• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 29 Қаңтар, 2021

Заң ғылымының заңғар тұлғасы

820 рет
көрсетілді

Саналы ғұмырын заңгерліктің қыр-сырын терең зерттеуге арнап, отандық құқық саласының дамуына орасан зор еңбек сіңірген Салық Зимановтың Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік механизмін қалыптастыруға қосқан үлесі ұшан-теңіз.

 

Қазақ халқы елдігін түгендеген ке­ңес­­тік дәуірде де, дербестікке ұм­тыл­­ған тоқсаныншы жылдарда да, тәуел­сіз­діктің туы желбіреген жаңа кезеңде де мемлекеттілікті қалыптастыру мен заң­мен бекіту процесінің басында академик Салық Зиманов болды.

Тағдыр оған қазақтан шыққан бірінші заң ғылымдарының докторы, алғашқы заңгер академик болуды бұйыртыпты. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Қазақстанда заң ғылымын аяғынан тұр­ғызып, заңгер мамандар дайындау са­ла­сының басында да Салық Зиманұлы тұрды. Алматы заң институтының директоры, оның мәртебесі өзгертіліп, Қазақ университетіне қосылғанда, заң фа­куль­тетінің бірінші деканы болып қыз­мет етті. Ғылым академиясы құра­мын­да құрылған «Философия және құқық институтының» тұңғыш директоры болды.

Сәкең алпыс жылдан астам еліміз­де құқықтық ғылымның даму үрді­сі­не тікелей ықпал етіп, бірнеше буын ғалымдар легін дайындап, заң ғылым­да­ры саласында өзіндік орны бар мектеп қалыптастыра білді. Бүгінгі қолда­ныс­тағы қазақстандық заң жүйесінің теория­сы мен тәсілін жасап кетті. Өзі қазақ заң ғылы­мының әлем таныған патриархына айналды.

«Таудың биіктігі алыстаған сайын көрінеді», дейді дана халқымыз. Бүгінгі күннің биігінен сонау өткен ғасыр басында тауқымет тағдырына жазған, «білім алу емес, тірі қалу диллемасы» жолайрық болып тұрған заманда, қиын­дық­­тарға бой бермей, өзімен бірге ұлтын бі­лім мен өркениетке жетелеп, қатарлы елге қосқан ұлт зиялыларына бас иіп, ерліктеріне табынасың, таңғаласың. Олардың еңбегі мен ерлігі адам сенгісіз рухани жаңарудың жарқын үлгісі деп айтуға болады. Сол алыптар тобын көр­ген, олардан тәлім алған біз өте бақытты ұр­пақпыз.

Осындай ағалар толқынының көр­некті тұлғасы Салық Зиманұлының сан салалы жасампаз қырларына әлі талай зерттеулер арналады, ол алдағы күннің үлесі болар.

Сәкеңнің ғылымдағы ғасырдан-ға­сырға кететін сүбелі еңбектеріне терең­де­­мей, ұлы заңгердің реформаторлық саяси-құқықтық көзқарастарының бір­не­ше сәттеріне тоқталып өтсем.

Сәкең тәуелсіз мемлекетіміздің көк туын шаншысып, еліміздің құқықтық негі­зін қалаушылардың бірі, аузы дуалы абыз ақсақалы болды. Ұстаздық биіктігі, кең парасат, пайымы, аристократтық мінезі, шындық сүйген адалдығы, оны еліне үлгі, сыртқа айбын етіп көрсететін «этноформ» тұлғаға айналдырды. Құқық тақырыбына сөз саптаған Парламент депутаттары мен саясаткерлер «Зиманов фено­менімен» бой түзеп, ойларын жүйе­ле­ді. Салық ағаның саяси-құқықтық ойлары мемлекет құрылымының әр саласын түбегейлі реформалау идеясына бағытталды. Ол тірі күнінде ұлт ұста­зына айнала білді.

Тәуелсіздіктің бірінші жылдары жаңа мемлекет құру үрдісіне Салық Зима­новтың мемлекет механизмін, құқықтық жүйені қалыптастыру туралы әлемдік тәжірибелермен ұштастыра айтқан ойлары мен идеялары көзі ашық көп­шілікті таңғалдырып, бүкіл Кеңес Ода­ғы заңгерлері мен саясаткерлерін мойындатты.

Иә, әлем картасында енді ғана пайда болған жаңа Қазақстан егемендікке ұмтылған сол тарихи уақытта академик Зиманов жаңа қырынан танылды. Саналы ғұмырын заңгерліктің қыр-сырын терең зерттеуге арнап, құқық саласының дамуы­­­­­­на орасан зор үлес қосқан ғалым, енді саяси өмірге тікелей араласып, Тәуелсіз Қа­зақстанның жаңа мемлекеттілігінің қа­лып­тасуына орасан зор үлес қосты.

Жоғарғы Кеңестің екі шақыры­лы­мының депутаты болған Салық Зиманов мем­ле­кетіміздің құқықтық негізін қа­лау­да және заңнамалық рефор­ма­лар­дың бастауында тұрды. Өзінің тарихи, жалынды сөздері мен ғылымға негізделген батыл ұсыныстарын өз әріптестеріне жеткізе білді. Ол ұсыныстардың басым көпшілігі құнын бүгін де жойған жоқ.

 Академик Зимановтың мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның, Қазақ КСР атауын өзгерту туралы заңды, аза­мат­тық туралы заңды, тәуелсіз еліміз­дің тұңғыш Конституциясын, тағы басқа маңызды заңдарды дайындаудағы еңбегі өлшеусіз.

Сол уақыттағы ақпараттық ашық­тық, жариялылық дәстүрге орай Жо­ғар­ғы Кеңес отырыстарынан көп­ші­лікке тікелей телехабар тарату үрдісі болды, Сәкеңнің өткір пікірлері мен тұ­жыр­ым­дары посткеңестік ұста­нымнан ары­лып жаңа тәуелсіз құқық­тық идея­лар­дың бұқараға жетуіне, мемле­кет­тік дамуды модернизациялауға және саяси құқықтық көзқарасты жаңаша қа­лыптастыруға зор әсер етті.

Сәкеңнің ғылыми өмірбаянында Кон­ститутцияны жетілдіруге жазған еңбек­тері – бір төбе. Ол идеялар 2007 және 2017 жылғы Конституцияға ен­гі­зілген өзге­ріс­тер­де Елбасының бас­та­­ма­шыл­ды­ғымен жүзеге асты. Пар­ла­менттің қа­лай болуы, оның өкі­лет­тілік қызметі мен заңшы­ғар­ма­шы­лық функция­сын жетілдіруге жасаған еңбегі ұшан-теңіз.

С.Зимановтың сан салалы еңбектері ішіндегі өзіме жақын, соның ішінде өзім тікелей куәгер болған, сот жүйесін қайта құру туралы ұсыныс, талдауларына тоқталсам.

Тәуелсіздік жарияланған сәттен бастап Қазақстанда жаңа мемлекеттік механизм қалыптастыру міндеті тұрды. Оның ең күрделісі тетігі консервативті сот жүйесі еді.

Сот қызметін қай бағытта дамыту, қандай үлгіні таңдап алу оңай болған жоқ. Құқықтық жүйенің ең жоғарғы тіреуі, жасампазы – сот. С.Зиманов зерттеуіне жүгінсек, мына «ұлы далада, мемлекеттілікті, тәртіпті, тепе-теңдікті ұстап тұрған билер соты» болғаны – біздің мақтанарлық тарихи жетістігіміз. Мысалы, дамыған Англияны әлемдік танылу биігіне кө­терген олардың тәуелсіз сот жүйесі, сон­дықтан өркениетті қауымдастық үлкен дауларын шешкен кезде бүгінде ағыл­шындық сот жүйесіне сүйенеді.

 Тәуелсіздік таңы атқанда бізге қал­ған ескі аппараттың мұрасы кеңес­тік сот жүйесі болатын, олар өзінің құрылу принципіне сай идеологиямен шегеленген жүйе еді. Ол бірінші кезекте партия мүддесі, таптық ерекшелікке артық­шылық берілген, партиялық аппа­рат­тың ықпалы күшті, жазалау қағи­даты басым орган болды. Сот билігі атқарушы биліктің құрамдас бөлігі есе­бін­де қарастырылды. Әрине, сырттай ол өте демократиялық көрініс беретін. Судьяларды бұқара сайлады, халық засе­дательдері институты болды, сот ұжым­дық сипатта, сот шешімдері уақты­сында орындалды, отбасы құқығы керекті деңгейде қорғалды. Бірақ мұның бәрі коммунистік партия мүддесінің аясында қызмет атқарды. Ондай жүйе демократияны бағыт тұтқан жаңа мемлекет құру талабына сәйкеспейтіні анық еді. Жаңа дербес сот қызметін қай бағытта дамыту, қай үлгіні таңдап алу оңай болған жоқ. Тәуелсіз, идеология шырмауынан ада жүйені, әлемдік озық үлгілерге оңтайлап құру талабы күн тәртібіне шықты.

Сол кезде академик С.Зиманов Пар­ламент мінбесінен өркениетті сотты қалыптастыру үшін қандай кемшіліктер мен қосалқы керексіз функциялардан арылу керектігі жайлы ойларын ашық айта білді. Депутат ретінде Прези­дент­ке бірнеше рет арнайы хат жолдап, республикалық баспасөзде нақты ұсы­ныстар айтып, қоғамдық пі­кір­ді қа­лыптастыруға үлкен ықпал етті.

Академик С.Зиманов 1992 жылдың 21 қыркүйегінде Республика Президенті Н.Ә. Назарбаевқа «Құқыққорғау жүйесін түпкілікті қайта құру керектігі» туралы хаттама түсірді. Оған бірнеше танымал құқық ғылымының профессорлары қол қойды. Сол жазбаның негізгі бөлігі «Сот органдарының өзгеруі – кезек күттірмейтін міндет» деп аталды.

Онда Салық Зиманұлы «сот жүйесін жаңадан құру керектігін баса көрсетіп, ол үшін Конституцияға, сот құрылымы туралы заңдарға тиісті өзгерістер кіргізу ке­ректігі, республикада тек бір сот жүйе­сі болу қажеттігін, арбитраждық сот­ты сақтай отырып, оны жалпы сот­тарға біріктіру керек екеніне тоқтап, судьялардың әділсоттық принциптерді бұзған жағдайдағы адами және кәсіптік жауапкершілігін қарайтын және мемлекет тарапынан өктем араласпай, судья беделін ел алдында төкпей жазалай­тын жұмсақ мемлекеттік механизм қалып­тас­тыруды заң нормасымен реттеуді ұсын­ды.

Сол жылдарда Сәкең сот реформасы бойынша ондаған мақала жариялады, бірнеше конференцияда терең мазмұнды ұсыныстарға толы баяндамалар жасады. Соның бірі – 2001 жылы өткен «Соттар және олардың мемлекеттің тәуелсіздігін бекітудегі рөлі» деген тақырыппен өткен жиындағы сөзі көпшіліктің көкейінде қалды. Патриархтың ол пікірі бүгін де өте құнды.

 Онда ғалым судьяның дербестігі – әділсоттықтың түбірлі қағидаты екенін ай­тып, сот билігі басқа билік формаларынан тек дербестікпен жүзеге аса­тын­дығымен ерекшеленетініне мән берді. Қоғамдағы шиеленісті шешуде судья «қауіп пен қатерден қоғамды алып шығушы, оны реттеуші, қалпына келтірудегі рухтық энергияны табушы тұлға» деп түйіндеп, «әділеттілік адамға жіберілген құдайдың сыйы, табиғат пендеге адамшылықты сақтау үшін әділдікті сыйлаған. Егер ол болмаса адам хайуан деңгейіне түсіп рухсызданады, ал бұл қасиет судья үшін ақиқат болуы шарт» деген еді.

Сәкеңнің сот жүйесін жаңғырту тура­сын­­дағы көптеген ұсынысы Тұңғыш Президент – Елбасы тарапынан қол­дау тауып, соңғылары «100 нақты қадам» Ұлттық жоспарында жүзеге асты.

Сот жүйесін дамыту үрдісінде академик Зиманов халқымыздың тарихынан қайнар көз іздеп, билер соты әлем жауһарларына қосуға болатын қазына екенін «Қазақтың Ата заңдары» атты он томдық еңбегі арқылы келесі ұрпаққа мұра етіп кетті. Билер институтының құдіреті мен оңтайлылығы уақыт пен кеңістіктен тыс көшпелі мәдениетті сақтап, мына ұлы далада тәртіп пен мемле­кетшілдіктің кепілі болғанын нақты көрсете білді. Көшпелілер өмірін­де қоғамдық қарым-қатынасты билер соты институты реттеп отырғанын, «әділ би − тұғырлы тұлға» болғанын, «елге бай – құт емес, би – құт» деген қағидаттың биіктігін көрсетті.

Ұлы далада сөз құдіреті үстем болған дала заңы тірлігінің қазығына айналған «алтын ғасыр» болғанын, ол туралы орыс, Еуропа, Шығыс зерттеушілерінің өз еңбектерінде айтып кеткенін бұрын білмейтін көпшілікке жеткізді. Ұлттық рухани мәдениеттің басты қыры билер соты екенін әлем жұртшылығына паш етті.

Осы проблеманы 2008 жылы өткен «Қазақ билер соты – бірегей сот жүйесі» атты халықаралық ғылыми конференция­­­да жан-жақты дәлелдеп шықты. Кон­ференция материалдары үш тілде ғылыми еңбек ретінде жарық көрді.

 Академиктің мақсат-идеясы билер сотының адамзат тарихындағы қайта­лан­байтын реттеуші функциясын аша отырып, республика соттарын келешекте атамұра сот жүйесінің құндылығымен, болашақтағы еліміздің әділсот атқару тәжірибесін билер институтының озық үлгілерімен сусындатып, оның преце­денттік моделіне жақындастыру ұста­нымы болды.

 Атақты заңгер осылайша қоғамның назарын билер сотының тарихи құнды­лы­ғына бағыттай білді. Соның әсерінен құқық зертеушілер және практиктер осы мәселеге арнап жүздеген мақала, зерттеулер жариялады. Ондағы мақсат билер сотының қуаты мен тегеурінді реттегіш әлеуетін заманауи рецепция жасау мүмкіндігін қарастыру еді. Бұл мәселе өзінің маңыздылығын әлі жойған жоқ. Біз жас мемлекет ретінде қоғамдық қаты­настарды реттеу механизімінің оң­тай­лы нұсқаларын әлі де қажет етеміз.

 Менің өзіме Салық Зиманұлы университет қабырғасында дәріс оқып, білім кенішіне жетелесе, кейінен докторлық диссертацияма ғылыми кеңесші болып, ұстаздық миссиясын тоқтатқан жоқ. Бірлесіп жазған еңбектеріміз бен жүзеге асырған шараларымыз тәуел­сіз­дік тұғырын бекітіп, оның даму үрді­сін ғылым жетістігімен ұштастыруға ба­ғыт­талды. Республикада әлемдік модельдерге сай тәуелсіз жаңа сот жүйесін құрудың басында тұрдық.

Бүгінгі таңда заң ғылымы жан-жақ­ты дамыған, мықты ғалымдары мен қабілетті мамандары жеткілікті са­лаға айналды. Ол қоғамның дамуына, елі­міз­дің тәуелсіздігін заңдастыруға, мәр­те­бесін бекітуге сүбелі үлес қосып отыр. Осы биіктік шоқысында Са­лық ағаның көреген тұлғасы, ғылыми мектебі, азаматтық парасат келбеті тұ­ра­ды.

Көзі тірі болғанда асыл азамат, ұлы тұлға С.Зиманов биыл 100 жасқа келе­тін еді. Академик М.Қозыбаев айтқан «осы жұрт С.Зимановты біле ме екен?» деген терең өсиетті ой, болашақта Зима­нов­танудың басты бағдары болып қала­тыны ақиқат, өйткені ғалым мұрасы – халықтың рухани мұрасының таусылмас мол, терең қазынасы екені даусыз.

Салық Зиманов Алашорданың ізін басып, сарқытын ішкен, Ұлы Отан соғы­сында қан кешіп, мұз жастанған батыр, теңдессіз ғалым, кемеңгер тұлға еді.

Қазақ юриспруденциясының дамуы мен қалыптасуына алпыс жылдан астам тікелей атсалысып, оның патриархына айналған, «Заңғар – Зимановтың» халқына тастап кеткен бай ғылыми мұ­расы, айт­қан болжам, тұжырымдары әлі талай уақыт қазақ мемлекетінің іргесін бекі­тіп, туын желбіретер жасампаз ұрпа­ғы­мызға ұстаным болары сөзсіз.

 

Қайрат МӘМИ,

Конституциялық Кеңес Төрағасы