Атырауда 70-ке жуық азамат сот белгілеген жазасын өтеу үшін қоғамдық жұмысқа тартылды. Олар көшелерді сыпырып, қала мен ауылдардың тазалығына үлес қосып жүр. Жазасын өтеушілердің арасында бұрын мемлекеттік қызметте болған шенеуніктер де бар.
– Қоғамдық жұмысқа тарту түріндегі жаза сот үкімімен жергілікті атқару органдары бекіткен нысандарда жүзеге асырылады. Біздің мақсатымыз – сотталғандарды қоғамдық жұмысқа тарту арқылы тәрбиелеп, қылмыстың қайталануына жол бермеу. Өйткені қоғамдық жұмыстың тәрбиелік мәні тиімділігін дәлелдеді. Жазасын өтеуші азаматтар екінші рет шалыс баспауға тырысады, – дейді Атырау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Манарбек Ғабдуллин.
Департамент бастығының айтуынша, жауапқа тартылғандар күніне 4-8 сағатқа дейін жұмыс істейді. Алайда оларға еңбекақы төленбейді. Жазаға тартылғандардың көпшілігі – есірткіні пайдаланғандар, мас күйінде көлік жүргізгендер, ұрлық жасағандар. Қазір пробация қызметінің есебінде 1200 сотталушы тұр. Солардың бірі – Аман. Қылмысы үшін өкінгенімен, қоғамдық жұмысты атқарудан қашпайды.
– Қылмыс жасағаным үшін маған шартты жазамен қатар, қоғамдық жұмысты атқару міндеттелді. Көше тазалап жүргеніме өкінбеймін. Күніне 4 сағат Атырау қаласының көшелерін қоқыстан тазартамын, – дейді жазасын өтеуші.
Көше тазалығына тартылғандардың арасында бұрын браконьерлікпен айналысып, істі болғандар да бар. Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті пробация қызметі бөлімінің инспекторы Жарқынай Бақтиярова берген мәліметке сүйенсек, Исатай ауданындағы Жанбай ауылының 14 тұрғыны Қылмыстық Кодекстің 339-бабының 1-бөлігімен (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) сотталған екен.
– Мәжбүрлі еңбекке тартуды жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырады. Қазір Жанбай ауылының 14 тұрғыны күніне 4 сағат көше тазалайды, – дейді Ж.Бақтиярова.
Атырау облысы