• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 28 Қаңтар, 2021

Жоғары оқу орындарына талап қатайтылады

336 рет
көрсетілді

1948 жылы Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы қабылданған кезеңнен бастап, білім алу – артықшылық ретінде танылуын тоқтатып, құқықтар санатына «қоныс аударды». Соңғы 70 жылда білім де, оған деген көзқарас та айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында нақ осы білім саласына қатысты кейінге қалдыруға болмайтын бірқатар мәселеге тоқталды.

 

Ел Президенті өз сөзінде жыл сайын бөлінетін 50 мың грант қажетті маман­дықтар сұранысына сәйкес келмейтініне назар аударды. Бұл олқылық бюджет қаржысының босқа кетуіне әкеліп соғады. Мемлекет қаржы салуға қызығушылық танытатын мамандықтарды таңдау мәселесі барған сайын күрделене түсу­де. Бір жағынан, көп жағдайда балаларын оқыту үшін ақша төлейтін ата-ана­лардың дәстүрлі тәсілдері бар. Екінші жағынан, еңбек нарығының құры­лымы тез өзгеріп, жаңа, кейде түсінік­сіз болып көрінетін мамандықтарға сұра­ныстың артуы байқалады. Соның салдары­нан біз университеттер ұсынатын маман­дардың ұлттық экономиканың нақты қажеттіліктеріне сәйкес келмеу проблемасына тап болдық. Дәстүрлі кәсіп­терде де мамандар тапшылығы байқа­лады. Бұған пандемия кезінде сұра­нысқа ие бірқатар мамандық бойын­ша медицина қызметкерлерінің жетіс­пеушілігі сезілгендігі айғақ.

Мемлекет басшысының Үкімет алдына қойған тағы бір міндеті – қазақстандық жоғары білімнің жоғары сапасын қамтамасыз ететін шешуші шараларды қабылдау. Бұған дейін сапасыз білім беру қызметін ұсынатын университеттерді жабу туралы шешім қабылданған болатын. Алайда процесс баяу жүруде. «Кейбір университеттер әртүрлі процедуралық әрекеттерді қолдана отырып, жабылу процесін бір жарым жылға дейін «созады» және осы бағыттағы Білім және ғылым министрлігінің шешуші қадамдарына қарсы тұтас ақпараттық науқан жүріп жатыр», деп атап өтті Мемлекет басшысы. Ұлттық статистикаға сәйкес, соңғы үш жылда елдегі университеттердің саны азаюдың орнына, 122-ден 125-ке дейін өскен. Бұл ретте ел Президенті Үкіметке тиісті шараларды қабылдау, соның ішінде академиялық адалдықты бұзушылық пен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға қатысты университеттердің жауапкершілігін одан әрі күшейту, тіпті лицензиядан айыруға дейінгі шараларды қабылдау туралы тапсырмалар берді.

Осы маңызды мәселелердің барлығын Үкімет жаңа оқу жылы басталғанға дейін шешуі керек. 1 шілдеге дейін Үкімет қаржыландырудың тәсілдері, кезеңдері мен көлемдері көрсетілген егжей-тегжейлі жол картасын әзірлеп, ұсынады.

 

Зарема ШАУКЕНОВА,

Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры