Осыдан 10 жыл бұрын 30 қаңтарда Азия ойындары басталды. Ақ Азиадаға дейін Қазақстанда мұндай спорт додасы болмағаны анық. Спорт – тек сайыстардан тұрмайтындығына сол күндерде кезекті рет көзіміз жеткен. Осы бір тынымсыз екі апта санамызда өшпестей болып жатталды. Күтпеген жеңістер, өкініші өзек өртер жеңілістер – осының бәрі де спорт шежіресіне енді.
Қазақстанда өткен қысқы Ойындарда алтын мен күміс жүлденің арасы жарты секундқа да толмаған жарыстарға куә болдық. Қас-қағым сәт деген осы! Қарсыластың қателігінен жеңіске емес, керісінше жеңіліске душар еткен оқиғалар да баршылық. Сондай-ақ Азиада-2011 талай спортшының жұлдызын жақты. Еліміздің спорттық шежіресіне жаңа есімдер енді. Оған дейін ұлттық спорт ойындарының ішінде аса танымал болып көрмеген жаңа спорт түрлері тұсауын кесті.
Бұл топтамада Азиаданың қызықты сәттерін, елең еткізер тұстарын еске алып отырмыз.
Ольга Новикова алтын жүлделерін қайда сақтайды?
Қалай десек те, Алматы облысындағы Солдатсай шатқалы спортшыларымыз үшін құтты болды. Шаңғымен бағдарлау жарысында абыройымызды асырып, жанкүйерлерді желпінтіп кеткен Ольга Новикованың спорттағы табысы – Қазақстан құрамасының қоржынына түскен тұңғыш алтын болды. Ал шаңғымен бағдарлаудағы спринттік жарыста да Ольга алтыннан алқа таққанын алақайлап жаздық.
Осыдан кейін де Ольга қолы жеткен табыстарға тоқырап қалмай, ұзақ қашықтыққа шаңғымен бағдарлауда алтын жүлде алып, VII Қысқы Азия Ойындарының үш дүркін чемпионы атанды. Сол кезде 25 жастағы Ольга Новикова шаңғы эстафеталық жарысында төртінші алтын жүлде алуға мүмкіндігі болды. Қуанышы қойнына сыймаған ол марапаттау рәсімінде: «Ұзақ қашықтыққа бағдарлау жарысы аса қиын болған жоқ. Оның үстіне орманнан өткенде тұман басылып, картада белгіленген нүктені табу оңайға түсті. Ал бірінші айналымдағы бұрылыстарда абай болуға тырыстым», деп әсерімен бөліскен еді.
«Азиаданың үш бірдей алтын жүлдесін енді қайда сақтайсыз», деген журналистер сұрағына спортшы: «Барлық медалімді сақтайтын орным бар. Ал Азиада медальдарын бөлек сақтаймын, оларды тек жақын достарыма ғана көрсетемін», деп жауап бергені есте.
Оңтүстіккореялық хоккейші қалаған сыйлығын алды ма?
Балуан Шолақ спорт сарайында өткен қыздар арасындағы хоккей турнирін Оңтүстік Корея командасы бірінші болып аяқтады. Олар алдыңғы төрт матчта да жеңіліс тапты. Соңғы рет оңтүстіккореялықтар саясат араларына сызат салған солтүстіккореялықтардан 6:1 есебімен жеңіліп, қарсыластар қақпасына бар болғаны 1 шайба салған Кью Сан Ли ойнаған команда осылайша өз қақпаларына 37 шайба жіберіп алды.
Ал Солтүстік Корея құрамасының бас жаттықтырушысы Вон Сон Ри өз шәкірттері 6:1 есебімен жеңіске жеткен матч қорытындысын былай тұжырымдаған болатын:
– Оңтүстіккореялық көршілерімізді қайтсек те жеңуіміз керек деген үлкен мақсат болған жоқ. Елдеріміз онсыз да екі бөлікке бөлінген. Келесі Азиадада біріккен тұтас команда ретінде ойнауды тілеймін. Алматыда өткен турнирде біз Жапония мен Қытай командаларына қарсы бар күшімізді салып ойнауды мақсат еттік.
Оңтүстік Корея командасының бас жаттықтырушысы Юн Гон Ким өз әріптесімен толық келісетінін білдіріп, Оңтүстік Корея құрамасының есебіндегі жалғыз голды салған хоккейші қыз Кью Сан Лиге қалаған сыйлығын алып беруге уәде бергені есте.
Азиада алтыны әскерден босатады
Оңтүстік Корея спортшылары жалпы командалық есепте үшінші орынға тұрақтағаны белгілі. Құлдилап сырғанауда қола алған осы елдің спортшысы Джунг Дохён жарыстың алғашқы күндерінде қола медальді қолға түсіріп, одан Азиаданың алтынын жеңіп алмақ болды. Корей спортшысы:
– Бүгін мен чемпион атана алмадым. Бірақ алдағы жарыс күндері мақсатым орындалады деген үміттемін. Оңтүстік Корея заңы бойынша ірі халықаралық жарыстардың чемпиондары әскери борышын өтеуден босатылады. Бізде тіпті әйгілі әртістерге де, Президенттің ұлына да мұндай жеңілдік берілмейді. Сондықтан жеңіске ұмтылуыма себеп бар. Әскерден босасам жаттығуларымды әрі қарай жалғастырамын. Сәйкесінше, өз елімнің абыройын қорғап, жеңіс туын желбіретуге мүмкіндігім көбейеді, – деген еді спортшы.
Құлдилап түсу жарыстарында қазақстандық Дмитрий Кошкин мен Игорь Закурдаев бірінші, екінші орынға ие болды да, үшінші орында осы Джунг Дохён тұрған еді.
Оңтүстік Корея Азиадаға тау шаңғышыларынан жасақталған жаңа құрама жіберген еді. Олар өз елінің аманатын ақтады десек де болады. Сөйтіп, бұл елдің спортшылары 3 алтын, 1 күміс, 3 қола медальды жеңіп алды. Ерлер арасында Джун Донхён 1 алтын, 1 қола медальды иеленді.
Әскерден босатылған Джун Дохён алаңсыз жаттығумен айналысып, талай рет жүлдегерлер тұғырына көтерілген де болар?!
Алматының ауасы сатылды
Айтқандай, Азиада басталмай тұрып-ақ, елімізге Азияның әр қиырынан қонақтар ағылып келіп жатты. Спортшылар мен жаттықтырушыларды айтпағанның өзінде, шетелдік жанкүйерлер мен журналистер бір қауым ел болды. Алыстан келген меймандар Қазақстаннан естелікке не алып кетті деп ойлайсыз?
Азиаданың дүбірі естілгеннен-ақ еліміздегі кәдесый, тәбәрік жасаумен, сатумен айналысатын кәсіпкерлер Олимпиададан өз нәсіптерін алып қалуға ұмтылды. Азиада-2011 символы болған ілбістің баласының суреті бейнеленген тауарлар тиісті орындардан табыла бастады.
Сол сияқты Алматы мен Астандағы Спорт сарайларының фойесінде, жарыс жүріп жатқан кешендерде Азиада-2011-дің эмблемалары мен таңбалары бар кәдесыйларды сату басталды.
Азиада-2011 атрибутикасын сатушылардың арасында жүргізілген сауалдама көрсеткендей, шетелдік туристер Азиада тұмары бейнеленген төсбелгілер мен кілтбауларға қызыққан.
Қазақстандықтар бірінші кезекте, «Қазақстан» деген жазуы бар бас киім мен бөкебайларды сатып алуға тырысады. Жерлестеріміз көбінесе қар барысының бейнесі бар тәбәріктер мен Қазақстан құрамасында ойнаған «Барыс» клубының фотосуретін сатып алған.
Хоккей кездесулері арасындағы үзілістерде мұз ареналарының фойесінде бір-бірімен төсбелгі айырбастаушыларды да көруге болатын еді. Ерлер хоккейі турниріне қатысушы командалардың төсбелгілері ең үлкен сұранысқа ие болды.
Мына қызықты қараңыз, Азиада-2011-дің Бас баспасөз орталығы орналасқан «Алматы Тауэрс» Бизнес орталығында Алматының консервіленген ауасы сатылды. Сұрастырып көргенде, бағасы – 850 теңге болып шықты. Салмағы қанша екенін кім біліпті?
Жарысты тамашалауға мәжбүр болған түлкі
Азиада жарыстары жан-жануарларды да қызықтырғанын баяндау тіпті қызық. Бұл әңгіме ойындардың тұмары болып отырған Ілбістің баласы туралы айтылып отырған жоқ. Халықаралық трамплиндер кешеніндегі К-125 трамплинінің астында түлкі тұрып жатқаны сайыстың соңғы күндерінде ғана белгілі болды. Қанат жолының биігінен қарағанда, оның іздері жақсы көрінеді екен. Ол бұл жерді өткен жазда өзіне ін қылып алған.
– Бұл – өте батыл түлкі. Секірулер басталғанда ол тығылып қалған, алайда, бірінші күннен кейін қараңғы батқанда шыға бастады. «Аш болсаң – іннен шығасың» деген осы. Қарны ашқан түлкі адамдардан қорқуын ұмытады, біз оны арасында тамақтандырып қоямыз», деген еді трамплиннің техникалық қызметкерлері.
Азиада жарыстарына амалсыз жанкүйер болған түлкі осылайша адамдарға да үйренген.
Владимир ХРУСТАЛЕВ:
Қызыңа жанкүйер болу үшін жүйкең де мықты болуы керек
Ванкувер Олимпиадасының күміс жүлдегері Елена Хрусталеваның әкесі әрі жеке жаттықтырушысы Владимир Хрусталев қызының Ақ Азиададағы аяқ алысын барлық кезде қадағалап отырды.
Елена бастапқыда күміс жүлде алғанда әкесі оған мүлде қынжылмайтынын да өкінбейтінін де алға тартқан-ды. Қызының қарым-қабілетін жақсы білетін әке оның жұлдызды сәттері алда деп болжаған еді. Ақиқатында келесі жолы Еленаның жақын-жуықтары биатлон стадионында бас қосты. Олар атақты қыздың 15 шақырым қашықтыққа арналған жеке жарысына қолдау көрсетті.
Хрусталева өзін қолдаушы жанкүйерлердің көңілінен шығып, Азия Ойындарының алғашқы алтын медалін жеңіп алды. Алайда қызының мойнына алтын алқа тағылар-тағылмасы беймағлұм болып тұрған сәтте Хрусталев:
– Лена нысана көздеп жатқанда мен демімді алмай, нысананы қадағалаймын. Жүрек лүпілі жиілейді. Бейне өзім винтовканың шүріппесін саусақпен басқандай болып сезінемін. Қызым кез келген жарысқа қатысқанда көңіл-күйім қатты қобалжиды. Жарыс аяқталғаннан кейін де көптеген сұрақтардың шырмауында қаламын. Лена жарыстың бастапқы кезінде 5-орында болды да, ал кейін 4-орынға шықты. Мен қатты қобалжыдым. Ленаның бастапқы қарқыны өте төмен сияқты көрінді. Ал 4-ші ату шебіне жеткенде тұман қоюланды. Сол кезде Құдайға жалбарындым. Жаратқан иеміз Ленаның мергендік танытуына жар болды, – десе, алтын алып болған соң:
– Ол алтын медальды жеңіп алуға бар күш-жігерін жұмсады. Қызым жақын қашықтыққа өткізілген жарыстың алдында тамақтан уланғанындай болғанын айтқан еді. Оның сол кезде көңіл хошы болмауы сәтсіздікке ұшыратып, ақырында 2 орынға табан тіретті. Ал бүгін қызымның жұлдызы жанды. Бірақ мен мұны оның соңғы табысы деп есептемеймін, – деді.
Мехжабин АКХТЕР:
Әлем Үндістанда қар жоқ деп ойлайды
Солдатсай шатқалындағы шаңғы-биатлон кешенінің жарыс жолына Үндістан құрамасы алғашқы болып шыққан еді. Спортшылар биік таудағы сайыс жолына бейімделуге барын салды. Үндістан үшін шаңғы спорты үйреншікті көрініс емес екені белгілі, соған қарамастан, бұл спорт түрі халқы миллиардтан асып жығылатын елдің тұрғындарын қызықтыра бастаған. Бұл жайында Үндістан қыздар құрама командасының шебер спортшысы Мехжабин Акхтер:
– Әлем жұртшылығы Үндістанда қар жоқ деп ойлайды. Үндістанның көптеген аумағында «қар» деген сөзді естудің өзі қызық сезіледі. Бірақ қар жауатын да аймақтар бар. Мысалы, Кашмир тауын алыңыз. Дәл осы өңір елдегі шаңғы спортының орталығы болып саналады. Әзірше Үндістан шаңғышылары пәлендей табысқа жете қойған жоқ. Мен Азия ойындарына бірінші рет қатысып тұрған жоқпын. Дегенмен бұрынғы жарыстардағы табысым айтарлықтай болмады. Бірақ соншалықты төмен көрсеткіш деп те айтуға келмес. Алғаш рет Қазақстанға келсем де, спорттың дәл осы түрінің дамуы маған өте ұнады. Алдағы Азиада жарысына өзімнің жеке рекордтық көрсеткіштерімді өзгертуге барынша күш саламын, – деді.
Фристайл жолы 10 күнде салынған
Азиада тұсауын кеспей тұрып, «Табаған» спорт кешенінде өткен фристайлшылардың бейресми жаттығуынан кейін жолдың шейпер-архитекторы жарыстың техникалық делегатымен бірге соңғы сынақтарды өткізген еді.
Шейпер-архитектор Валентин Котляровтың айтуынша, фристайлға арналған жолды салуға небәрі 10 күн кеткен. Алайда, бұл жолда өткен жылдың жазынан бастап күрделі жұмыстар жүргізілген.
– Біз жолдарды еуропалық стандарттарға сай дайындадық. 3 акробатика трамплинін салдық, могулға арналған жоталар жасадық. Жолдардың техникалық жағдайын Азиада техникалық делегаты қабылдап, бекіткен, – деді Котляров.
Фристайл сайысында өнер көрсеткен спортшылар фристайл трассасының 10 күнде салынғанына сенбейді. Сапасы жағынан сөз келтірмейтін жарыс жолы бұрыннан бері солай келе жатқандай, сақадай сай еді.
Дмитрий РЕЙХЕРД:
Телефон қоңырауы маған күш-жігер берді
Ал «Табаған» спорт кешенінде Қазақстанның фристайл құрамасының көшбасшысы Дмитрий Рейхерд жанкүйерлердің үмітін ақтап, Азия ойындарында могул сайысының жеңімпазы атанды. Олимпиада ойындарына қатысушы, Әлем кубогы мен Еуропа кубоктарының түрлі кезеңдерінде алдына жан салмаған Дмитрий 23,63 ұпай жинап, жапондық Уено Осамуды артта қалдырды. Могулдың алтынын асынған Рейхердке:
– Жарыс басталар алдында не жайлы ойладыңыз? – деген сұрақ қойылды.
– Бұл қызықты оқиға: дәл сөре кезінде, менің шығатыным хабарланып қойған, жарысқа дайын тұрмын. Тап осы уақытта телефоным шырылдады. Одан шыққан көңілді әуен маған күш-жігер берді!
– Соңғы Олимпиададағы сәтсіз нәтижелеріңіз Азиадада бар күшіңді салуға ынта берген жоқ па?
– Жоқ, мен бір нәрсені ойымнан шығармай, сәтсіздіктерден кейін тоқырап қалатын адам емеспін. Әрқашан алға ұмтылып, алдыға жаңа мақсаттарды қойып, сол мақсаттарға жету керек.
Біреудің қателігіне қуанамын деп, алтыннан айырылып қалды
Азия ойындарының чемпионы, Қазақстан биатлоншысы Александр Червяков жарыс күндерінде жанкүйерлерін қуантудан жалықпады-ау.
Айтқандай, осы жолы Червяков жарысқа бірінші болып шықты. 6 секундтан кейін спорт сайысын қытайлық Рен Лонг жалғастырды. 33,5 секунд өткен соң жарыс алаңына Жапония спортшысы Джунджи Нагаи шықты. Жол бойында осы Нагаи Қытай биатлоншысынан озып кетіп, Червяковтың соңына түсті. Бірақ қазақстандық спортшыны бір жайт құтқарып қалды. Червяковтың атқан оқтары тимей жатқанын көрген Жапония спортшысы қуанғаны соншалық, өзінің нысаналарынан көңілі ауып, мұқият болған жоқ. Мұнысын жапондық спортшы ойын аяқталған соң өзі мәлімдеді.
– Червяков – өте тәжірибелі биатлоншы. Дегенмен, бүгін оның жолы болмаған сияқты. Атыс шебіне мен Червяковтан кейін келіп жетіп, оның көздей алмаған нысандарын көрдім. Жасыратын несі бар, қарсыласымның мүлт кеткенін көріп, өте қатты қуандым. Орынсыз болған қуаныш өзімді тығырыққа апарып тықты. Бұрын менде нысана дәлдеуде ешқандай кемшілік кетпейтін еді. Дегенмен, нағыз биатлонның қандай болуы керек екендігін баршаға көрсеттік. Менде Александрмен кездесетін сәттер әлі болады. Біз эстафетада жеке жарыс кезінде бақ сынасамыз. Есемді қайтарамын деп ойлаймын, – деген болатын.
Осылайша, Джунджи Нагаи қазақстандық спортшының қателігіне қуанамын деп, алтын жүлдеден айырылып қалған.
Қарап отырсақ, біздің трамплиннен шаңғымен секірушілеріміздің басты жеңісі – жанкүйерлерге толы трибуналар болыпты. Жарыстардың соңғы жаңбырлы күнінде де жанкүйерлердің саны азаймады. Барлық жарыстарға билеттердің сатылымын қадағалайтын қызметтің мәліметтері бойынша, хоккей мен трамплинге ең көп билет сатылған.
«Трамплиндер кешеніндегі күзет қызметкерлеріне «осы секцияға қалай жазылуға болады?» дейтін балалар маза бермеді. Спорттың бұл түрінің танымалдылығы өсіп келеді және осынау зор қызығушылықты қолдауға біз мүдделіміз» деген еді Қазақстанның ҰОК вице-президенті Павел Новиков.
Сол балалар спортқа келді ме екен?
АЛМАТЫ