• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Сұхбат 02 Ақпан, 2021

Амантай Кәкен: Бізде балалық дәурен болған жоқ

546 рет
көрсетілді

Ұлттық қауіпсіздік саласының құрметті ардагері, сонымен қатар қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасын қалдырған, зерттеуші-қаламгер Амантай Кәкен өзінің еңбекқор, ізденімпаздығы мен ұлт руханиятына қал-қадерінше үлес қосқан тұлға. Әсіресе, өткен ғасырдың бұлғаққа толы, тар жол, тайғақ кешу жылдарында халқымыздың басынан кешкен қилы тағдыр, қиын күндері жайлы жазған: «Познание себя. К вопросу о несостоявшейся немецкой автономий» (1998 ж), «Түркістан легионы» (2000 ж), «Шырғалаң немесе тағы да неміс автономиясы туралы» (2011 ж), «Кремлевский колоброд...» (2013 ж) туындыларын былай қойғанда, жалынды ақын, мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің өмір-тарихы мен саяси-қоғамдық іс-әрекеті жайлы архивтік құжаттарға сүйеніп жазған «Сәкен шындығын діттегенде» (1994 ж) зерттеуі және эссе-хикаят түрінде көркем баяндалған «Қазақтың Сәкені» (2004 ж) атты құнды еңбектердің авторы.

Өткен ғасыр басында алаш арыстары жайлы дарынды ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров «хал­қы үшін шам қылған жүрек ма­йын» деп айтқаны сияқты, туған жұртының ақтаңдақ тарихына терең үңіліп, шежіресі шырмаулы шерлі жылдардың ақиқатын айта білген қарымды қаламгер, қажырлы журналист Амантай ағамыз бүгінде сексеннің сеңгі­ріне шығып отыр.

Осы орайда, атамыз қазақ­тың «ағадан ақыл, ініден ізет» әде­бі бойынша, жеті мүшелге жете­ғабыл жасқа жеткен қарияға сәлем бере барып, ардақты ақсақалмен өрбіткен әңгіме желісін басылым оқырмандарына ұсынып отырмыз.

– Амантай Ғазезұлы, екі­нің бірі жете бермейтін сексен дей­тін сеңгірдің биігіне шығып­сыз, мерей жасыңыз құтты бол­сын!

– Рахмет.

– Лажы болса, әңгімені өзі­ңіз­­дің өскен орта, өмір сүрген қоғам, көрген тәрбие, ұққан өнеге... дегендей, балалық шағы­ңыздың баянды күндерінен бастасақ деймін. Бәрін түгелдей баяндау мүмкін емес әрине, десе де көктей шолып айтып өтсеңіз.

– Мен 1941 жылы ақпан айы­ның бірінші жұлдызында Ақ­мо­ла облысына қарасты Ақсу кені­­шінде көп балалы отбасында туыппын. Әкем Ғазез Екінші дү­ние­жүзілік соғысқа қатысқан май­дангер еді. Ұрыс даласында ауыр жараланып, елге жалғыз басы аман оралған екен. Онысына қарамай көп жыл шахтада қара жұмыс істеді. Жарықтық мінезге бай адам еді. Есею жылдары қы­зыл мен ақтың қырғыны, кәм­песке, ашаршылық сияқты нәу­беттің өтінде өткендіктен болар, шүкір­шілігі мол, тоқтыққа тө­бесі көтеріліп толып кетпейтін, жоқ­тыққа еңсесі жонылып жұқа­рып кетпейтін жан еді. Әсіресе, о кі­сінің ұқыптылығы мен ыжда­һат­тылығы арқасында ел қатарлы өмір сүрдік.

Егер бойымда жақсы қасиет, жағымды қылықтар бол­са, әке тәрбиесі мен өскен орта­ның өнегесі деп пайымдар едім. Ал шешем жарықтықтың аты – Алма. «Аш қалмадым, арғымақ мінбедім» деп Қанай шешен айт­қандай, осы анамыздың арқасында өнегелі өмір көріп, өн бойымызға текті тәрбиенің нәрін сіңіріп өстік. Сөйтсе де, балалық шағым тым баянды болды деп айта алмаймын. «Болашақта бақытты өмір сүру үшін, бақытсыз балалық керек» дегендей, менің бауыр жазып, бас көтерген балалық шақ, бал күн­дерім қан майданның қасіретті жылдарына тап келді.

Қазақтың үлкен қаламгері Қа­­дыр Мырзалиевтің жазбасынан оқығаным бар еді. – Соғыс жыл­дары дейді Қадекең. – Әжем күнде жатарда «Е, Жаратқан осы күніме шүкір» деп риза кейіпте дұға жасайтын. Мен «Күйеуі со­ғыста жүр, ағасы мен інісінен қа­ра қағаз келді, несіне шүкір етеді» деп ойлаушы едім. Бір кү­ні осы жайлы сұрағанымда, әжем: «Бұдан да қиын күндер болуы мүмкін, сол үшін шүкіршілік етем» деді, – деп жазады. Айтайын дегенім – біздің буын бесіктен белі шықпай-ақ жоғарыдағыдай шүкір­шілікті көріп өсті. Қысқасы, біз­де балалық дәурен болған жоқ. Шыңдалып өстік. Еңбекке ерте араластық.

– «Еңбекке ерте араластық» демекші, орта мектепті бітір­ген соң анда-мында оқу-тоқу іздеп жүр­­мей, бірден өндіріске ор­налас­тыңыз...

– Солай болды. Өйткені, біздің ағайындар қоныс тепкен шағын ауыл тек бір рудан өрбитін бір-бірі­мен аталас, туыс-жекжаттар еді. Басқалар оны «Бәйсүгір» ауы­­лы деп атайтын. Сол тұста қалыптасқан ағайынаралық жа­зылмаған тәртіп бойынша, әрбір ержет­кен азамат алысқа кетпей ата-анасына қолғанат болуы тиіс сияқ­ты сезілетін. Оның үстіне әкей жарықтық екінші топтағы мүгедек болғандықтан оларды тастап, отбасы ошақ қасынан алысқа кету жайлы ойламадым да.

Сөйтіп, 1960 жылдары Ақсу кенішінің бас карьеріне элек­трик болып жұмысқа орналас­тым. Екі жылдай тәжірибелі маманға көмекші болып жүрдім де, жұмыстың қыр-сырына қа­нық­қан соң өз алдына қызмет атқа­ратындай дәрежеге жеттім. Сөйтіп, жүргенде бес жыл өте шықты. Алтыншы жылға аяқ бас­қанда өндіріс басшылары ма­ған мекеменің бастауыш комсомол ұйымының хатшысы деген әжептеуір лауазым беріп қой­ды. Бұл өзі кәдімгідей саяси нау­қанға толы жұмыс. Әсіресе, сая­си үгіт-насихатқа ерекше мән бері­леді. Оның көзі – газет-журнал. Яғни, қазіргі тілмен айтқанда бұ­­қара­лық ақпарат құралдары. Бір жағы белсенді жастарды та­ныту, екіншіден, өндірістің же­тіс­тігін қоғамға құлағдар ету мақ­­­сатында облыстық деңгейдегі ба­­сылымдарға мақала жазатын әдет тауып алдым. Кейін осы іс – ме­нің жазу-сызуға деген құш­тар­лығымды оятты. «Дәндеген қар­сақ құлағымен ін қазады» дегендей, алғашқы жазбаларым газет бетіне шыққан сайын бойымда кәдімгідей желпініс, жазуға деген ынта оянды.

Мәлімет үшін айта кетейін, сол тұста еліміздің солтүстік бес облысы – Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қа­зақстанды біріктіріп «Тың өл­кесі» деген жаңа құрылым пайда болды да, бес облыстағы қазақ га­зеттері жабылып, олардың орнына «Тың өлкесі» деген газет шықты. Осы газетке мақалалар жіберіп тұрдым.

– Түсінікті. Сөйтіп, жаза-жаза журналист болдыңыз... Сіз­ді бұл кәсіпке баулыған ұстаз­да­рыңыз кім?

 – Бірден тайпалған журналист болып кете қойған жоқпын. Ағаларға еліктеу, олардың жаз­ған жақсы дүниелеріне тамса­ну менің де басымнан өтті. Ан­да-санда шалғайда жатқан ауы­лы­мызға облыстық, республикалық деңгейдегі журналистер келеді. Оларға қызыға қараймыз. Айтқан әңгімелерін тыңдап, сөз саптасына, мінез-құлқына, жүріс-тұрысына еліктейміз... Дей тұрсақ та, өзім үлгі тұтқан, тәлімін алып, шарапатына бөленген екі адам болды. Біріншісі – майдангер жазушы-журналист Әскен Нәбиев болса, екіншісі – сол тұста «Социалистік Қазақстан» газетінің Тың өлкесін жауаптанған меншікті тілшісі Орақбай Смағұлов деген ағай еді.

Оның сыртында Әсекеңнің ту­ған ағасы, кезінде Түркістан ле­гио­нында болған Мақсұт Нә­биев біздің үймен көрші тұрды. Жа­зушы ағамыз ауылға келген сайын «Ғазиз ағайға сәлем берейін» деп, біздің үйге үнемі кіріп шығатын. Онымен қоймай менің газетке шыққан бірлі-жарым хабар-ошарымды байқап жүретін көрінеді.Ұшырасқан сайын: «Редакциямен байланысыңды үзбе, жазып тұр, көмек керек болса айт, ұялма» деп, қолдап-қолпаштап, ақыл-ке­ңесін беріп жататын.

Ал Орақбай ағамен қалай та­­­нысқанымды айтайын. Бірде Әскен аға газет тарату науқанымен келгенде жанындағы жолдасын: «Социалистік Қазақстан» газе­ті­нен. Орақбай Смағұлов» деп та­ныстырды. Еліміздің бас газеті – «Социалистік Қазақстанның» Ақ­мола облысындағы арнаулы өкілі ретінде осы жауапты қыз­­метті мінсіз атқарған аға­мыз­­дың әртүрлі тақырыпқа жазған сүбелі материалдарынан былайғы жұрт жақсы хабардар еді. Осы кісі маған «Социалистік Қазақстан» газетінің жергілікті тілшісі» деген куәлік алып беріп, маңызды тақырыптарды қаузап, шыңдалуыма жол ашса, «Тың өлкесі» газетінің қызметкері, ақын Нұрғожа Оразов газетте жарық көрген «Достық әзіл» бұ­рышына: «Карьерден біздің Кә­кенов, Табысты тұр әкеліп, Кәрілерге жоламай, Жастарды жүр көтеріп» деп жазғаны бар. Бұның өзі «арық атқа «шүу» де­гендей» үлкен демеу болды. Мені баспасөзге бір табан жақын­датқандай әсер етті.

– Әңгімеңізге қарасам, ауыл­дың электрик-комсоргы кәсіби журналистикаға қарай беттеп келе жатқан сияқтысыз, бірақ не себептен күрт бұрылып, мем­лекеттік қауіпсіздік саласына ойыстыңыз?

– Расын айтсам, ол кезде менде кәсіби журналист болудан бас­қа діттеген мақсат жоқ-тын. Тіп­ті КазГУ-дің журналистика фа­культетін сырттай оқып бітіріп ал­дым. 1965 жылы республика тарихында болған ірі өзгеріс болып бес жыл бұрын құрылған «Тың өлкесі» таратылып, бұрынғы об­лыстар қайта қалпына келді. Бес жыл бұрын жабылып қалған қазақ тілді газеттер қайта ашылды. Сөйтіп біздің Ақмола облысы «Коммунизм нұры» дейтін га­зетке ие болды. 1966 жылы осы ба­сылымға тілші болып орна­лас­тым. Кешікпей бөлім меңге­рушісі болдым. Осылай жүріп жаттық...

Содан ойламаған жерден ұсы­ныс түсті. Бұл 1973 жылы болатын. Сол кезде қалыптасқан жүйе бо­йынша мемлекеттік қауіпсіздік саласына өндірісте жұмыс істеген, комсомол, партиялық қызметке бейімі бар, бір сөзбен айтқанда өмірде ысылған азаматтарды қа­былдау науқаны жүріп жатыпты. Содан таңдау маған түскен. Қысқасы, Целиноград облыстық пар­тия комитеті бюросының қау­лысымен мемлекеттік қауіпсіздік саласына, әскери қызметке шақы­рылдым.

Менің журналистикаға үш қай­наса сорпасы қосылмайтын қызметке кетіп бара жатқанымды ескеріп, өзім еңбек етіп жүрген ре­дакция ұжымы сәттілік ті­леп ресми шығарып салу хатын жол­дағаны бар. Бұл құжат өмі­рім­нің бір белесіндей, жеке архи­вімде әлі сақтаулы тұр. Онда: «Сен қоғамдық жұмысқа белсе­не араласып, берілген тап­сыр­маны бекем орындайтын тия­нақтылығыңмен танылдың. Кол­лективте жұғымды, жолдастар арасында беделді азаматсың, таза коммуниссің. Ұстамды мінезің, байсалды әрекетің сені тағы бір талап биігіне шақырып, үлкен істерге жетелей тартады. Сені қа­наттандырып ұшырған редакция коллективі саған әрдайым сәт сапар, мықты денсаулық, зор ізденіс жолын тілейді» деп жазылған.

Кешікпей Мәскеу қаласын­дағы Ф.Э.Дзержинский атындағы КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік жоғары мектебіне оқуға атта­нып, екі жыл дайындықтан өт­тім. Қауіпсіздік қызметкері ре­тін­де алғашқы еңбек жолымды Жез­қазғанда бастап, Шымкент және Ақмола облыстарында жал­ғастырдым. Бұл қызметті де абы­ройлы атқардым. КОКП Орта­лық Комитеті Саяси бюро­сы­ның мүшесі, Мемлекеттік қауіп­сіздік комитетінің төрағасы В.М.Чебриковтың бұйрығымен маған «полковник» шені берілді.

– Қызық болғанда, Мемле­кет­тік қауіпсіздік саласы өздері таңдап алған қызметкері кейін бұл саланың түпсіз апанында жат­қан архивтік құжаттармен та­нысып, халқымыз бастан кеш­­кен ақтаңдақтарды аршып алып, сөйлетеді деп ойламаған болар. Әсіресе, сіздің «Түркістан легионы» жайында жазған зерттеу еңбегіңіз бір төбе. Сұрайын дегенім – дәл осы тақырыпты қаузауыңызға не түрткі болды?

– Жоғарыда айтқанындай, Екін­ші дүниежүзілік соғысқа қа­ты­сып, немістердің қолына тү­сіп, кейін «Түркістан легионы» сапында болған бізге әрі ағайын, әрі көрші Мақсұт Нәбиевті көзім көрді. Ержетіп, етек басқан сәт­тен осы кісінің әңгімелерін тың­дап, соғыстың біз біле бер­мей­тін көлеңкелі тұстарын аңғар­­ғандай болдым. Ағамыз Түркіс­тан легионында «қазақтың Па­га­ниниі» атанған скрипкашы Әй­ті­кеш Толғанбаев, белгілі ән­ші Мұхамбетқали Батыргереев, қа­лам­гер азаматтар Әли Асқар, Мәжит Аяпбек, Мәжит Айтбаев, Мәулікеш Қайболдин, Хамза Аб­дуллин және т.б-лармен бірге болыпты. Бертінде Сталин өліп «жы­лымық» жылдардың жы­лы ле­бі ескенде кеңес түрмесі­нен тірі оралған легионерлер бір-бірі­мен араласып жүрді. Әлі есім­­де бір күні Мақсұт ағамызды Ал­матыдан жазушы Хамза Абдул­лин іздеп келді. Хамзекең ата­ғы дардай үлкен жазушы, әрі гру­зин ақыны Шота Руставелидің ­«Жол­барыс тонды жиһанкез» дас­­та­нын қазақша сөйлеткен ата­ғы бар...

Екі ағамыз күнді түнге жалғап әңгіме айтады. Сәтін салғанда маған қос легионердің әңгімесін тыңдау бақыты бұйырды. Ескілеу «Урал» мотоциклім бар еді, қос қа­рияны отырғызып алып, дала­ның құба шаңын бұрқыратып шап­қылаймын кеп. Уақыт өте келе ес­тіген дүниелерім көкейімде көк­теп, аталған тақырыпты қауза­уыма негіз болғаны анық.

– Жалпы осы легион мәсе­ле­сінде, Екінші дүниежүзілік со­ғыс тарихын зерттеушілер әлі бір байламға келе алмай жүрген сияқтана береді. Бірі ақтаса, екінші тарап басқа бір мәміле айтады дегендей. Сіз болсаңыз «Түркістан легионерлері – «мұ­сыл­ман факторы» атты сая­си ойынның құрбаны» деген па­йым айтып жүрсіз...

 – Жасыратын түгі жоқ расында солай. Бір шындықты айта­йын, тіпті соғыс басталмай тұрып немістер 1941 жылы 16 мамырда болашақта қолға түсетін кеңестік тұтқындарға қалай қатынасу жай­лы үкім шығарып қойған. Осы бұй­рықта: большевизмге улан­ған кеңестік тұтқындарға қа­таң көзқарас қолданылсын; со­ның ішінде азиаттарға ерекше қатаң­дық көрсетілсін; оларға ешқандай ақпарат берілмесін; халықаралық ұйымдардан жіберілетін көмекке тиым салынсын; жергілікті тұр­ғындармен қатынасуына қа­таң шек қойылсын деген арнайы бап болды. Осыдан-ақ, фа­шис­тердің тұтқынына түскен қан­дас­тарымыздыңжайын біле бері­ңіз. Бұл бір. Одан кейін соғыс аяқталған тұста, Сталиннің «Біз­де тұтқындар жоқ, тек Отанын сатқандар бар» деген бір ауыз сөзі мен 1941 жылы 16 тамызда ге­нералиссимус қол қойған «Со­ғыста жау қолына түскен тұт­қындар қасақана әскерден қаш­қан болып есептелсін...» деген 270-ші бұйрығы легионерлер тағ­­дырын екі есе қиындатты. Ра­сын айт­қанда, тұтқынға түскен түркіс­тандықтарды Кеңес өкіметі бур­жуазиялық ұлтшылдардың ізба­сарлары, халық жауы деп қара­ласа, немістер күні бүгінге де­йін күн тәртібінен түспей келе жат­қан «мұсылман факторы» атты үлкен ойынның құрбандығына айналдырды. Бар шындық осы қарағым!

– Ендеше, осы адамдарды, нақтырақ айтқанда еріксіз жау қолына түсіп легионер атан­ғандарды ақтап, ұрпағына құн­ақы (компенсация) төлесе бола­тындай екен. Жалпы соғыс жыл­дары «Түркістан легионы» құ­рамында қанша қазақ бол­ғаны жайлы дерек бар ма?

– Сіз мына бір құжатқа назар аударыңыз: «Известия» газеті 1998 жылы 25 маусым күнгі санына Ресей Қарулы Күштері Бас штабынан алынған құпия мәлі­метті жариялады. Онда: 1941-1945 жылдары Кеңес Одағынан 34 млн 476 мың 700 мың адам май­данға қатысты. 11 млн 944 мың 100 адам қаза тапты. 4 млн 559 мың адам хабарсыз кетті. 4 млн 559 мың адам тұтқынға түскен делінген. Нақты шындық осы.

Жоғарыдағы тұтқынға түс­кен­- дер арасында легионер атанға­­ны бар, жалпылай алғанда Екінші дү­ниежүзілік соғыс кезінде Гер­ма­ния қарулы күштерінің құра­мында, 2 миллионға жуық шетел­дік жауынгер, яғни легионер есе­біндегі адамдар болғаны жайлы дерек бар. Бұлардың 450 мыңы мұсылман еріктілері делініп жүр. Нақты айтқанда, 120 мың бал­қандық, 4 мың араб-үнді тектес, 180 мыңы түркістандық (өз­бек, қазақ, қырғыз), 30 мың сол­түс­тіккавказдық, 25-35 мың әзер­бай­жан, 60 мың Еділ және Қырым мұ­сылмандары болғаны туралы құжат бар.Осыған қарағанда легионерлер сапында қазақтар көп болмаған. Нақты саны белгісіз, ары кетсе 10-20 мың шамасы болуы мүмкін. Осылардың арасы­нан ақталғаны үш-ақ адам. 1992 жылы скрипкашы Әйтікеш Толғанбаев, 1996 жылы ақын Хамза Абдуллин ақталса, кейін бұл тізімге Қабыкен Әбішев қосылды.

– Қазір тәуелсіз ел емеспіз бе? Бұларды ақтауға не кедергі?

– 1947 жылы сәуір айында Ал­маты қаласында Түркістан әс­кери округінде Түркістан легио­нына қатысқан 49 адамның қыл­мыстық ісі қаралып, түгелдей жа­за жүктеді. Еліміз тәуелсіздік алған­нан кейін, яғни 1995 жылы Бас прокуратура жоғарыдағы 49 адам­ның №5221 қылмыстық ісін қай­та қарап, 2 шілде күні ресми қорытынды шығарды. Онда: «Бұл адамдар Отанын сатқандар, соғыс жағдайында басқаларға қолұшын бергендер» ақтауға ешқандай не­гіз жоқ делінді. Тіпті 1993 жылы 14 сәуірде қабылданған «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң талаптары легионерлерге жүрмейді деген үкім кесіп айтылды. Соған қарағанда легионерлердің бүгін-ертең ақта­ла­тындай түрі көрінбейді.

– Түсінікті. Аға, сіз 1994 жы­лы «Сәкен шындығын діт­те­генде» атты кітап жаздыңыз. Атал­­ған тұлға жайлы бұ­ған де­йін қазақтың мүйізі қара­ғайдай үл­кен ғалымдары бүге-шігесіне дейін зерттеп тастады. Ал сіз қай тарабын індеттіңіз?

– Ойыңызды ұқтым. Сәкен Сей­фул­лин түп-тамырына дейін зерт­телген тұлға, сіздікі не де­мек­сіз ғой. Айтайын, жалпы сә­кен­тануда Сәбит Мұқанов, Ес­ма­ғамбет Ысмайылов, Қажым Жұ­малиев, Серік Қирабаев қатарлы әдебиетші-академиктер үлкен үлес қосты. Осылардың ішінде про­фессор Тұрсынбек Кәкішевтің еңбегі бір төбе. Бірақ бұл адамдар жалынды ақынның әдеби еңбегі мен көпшілікке белгілі сая­си-қоғамдық жұмыстары жайлы зерттегені болмаса, НКВД ар­хи­вінде сақтаулы тұрған құпия құ­жаттарға қолдары жете берген жоқ. Менің бағытым – нақты ар­хивтік құжаттарға сүйене отырып, сол кездегі оқиғаларды тәп­сірлеу болды. Яғни, менің кіта­бымда: Сәкенді тергеу кезінде жа­­салған айыптау қорытындысы, соң­ғы шы­ғарылған үкім т.б. құ­­жат­тар тұңғыш рет жария­ланды. Одан кейін жарық көр­ген «Қа­зақтың Сәкені», «Непоко­ренный сын степи», «Сәкен Сейфуллин» секіл­ді туындыларым жоғарыдағы ар­хив­тік құжаттар ізімен көркем түр­де жазылған публицистикалық еңбектер.

– Сөз соңында, отбасыңыз жай­­лы бір ауыз айтып өтсеңіз.

– Зайыбым – Зәйкен Әбікен­қы­зы ұзақ жыл кәсіподақ ұйым­дарында қызмет атқарды. Қа­зір зейнеткер. Екі ұл, бір қыз тәрбие­леп өсірдік. Қызымыз Раузаның мамандығы мұғалім, үлкен ұлым Әнуарбектің мамандығы – экономист, екінші балам – Алмас инженер. Бәрі жеке шаңырақ көтерген. Құдайға шүкір немере-шөбере, жиен-жиеншарлар баршылық. Осы­лар аман-есен адам қатарына қо­сылып, тыныш заманда өмір сүр­­се екен деп тілеймін бір тә­ңірден.

Сөз соңында айтарым: бейбіт­шілік заман болсын, еліміз аман болсын, Алла тағалам қазақ хал­қын пәле-жаладан сақтап, шаңы­рағы шайқалмай өсіп-өнуді нәсіп еткей!

 

Әңгімелескен

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»