Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Сәбитов, облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов және өңірдің бас мемлекеттік санитар дәрігері Нұрбек Нышанов алғашқылардың қатарында вакцина салдырды, деп хабарлайды Egemen.kz
Түркістан қалалық орталық емханасында вакцина салмас бұрын олар дәрігер тексеруінен өтті. Алдымен сынама жасалды. Дәл осындай сынамалар барлық пациенттерге де жасалатын болады. Ағзасы кері реакция бергендер вакцинациялауға жіберілмейді. Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимовтың айтуынша, жыл соңына дейін облыстың 950 мың тұрғынына коронавирусқа қарсы вакцина егу жоспарлануда. Вакцина кәмелет жасына толған азаматтарға ерікті түрде салынады және екпеден бұрын дәрігердің тексеруінен міндетті түрде өткізіледі. Вакцина алдымен медицина мамандарына – жұқпалы ауруларға қарсы медициналық ұйымдардың, жансақтау, қабылдау бөлімдерінің және санитарлық эпидемия мекемелерінің қызметкерлеріне салынады.