• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 08 Ақпан, 2021

Өзге мемлекеттердің төлқұжатын иеленгендер көп

226 рет
көрсетілді

Қос азаматтық анықталған жағдайда, Қазақстанның құқық қорғау орындары Қазақстан Республикасы азаматтығынан айырылғанын тіркейді. Егер Қазақстан Республикасы азаматтығынан айырылған соң да құжаттарды пайдаланып жүрсе, оған 100 АЕК көлемінде айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал өзге елдің азаматтығын алған соң 30 күн ішінде қазақстандық құжатын өткізбеген тұлғанің ісі сотқа жолданып, 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыпқа тартылады немесе сот шешімімен ел аумағынан шығарылады.

Бұл мәселе Ресей Федерациясының 5 облысымен шектесіп жатқан Батыс Қазақстан облысында өте өзекті. Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан қос елдің азаматтары арасында алыс-беріс, туысқандық қарым-қаты­нас­тың талай ғасырға кететін тарихы бар.

Соңғы күндері бұқаралық ақпарат құралдарында батысқазақстандық мемлекеттік қызметшілер арасында шетел азаматтығын алған тұлғалар бар екендігі жайлы хабар тараған кезде, ел ішінде наразылар көбейді.

«Бұл қате ақпарат. Жалпы, Қа­зақстан бойынша осындай оқиға бол­ғаны рас. Сондықтан біз тиісті мекемелерге тапсырма беріп, өңірдегі мемлекеттік қызметкерлердің азамат­тығын тағы бір мәрте тексеруді бас­тадық. Әдетте кез келген адам мем­лекеттік қызметке кірерде арнайы тексерістен өтеді, шетел азаматы бұл қызметке жіберілмейді. Ал мемлекеттік қызметте жүріп, шетел азаматтығын алатын тұлғалар болса, онда ол адам қызметтен шеттетіледі», деді Қазақстан Республикасы Мем­ле­кеттік қызмет істері агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша депар­та­менті басшысының орынбасары Аманқос Жұбаныш.

Батыс Қазақстан облыстық По­ли­ция департаменті Көші-қон по­лициясы бастығының мінде­тін атқа­рушы Алмас Нұрдың мәлім­деуінше, 2020 жылдың басынан бері облыс­та 865 тұрғынның қос азамат­тық жағ­дайда жүргені анық­талған. Бұл тұрғындардың 99-ы әкімшілік жауап­кершілікке тартылған. Ұлттық қа­уіп­сіздік комитетінің дерегінше, 23 адамға 100 және 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 252 және 505 мың теңге айыппұл салынған.

Сарапшылар қазақстандықтардың өзге ел азаматтығын алуына бірнеше себеп бар екенін айтады. Яғни карантин уақытында, төтенше жағдайлар кезінде және қылмыстық қудалауға ұшырағанда шекарадан кедергісіз өтіп кету үшін қос азаматтық қо­лайлы. Сондай-ақ көрші елдегі зейнет жасы мен мөлшері, бала туу кезіндегі төлемақы көлемі, жоға­ры оқу орнына түсу кезіндегі жеңіл­дік­тер қызықтырады екен.

Әрине, таңдауға талас жоқ. Бірақ бұл елдегі жайлы қонысынан, бәлкім майлы қызметінен де қол үзгісі кел­ме­гендіктен жасырынып, «қос ме­кенді» тірлікпен жүре тұрғысы ке­ле­тіндерге не айтуға болады?!

 

Батыс Қазақстан облысы