Әлем елдері жұқа жазба байлығын жаңғыртуда. Бұл – рухани түлеудің басты тетігі. Ал біз етжеңді жәдігерлерімізді елеп те отырған жоқпыз. Қараңыз, архив саласына алдағы уақытта мыңға жуық маман қажет болады екен. Бақсақ, елімізде сол мамандарды даярлайтын – жалғыз Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғана. Оған бөлінетін грант саны бірен-саран.
Қалың тарих жұқармасын десек...
Өткенге салауат айтпай, келешектің кемелденбесі кәдік. Қазақстанда көне құжаттарды қайта қалпына келтіретін құрылғы бар болғанымен, тілін білетін маман жоқ. Сонда шынайы деректер шаңға көміліп жата бермек пе?
Құнды құжаттарды физикалық-химиялық және техникалық өңдеуден өткізу архив саласының негізгі жұмыстарының бірі болып табылады. Қолда бар қордалы деректердің маңызын бұзбай, сақтау мерзімін ұзарту – бұл күннің басты талабы. Дәл қазір мәтінінің жазуы солғын тартқан архивтік құжаттар фотореставрациялауға әрі шаң-тозаңнан тазартып, қайта түптеуге зәру. Бұл қарекет Еуропада ертеден өріс алған. Өкінішке қарай, біздің құлағымызға енді жетіп жатыр.
Демек, архивтің маңыздылығы оның тарихи оқиғаларды білу мен түсінудің қайнар көзі болып табылатындығында, материалдық және рухани мәдениеттің жетістіктерін жинақтайтындығында және ұрпақтар арасындағы қатынастардың сабақтастығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіндігінде болып отыр. Міне, сондықтан тарихи жадымыздың бірегей қайнар көзі кеуіп кетпеуі үшін оны үнемі дамытып отыруымыз шарт.
Жақында Сенаттың әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшелері Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловамен кездескен болатын. Сонда Президенттің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын іске асыру шеңберінде архивтер мен кітапхана қорының жағдайы туралы ашық әңгіме өрбіді. Сенатор Нұртөре Жүсіп біздің елімізде архивтерді дамытуға жеткілікті көңіл бөлінбейтіндігін, сондықтан олардың жағдайы қазіргі заманғы стандарттарға сәйкес келмейтіндігін баса айтты.
«Бұл салаға кадр жетіспеушілігі өткір проблема. Бізде реставраторлар жоқтың қасы. Бас қалада дәл осындай 4 маман ғана жұмыс істейді. Елімізде оларды даярлайтын жоғары оқу орны жоқ. Қазір мұнымен Алматыдағы Ұлттық кітапханада түрлі халықаралық курстардан немесе тағылымдамадан өткен қызметкерлер ғана айналысады. Ал олардың жалақысы мардымсыз», деді Н.Жүсіп.
Кездесу соңында сенаторлар мәдениет қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесін қарастыруды және сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар сақталатын Ұлттық орталық құруды ұсынды. Бұл архив саласының өркендеуіне үлкен мүмкіндік болар еді. Әйтсе де...
Білікті маман болса...
Мәселен Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архивінде мұрағаттағы 1920-1930 жылдар аралығындағы құжаттарды өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал мыңдаған қолжазбаны қалпына келтіруге реставратор Сырым Ботабековтың күші жетер емес. Маман мұнда аптасына 2 рет, яғни қосымша айлыққа жұмыс істейді. Біз мекемеге арнайы ат басын бұрып, жұмыс барысын бақылып қайттық.
Құжаттарды қайта қалпына келтіру жұмыстары өте күрделі екен. Маман зертханадағы реставрация аппараттарының көмегімен тозығы жеткен қағаздардың көшірмесін істеуде біраз қиындықтың бетін ашты.
«Зертханамызға мұрағаттан ескі әрі бүлінген құжаттар келіп түседі. Құжаттарды бірден қалпына келтіруге кірісіп кетпейміз. Қағаз бетінде адамға зиян келтіретін бактериялар болуы мүмкін. Кейде көгерген не саңырауқұлақтар өскен құжаттар көзге шалынады. Болмаса адам өміріне қауіп төндіретін әртүрлі инфекциялар кездеседі. Олар адамның денесінде алуан қышымалар тудырады. Мәселен саңырауқұлақтар мұрын арқылы кіріп өкпенің әртүрлі ауруларына әкелуі ғажап емес. Процесс барысында мұның бәрі ескеріледі. Сондықтан қолжазбалар келіп түсе салысымен дезинфекция, дезинсекция жасаймыз. Дезинсекция арнайы инертті газ құрылғысы арқылы жүзеге асады.
Бұрындары формалин, тимол, этиленоксид секілді антибактериялы заттарды қолданған. Оны Иран архиві әлі күнге дейін пайдаланады. Соңғы реставрациялық үрдіс бойынша қағаздың құрылымында өте зиянды элементтер болатыны анықталды. Сондықтан одан бәрі бас тартып, инертті газға көше бастады. Алдымен ескі құжаттарды инертті газға толы камераға қойып, 3-4 апта бақылаймыз. Одан кейін үлкейткіш әйнекпен қарап, саңырауқұлақтардың іздері байқалса тазалап алып тастаймыз. Микромиценттен тазартамыз. Егер бактерия бар болса, қағаздың сол тұсын қосымша биоситтер арқылы орап, өңдейміз. Сосын барып реставратордың қолына тапсырылады», дейді С.Ботабеков.
Маманның айтуынша, камерадан шыққан құжаттардың әрбір парағын шаң-тозаңнан тазарту қажет. Олар да арнайы аппарат арқылы жүзеге асады.
Шеттері жетіспейтін, жыртық, көп жағдайларда скотч жапсырылған құжаттар кездеседі екен. Негізінде қағазды скотчпен жабыстыруға болмайды. Алған кезде қиындық тудырады. Сондықтан жапон қағазының көмегіне жүгінеді. Бұл жұмыс Германияда жасалған құрылғы арқылы орындалады. Екіжақты жапон қағазы көшірме жасауға таптырмас мүмкіндік.
8,5 граммдық жапон қағазының екінші бетінде термореактивті желім бар. Жұқа қағазды ескі құжаттарға қыздырып желімдейді. Ол тозығы жеткен құжатты нығайтып, қорғайды. Құжат ішіндегі мәтін өшіп қалған жағдайда жапон қағазы арқылы қалпына келтіруге болады. Бірақ бұл әдісті өте сирек кездесетін құжаттарға қолдануға болмайды. Неге десеңіз, жапон қағазын құжаттан сұйықтық арқылы айырып алған кезде әріптерді бүлдіруі мүмкін.
Жалпы, реставрация екі түрге бөлінеді. Бірі – сулы, бірі – сусыз. Сулы реставрацияны сулап отырып, арнайы ұн желімі арқылы ажыратады. Құжаттың қалыңдығына байланысты жапон қағазы да сондай болуы шарт. Құжатты төбеден жарық түсірілген үстелге орналастырып, астынан да жарық түсіреді.
Зертханада қосымша бу қарындаш аппараты бар. Кейбір құжаттар бір-біріне нығыз жабысып қалады. Оны тартып ашсақ сиялары бүлінуі мүмкін. Кейін не жазылғанын оқи алмайсың. Сол үшін сулап алуға тура келеді. Одан кейін сырғанау кептіргішіне орналастырады. Бұл жерде әртүрлі су процесстерінен шыққан құжаттарды кептіреді.
Екіншісі – құрғақ әдіс. Бұл сиямен жазылған құжаттар үшін маңызды. Себебі ылғалды әдіс құжаттардың бояуын құртады.
Реставрация үстелінің үстінен жарық түседі. Астынан ары-бері жылжытуға болады. Лупамен асықпай қарап, әріптерді байланыстырады. Ал қағаздан мүңкіген жағымсыз иісті мобильді шаңсорғыш сорып алады. Мамандар әртүрлі скальпельдердің көмегімен құжаттарды тазартып, жұмыс істейді. Олар түптеу, қағазды түзету жұмыстарына қолданылады.
«Астана қаласы әкімінің қолдауымен осы құрылғыларды иелендік. Бұл Қазақстан бойынша біздің мекемеде ғана бар. 1920-1930 жылғы құжаттарды қайта жаңғыртып жатырмыз. Құжаттардағы ақпараттар жойылып кетпеуі үшін бар күш-жігерімізді салудамыз. Реставрациялауға арналған соңғы үлгідегі аппараттар осында орналасқан. Олар маңызды құжаттардың бұзылуын тежеп, ғұмырын ұзартады», дейді қалалық архив жұмысы қызметінің басшысы Ардақ Кайыпжанова.
Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архивінің директоры Мейрам Бектембаев реставрация жұмыстарының жандануына маман тапшылығы кедергі келтіріп отырғанын тілге тиек етті.
«Біздің мақсат – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көрсетілгендей тарихты қадірлеп, өткенді жаңарту. Сол үшін ескі құжаттарды болашаққа таныстыру үшін барлық әдіс-тәсілді пайдаланып жатырмыз. Олардың сақталуын қадағалап, өңі кеткен жерлерін түзетудеміз. Ғасырдан асқан құжаттардың бір де біріне реставрация мүлде жасалмаған. Біздегі реставрациялық зертхана еліміздегі ең үздік зертханалардың бірі. Өкінішке қарай, аппараттың тілін білетін мамандар жетіспейді. Қазір іздестіру үстіндеміз. Болмай жатса, өзімізде бар мамандарды шетелге оқытуға жібереміз. Қандай жағдай болғанда да қолда бар дүниені игілікке жаратуымыз шарт», дейді М.Бектембаев.
Архив – өткендер аманаты
Естеріңізде болса, Премьер-министр Асқар Мамин архив саласында маман даярлау мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында жүргізілетінін жеткізген болатын.
«Үкімет заманауи архив қызметін құруға ерекше назар аударып отыр. Осы бағыттағы мамандықтың мәртебесін көтеру үшін биылғы қаңтардан бастап 2 мыңнан астам архив қызметкерінің еңбекақысын көтердік. Республикалық архив қызметкерлерінің жалақысы – 50 пайызға, өңірлік архив қызметкерінің жалақысы – 35 пайызға өсті. Бұл мақсатқа 2020-2022 жылдардағы республикалық бюджеттен 2,8 млрд теңге қарастырылды» деген еді Үкімет басшысы.
Осы қажеттілікті қамтамасыз ету мақсатында Білім және ғылым министрлігі 2020 жылы архив мамандығына бакалавриат және магистратура бағдарламасы бойынша 55 грант қарастырды. Бірақ бұл бастама олқылықтың орнын толтыруы екіталай. Себебі германиялық аппараттармен жұмыс істеу үшін шетелдік тәжірибе міндетті түрде керек. Ал олай болмаған жағдайда зертхананың іші бос қала бермек.
Шынында, еліміздегі бір де бір жоғары оқу орны реставрация жұмыстарын жүрзіге алатын маман даярламайды. Әттеген-айы сол, қала архивінде іс білетін бір-екі маман ғана бар. Елімізде ең үлкен реставрация зертханалары Алматыдағы Ұлттық кітапханада және елордада орналасқан Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығында ғана бар. Бірақ оларға да мамандар жетіспейді. Бәрінің жанайқайы бірдей.
Бүгінде кадр тапшылығы қолбайлау болып отыр. Қазақстанда жалғыз Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғана архив мамандарын оқытады дедік. Ал сол саладағы мамандарды астанаға жеткізбестен, Алматыдағы архив мекемелері жұмысқа бірден шақыртып алады. Ақша төлеп оқытуға ата-аналар құлықсыз. Себебі заман түрленгенде, артта қалған архив саласына кім қызыға қойсын.
Қорыта айтқанда, алдүзік ақын Қадыр Мырза Әлі: «Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақтағы» деп жазғанындай аталар аманатын арқалаған архивтерде аз да болса көптің керегіне жарар рухани дәрумен бары ақиқат. Ол жасампаз ұлттың жаңғыруының кепілдемесі. Оқулығы жұқа тарихтың әрбір беті – жақсылыққа жолбелгі, болашаққа бағдаршам. Осыны ұмытпайық...