• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Кино 21 Қаңтар, 2021

Бүгінгі кино: Қытай фильмдері топ жарды

1087 рет
көрсетілді

Кинопрокат өндірісі өткен 2020 жылдың қорытындысын шығарды. Алдыңғы жылмен салыстырғанда әлемдегі кинопрокат үлесінің жалпы көлемі 71%-ға төмендеп, 12,4 млрд доллар болған. Америка прокаты 27%-дан 18%-ға дейін төмендесе, бұл жағдай алғаш рет ең ірі нарыққа айналған Қытай кино өндірісінің қолайына жаққан сынды. Жыл бойы Қытай кинотеатрлары үздіксіз жұмыс істеп тұрғаннан кейін де болар, жаңа шыққан төрт фильмнің де бағы жанып, әлемдік кассалы туындылардың ондығына енді.

Әлем бойынша алғашқы орынды 460 миллион доллар жинаған Қытайдың «Сегіз жүз» атты патриоттық экшн-фильм иеленсе, екінші орыннан көрінген «Менің халқым, менің Отаным» (433,3 млн) кинотуындысы да Қытай фильмі. «Тентек жігіттер» (Bad Boys for Life) фильмі үшінші орыннан төбе көрсетсе, Кристофер Ноланның «Ұстаным» (Tenet) фильмі тізімде төртінші тұр. Ал алғашқы бестікті қортындылап тұрған «Шексіз по­йыз» (Kimetsu no Yaiba: Mugen Ressha-Hen) толықметрлі анимесі жапон кассаларында айтулы рекорд орнатты. Сонымен қатар «Ғажайып әйел:1984» үмітті ақтай алмады. Галь Гадот америка прокатын коронавирус дағдарысынан алып шығады демесек те, үміт күткендер болған еді. Пандемия басталғалы бері «Ұстаным» фильмінен соң кинотеатр­ларда көрсетілген аталған фильмнің Рождество мейрамы қарсаңында жа­рыққа шыққанын тағы ескеріңіз. Демалыс уағында 16,7 млн долларды қанжығасына байлаған көрсетілімнің қарқыны жаман болмаған-ды. Бірақ қортындылай келгенде Кристофер Ноланның фантастикалық триллерінің шаңына да ілесе алмай қалды. Жалпы алғанда 40% кинотеатрлар жұмыс істеп тұрған АҚШ пен Канадада «Ғажайып әйел» үш аптаға жетер-жетпес уақытта 32 миллион доллар жинапты. Ал бұл уақытта «Ұстаным» фильмі Солтүстік Америкада 57,9 миллион табыс тапты. Әйтсе де «Ғажайып әйелдің» рейтингі сыншылар арасында 60 пайызды көрсетіп отыр, PostTrak сервисінің сауалдамасы бойынша көрермендер фильмге «B +» деп орта баға берген. «Ғажайып әйелдің» Америкадан тыс төлемдері 100 миллион долларға жетеғабыл. Голливудтың өзге де шығарылымдары сияқты Пэти Дженкинстің фильмі, 32,6 миллион доллар табыс тапқан «Жан» фильмі қытайдың өзі түсірген «Қызыл гүл» (160 млн доллар) драмасына және «Тегеурінді толқын 2» (149 млн доллар) экшн фильмін басып оза алмағаны елең еткізер жаңалық болды.

Ал елдегі фильмдер жайында сөз қозғар болсақ, «Жаным, айтсам, сен­бей­сің» фильмі – көп талқыланған әрі кө­рермен тарапынан оң лебізге ие бол­ған туынды. 5 наурызда прокатқа шығып, бір айдан кейін карантин кезінде кино­театрлардың жабылуына бай­ланыс­ты көрсетілімі тоқтап қалған еді. Фильм 17-23 қазан аралығында Ресей­де өткен «Киношок» фестивалінде «Үздік сценарий» номинациясын, үздік толық­метрлі фильмге берілетін «Золотая лоза» жүлдесін, баспасөз дипломын иеленді. Ал қазақстандық режиссер Шарипа Оразбаеваның өз қаржысына түсірген «Мәриям» атты көркем филь­мі де көптің назарына іліккен кар­ти­налардың қатарында. Аталған кинотуынды Францияда өткен XXVI Везул кино­фестивалінде бас жүлдеге ие болған еді, әйел режиссердің бас жүлде алуы –фестивальдің 26 жылдық тарихындағы алғашқы айтулы жағдай.

Бүгінгі шағын шолуымызда ел аузына іліккен негізгі фильмдерді қаперлеріңізге салып өтуге тырыс­тық. Коронавирус әлемдік кино индустрия­сы үшін үлкен соққы болып тигені бел­гілі. Мамандар екінші дүниежүзілік соғыс­тан кейін кино саласының мұндай дағ­дарысқа тұңғыш рет ұшырағанын айтады. Тоқырауға ұшыраған кинопрокат және кинотеатрлар желісі бар үмітін 2021 жылға артып отыр.