2021 жылғы 1 ақпаннан бастап ел аумағында Ресейде шығарылған Гам-КОВИД-Вак («Спутник V») вакцинасын пайдалана отырып, КВИ-ға қарсы вакциналау басталады. Одан әрі 15 ақпаннан бастап вакциналау процесіне Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген Гам-КОВИД-Вак вакцинасы қосылады. 2021 жылдың 2 тоқсанынан бастап вакциналауға отандық өнім – QazCovid-In препаратын қосу жоспарланып отыр. Отандық вакцина қазіргі уақытта клиникалық сынақтардың 3-кезеңінен өтуде.
«Спутник V» вакцинасын 18 жасқа дейінгі балаларға қолдануға болмайды, сәйкесінше оны тек кәмелетке толған Қазақстан азаматтары ғана ала алады. Аталған вакцина Ресей Федерациясында мемлекеттік тіркеуден өтті және бірнеше ай бойы халықтың осал топтарын иммундау үшін қолданылып келеді. Ресей Федерациясының Тікелей инвестициялар қорының мәліметтері бойынша, бұл вакцинаны сатып алуға 50-ге жуық мемлекет өтініш берген, ал кейбір елдер (Белоруссия, Аргентина, Сербия) қазірдің өзінде оны сәтті қолданып жатыр.
Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес Қазақстан Республикасының аумағына тіркелмеген дәрілік заттарды әкелу кезінде дәрілік заттың сапасын растайтын өндірушінің қазақ немесе орыс тілдеріне аудармасы бар құжатының электрондық көшірмесі (талдау сертификаттары немесе сынақ есебі яки сапаны бағалау көрсеткіштері бар сапа паспорты) болуы қажет. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы №850 қаулысымен Қазақстан Республикасында өндірілген COVID-19 коронавирусына қарсы вакциналарды уақытша мемлекеттік тіркеу ережелері бекітілді.
Ал қазір қолданысқа енгізіліп үлгерген вакциналардың неліктен ерте дайын болғанын қолда бар әзірлемеге сүйеніп жасағанымен байланыстыруға болады. Мәселен, «Спутник V» вакцинасын әзірлеген Н.Гамалея атындағы Эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығы пандемияға дейін SARS-CoV-2 коронавирусы да жатқызылған РНҚ бар қабықты вирустарға қарсы вакциналар мен препараттар жасаудың технологиялық платформасын ашқан еді. Демек, әлемдегі бірнеше мемлекет жасап шыққан вакциналардың тез арада дайын болуы компаниялардың қауіпсіздік хаттамаларынан айналып өткенін білдірмейді.
Осы ретте тұтынушыларға, ел азаматтарына қауіпті індетке қарсы екпенің тек Ресейден ғана әкелінбейтінін айта кеткен жоқ. Денсаулық сақтау министрлігі қазіргі таңда «Sinovac», «Sinopharm» (Қытай), «Phizer» (АҚШ) қоса алғанда, коронавирус инфекциясына қарсы вакцина өндіруші бірқатар мемлекетпен келіссөздер жүргізуде.
Ержан БАЙТАНАЕВ,
Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі