Елордада орналасқан Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы мекеме қорында тұрған құнды жәдігерлерді онлайн таныстыру шарасын өткізуде. Бұл жолы көпшілік назарында 1925 жылы Ташкентте жарық көрген «Тәрбие, білім, әдебиет жайындағы мақалалардан терме» атты кітап ұсынылды.
Бұл туындыны кейінгі заман зерттеушілері – тәрбие, білім, әдебиет жайындағы мақалалардан құралған «Терме» атты жинақ деп атап жүр. Ал құрастырушысы ретінде – қазақ мәдениетінің жанашыры «Темір нарком» деген атпен танымал алаш қайраткері – Темірбек Жүргеновтің есімі аталуда.
Төте жазу үлгісінде Ташкенттегі «Қазақстан мемлекет баспасы» жарыққа шығарған 161 беттен тұратын бұл кітапқа: Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабайұлы, Х.Досмұхамедұлы тағы басқа авторлар шығармаларымен бірге халық ақын-жыраулары – Шернияз, Едіге, Базар жырау туралы құнды мәліметтер жинақталған.
Үш бөлімнен тұратын туындының алғашқы бөлімі «Тәрбие» деп аталып, Байтасұлы Абдолланың «Жиынды (комплекс) әдісі іс жүзінде», Жүсіпбек Аймауытұлының «Мектеп басқару жайы», Таңашбайдың «Шағылыс мәселесі» атты тәрбиелік мәні басым еңбектері енсе, екінші бөлім – «Білім» деп аталыпты.
Бұл бөлімде, жануарлар мен адамзатқа арналған Арқалық (фамилиясы көрсетілмеген) деген автордың «Адам тегі» атты мақаласы, Даниялдың «Тарих туралы жалпы ұғым», Сарыбайұлы Шамғалидың ел аузынан жинап құрастырған «Халық әдебиеті және оны жинау жолдары», Қ.Даниялдың «Жалаңтөс батыр» атты зерттеуі, Мұхаметжанның қазақ руларының шежірелік түзімі көрсетілген «Едіге бидің тұқымы» дейтін жазбасы жинақталған екен.
Соңғы бөлім – «Көркем әдебиет» деп аталып, мұнда – Жүсіпбек Аймауытұлының «Әнші» және Ілияс Жансүгіровтің «Құншылар» әңгімелері, Мағжан Жұмабайұлының балаларға арнап жазған «Балаларға базарлығым» атты өлеңі қатарлы әдеби туындылар еніпті. Сонымен қатар Ілияс Жансүгіровтің қазақ жырауларына арнап жазған «Халық әдебиеті» атты мақаласында Базар жырау мен Шернияз жыраудың өлеңдеріне талдау жасалса, өзінің есімін «Д.Қ.» деп қысқартып берген Алаш арысы Досмұхмедұлы Қалелдің «Шернияз кім?», «Баймағамбет кім?», «Исатай кім?» атты дереккөздерге негізделген зерттеуі жарияланған.
Сондай-ақ аталмыш бөлімде – Жанталыұлы Ахметтің ел аузынан жинаған «Сексен мен Тоқсанның билікке таласқаны» дейтін жазба жарияланыпты. Бұл екі адам өмірде болған тұлғалар. Атақты керей Жабай би дүниеден қайтқан соң Сексен, Тоқсан деген екі баласы билікке таласқан-мыс. Бұларға Киікбай би мәміле шақырып төрелік айтқан, дейді жоғарыдағы толғауда.
– Бұл жинақ фольклортанушылар үшін өте құнды еңбек, – дейді Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы директорының орынбасары Қайыржан Күзембаев: «Әсіресе көненің көзі Сәлкен деген адамның Ахметбек, Балаубай, Қасен қатарлы ақсақалдардың аузынан жазып алған «Байдалы бидің сөздері» дейтін көлемді дүние шежіретанушылар үшін аса құнды».