• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Ақпан, 2021

Ендігі үміт – екпеде

227 рет
көрсетілді

Кеше ел көлемінде ерікті түрде екпе салу бастал­ғаны белгілі. Елор­да­дағы №6 қалалық емханада Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мем­лекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов пен Ден­саулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният коро­на­вирусқа қарсы вакцина салдырды. Вице-ми­нис­трлерге ресейлік «Спут­­ник V» вакцинасы егілді. Егуден бұрын олар тек­серуден өтті және вак­ци­наға қарсы көрсетілім жоқ екені анықталды.

Сонымен бірге дәрігерлер вакциналаудан кейін қандай сақтық шараларын ұстану керегін түсіндірді және егуден кейін вице-министрлер емханада жарты сағат дәрігерлер бақылауында болды.

«Мен үнемі вакцина аламын. Бұл – ең тиімді қорғаныс құра­лы, сондықтан вакцинаға қол жет­кізген алғашқы елдердің бірі болғанымызға қуануымыз керек. Жеке өзім вакцина арқылы медицина мамандарын, тұтас халықты қорғай алатынымызға сенемін. Ресейлік, қазақстандық вакциналарға келсек, барлық вакцинаның қорытындысы бір – ағзада коронавирус инфекция­сына қарсы иммунитет/антиденелер пайда болады. Вакцина саларда еш уайымдаған жоқпын. Өйткені мен дәрігермін және вакциналық препараттардың артықшылықтары мен кері әсерлерінен хабардармын», деді А.Ғиният.

Айта кетейік, бүгін Қазақ­стан­да коронавирус инфекция­сын жұқтыру және тарату тәуе­келі жоғары санаттарды коро­на­вирусқа қарсы вакциналау бас­талды. Қазақстанда вакцина ерік­ті түрде салынады. Одан ке­йін 15 ақпаннан бастап, вакци­налау процесіне Қарағанды фар­мацевтикалық кешенінің базасында өндірілген Гам-КОВИД-Вак вакцинасы қосылады. Ал 2021 жылдың 2 тоқсанынан бастап вакциналау процесіне қазақстандық – QazCovid-In препаратын қосу жоспарланып отыр. Бұл вакцина қазіргі уақытта клиникалық сы­нақтың 3-кезеңінен өтуде. 31 қаң­тарда Қарағанды фарма­цев­ти­калық кешені елге «Спутник V» вак­циналарының алғашқы пар­тия­сын жеткізді.

Денсаулық сақтау вице-ми­нистрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов егуден кейінгі хал-жағдайын айтты.

«Ешқандай қолайсыздық сезіп тұр­ған жоқпын. Ең алдымен вак­цина алатын адамды дәрігер тек­середі, анамнез алынады. Дене қызуы, қан қысымы, жұтқыншақ тек­серіледі. Содан кейін дәрігер ол адамға вакцина салуға рұқсат бе­реді. Пациент ерікті түрде вакци­на алатыны туралы ақпараттық ке­лі­сімге қол қояды. Егер ол бар­лық про­цедуралармен келіссе, 21 күн­нен кейін вакцинаның екінші кезе­ңіне де келуі керек», деді Е.Қиясов.

Оның айтуынша, барлық ке­зең­де жауапкершілік емдеу ме­ке­мелеріне жүктеледі. Барлық жауапкершілік ортақ болады. Әрине, Денсаулық сақтау ми­нистр­лігі әр жағдайды дербес қарас­тырады. Әрбір өңірлік ден­саулық сақтау басқармасының жанынан айрықша реакция секілді жағдайларды тексеретін арнайы комиссиялар құрылады.

Көпшілік арасында «Корона­вирусқа қарсы вакцина алғандарға шетелге шығу талаптары өзгере ме? ПТР анықтамасы сұрала ма?» деген сұрақтар туындауда. Бұ­ған жауап берген вице-министр Қазақ­станда елден ұшу үшін ПТР анықтамасы сұралмайтынын, сондай-ақ мұндай жағдай қай елге ұшып бара жатқанға да байланыс­ты екенін айтты.

«Вакциналаудан кейін көп жағдай өзгеруі мүмкін. Өйткені көптеген ел вакцина алғандарға қатысты қандай да бір ерекше режім мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл мәселе күн тәртібінде тұр. Өздеріңізге мәлім, вакцина­лауды электронды қадағалау ұғы­мын – электронды паспорт­ты енгізіп жатырмыз. Бұл д­е­рек­­тер вакциналау жүргізу жолын мониторингілеу үшін ақпа­рат­­­тық жүйеге орналастырыла­ды. Айта кететін тағы бір жайт, аме­ри­­ка­лық Pfizer вакцина­сы қазақ­стан­дықтарға екінші жарты­жыл­дық­тан кейін қолжетімді болуы мүм­кін. Pfizer компаниясымен ал­дын ала уағдаластықтар бар, мемо­рандум бекітілген, егжей-тег­жейлі сұрақтар келіссөздер дең­гейінде. Бір айта кетерлігі, өзде­ріңіз жаңалықтардан байқа­ған­­дай, Pfizer вакциналары жетпей жатыр, компанияның өзге ел­дер алдындағы міндеттемелері әлі шешіл­меген мәселе болып тұр. Ол вакцина 70 градуста сақталуы керек, барлық тетіктері әлі талқы­ланады», деп атап өтті Е.Қиясов.

Бас санитар дәрігер өз сөзін­де уақыт жоғалтып алмауды айрықша атап өтті.

«Дәл қазір уақыт бізді күтпей­тінін түсіну керек, сондықтан қолда бар мүмкіндікті пайдалану керек. Барынша көп адамды қамту үшін бұл науқанды барынша ертерек бастаған жөн. Назар салатын тағы бір нәрсе, Ресейден жеткізілген және Қарағандыдан шығарылатын вакциналардың өзіндік құны іс жүзінде шамалас болады. Бірақ вакцинаны Қарағандыда шығаратын болсақ, әрине оның артықшылықтары бар. Біріншіден, өндіріске өзіміз тікелей қатысамыз, бүкіл өндіріс циклін қадағалай аламыз. Бұл бізге осы тәжірибені одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Менің ойымша, логистикаға байланысты қандай да бір шығындар болуы мүмкін», деді Е.Қиясов.

Ол коронавирусқа қарсы вак­ци­на­лаудың халыққа тегін екенін еске салды және вакцина­ның екі компонентті дозасының бағасын (өзіндік құнын) айтты.

«Екі компонентті доза бүгінде 26 доллар (11021,4 теңге) тұрады. Бұл – ресейлік вакцина. Жалпы алғанда, вакцинаның бағасы қай жерде шығарылатынына қарамас­тан, Ресейде немесе Қазақстанда осындай болады. Сонымен қатар вакцинаның бірінші дозасынан кейін карантинге оқшауланудың қажеті жоқ. Коронавирусқа қарсы вакцинаны 21 күндік аралықпен екі кезеңмен енгізу керек. Бірін­ші доза антиденелердің аз мөл­шерін өндіруге байланысты қысқа қорғаныс әсерін береді. Екін­ші доза біріншісінің әсерін кү­шейтеді және нығайтады, адам ағза­сындағы антиденелер саны ар­та­ды. Бірінші дозаны алған соң ка­рантинге оқшауланудың қажеті жоқ. Мен күнделікті жұмысқа бара­мын. Вакцинадан кейінгі күті­м­ді ұстануға тырысамын. Деген­мен баршаңызды карантин режімін сақтауға шақырғым келе­ді, өйткені адам вакцина алса да, кей­бір жағдайларда белгілі бір вирус­тардың тасымалдаушысы болуы мүмкін. Вакциналау арқылы ең ал­дымен өзіңізді қорғайсыз, өз ағ­заңыздың вирус жұқтыру мүм­кіндігін азайтасыз. Бірақ сіз ағза­ңызды өзіңізге шабуыл жасай ала­тын вирустардан босатпайсыз. Бұл вак­цина сіздің денеңізді аурулар­дан қорғайды», деп түсіндірді Е.Қиясов.

Бас мемлекеттік санитар егер ха­­лық­тың кем дегенде 50%-ы вак­­цина алса, иммундық қабат пай­да болатынын, осылайша, еш шек­теусіз, карантинсіз, локдаунсыз қа­лып­ты өмірге орала алатынымызды жеткізіп, вакци­налаудың ең басты нәтижесі осы болатынын атап өтті.

«Жалпы, егу жұмыстары үшін 10 млн азаматқа дейін есептел­ген сандарды алдық. Бәрі­нің вакцина алғанын қалар едік, өйткені коронавирустың қандай қауіпті инфекция екенін біл­есіз­дер. Барлығын вакцина алуға шақы­руға тырысамыз», деді Е.Қиясов.

Денсаулық сақтау ми­нистр­лігінің мәліметінше, вак­ци­налау­дың алғашқы күні 2,5 мың меди­цина қызметкері екпе салдырады деп жоспарланған. Бұған дейін елімізде егу пункттерінің дайын­дығы тексерілді, профи­­лак­тикалық егу жүргізу мәсе­ле­лері бо­йынша стандартты опера­ция­лық рәсімдер бекітілді, 2 мың­нан астам медицина қызм­ет­кері оқы­тыл­­ды. Әрі қарай Қар­аған­ды фар­ма­­цевтикалық кешені вак­цинаның 112 мың дозасын, нау­рызда 150 мың, сәуірден мау­сымға дейін ай сайын 600 мың доза­ны жет­кізетін бо­лады. Алдын ала мәлім­ет бо­йын­ша «Спутник V» ва­к­цина­сы­ның тиімділігі – 96%.

Бірінші кезекте халықтың жеке­леген топтары – медицина қыз­мет­кер­лері, полицейлер, әс­ке­ри қыз­мет­керлер және т. б. вак­­ци­­на­­лана­ды. Вакциналауға про­­фи­лакти­­ка­лық егуге қарсы көр­сет­кіш­тері жоқ, кәмелеттік жасқа толған адамдар жіберіледі. Вак­циналау алдында дәрігер па­циент­ті міндетті түрде тексереді. КВИ-ға қарсы вакциналау 2021 жылдың соңына дейін жалғасады, оған 6 млн адам қатысады деп жоспарлануда.