жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері Сапар Байжановтың «Архив – айғақ» атты еңбегі жарық көрді.
Баспадан былтыр шыққанымен, еліміздегі карантин жағдайына байланысты кітаптың таныстырылымы кейінге шегерілген болатын. Биыл құнды мұрағаттарға толы көркем туындыны көпшілікпен бөлісудің орайы келген сыңайлы. Бұл – автордың талай жылғы ізетті ізденістерінің нәтижесі. Деректі шежірелерді шертіп, жазба ескерткіштердің мән-мазмұнын ашып, архив теңізінен ақыл сүзеді.
Ұлттың ұлысты үнпарағын 1973-1983 жылдар аралығында басқарған Сапар Байжанов басылым «Социалистік Қазақстан» атанып тұрған тұста қазақ баспасөзін биікке көтерді. Бұдан бөлек «Замандас туралы толғау», «Абай және архив», «Қажыға барған қазақтар» сынды зерттеу еңбектері бар. 30-ға жуық авторлық және аударма кітаптар, 300-ден аса мақала, очерк, эсселер және пьесалық шығармалар – жас ұрпақ үшін үлкен сый.
Кітапқа Исатай мен Махамбеттің қолтаңба арыздары, Ш.Уəлихановтың ең соңғы хаты, Горькийдің Ановқа хаты, 1916 жылғы көтерілістің жазба деректері, М.Фрунзенің гимназияда оқыған кездегі куəлігі, Т.Бигелдиновтің ұшқыштық дəптері, К.Байсейітованың күнделігі, композитор Е.Брусиловскийдің естелігі жайында сыр шертетін материалдар енген. Тіпті жыр жампозы Жамбыл Жабаев пен сөз зергері Бейімбет Майлиннің хаттарын да оқи аласыз.
Рас, адамның есі де тұнығы мен тұңғиығына көз жетіп болмайтындай, қат-қат, ұшы-қиырсыз архив рәуішті асыл қазына, керек кезінде тиісті пұшпағын толғап қалсаң, өткен дүние, көрген дүние егжей-тегжейімен есіңе түсіп, көз алдыңа келе қояды. Архив те халықтың есі іспеттес ештеңеге теңгеруге келмейтіндей керемет кеніш.
«Туған ата-анасына, туыстары мен достарына, туған Отанына деген əсте бір айнымас, ыстық жүрегі бар, туған Отанның бүгіні мен ертеңіне зəредей де болса жаны ауыратын елім деп соққан жүрегі бар зерделі азамат архив қазыналарына əсте көзжұмбайлық жасай алмайды. Қайта ең асыл қазына ескерткішіне балап, ерекше қастерлейді», дейді автор өз естелігінде.
Өткен күннің естеліктерін қойнына бұққан жазба байлықтарды мұқым жұртқа жеткізген автордың толайым еңбегі ұлт идеологиясына астар болатын жауһарларға толы. Оқырманды елең еткізетін дәйектер мен ақпараттардың басын біріктіріп, бір ізге түсірген С.Байжановтың еңбегі елеулі. Мұқалмас мұрағаттардың мұңын шаққан туынды кітапсүйер қауымның игілігіне жарары даусыз.