Осыдан дәл 125 жыл бұрын, анықтап айтсақ, 1896 жылдың 9 ақпанында Ресейдің Санкт-Петербург қаласында мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш рет әлем чемпионаты ұйымдастырылды. Нева жағалауындағы әйгілі Юсупов бағында өткен жарыста тек ерлер ғана бақ сынады. Олар – германиялық Гильберт Фукс, аустриялық Густав Хюгель және жергілікті екі спортшы Георгий Сандерс пен Николай Подусков. Бұл тартыс 25 жастағы неміс спортшысының жеңісімен аяқталды. Осылайша, Фукстың есімі спорттың осы түрі бойынша тұңғыш әлем чемпионы ретінде тарихта қалды.
Сол 125 жыл аралығында ерлер арасындағы әлем чемпионатының жалауы 109 рет желбіреді. Тек миллиондаған адамның өмірін қиған І және ІІ дүниежүзілік соғыстың (1915-1925 және 1939-1945 жылдары аралығы) оты өршіп тұрған тұста ғана айтулы жарысты өткізуге еш мүмкіндік болмағаны белгілі. Ал 1961 жылдың 15 ақпанында Нью-Йорктен Брюссельге бағыт алған Boeing 707 ұшағы Бельгияның астанасы маңында апатқа ұшырады. Борттағы 72 адамның барлығы да сол жерде жантәсілім етті. Жолаушылар арасында мәнерлеп сырғанаудан АҚШ-тың 18 спортшысы мен 9 делегация мүшесі болған. Олар Прагадағы әлемдік додаға аттанып бара жатты. Сол қаралы оқиғадан кейін де жарыс кейінге шегерілді. Сондай-ақ 2020 жылы Монреальдағы бәсекенің өтуіне Жер-жаһанды жайлаған коронавирус індеті кедергі болды.
Тарихқа зер салсаңыз, әлем чемпионатының жекелеген сайысында ең көп олжаға кенелген Ульрих Сальхов екенін аңғару қиын емес. Данияда туып-өсіп, кейіннен Швецияға қоныс аударған ол 1901-1911 жылдар аралығында 10 бірдей жарыста төрткүл дүниенің теңдессізі деп танылды. Тек 1906 жылы жарақат алуына байланысты Ульрих Мюнхендегі бәсекеге қатыса алмады. Басты қарсыласының жоқтығын ұтымды пайдаланған түңғыш әлем чемпионы германиялық Гильберт Фукс өз жерінде екінші мәрте бас жүлдені олжалады. Сальховтың одан бөлек, Олимпия ойындарының жеңімпазы, әлем біріншілігінің үш дүркін күміс жүлдегері және Еуропаның тоғыз дүркін чемпионы деген дарадай атақтары тағы бар. 1912 жылы Стокгольм Олимпиадасында төртінші орында қалып қойғаннан кейін 42 жастағы Ульрих Сальхов үлкен спорттан қол үзді.
Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Карл Шефер шашасына шаң жұқтырмады. Аустрияның астанасы – Венада дүние есігін ашқан ол 1927-1929 жылдар аралығында әлемдік додада жүлдегерлер қатарынан көрінсе, одан кейін қатарынан жеті жарыста алдына жан салған жоқ. Сегіз рет қарт құрлықта қарсылас шақ келтірмеген Шефер Лейк-Плэсид пен Гармиш Олимпиадаларында алтын тұғырдан қол бұлғады. Жалпы, бұл жігіт «сегіз қырлы, бір сырлы» болған көрінеді. Олай деуге негіз, Карл түрлі музыкалық аспаптарда керемет ойнаған. Әсіресе скрипканы жаны сүйеген. Сондай-ақ брасс әдісімен жүзуден Аустрия біріншілігінің жеңімпазы атанып, 1928 жылы Амстердамда алауы тұтанған жазғы Олимпия ойындарына да өнер көрсеткен.
ІІ дүниежүзілік соғыс аяқталған соң АҚШ-тың Нью-Джерси штатының тумасы Ричард Баттонның бақ жұлдызы жанды. 1948-1952 жылдар аралығында ол қатарынан бес рет әлем чемпионы атанды. Екі бірдей Олимпиадада үздіктер көшін бастады. Бұл саңлақтың қазіргі кезде Нью-Йоркте тұрып жатыр. Ұзақ жылдар бойы түрлі телеарналарда комментатор болып қызмет еткен Ричард ақсақал ғұмыры жетсе, биыл жазда 92 жасқа толады.
Әлемдік додада төрт реттен топ жарған бес спортшы бар. Олар – аустриялық Вилли Бекл (1925-1928 жылдары), америкалық Хейз Алан Дженкинс (1956-1959) пен Скот Хамильтон (1981-1984), канадалық Курт Браунинг (1989-1991, 1993) және ресейлік Александр Ягудин (1998-2000, 2002).
ХХІ ғасыр табалдырықтан аттаған тұстардағы көрсеткіштер жайында айтар болсақ, бұл ретте ең үздік нәтиже ресейлік Евгений Плющенко мен канадалық Патрик Чанға тиесілі. Олар үш реттен теңдессіз деп танылды. Қиыр Шығыстан шыққан қыран 2001, 2003 және 2004 жылдары дара шықса, Үйеңкі жапырақтар елінің өкілі 2011-2013 жылдар аралығында атой салды. Ал соңғы алты әлем біріншілігінде атақтары алысқа жайылған үш саңлақ алма-кезек алтын тұғырға көтерілді. Олар – жапониялық Юдзуру Ханю (2014, 2017), Хаверь Фернандес (2015, 2016) және америкалық Нейтан Чен (2018, 2019).
Мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатына әйелдер 1906 жылы қосылды. Давостағы додада ұлыбританиялық Медж Сайерс-Кейв алтыннан алқа тақса, аустриялық Дженни Херц пен мажарстандық Лили Кронбергер күміс пен қолаға қол созды. Келесі жылы Венада өткен біріншілікте де дәл сол жағдай айна-қатесіз қайталанды. Нақтылап айтсақ, Медж – бірінші, Дженни – екінші және Лили үшінші орындарды иеленді. Осылайша, 25 жастағы Сайерс-Кейвтің есімі әйелдер арасындағы тұңғыш әлем чемпионы ретінде спорттық шежіреге тіркелді. Сонымен қатар ол – Олимпиада чемпионы атану құрметіне бөленген алғашқы ару. 1908 жылы Лондондағы Олимпия ойындарында ағылшын спортшысы өзінің күйеуі Эдгар Сейерспен бірге қола медальды мойындарына ілді.
Әйелдердің жекелеген сайысында ең керемет көрсеткішке Соня Хени қол жеткізгенін дүйім жұрт жақсы біледі. Болашақ чемпион 1912 жылдың 8 сәуірінде Норвегияның астанасы – Ослода дүниеге келді. Әйгілі спортшының әкесі де мықты спортшы болғаны жайында кейін білдік. ХХ ғасырдың аяғында Вильхельм Хени велоспорттан әлем чемпионы атанып қана қоймай, басқа да дүбірлі додаларда дараланған екен. Ал қызының аңсары мәнерлеп сырғанауға ауды. Бүлдіршінің бұл таңдауының дұрыс болғанын уақыттың өзі толығымен дәлелдеді. 1927 жылы Ослода ұйымдастырылған әлем чемпионатында 15 жасар Соня алтыннан алқа тақты. Содан кейін қатарынан 10 жыл бойы жеңіс тұғырының ең биік сатысын ешкімге босатқан жоқ. Үш дүркін Олимпиада және 10 дүркін әлем чемпионы деген атақтары тағы бар. Хенидің осы рекордтарын күні бүгінге дейін ешкім жаңарта алмады.
1936 жылы ешкімге есе жібермеген күйі конькиін шегеге ілген 24 жастағы Соня түрлі мұздағы шоуларға қатысып, байлыққа белшесінен батты. Америкаға қоныс аударып, Голливудтың жұлдызына айналды. 15-тен аса фильмдерге түсіп, түрлі рөлдерді сомдады. 1969 жылдың 12 қазанында Парижден Ослоға бағыт алған ұшақ апатқа ұшырап, борттағы барлық адам қаза тапты. Көп кешікпей «Сол ұшақтағы жолаушылардың бірі – 57 жастағы даңқты спортшы, атақты актриса Соня Хени еді» деген жайсыз хабар Жер-жаһанға тарады.
Аустриялық Херма Сабо (1922-1926), америкалық Кэрол Хейсс (1956-1960) пен Мишель Кван (1996, 1998, 2000-2001, 2003) әлем чемпионы атағына бес реттен қол созса, мажарстандық Лили Кронбергер (1908-1911), германиялық Катарина Витт (1984-1985, 1987-1988) төрт мәрте сондай құрметке бөленді.
Бес дүркін әлем чемпионы Мишел Кван 2004 жылы Дортмундта қола медальды қанағат тұтқаннан соң үлкен спортпен қош айтысуды құп көрді. Содан кейін мәнерлеп сырғанауды серік еткен сұлулардың ешқайсысы дәл сол биіктен көріне алмады. Тарқатып айтсақ, әу баста жапондардың қарқыны күшті болды. 2004-2014 жылдар аралығында өткен жарыстардың алтауында Күншығыс елінің қыздары алтыннан алқа тақты. Олар – Сидзука Аракава (2004), Мики Андо (2007, 2011) және Мао Асада (2008, 2010-2011). Ал соңғы бес байрақты бәсекенің төртеуінде Ресей құрамасы мүшелері ағарып алдыңғы лектен көрінді. Олар – Елизавета Туктамышева (2015), Евгения Медведева (2016, 2017) және Алина Загитова (2019). Ал 2018 жылы Миланда өткен жарыста бас жүлдені канадалық Кэтлин Осмонд жеңіп алды.
Қазақстаннан мықты мәнерлеп сырғанаушылардың шығуын бізге бір ғасырдан аса уақыт күтуге тура келді. Алғашында Денис Тен жарқ етіп көзге түсті. 2013 жылы Канададаның Лондон қаласында ұйымдастырылған әлемдік додада Алматының тумасы 266,48 ұпай жиып, күміс медальды иеленді. Бұл Қазақстанның тарихындағы спорттың осы түрі бойынша тұңғыш медаль еді.
Әлем чемпионатында жеңіп алған қос жүледен бөлек, Денис Теннің басқа да толағай табыстары аз емес. 2014 жылы Сочиде алауы тұтанған Олимпия ойындарында ол қола медальды олжалады. 2011 жылы Азия ойындары мен 2017 жылы Дүниежүзілік Универсиадада алдына жан салмады. Өкінішке қарай, әйгілі спортшымыз нағыз жалындап тұрған 25 жасында Алматы қаласының қақ ортасында қандықол қарақшылардың қолынан қаза тапты. Әйтпегенде Денистің алар асулары әлі алда еді.
2019 жылы Жапонияның Сайтама қаласында жалауы желбіреген жарыста 19 жасар Элизабет Тұрсынбаева жасындай жарқылдады. Күншығыс елінде өткен сол жарыста өнер көрсеткен 40 спортшының барлығының да есімі жанкүйерлерге етене таныс еді. Олардың алды Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында теңдессіз өнерлерімен танылып, жеңіс тұғырына көтерілген шоқ жұлдыздар. Біразы құрлықтық жарыстарда жасындай жарқырап, аса ірі халықаралық додаларда дараланған мықтылар.
Қысқа бағдарламада қазақ қызы Людвиг ван Бетховеннің «Ай сонатасын» таңдады. Расында да өнері мінсіз болды. Ең күрделі деген элементтердің өздерін жылдамдығын еш бәсеңдетпеген күйде шебер орындаған Элизабет «Сайтама Супер Аренаға» жиналған сан мың жанкүйер мен теледидарға үңілген миллиондаған көрерменнің зор қошеметіне бөленді. Төрешілер де Тұрсынбаеваның өнерін лайықты бағалап, оның еншісіне 75,96 ұпай жазды. Элизабет тек ресейлік Алина Загитова (82,08 ұпай) мен жапониялық Каори Сакамотоны (76,86 ұпай) алға жіберіп, үшінші орынға табан тіреді.
Еркін бағдарламада да Элизабет Тұрсынбаева айшықты өнер көрсетті. Аргентиналық Астор Пьяцолланың «Буэнос-Айрестегі жыл мезгілдерін» асқан шеберлікпен орындаған қандасымыз әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Қазақстандық спортшының екі бағдарлама бойынша жиған ұпайы – 224,76. Тағы бір айрықша атап өтуге тұратын жайт, Тұрсынбаеваның есімі айтулы жарыстың еркін бағдарламасында «Сальхов төрттігін» алғашқы болып орындаған мәнерлеп сырғанаушы ретінде спорттық шежіреге алтын әріптермен жазылды.
Күншығыс еліндегі жарыста Элизабет Ресейдің әйгілі мәнерлеп сырғанаушысы, Олимпиада және Еуропа чемпионы, татар қызы Алина Загитовадан (234,50 ұпай) ғана қалып қойды. Екі дүркін әлем және Еуропа чемпионы, Олимпия ойындарының күміс жүлдегері Евгения Медведеваның өзі (223, 80 ұпай) Тұрсынбаеваның мықтылығын мойындап, қола медальды қанағат тұтты. Ал өзге мықтылар қазақ қызына ілесе алмады.
Қазіргі кезде де Элизабет Тұрсынбаева тамаша өнер көрсетіп жүр. Тек пандемияның салдарынан жарыстардың көбі кейінгі шегеріліп, спортшылардың дені өз өнерлерін ортаға салу мүмкіндігінен айырылды. Әйтпегенде осы бір жыл аралығында талай жерлесіміз жеңіс тұғырының биігінен көрінері сөзсіз еді. Күллі Қазақ елі сенім артып отырған сондай жарқын жұлдыздарымыздың бірі әрі бірегейі – Элизабет қызымыз.