Құзырлы мекемелер алматылықтарды сақтық шараларын бәсеңдетпеуге шақырады. Өйткені қайғылы оқиғалар әлі тыйылмай тұрса да, бейғам тұрғындар жетерлік. Есесіне, эпидемиялық зерттеулер арқылы қоғамдық орындарда жұқтырудың 43,7%-ға дейін көбейгені белгілі болып отыр.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, Алматыда коронавирус инфекциясының 23 016 жағдайы тіркелсе, оның 14 634-і симптомды және 8 382-сі симптомсыз. Тек 8 ақпан күні 118 алматылықтың жаңадан індет жұқтырғаны анықталды. 9 ақпанға дейін 21 241 адам емделіп шықты. 7 ақпанда коронавирус инфекциясының 114 жағдайы тіркелген болатын.
«Қаңтар айында КВИ-дің 3 607 жағдайы тіркелді, ақпанның жеті күнінде 770 адамның жаңадан індет жұқтырғаны расталды. КВИ екінші толқынының даму динамикасы 28 қаңтарда басталған құлдыраумен жұмсақ өрлемелі сызық бойынша жүреді. Бұл Алматы қаласының эпидемиялық жағдайды бағалау матрицасында қызыл аймақтан (4 күн болды – 25-29 қаңтар аралығында) сары (1 күн болды – 30 қаңтар) және жасыл аймаққа (31 қаңтардан бастап қазіргі уақытқа дейін) ауысуына әкелді», дейді Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова.
Эпидемиологтың айтуынша, 28 қаңтардан бастап Алматы қаласында КВИ ауруының күнделікті 130 жағдайдан 122 жағдайға дейін, 29-31 қаңтар аралығында күніне 90 – 116, 1-7 ақпан аралығында 110 – 114 жағдайға дейін төмендеуі тіркелген.
«Алматы қаласындағы коронавирус инфекциясымен аурудың эпидемиялық болжамы ақпан айында жорамалданған жоғары көрсеткіштерге сай келіп отыр. Эпидемияның екінші толқынының жоғары көрсеткіші 26-27 қаңтарда орын алды. Бұл күндері күніне 138-139 жағдай тіркелген еді», деп түсіндірді Ә.Қалықова.
Бұл ретте қаңтар айының 4 аптасымен салыстырғанда эпидемиялық тергеулермен қоғамдық орындарда жұқтырудың 5,1%-ға (38,6 %-дан 43,7%-ға дейін – ауа райының жылынуына байланысты келушілердің белсенділігі) отбасыларда 2%-ға (28%-дан 30%-ға дейін) ұлғайғаны анықталды. Отбасылық іс-шараларда (құдалықтар, кештер және басқалар) инфекция жұқтырудың көбеюі байқалады – аптасына 16 жағдай (2,2%). Бұл халық арасында қырағылық пен сақтық шараларының төмендегенін көрсетеді. Қоғамдық көлікте жұқтыру деңгейі 20-22% аралығында өзгеріссіз қалды.
Эпидемиолог санитарлық нормаларды сақтаудың, яғни бетперде киюдің, 1,5-2 метр қашықтықты сақтаудың маңыздылығын тағы да атап өтті. Сондай-ақ мүмкіндігінше адам көп жиналатын жерлерге, әсіресе қарт адамдарға, созылмалы аурулардан зардап шегетіндерге және т.б. барудан бас тартуға шақырды.
Қаңтар айымен салыстырғанда жас ерекшеліктеріне қарай ауру деңгейі 20-39 жас аралығындағыларда 3%-ға нашарлады. Биылғы ақпанның 1 аптасындағы жас құрамы және жұқтыру орындарына тоқталсақ, 39,2% – 20-39 жас – 257 жағдай; 25% – 40-59 жас – 164 жағдай; 20,9% – 60 жас және одан жоғары – 137 жағдай.
Ақпанның алғашқы жеті күнінде індеттің 43,7%-ы – қоғамдық орындардан, 29,9%-ы – отбасында, 20,1%-ы қалалық көліктерден тараған.
Айта кету керек, пандемия басталғаннан бері Алматыда шамамен 917 мың ПТР зерттеу жүргізілді. Бүгінде қалада тәуліктік қуаттылығы 14,5 мың зерттеу болатын 24 ПТР зертхана жұмыс істейді. Перспективалық қуаты – 23 300 зерттеу. Бұл ретте «Ұлттық сараптама орталығы» филиалындағы ПТР тестінің құны жеке тұлғалар үшін де, заңды тұлғалар үшін де 8 025 теңгеге дейін төмендетілді.
Сондай-ақ шетелдерден COVID-19 әкелінуінің алдын алу шаралары жалғасып жатыр. 2020 жылғы 6 қазаннан бастап биылғы 7 ақпанға дейін коронавирус инфекциясының 89 жағдайы анықталды (Түркия – 32, БАӘ – 25, Мысыр – 23, Беларусь – 5, Мальдив аралдары – 2, Сеул – 1, Украина – 1).
Бүгінгі таңда Алматы стационарларының жалпы қуаттылығы 7 011 төсектік орынды құрайды.
Осы арада сейсенбі, 9 ақпан күні Алматының медициналық қызметкерлерін вакциналау үшін СҚ-Фармация 1 750 дозаны жеткізгенін айта кету керек. Бірінші кезекте, вакциналау инфекциялық стационарлардың, көпсалалы стационарлардың қабылдау, реанимация бөлімдерінің қызметкерлеріне, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін жедел медициналық көмек, сонымен қатар санитарлық-эпидемиялық қызметтің қызметкерлеріне жүргізіледі. Медицина қызметкерлеріне бірінші кезең үшін 1 750 доза вакцина алынды, сәйкесінше, екінші кезең үшін 1 750 дозаның жеткізілуі күтілуде. Вакцина 2 кезең бойынша жүргізіледі, басында 0,5 мл дозада бірінші компонент, кейін 21 күннен кейін 2 компонентпен тағы да 0,5 мл енгізіледі. Осылайша, вакцинаның бірінші дозасы иммундық жауапты іске қосса, екіншісі оны күшейтеді. 8 ақпанда бірінші компонент вакцинасымен 1 315 медицина қызметкері қамтылды. 59 жағдайда вакциналау кейінге қалдырылды және 2 адам одан бас тартты. Биылғы 21 ақпанда қызметкерлерді екінші компонентпен вакциналау жалғасады.
АЛМАТЫ